2016 жылғы 4 сәуірде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті саясаттану кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 20 жылдығы және қазақтың біртуар саяси қайраткері, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына орай мектеп оқушыларының Саясаттанудан І Республикалық «Әлихан Бөкейхан» олимпиадасы өтті.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы – ел тарихындағы ерекше маңызды оқиға. Ширек ғасыр әлемдік саяси тарихпен өлшегенде қас қағым ғана уақыт. Осы қысқа мерзім ішінде біз әлем таныған, қазіргі заманғы демократиялық, құқықтық және әлеуметтік бағыттарда орнықты қалыптасып келе жатқан мемлекет құрдық. Әлемдегі ең беделді халықаралық саяси ұйымдардың мүшесі, әлем таныған ел болдық. Еліміздің ең басты ұлықты мерекесі қарсаңында оның саяси тарихын білуге ұмтылып, ол бойынша сайысқа түсу үшін олимпиадаға қатысуға құлшыныс – құптарлық талап әрі үлкен ізденіс.
Әлихан Бөкейханов ұлт көсемі, тәуелсіз Қазақ мемлекетін құру туралы идеялардың басында тұрған, ең алғашқы із салушы болған, ХХ ғасырдың басындағы бүкіл түркі дүниесіндегі, жалпы сол ғасырдың басында саяси-азаттық қозғалыстағы планетарлық ойлау жүйесі бар әлемдік өркениет деңгейіндегі саясаткер, ойшыл, қажырлы, табанды, осы жолға бүкіл өмірін арнаған, сол жолда өмірін құрбан еткен күрескер. Қазақ халқына алғашқы болып алаш идеясын, дербес мемлекет құру, оның мемлекеттік-саяси құрлысының теориялық негізін қалап, қазақ саясаттану ілімінің алғашқы із салушысы болған ғалым, саясаттанушы, ойшыл, мемлекет қайраткері. Алаш ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаушы, идеологы, саяси көсемі, Қазақтың автономиялық Алаш мемлекетін құрушы, оның басшысы әрі премьер-министрі.
Мектеп оқушыларының Ә. Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары мен саяси ойшылдарының ілімі мен ісін оқып, танып, ол бойынша Олимпиадаға қатысуға талап жасауы – бүгінгі жас ұрпақтың дүние танымы мен мұрат-мақсаттарының кеңдігін, отаншылдығын, туған елінің, оның біртуар ұлдарының өмірі мен ісін білуге талаптарының жарқын көрінісі.
Олимпиадаға келген оқушылар саны – 150-ге жуық. Олимпиадаға қатысушылар қамтыған жағрапия да біршама кең, атап айтсақ, Қызылорда, Павлодар, Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан жалпы жиыны — 39 конкурсант келді. Ең ірі делегация Павлодар облысынан 15 оқушы, Қызылорда облысынан 12 оқушы, Ақмола облысынан — 3, Ақтөбе және Атырау облыстарынан — 2, Астана қаласы мектептерінен 130-дан аса оқушының қатысуы конкурс барысын қызықты, тартысты болуына әсер ететін шығармашылық ахауалды әр қырлы, әрі сан салалы ететін, биікке көтеретін, қуантарлық жағдай болды.
Университет, факультет, кафедра алғашқы жеңістерге жол ашып, жаңа есімдер мен таланттарды, алаш идеяларының қазіргі заман үшін тағлымы мен маңызы мемлекет, ұлт мүддесі, Отан, Қазақстан тәуелсіздігі, Әлихан Бөкейханов туралы ойлы, таза, арманды да терең эсселер, толғауларды оқып, шығармашылық шабыт пен кәсіби қанағат алды.
Олимпиаданың демеушілері: Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институты және оның директоры Ерлан Қарин, «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Егемен Қазақстан» газеті, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі және Ұлттық академиялық кітапханасы, Астана қалалық білім басқармасы, «Бақ Орда» компаниясы, университет түлектері, белгілі қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазықызы, қазақ қолөнерін жаңғыртушы Aigul Line компаниясы және баскалар.
Олимпиаданың жабылу рәсіміне еліміздің әртістері Б.Самединова, Клара Төленбайқызы, Айбек Бекбосын Олимпиадаға қолдау көрсетіп концерттік бағдарлама ұсынды.
Олимпиада жеңімпаздары:
І орын — Қадірбай Еркебұлан Бауыржанұлы (Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Төретам кенті, №80 мектеп-гимназия), Болатбекова Жансая (Астана қ., Дарынды қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицей интернаты);
ІІ орын — Досмағамбетова Малика (Астана қ., Физика-математика бағытындағы НИБ), Жанбау Марғұлан (Павлодар қ., Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернаты), Рамазан Рабиға (Астана қ., Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназия), Бисембайұлы Мирас (Астана қ., №73 м/л);
ІІІ орын — Оразалиев Азамат (Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Төретам кенті, №80 мектеп-гимназия), Канищев Никита (Астана қ., Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназия), Бақытғани Айбота (Қызылорда облысы, №249 м/л), Өтеулі Бақтияр (Қызылорда облысы, №249 м/л), Жансұлтанова Ақбота (Павлодар облысы, Екібастұз қаласы, мемлекеттік тілде оқытатын дарынды балаларға арналған «Зерде» мамандандырылған жалпы білім беру мектебі), Ауғанова Дана (Астана қ., Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназия).
Олимпиада соңында қатысушыларға кітаптар мен ескерткіштер, естелік сыйлықтар табыс етілді.
enu.kz