Домой Блог Страница 235

Алматылықтар қаланың мың жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтпек

Screenshot_4Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Алматының мың жылдық мерейтойын атап өтуге арналған іс-шаралар жоспарына тоқталып өтті.  

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Алматы қаласында ең маңызды шешімдер қабылданды. Сондықтан Тәуелсіздіктің 25 жылдығын біз өте жақсы атап өтетін боламыз. Елбасы айтқандай, тоймен емес, оймен атаймыз. Адамдар осы 25 жылдың ішінде елімізде, әсіресе, Алматыда қандай жетістіктер болғанын көруі керек», — деді Б.Байбек тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Жалпы, әкім жеткізгендей, арнайы қабылдаған жоспар бойынша Алматыда 250-ден астам іс-шара өтеді.

«Еліміздегі әрбір үшінші студент Алматы қаласында оқиды. G-38 деген жастардың ұйымы бар, оның құрамына 38 жоғары оқу орнының өкілдері кіреді. Олар Алматының мыңжылдығына арнап «1000 жақсы іс» деген жобаны бастады. ЮНЕСКО Қазақстанның ұсынысын қолдап, Алматы көне тарихы бар қала ретінде халықаралық күнтізбеге енді. Біз мерейтойға байланысты көп жоспар жасайтын боламыз. Дегенмен, қаражатты тиімді пайдаланамыз. Қаланың мерейтойын 22 наурызда тойлауды бастаймыз. Түркі елдерінің өкілдерін шақырып, Наурыз мейрамын түркі халықтарының мұрасы ретінде тойлайтын боламыз. Ал қыркүйек айының үшінші аптасында қаланың мерейтойы күні болады. Сол кезде үлкен шоу-көрсетілім жоспарланған. Өздеріңіз білетіндей, Елбасының тапсырмасы бойынша Универсиадаға дайындық барысында үлкен мұз айдындарын, атлетикалық қалашық салып жатырмыз. Осының бәрі тәуелсіздіктің 25 жылдығына, Алматының мың жылдығына арналып күзде тапсырылады», — деді Алматы қаласының басшысы.

baq.kz

Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасына өз баламасын әзірледі

Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасына өз баламасын әзірледіБәйтерек» холдингінің еншілес компаниясы «Қазақстан Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ 2022 жылға дейін банк салымшыларын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша «Өз үйім» дағдарысқа қарсы бағдарламасын әзірледі.

Банктің баспасөз қызметі хабарлағандай, бағдарлама үш бағыттан тұрады: жергілікті атқарушы органдармен (ЖАО) өзара іс-қимыл, мемлекеттік-жеке әріптестік және екінші деңгейдегі банктермен ынтымақтастық.

Қазіргі сәтте ЖАО-мен, екінші деңгейлі банктермен, құрылысшылармен келіссөздер жүргізілуде.

«Өз үйім» бағдарламасының негізгі артықшылығы — Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі салымшылары үшін толық басымдық, шаршы метріне төмен баға, валюталық бағамға тәуелді болмау, үй сатып алуда ерекше жағдайлардың болмауы.

Бағдарламаға кез келген банк клиенті қатыса алады. Алайда бірінші кезекте үй сатып алуға құқықты меншігінде жылжымайтын мүлкі жоқ салымшылар ала алады.

Мұның 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту мемлекеттік бағдарламасынан айырмашылығы — соңғы екі жылда Алматы және Астана қалаларында тіркелу талабы болмайды.

Бүгінде бағдарлама аясында орташа баға шаршы метріне 180 мың теңгені құрайды. Жылдық проценттік мөлшерлеме — 5-тен 10 пайызға дейін. 2016 жылы бағдарламаның барлық бағыты бойынша 350 мың шаршы метр құрылыс көлемі пысықталады. «Өз үйім» бағдарламасы аясында 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда.

Банктің дағдарысқа қарсы бағдарламасы 2020 жылға дейінгі Өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына қосымша болады. Банк салымшылары қолжетімді бағамен үй сатып алудың баламалы мүмкіндігін алады. «Өз үйім» бағдарламасының бірегейлігі салымшылардың ашық дауыс беру арқылы тұрғын үй құрылысшылары мен жобаны таңдауын қамтиды. Бағдарламаны қаржыландыру банктің жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

«Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» және «Халықтың барлық санатына арналған тұрғын үй» бағыттары бойынша 2020 жылға дейін Өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 459 мың шаршы метрге келісім іске асырылады. Мемлекеттік бағдарлама аясында тіркеледі. Өңірлерде белгіленген баға шаршы метрі 90-110 мың теңге, Астана мен Алматы қалаларында шаршы метріне 143 мың теңге.

ҚазАқпарат

Илья Ильин өзінің спорттық мансабын қашан аяқтайтыны туралы айтты

cf195ad7233ac30a752024150abbe9b3_SАуыр атлетикадан екі дүркін Олимпиада, төрт дүркін әлем чемпионы, Қазақстандық зілтемірші Илья Ильин «NewTimes.kz»-ке берген сұхбатында өзінің спорттық мансабын қашан аяқтайтыны туралы айтты.

— Илья, сұхбат беруге уақыт тапқаныңыз үшін үлкен рахмет.  Алдымен өткен жылды қорытындылай кетсеңіз. 

— 2015 жыл мен үшін табысты болды. Қоржынымызда Грозный қаласында өткен РФ президенті кубогының алтын медалі бар. Оған қоса, серпе көтеру мен қос жаттығу қорытындысы бойынша рекорд тіркедім. Бұл жетістіктермен мақтануға болады.

Ал жылдың аяғында Философия  докторы атағын қорғадым. Өзімнің ғылыми жұмысымда мен жоғары деңгейдегі кәсіби зілтеміршілерді даярлау туралы мәселе көтердім. Қажетті ақпаратты табу үшін көп күш жұмсалды. Бұнда менің жеке тәжірибем де келтірілген. Аталмыш әдіс болашақта өз пайдасын береді деген сенімдемін.

— Сіздің оқушыларыңыз бар ма?

— Қазақстанның Ауыр атлетикадан ерлер құрамасы командасының капитаны болғандықтан, мен әр спортшыға көмектесіп тұрамын,  бағыт көрсетіп, жөн сілтеп дегендей. Кейде тіпті спортшыларды дайындау бойынша ұйымдастырушылық міндеттерді атқаруға тура келеді, оның ішінде жалақы, жұмыспен қамтамасыз ету, сауықтыру және т.б.

Ал өзімнің алғашқы бапкер ретінде жетістігім деп 2015 жылы Азия Чемпионатында Сыбай Рүстемнің өнер көрсетіп, алтын медальға қол жеткізуін айтар едім. Рүстемді дайындауға мен белсене қатыстым. Оған қоса менің жетекшілерімнің де (Е. Болтаев және Т. Бектемиров) қосқан үлесі зор. Бұл спортшыға біз үлкен үміт артып отырмыз.

— Алдағы уақыттағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

—Бұл сұрақтың жауабы біреу – Риода өтетін Олимпиада ойындарына дайындық. Біз үшін тағы бір сынақ болмақ. Бірақ еліміздің спортшылары Олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсетеді деген үміттеміз. Әрқайсымыз, оның ішінде мен де алда қойылған мақсаттарға жету үшін бар күшімізді саламыз.

— Өзіңіздің спорттық мансабыңызды аяқтауды қай уақытқа жоспарлап отырсыз?

— 2020 жылы Токио қаласында өтетін олимпиада ойындарына қатысқаннан кейін, 32 жасымда өзімнің спорттық мансабымды аяқтауды жоспарлап отырмын. Бірақ одан кейін де менің өмірімде спорт басты орында тұрады деген ойдамын.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Табыс формуласы

00608814Бірде өте танымал адамнан «Сіздегі табысты болудың формуласы қандай?» деп сұрадым.

Неге екенін білмеймін, бірақ өзіме осы сұрақтың жауабы қаншалықты қажет болса, соншалықты бұл сұрақ күлкілі сияқты болып көрінді.

Бірақ, ол адам күлмеді. Даналығы да сонда болар.

«Әр адам — табысты. Бірақ табыс дегеңнін өзі не? Мен таңертең балама махаббатымды, ықыласымды салып тұрып, жұмыртқа қуырып берсем, балам соны тамсана жесе, мен үшін ол да табыс. Бірақ, кез-келген адам сол бір кішігірім істің үлкен табыс екендігін түсіну керек. Және сол үшін риза болуы ең басты және бірінші ереже дейік. Әр атқан таңға, батқан күнге, өмірдің әр секундына шүкіршілікпен қара!

Екінішісі, максимумге ұмтылу. Яғни қай істі қолға алсаң да, сол жұмысқа максимум берілу. Уақытыңды аямау, өзіңнің күш-жігеріңді барынша салу. Табысты адамдар ынтамен жұмыс жасаудың не екендігін анық біледі. Кез-келген істі үлкен ынтамен жасау керек.

Үшіншіден, өз қателіктеріңді, жаман әдеттеріңді  мойындай алу және оларды түзетуге талпыну. Адам кейде өз қателігін көрмей жатады. Қоршаған орта, дос-жараң ол туралы тіс жармауы да мүмкін. Өйткені кейбір адамдар үшін жаман әдет – күнделікті өмірдің бір бөлігі болып кеткен. Хәкім Абай айтпақшы «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап». Сен жасаған ағат істерге сенен артық төреші табылмайды. Өзіңді соның әділ төрелігің бере алуға тәрбиеле. Сонымен қатар,  жаман әдет табыстан алшақтататынын есте сақтағайсың.

Және тағы бір ереже — табысқа қарай қадам жасаудан қорықпау. Адамдар табысты болғысы келеді-ақ. Бірақ ол үшін саусағының ұштарын да қимылдатпайды. «Шегірткеден қорыққан егін екпес» дейді дана қазақ. Қорқақ адам, тәуекелге бармайтын адам табысты бола алмайды деп ойлаймын.

Әрине, біреудің айтқанымен жүре отырып, табысты болып кетуге мүмкіндік бар шығар. Дей тұра, өмірді болжау, жоспарлау мүмкін емес. Сондықтан кез келген адамның өзіндік табыс жолы, өзіндік формуласы бар. Бірақ мен айтып кеткен мына бір ережелер сол формуланың негізі».

Сара Әділ

Мейірімді жандарға қарағанда ызақор адамдардың миының көлемі кішкене болады

cf26e86107adccad4a3886c434d0f9a8-1728x800_cБірқатар зерттеулер мен эксперименттер жүргізген нейрофизиолог мамандар ызақор адамдардың ми көлемі мейірімді жандарға қарағанда едәуір кішкентай болатынын анықтады.

Бірегей тәжірибеге үш жүз ерікті қатысты. Олардың жартысы жан-жағындағы адамдарға мейірімділікпен қараса, қалған бөлігі ызалы, өпкелі, ашушаң мінез-құлық иесі болған.

Зерттеу барысында мейірімді адамдардың миы ашушаң адамдарға қарағанда үлкенірек екені анықталды, сондықтан эксперимент авторлары миы кішірек адамдардың табиғатынан мінез-құлқы ашушаң болады, оларды бұл үшін кінәлау орынсыз деген тұжырымға келді.

Авторлардың тұжырымымен барлық мамандар келісе қоймады, көпшілігі зерттеуге аз адам қатысқанын, алынған нәтиже дәйекті дәлел бола алмайтынына сенімді.

ҚазАқпарат

Apple компаниясы көктемде арзан iPhone 5se смартфонын шығарады

20121119085117Биыл наурызда америкалық Apple компаниясы өз тұтынушыларын қуантып, соңғы әзірлемесін таныстырады. Күзде атақты   iPhone 5s смартфонының арзан (бюджеттік) үлгісі шығарылып, оған iPhone 5se атауы беріледі. Смартфон сәуірден бастап сатылымға түседі.

Жаңа гаджеттің сыртқы бейнесі iPhone 5s-ке  ұқсас болады. Ал техникалық сипаттамасы бойынша iPhone 6-ға ұқсайды. Бұл ретте, жаңартылған iPhone 5s үлгісі сатып алушыларға классикалық қара, күміс, алтын, қызғылт түстес түрлерде ұсынылатыны хабарланады.

Смартфонның сыртқы келбетінің iPhone5s-тен аса айырмашылығы жоқ екені атап өтіледі. Тек ерекшелігі, смартфон экраны төрт дюмды, ал корпус нысаны компанияның алдыңғы флагмандарынан өзгешелігі болмайды. Жаңа гаджет 8 мегапиксельді негізгі, 1,2 мегапиксельді фронтальды камерамен жарақталған.

iPhone 5se смартфонының құны әзірге айтылмады. Ол көктемде өтетін таныстырылым  сәтінде белгілі болуы мүмкін, деп жазады шетелдік БАҚ.

ҚазАқпарат

Қазақстан мен Ресей компаниялары бірлескен кәсіпорын құруға ниетті

20150601153157Ресей сауда палатасының бастамасымен «Ресей-Қазақстан инвестициялық диалог: ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері» атты тақырыпта дөңгелек үстел жиыны өткізілмек. Шара аясында Қазақстан-Ресей Іскерлік кеңесінің инвестициялық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жұмыс тобының отырысы да өтетін болады. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінен хабарланды.

«Шараның мақсаты Қазақстан мен Ресей компаниялары арасында екіжақты инвестициялық байланысты орнатуға жәмдемдесу болып табылады. Осының арқасында бірлескен кәсіпорындар құру мәселелері де талқыланбақ. Жиын аясында Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы қазақстандық-ресейлік инвестициялық ынтымақтастықтың негізгі бағыты, бірлескен жобаларды жүзеге асырудағы проблемалар, екі елдің шекара маңындағы экономикалық ынтымақтастығын дамыту мәселелері қаралады. Бұдан бөлек, қатысушылар мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін пайдалану арқылы бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудың перспективаларын  әңгімеге арқау етпек.  Инвестициялық диалог барысында ықтимал инвесторларға, қазақстандық инвестициялық жобалар әріптестеріне арналған тұсау кесулер өткізіледі», — делінген баспасөз баянында.

Қазақстандық делегация құрамында мемлекеттік орган өкілдері, «Атамекен» ҰКП, «Kaznex Invest» ҰК өкілдері баратын болады.

Ал Іскерлік кеңес жұмыс тобының отырысы аясында ағаш өңдеу, металлургия, құрылыс, қонақ үй бизнесі, өңдеу өнеркәсібі секілді салалардағы Қазақстанның 11 инвестициялық жобасы таныстырылмақ.

ҚазАқпарат

Ыстамбұлдағы сурет көрмесінде қазақ мәдениеті мен өнері таныстырылды

749261cccca15c11af10b2062d0b619c_XLЫстамбұл қаласының «Таксим» орталығында Has Sanat өнер галереясының «Алтын ғасыр» атты сурет көрмесі ашылды.

Қазақ елінің мәдениеті мен өнерін таныстыратын шарада реализмнен бастап авангард, сюрреализм секілді ағымдарымен салынған 80-ге жуық картинасы көпшілік назарына ұсынылды. Оның тең жартысы қазақстандық қылқалам шеберлерінің туындылары.

Алғашқы күні көрмеге Түркияның зиялы қауым өкілдері, жергілікті қазақ диаспорасы мен белгілі өнер сыншылары келіп, зор қызығушылық танытты. Атап өту керек, «Алтын ғасыр» халықаралық жобасы 10 жылда әлемнің 15 қаласының танымал өнер музейлерінде көрсетілді. «Оның мақсаты – халқымыздың төл мәдениетін кеңінен насихаттау», — дейді «Хас санат» өнер галереясының жетекшісі.

Жанна Еңсебаева, «Хас санат» өнер галереясының жетекшісі: — «Алтын ғасыр» – тамашалауға тұрарлық үлкен халықаралық жоба. Оның аясында қазіргі заманауи бейнелеу өнеріне машықтанған қазақстандық 40 суретшінің картинасы жұртшылықтың назарына ұсынылып отыр. Сол арқылы біз еліміздің мәдениеті мен өнерін танытып келеміз. Көрмеге келген әр адам өз талғамынан шыққан туындыны бағалап, Қазақстанға барғысы келетіндіктерін айтуда. Әрине, бұл жағдай бізді ерекше қуантады.

24.kz

«Астана Опера» оркестрі Симфониялық музыкадан концерт береді

Screenshot_2«Астана Опера» театрының оркестрі 2 ақпанда Үлкен зал сахнасында көпке танымал «Симфоника» циклынан Симфониялық музыкадан концерт береді. Солист – Мәскеуден келген дарынды пианиношы, «Astana Piano Passion-2015» III халықаралық конкурсының лауреаты Виктор Маслов. Дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов.

Тыңдаушыларға симфониялық және аспапты музыканың жауһарлары: Д. Шостаковичтің №5 d-moll симфониясы, 47 шығармасы (1937) және П. Чайковскийдің оркестр мен фортепианоға арналған №1 b-moll концерті, 23 шығармасы ұсынылады.

— Д. Шостаковичтің симфониясында өте көп жұмбақ жатыр. Біз бұл құпияның сырын сәл ашып, композитордың өмірінен оның туындыларын түсінетіндей қызықты деректер туралы әңгімелейміз. Мысалы, симфонияның бірінші бөлімінде неге Ж. Бизенің «Кармен» операсының тақырыбы жүретінін көпшілік біле бермейді. Өйткені, оның сүйіктісі – жүрегін ұсынғанына қарамай, белгілі режиссер Роман Карменді таңдаған испан әйелі, сондықтан музыка желісінде оның қарсыласына деген өшпенділігі мен испан сұлуына деген жауапсыз сезімі айшықталады. Концертті жүргізуші Маржан Жәкенова композитордың өмірінен оның шығармашылығына әсер еткен маңызды оқиғалар жайлы айтып береді. Д. Шостаковичтің музыкасы адамды рухани байытады. Ол адамның ішкі жан-күйін емдейтін әсер қалдырады: түрлі «эмоциялық тығырықтан» шығу және тазару арқылы сезімдерді қайтадан бастан кешуге мүмкіндік береді дер едім, — дейді маэстро.

Композитор симфониясына «Әділ сынға кеңестік суретшінің жауабы» деген тақырыпша береді. Бұл «жауап» сол кезде одан талап етілген ерлік классицизмінің үлгісіне жарар еді. Д. Шостакович өзінің музыкалық стилін өзгертті, сөйте тұра оның мазмұнын кеңейтіп, астарын тереңдетті. Егер бұрын Евгений Мравинский дирижерлік ететін шығарма масаттандырса, енді ол басқаша орындалды – шабыт кері мағына берді. Музыка тыңдарманға сұрақ қояды және жауапты өздерінен талап етеді.

Екінші бөлімде болашағы зор пианиношының өнері тамашаланады. Виктор Маслов – ресейлік жас музыкант, Парижде, Анконада, Мәскеуде, Киевте өткен халықаралық конкурстардың жеңімпазы. 2014 жылдан бері Лондонда Корольдіктің музыка колледжінде оқып жатыр (профессор Дмитрий Алексеевтің класы). 2015 жылы «Astana Piano Passion-2015» конкурсында екінші сыйлықты және екі арнайы жүлдені (арнайы жүлделердің бірі — «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында өнер көрсету) иеленді.

П. Чайковскийдің оркестрмен фортепианоға арналған №1 b-moll концертінде, 23 шығармасында жеке орындайтын Виктор Масловты көпшілік алғашқы аккордтардан-ақ таниды. Айта кету керек, «Астана Опера» сахнасында музыкант өзінің туған күнінде өнер көрсетпек.

— П. Чайковскийдің концертін орындау – үлкен жауапкершілік, себебі оны Клиберн, Горовиц, Соколов сияқты мэтрлар әлемнің ең үздік залдарында ұсынған, сол себепті бұл музыкалық шығарманы солар орындаған деңгейге сәл де болса жақындай түссем деймін, шығарманың терең поэзиялық қыры мен драматургиясын жеткізгім келеді, — дейді пианиношы.

baq.kz

Астанада пайдаланылған бұйымдар дүкені ашылды

Screenshot_1Соңғы уақытта Қазақстан нарығында әшекей бұйымдар мен тұрмыстық техникаларға деген сұраныс күрт төмендеп кетті. «Оның себебі күн сайын құбылып тұрған экономикадағы тұрақсыздық», — дейді мамандар.

Ал тұтынушысын жоғалтып алмау жолында отандық бизнес саласының белсенділері қандай шаралар қолдануда? Жалпы қазіргі таңда тауардың қай түріне сұраныс көп? Қымбат алқа, сағат және компьютерлерге деген сұраныстың төмендеп кетуі бекер емес. Мамандар мұның себебін сатушылардың сөредегі тауарларды негізінен Еуропа елдерінен алып келетіндігімен байланыстыруда. Ал бұл бизнестің тұралап қалуына әлемдегі қаржы тұрақсыздығы тікелей әсер етуде.

Алина Құшаманова, Отбасылық ойын-сауық орталығының меңгерушісі: — Біріншіден, барлық сатып алу процестерінің Еуропа елдерінде шетел валютасымен жүзеге асатындығында. Ал біз қолымыздан келгенше тұтынушыларымызға барынша жағдай жасауға тырысудамыз. Мәселен түрлі акциялар өткіземіз. Мейлі ол маусымдық немесе жаппай сатылым болсын. Сосын қосымша сыйақы жүйесін де енгізіп тұрамыз. Бұл шаралар тұтынушылармызға тауарды белгілі бір жеңілдікпен сатып алуына мүмкіндік береді. Сарапшылардың айтуынша, бүгінгі экономикалық ахуалдан кейін нарықта адам ойына келе бермейтін түрлі, тың идеялар дүниеге келуде. Мәселен Астанада тұратын Наргиз есімді бойжеткен қиялында пайда болған қызықты идеясын іске асыруға бел буыпты. Жуырда ол пайдаланылған бұйымдар дүкенін ашыпты.

Наргиз Искарова, пайдаланылған бұйымдар дүкенінің иесі: — Бір көйлекті екі рет киіп, мерекеге бармайтын жандармыз ғой. Менталитетіміз сондай. Сондықтан бір-ақ рет киетін киімге қыруар қаржы төлеп не керек? Осы жерде екі, үш есе арзанға сатып алуға болады. Содан соң қайтадан әкеліп тапсырып, қаржы табуға мүмкіндік бар. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазақстандықтар жыл сайын киім-кешекке қыруар қаржы жұмсайды екен. Мәселен сұраныстарымызды сараптап көрер болсақ, күнделікті қажет заттардың ішінде костюм, көйлек, автокөлік секілді қажеттіліктер бірінші орынды алады екен. Одан кейін құрылыс заттары, фармацевтика өнімдері және жиһаз бар. Ал азық-түлікке келер болсақ, оған жалпы сатылымның шамамен 30%-ы ғана тиесілі. Ет сатып алу үшін жылына 300 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалады. Жеміс-жидек пен көкеніс сатып алуға 222 млрд теңге кетеді. Халық арасында сұранысы ең төмен өнімдер, ол – теңіз тағамдары болып шықты. Экономика ғылымдарының кандидаты Жангелді Шымшықовтың пікірінше, бұл мәселеге тереңнен үңілу қажет. Ең алдымен халықтың бойында отандық өнімдерге деген құрмет пен сұранысты арттыру керек. Қазақстандықтардың бойында осындай қасиеттер артқан жағдайда ғана. ел экономикасы одан әрі гүлденбек.

24 kz