Павлодар алюминий зауытының қызметкерлері құстарға арнап 60 жемсалғыш дайындап, оқушылармен бірге мектеп аумағына орналыстырды. «Құстарды қыста қоректендір!» атты шараны Еуразиялық Топ құрамына кіретін «Қазақстан алюминийі» АҚ қызметкерлері Павлодар экология және туризм балалар-жасөспірімдер орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.
Міне, бес жыл бойы зауыт еңбеккерлері оқушылармен бірге қараторғай ұясын жасап келген, ал биыл балалар суық күндері қанатты достарына қамқорлық көрсете алуы үшін жемсалғыш дайындауды жөн санапты.
Құрылымның сызба нұсқасын жасаған кезде орталық экологтарының барлық ұсыныстарын ескеруге тырысқан. Табиғи материалдардан жасалған, берік жемсалғыштар бір жыл ғана қызмет етпейтіні белгілі. Олар әдемі дизайн мен бояулардан түбегейлі бас тартқан, әртүрлі формалар мен ашық түстер құстарды үркітеді дейді тәжірибелі мамандар.
— Құстарға қыстан аман шығуларына көмектесу қиын шаруа емес, тек ниет болса жеткілікті, — дейді №29 жалпы орта мектептің 9-сынып оқушысы Максим Тюрчев, — пластик бөтелкелерден жасалған жемсалғыштар құстарды көтермейді, өте нәзік, ал жемсалғыш жасағанда берік әрі сенімді болуына жіті назар аударған жөн.
Жем салуға ыңғайлы болуы үшін құстардың үйшігі адамның қолы жететін жерге орналыстырылды.
— Қыстың қаһары әлі қайтқан жоқ, күн суық, оның үстіне жердің бетін мұз жапқандықтан құстарға қорек табу өте қиын, — дейді өндірістік қауіпсіздік, экология және еңбекті қорғау департаменті бастығының орынбасары Ренат Сарлыбаев, — сондықтан біз балаларды табиғатты қорғауға, құстарға қамқор болуға қызықтыру үшін бүгін осы шараны өткізіп отырмыз.
Орнатылған жемсалғыштарға бірден сары шымшықтар қонып, жайлы, жаңа «асханалардағы» тағамнан дәм татып көрді.