24 ақпанда «Астана Опера» театрында екі дебют өтеді. Елордалық театрдың Үлкен залының сахнасында атақты композитор М. Төлебаевтің қазақ операсының жауһары — «Біржан-Сара» спектаклі ұсынылады. Басты рөлдерде Сара — Роза Нұркей, Аналық – Татьяна Вицинская өнер көрсетеді.
Біржан партиясын белгілі қазақстандық тенор, халықаралық байқаулардың лауреаты Мейір Байнешов, Жанбота – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықпаев, Алтынай – Айзада Қапонова, Қожағұл – Ескендір Әбжанов, Жиенқұл – Талғат Ғалеев, Естай – Нарұл Тойкенов, Серік – ҚР еңек сіңірген қайраткері Жан Тәпин. Спектакльдің қоюшы дирижері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов. Дирижерлық тізгінде «Астана Опера» Симфониялық оркестріне жетекшілік ететін – Руслан Баймурзин.
Халықаралық байқаулардың лауреаты Роза Нұркей қазақтың атақты ақын қызы Сараны сомдайды. Оның қаһармандық бейнесі арқылы қазақ әйелінің қиын тағдыры көрсетілген. Ол шығармашылық бостандық туралы, махаббат пен бақытқа деген құқық туралы армандайды. Біржан мен Сараның шабытқа толы әндері жарқын болашақ туралы халыққа деген ыстық махаббатынан құралған.
— Сара партиясы маған өте жақын. Бұрын мен оны басқа интерпретацияда, басқа қойылымда орындадым. Өз өнерімді жетілдіру арқылы мен өз рөлдерімді де жетілдіре түсемін, оларды жаңаша жеткіземін және сеземін. 24 ақпанда Сара бейнесіне жаңа көзқарас енгізуге тырысамын. Қазір дирижермен, режиссер Наталья Кагадиймен, концертмейстер Ирина Кургузкинамен жұмыс жүргізудеміз, дайындық жасалуда, партияны байыту жолдары мен ерекшеліктерін қарастырып, вокалдық тұрғыдан көркемдеп жатырмыз. Вокал мен ойын тығыз байланысуы тиіс. Қойылымдағы менің кейіпкерім жас, албырт, өмірге құштар жан. Ол кезінде әйелдердің өз пікірін білдіруге құқығы болмаған қоғамға қарсы шығады. Сара – күрескер, ер мінезді тұлға, шындығында мен өз кейіпкерімнен көп нәрсе үйренетінімді жасырмаймын. Басқаға атастырылса да, өзінің сүйгенімен қашып кету туралы шешім қабылдау әркімнің қолынан келе бермейді. Өзіне адал, өз сеніміне берік болған Біржан мен Сара сияқты жандар тарихта қалады.
Аталған спектакльде меццо-сопрано Татьяна Вицинскаяның да дебюті болмақшы. Ол Біржанның анасы Аналықтың партиясын орындайды. Бұл вокалдық-техникалық жағынан алғанда айтарлықтай күрделі рөл. Әртіс драматизм мен үлкен көңіл-күйді талап ететін: айтып жеткізе алмайтын қайғыны, орны толмас қазаны білдіретін жоқтаудың көрінісіне (ана жоқтауы) үлкен назар аударғанын атап өтті. Шығармашылығы барысында әнші белгілі дирижерлармен, A. Buzzola опералық ән айту консерваториясының профессоры – Маурицио Скарфеомен (2011), Римдегі режиссерлік және актерлік шеберлік пен театр консерваториясының оқытушысы – Эдуардо Сиравомен (2011) жұмыс жасаған.
Дүниеге келгеніне көп жыл өтсе де «Біржан-Сара» операсы күні бүгінге дейін ұлттық және жалпы адамзаттық мәдени-поэзиялық тәжірибе тұрғысынан таусылмайтын көркемдік күш болып қала береді. Ұлттық опера ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Нұрқалиевтің хореографиялық редакциясының арқасында жаңа бояуларға ие болған.