Домой Блог Страница 228

«Астана Опера» театрында екі дебют өтеді

24 ақпанда «Астана Опера» театрында екі дебют өтеді. Елордалық театрдың Үлкен залының сахнасында атақты композитор М. Төлебаевтің қазақ операсының жауһары — «Біржан-Сара» спектаклі ұсынылады. Басты рөлдерде Сара — Роза Нұркей, Аналық – Татьяна Вицинская өнер көрсетеді.

Біржан партиясын белгілі қазақстандық тенор, халықаралық байқаулардың лауреаты Мейір Байнешов, Жанбота – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықпаев, Алтынай – Айзада Қапонова, Қожағұл – Ескендір Әбжанов, Жиенқұл – Талғат Ғалеев, Естай – Нарұл Тойкенов, Серік – ҚР еңек сіңірген қайраткері Жан Тәпин. Спектакльдің қоюшы дирижері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов. Дирижерлық тізгінде «Астана Опера» Симфониялық оркестріне жетекшілік ететін – Руслан Баймурзин.

Халықаралық байқаулардың лауреаты Роза Нұркей қазақтың атақты ақын қызы Сараны сомдайды. Оның қаһармандық бейнесі арқылы қазақ әйелінің қиын тағдыры көрсетілген. Ол шығармашылық бостандық туралы, махаббат пен бақытқа деген құқық туралы армандайды. Біржан мен Сараның шабытқа толы әндері жарқын болашақ туралы халыққа деген ыстық махаббатынан құралған.

 IMG_1582_новый размер— Сара партиясы маған өте жақын. Бұрын мен оны басқа интерпретацияда, басқа қойылымда орындадым. Өз өнерімді жетілдіру арқылы мен өз рөлдерімді де жетілдіре түсемін, оларды жаңаша жеткіземін және сеземін. 24 ақпанда Сара бейнесіне жаңа көзқарас енгізуге тырысамын. Қазір дирижермен, режиссер Наталья Кагадиймен, концертмейстер Ирина Кургузкинамен жұмыс жүргізудеміз, дайындық жасалуда, партияны байыту жолдары мен ерекшеліктерін қарастырып, вокалдық тұрғыдан көркемдеп жатырмыз. Вокал мен ойын тығыз байланысуы тиіс. Қойылымдағы менің кейіпкерім жас, албырт, өмірге құштар жан. Ол кезінде әйелдердің өз пікірін білдіруге құқығы болмаған қоғамға қарсы шығады. Сара – күрескер, ер мінезді тұлға, шындығында мен өз кейіпкерімнен көп нәрсе үйренетінімді жасырмаймын. Басқаға атастырылса да, өзінің сүйгенімен қашып кету туралы шешім қабылдау әркімнің қолынан келе бермейді. Өзіне адал, өз сеніміне берік болған Біржан мен Сара сияқты жандар тарихта қалады.

Аталған спектакльде меццо-сопрано Татьяна Вицинскаяның да дебюті болмақшы. Ол Біржанның анасы Аналықтың партиясын орындайды. Бұл вокалдық-техникалық жағынан алғанда айтарлықтай күрделі рөл. Әртіс драматизм мен үлкен көңіл-күйді талап ететін: айтып жеткізе алмайтын қайғыны, орны толмас қазаны білдіретін жоқтаудың көрінісіне (ана жоқтауы) үлкен назар аударғанын атап өтті. Шығармашылығы барысында әнші белгілі дирижерлармен, A. Buzzola опералық ән айту консерваториясының профессоры – Маурицио Скарфеомен (2011), Римдегі режиссерлік және актерлік шеберлік пен театр консерваториясының оқытушысы – Эдуардо Сиравомен (2011) жұмыс жасаған.

Дүниеге келгеніне көп жыл өтсе де «Біржан-Сара» операсы күні бүгінге дейін ұлттық және жалпы адамзаттық мәдени-поэзиялық тәжірибе тұрғысынан таусылмайтын көркемдік күш болып қала береді. Ұлттық опера ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Нұрқалиевтің хореографиялық редакциясының арқасында жаңа бояуларға ие болған.

baq.kz

Биік өкше қауіпті ме?

1806714_0Дәрігерлердің айтуы бойынша, адамның табаны мен омыртқасы 23 жасқа дейін өсіп, жетіліледі. Осы жасқа дейін биік өкше мен біз өшелі аяқ киімді қолдануда өте абай болуды ұсынады.

Өкшесі биік және тар аяқ киімді көп кигенде аяқтың алдыңғы бөлігіне күш түсіп, башпайлардың (аяқ саусақтары) қисаюына алып келеді. Биік өкшені жақсы көретіндерде плантарлық фасциит жиі кездеседі, ол – табан сүйегінің үлкеюі. Үнемі киілетін биік өкшенің әсерінен уақыт өте келе аяқтың ахилл сіңірі өз қалыбынан өзгеріп, жайтабан аяқ киіммен жүру мүмкін емес болып қалады. Бұл жағдай тек ота жасау арқылы ғана емделеді. Сонымен қатар, өкше биіктеген сайын омыртқаға түсетін күш те арта береді. Биік (8 см-ден жоғары) өкшелі аяқ киімді ұзақ уақыт киюдің әсерінен омыртқааралық жарық (омыртқа арасында ет өсу, грыжа), бел аурулары, буындардың жылжуы, сіңір созылу сияқты аурулар жиі ұшырайды. Сколиоз (омыртқаның бір бүйірге қисаюы) бар адамдарға биік өкше киюге болмайды, қауіпті. Сондықтан биік өкше кигенде аяғыңыз талып, ауыра бастаса, денсаулығыңызды ойлағаныңыз дұрыс.

Егер сіз күні бойы биік өкшелі аяқ киіммен жүріп, кешке не ұйықтар алдында аяғыңыздың сіңірі тартылып (сирек әрі жәй ғана болса да), ісіп, ауырсынулар болса, варикоздың (аяқ қан тамырларының кеңеюі) алғашқы белгілері болуы мүмкін. Күні бойы аяғыңыздан тік тұратын не көп шапқылайтын жұмыста істесеңіз, сізде варикоз ауруларын асқындырып алу қаупі бар. Ал биік және тар аяқ киім қан тамырларына қысым түсіреді.

Табанның қалыпты жағдайын сақтайтын биіктік – 3-4 см. Аяғыңыз ісіп, аяқ саусақтарыңыз талып, сіңір тартылып, аяқ жиі ұйып, табан мен аяқ терісі қажалса, сізге биік өкшеден уақытша алыстай тұру керек. Болмаса, биіктігі орташа аяқ киімге ауысқаныңыз жөн.

Дәрігерлер биік өкшені күніне 3-4 сағаттан артық кимеуге кеңес береді. Сондықтан жұмыс орныңызға ауыстыратын артық аяқ киім апарып қойыңыз. Аяғыңызды жиі демалдырып тұрыңыз. Аяқ киіміңізді шешіп, аяғыңызга кішігірім жаттығулар жасап жүріңіз: аяғыңыздың басын алға, артқа қимылдатып, сағат тілімен айналдырыңыз. Бірнеше рет қайталасаңыз, аяғыңыздың шаршағаны басылып, қан айналымы жақсарып қалады. Тым биік өкшелі туфлиіңізге ортопедиялық ұлтарақ салып киіңіз. Аяқ киімге арналған арнайы силикон жабыстырмалар мен жастықшаларды да қолдануға болады. Олар аяқты қажалудан сақтап қана қоймай, табанға күш түспеуіне ықпал етеді.

Биік өкше мүсінді тіктеп, сұңғақ бойлы қылып көрсетсе де, көп кимеуге тырысыңыз. Өзіңізді күтіңіз!

alashainasy.kz

Қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер Ұлттық музейге тапсырылды (ФОТО)

Бүгін Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлерді Қазақстан Республикасы Ұлттық музейіне табыс етті, деп хабарлайды Ұлттық музейдің ақпараттық-имидждік қызметі.

Археологиялық жәдігерлерді тапсыру шарасына Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Карл Байпақов қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай археологиялық ескерткіштердің құндылықтарына тоқтала келе, бұл жәдігерлердің барлығы да ұлт тарихының дамуына есепсіз үлес қосатынын айтты.

«Осы уақытқа дейін үш қалада өткізген акциямыздың нәтижесінде 1305 тарихи экспонат жинастырдық. Бұл — жеке адамдардың Ұлттық музейге тарту еткен дүниелері. Енді оның бәрін ғылыми айналымға енгізу жолында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осындай шараға Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты да өз үлесін қосып отыр. Музейдің қорына өте құнды жәдігерлерді табыстап отырған Карл Байпақов, Андрей Хазбулатов сынды ғалымдар өзгелерге де үлгі болса дейміз» – деді Д.Мыңбай.

Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Карл Байпақов жәдігерлердің ерекшеліктеріне тоқталып өтті.

«Расында да бұл жәдігерлердің барлығы да өте құнды дүниелер болып табылады. Бұл біздің көп жылдық еңбектеріміздің нәтижесі. Сол себепті көпшіліктің назарына шын ықыласымызбен ұсынып отырмыз. Алдағы уақытта осы музейде Отырар қалашығының алып қабырғасының макетін таныстырамын. Ол қабырғаның тарихи маңызы өз алдына бөлек әңгіме», – деді К. Байпақов.

Құлан және Отырар қалашықтарынан табылған құнды жәдігерлердің арасында суармалы өрнектелген тостаған, су тасуға арналған құмыралар, керамикалық шамшырақ, диірмен тас, қанжар, асықтар мен моншақтар бар. Олардың көбісі ХIII-ХVI ғасыр аралығындағы уақытқа тән дүниелер.

Ұлттық музей қорына тапсырылған археологиялық ескерткіштер көп ұзамай экспозициялық залдарға қойылып, музей қонақтарының назарына ұсынылады.

baq.kz

Шыңғысханның өсиеті

Шыңғысханның өсиеті1. Егер ұлдар әкесінің жолын қумаса, інілері ағасының сөзін тыңдамаса, күйеуінің әйеліне сенімі болмаса, әйелі күйеуін жүре тыңдаса, енелері келіндерін ұнатпаса, келіндер енелерін құрмет тұтпаса, ұлы адамдар қорғансызға пана болмаса, пақырлар даналар сөзін құптамаса, басшылар қызметкерлерінің жүрегіне жол таппаса, айналасындағы адамдарды соңынан ерте алмаса, игілікті басқа жандардан мол игеріп, байыған адамдар басқалардың да баюына көмектесіп, қол ұшын бермесе, басқа халықтың әдет-ғұрпы мен заңына, ақыл-парасаты мен адамгершілігіне менмендікпен қараса, мемлекет тәртібін мойындамаса, ондай елде ұрылар мен суайттар, қылмыскерлер мен басқа да бұзық жолға түскендер оз отанының басына қара түнек орнатады. Басқаша айтқанда, ол елдің байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеді, жылқылары мен табындарының тыныштығы бұзылады, жорыққа мінген аттары зорығып өледі, сөйтіп бүкіл халық түкке тұрмайтын дәрменсіз бейшараға айналады.

2. Егер әркім өз пиғылын арамдық ойдан тазартатын болса, бүкіл ел ұры-қарыдан, зиянды әдеттен пәк болар еді.

3. Момын халықтың арасында жүргенде қошақандай момын бол, ал шайқасқа шыққанда, жемтік көрген аш бүркіттей шүйлік.

4. Сөзді айттың ба, – ол жақсы ма, жаман ба, шын ба, әзіл ме, бәрібір қайтара алмайсың. Сондықтан, сөзіңді безбенмен өлшегендей салмақтап барып айт.

5. Ер кісі бір мезгілінде барлық жерді жарық етіп отыратын күн емес. Олай болса, ері аңға не жорыққа кеткенде, әйелі ерінің отбасын көңірсітпей, үй ішін үлбіретіп отыруы керек. Келген кісіге ерінің жоқтығын білдірмей, құрметпен қарсы алып, дәмді тағам беріп, адал пейілмен сыйлап жіберсе, өзінің абыройын арттырып қана қоймайды, ел арасында ерінің де абырой-беделін асқар шыңға шығарады. Ер кісінің абыройы әйелінің адамгершілік қасиеттеріне тікелей байланысты. Керісінше, әйел парықсыз, жүрген жерінде абыройсыз, ар-намысын аяққа басып жүрген бәдік болса, күйеуінің де абыройы болмайды, ауыздағы сөзі аяқтыға жол болады.

6. Шербеттен ақыл да, пайда да, абырой да, қайырымды мінез-құлық та, адамгершілік те күтпе. Ішуді тастай тыюға жігерің жетпесе, шамаңды байқап, мөлшерлеп ішкін. Мүлдем ішпейтін адам – нағыз қадірлі адам!

Денис Тен жарақатына байланысты Төрт құрлық чемпионатына қатыспайтын болды

Денис Тен жарақатына байланысты Төрт құрлық чемпионатына қатыспайтын болдыҚазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочидегі Олимпиаданың қола жүлдегері Денис Тен жарақатына байланысты Төрт құрлық чемпионатына қатыса алмайды.

Бұл туралы спортшының ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі ресми тобында хабарланды, ресми ақпаратты сондай-ақ Твиттерде жарыстың ұйымдастырушылары да орналастырды.

Төрт құрлық чемпионаты — Америка, Азия, Африка және Мұхит елдері арасынан Австралия мәнерлеп сырғанаушылары арасында өтетін жарыс. Жарыс 2016 жылдың 16-21 ақпан күндері Тайбэйде өтпек.

ҚазАқпарат

Алматыда қазақ халқына қатысты сирек қолжазбалар оқырман назарына ұсынылды

Алматыда қазақ халқына қатысты сирек қолжазбалар оқырман назарына ұсынылдыБүгін Алматыда «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасында қазақ халқының тарихы, мәдениеті, шежіресі, салт-дәстүрлеріне қатысты өте сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалардың қазақ тіліндегі бірқатар нұсқасының тұсауы кесілді.

Олар аталған ғылыми кітапхананың сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы материалдар негізінде дайындалған.

Бірінші кітап: «Қазақ жазбаларындағы хандар шежіресі» деп аталады. Оған сонау 18-ші ғасырда шағатай тілінде жазылған, ұзындығы 3 метр, ені 45 сантимерлік қағазға басылған хандар шежіресі, «Шыңғыс хан және оның билері» қолжазба генеологиясы мен «Шыңғыс хан шежіресі» атты 1906 жылы Қазан қаласында басылып шыққан шығарма енгізілген.

Сонымен қатар, «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасының Сирек қорындағы парсы тіліндегі кітаптардың каталогы, шет тіліндегі сирек кездесетін кітаптардың мазмұндалған суретті библиографиялық көрсеткіші және Ғылыми кітапхананың қолжазба қорында сақтаулы материалдар жинағының мазмұндалған библиографиялық көрсеткішінің IV, V, VI томдары көпшілік назарына ұсынылды.

«Бұл кітаптар қалың көпшілік оқырман үшін, сондай-ақ, фольклортанушылар, тарихшылар, этнологтар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, әлеуметтанушылар және журналистер үшін таптырмайтын құнды дүниелер. Ғылыми кітапхананың қорындағы аса сирек кездесетін бұл басылымдар — ұлттық байлығымыз, кезінде бір ғана данамен шыққан теңдесі жоқ рариреттер. Оларды халқымыздың баға жетпес рухани мол қазынасы деуге болады», — деді «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасының меңгерушісі Қарлығаш Қаймақбаева.

Бұл аталған кітаптардың электронды нұсқасы «Ғылым ордасы» РМК ресми сайтында жарияланады. Көпшілік оқырман және ғалымдар енді кітапханаға келмей-ақ, осы сайтқа кіріп, аталған кітаптар бойынша жұмыс істей алады. Тек көшіріп алуға болмайды.

Айта кетелік, бүгінгі таңда «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасында 5,5 млн. астам кітап қоры бар.  Солардың ішінде 300 мыңға жуық сирек кітаптар мен қолжазбалар сақталған. Бұл жерде қолжазбаларға қатысты бумалардың саны — 22 мың дананы құрайды. Сондай-ақ, кітапхана қорында 10 мыңнан астам шығыс тілдеріндегі кітаптар, 606 фотокөшірме, 2200 микрофильм және қазақ және орыс тілдерінде 90 мыңға жуық сирек кітаптар бар.

ҚазАқпарат

Астанада Сағадат Нұрмағамбетовтің соңғы сұхбатына арналған фильм таныстырылды

Астанада Сағадат Нұрмағамбетовтің соңғы сұхбатына арналған фильм таныстырылдыБүгін Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ы түсірген толықметражды «Сағадат Нұрмағамбетов. Соңғы сұхбат» атты деректі фильмінің көрсетілімі өтті.

Туынды Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, Қазақстан Респбликасының тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералының өмірінен сыр шертеді.

«Сағадат Нұрмағамбетов өмірден өтер алдындағы екі ай бұрын осы сұхбатты алған едім. Бүгін тұсаукесері өтіп жатқан фильмнің де тақырыбы осы сұхбатқа орайластырылып қойылды. Осындай батырлар туралы кино түсірмеу қиянат деп білемін. Барша өмірін Қарулы Күштердің қатырында өткізіп, елдің қауіпсіздігі үшін тер төккен тұлға. Сондықтан еліміздің абыройлы офицерлерін тәрбилеп шыққан Халық Қаһарманы туралы фильмді түсіру парызымыз. Туындыны келешек ұрпағымызға, жастарға үлгі-өнеге көрсету мақсатында дайындадық», — деді  сценарий авторы Сатыбалды Текеев.

Фильм желісінде батырдың тағдыры, туған еліне деген патриоттығы, әскери саланың аса ірі маманы ретінде қалыптасуы мен тұлғаның адами қасиеттеріне айрықша мән берілген.

Тұсаукесер рәсіміне ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР Ішкі істер министрлігі, Республикалық Ардагерлер кеңесінің өкілдері және Екінші дүниежүзілік және Ауған соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері,студент жастар қатысты.

ҚазАқпарат

Жауынгерлік корабльдегі жалғыз әскери қызметші Жанар «Батыр аруларда» бағын сынамақ

20160217181005Жауынгерлік корабльде қызмет атқарып жүрген ТМД елдері арасында Қарулы Күштердегі жалғыз әйел Жанар Ыбыраева «Батыр арулар» байқауына қатыспақ, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.

21814 әскери бөлімі «Орал» зымыран-артиллериялық кораблі байланысы жауынгерлік бөлімінің технигі 1-статья старшинасы Жанар Ыбыраева Қарулы Күштерде 2011 жылдан бастап қызмет етеді. Ол — жауынгерлік корабльде қызмет атқарып жүрген ТМД елдері арасында Қарулы Күштердегі жалғыз әйел.

«Штабта құрлықта қызмет атқарып жүрген кезімде теңіз, корабльдерді, романтиканы аңсадым. Енді «Орал» зымыран-артиллериялық кораблінде қызмет атқарып жүрмін, байланысты орнатамын. Мен корабльдегі бірден-бір әйел әскери қызметшімін және ең басында қиындықтар болды. Экипаж менің қолымнан келмейді, алып кете алмайды және еңіреп жылайды деп ойлады. Алайда, мен нағыз лайықты әскери қызметші екенімді дәлелдей алдым. Біз екі аптаға жауынгерлік кезекшілікке ашық теңізге шығамыз. Өткен жылы бір айға Махачкалаға байқауға аттандық. Кәсібімді дұрыс таңдағанымда ешқандай күмәнім жоқ», — дейді 1-статья старшинасы Жанар Ыбыраева.

Сондай-ақ, Жанар — «Қазақстан Қарулы күштеріне — 20 жыл» және «ҚР ҚК ӘТК-ге 20 жыл» медальдарының иегері және корабльдеріміздің әскери қызметшілері 2-орын алған «Каспий теңізі — 2015» теңіз биатлоны бойынша халықаралық сайыстардың жеңімпазы.

Биылғы жылы Жанар ҚР Қорғаныс министрлігінің мұрындық болуымен өткізіліп жатқан «Батыр арулар» байқауына қатысуды ұйғарды. «Өз үлгі-өнегеммен қыздарға армияда, Әскери-теңіз күштерінде қызмет етуге рухтандырып, қанат бітіретін шығармын. Адамдар әскери қызметші болу абыройлы әрі беделді екеніне көз жеткізеді», — дейді ол.

Еліміздің Қарулы Күштерінде әйел әскери қызметшілер арасында екінші «Батыр арулар» республикалық байқауы бастау алғанын естеріңізге сала кетейік. 25 наурызға дейін ниет білдіргендер сауалнаманы толтыруы тиіс. Онда өзі және ҚР Қарулы Күштерінің қатарындағы әскери қызметі туралы әңгімелеп беруі абзал. Екінші кезеңде 2016 жылғы сәуірдің 1-і мен маусымның 15-і аралығында өтетін дауыс беру арқылы қазақстандық армияның жиырма үздік өкілі анықталады.

ҚазАқпарат

Алматыда VI Ұлттық қысқы республикалық Универсиада аяқталды

Алматыда VI Ұлттық қысқы республикалық Универсиада аяқталды Бүгін Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында VI Ұлттық қысқы республикалық Универсиада ойындарының салтанатты жабылу рәсімі өтті.

«Еліміздің жас студент спортшылары 103 медальдар кешенін сарапқа салды. Олардың ішінде жеңіс тұғырына үш рет көтерілгендер де бар. Универсиаданы өткізуге жоғары оқу орындары мен бейінді ұйымдар белсене атсалысты. Солардың арқасында ұлттық республикалық қысқы Универсиада ойындары жоғары деңгейде өткізілді. Мұндай спорттық шаралар Елбасы Н. Назарбаевтың қазақстандықтардың кем дегенде 30 пайызын бұқаралық спортпен шұғылдануға тарту туралы тапсырмасын орындауға және жастар арасында осы бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға септігін тигізеді», — деді өз сөзінде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев.

Қазақстанның студенттік спорт федерациясының президенті Қайрат Зәкіриянов Халықаралық студенттік спорт федерациясы (FISU) жарыс барысын мұқият бақылағанын айта келе, осы жарыстарда жеңімпаз атанған спортшылардың енді алдағы 2017 жылы болатын Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарында да лайықты өнер көрсетініне сенім білдірді.

«Өткен жылы Испания мен Словакияда өткен Бүкіләлемдік қысқы Универсиада барысында біздің команда өз тарихында тұңғыш рет жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болды. Ал енді туған жерімізде біз кем дегенде осы жетістігімізді қайталауымыз керек», — деді Қ. Зәкіриянов.
Жарыс қорытындысы бойынша ең көп медаль жинаған Қазақтың спорт және туризм академиясының студенттері болды. Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты екінші орынды иеленді. Ал үшінші жалпакомандалық орынды Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері өзара бөлісті.

Марапаттау рәсімінен кейін қатысушылар мен қонақтардың құрметіне отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт ұйымдастырылды.

Айта кетелік, Алматыда 6-17-ші ақпан аралығында өткен VI Ұлттық қысқы республикалық Универсиада барысында 10 спорт түрінен жарыстар болды. Олар: президенттік көпсайыс, шаңғы жарысы, биатлон, шорт-трек, тау шаңғы спорты, сноуборд, қысқы спорттық бағдарлау, шаңғымен тұғырдан секіру, шайбалы хоккей және конькимен жүгіру. Ойындарға республика бойынша 35 жоғары оқу орындарынан құрамында жалпы саны 1072 спортшы бар 141 спорт командалары қатысып, 103 алтын, 103 күміс және 103 қола медальды сарапқа салды.

ҚазАқпарат

Жарты ай бойы жырлаудан танбайтын дастаншы қарт

Қытайға қарасты Алтай аймағы Буыршын ауданында тұратын Батырбек Мамұқұлы қисса-дастандарды жатқа айтады. Бұл күнде көшпенділерге тән көне қасиеттің иелері аз екенін ескерсек, Батырбек ақсақалдың біз үшін қадір-қымбаты артық екені даусыз.  

Жарты ай бойы жырлаудан танбайтын дастаншы қарт

Дастаншы қарт Буыршынның Қостық ауылы, Жиделі қыстағын мекен етеді. Ол өзінің дастанды 13 жасынан бастап нағашысы Ыбырай деген кісіден үйренгегін айтады. Қария 20-дан астам дастанды жатқа біледі екен. Кейде апта бойы, тіпті жарты айға дейін дастан айтып, таңды-таңға ұратын кездері бар. Халықтың той-қызықтарында Батырбек дастаншыны арнайы қолқалап шақыруы дәстүрге айналған.

Алпысқа келген қария өнерін тұл қалдырмай, немересі Тілебалдыға да үйретіп жүр. 8 жастағы бала 4 дастан жаттап алған. Орайы келсе үлкен сахнаға шығып, өнерін елге танытсам деген арманы бар. Ал, дастаншы қарттың ойлайтыны – осыбір қасиетті өнерді үзіп алмай, жастарды қисса-дастан айтуға тәрбиелеп, ұлттық дәстүрдің ұлық сипатын сақтап қалу.

baq.kz