Домой Блог Страница 237

Алматыда «Үздік инженер-2015» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Алматыда «Үздік инженер-2015» байқауының жеңімпаздары марапатталдыАлматыда Достық үйінде кеше «Үздік инженер-2015» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. Байқаудың ұйымдастырушысы — ҚР Ұлттық инженерлік академиясы.

«Біздің ойымызша, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына ену жолында  басты мамандық иелерінің бірі — инженер.

Сондықтан, бұл байқау инженерлік кадрлардың мәртебесін нығайтуға және индустриалды жобаларды жүзеге асыруға қомақты үлес қосқан мамандарды ынталандыруға бағытталған», — деді өз сөзінде ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов.

Байқауға Қазақстанның барлық өңірінен 350 үміткер ұсынылған болатын. Әділқазылар алқасының шешімі бойынша 11 жеңімпаз таңдап алынды. Олардың ішінде «Орал зауыты» АҚ бас конструкторы Хайдар Хабибулин де бар.

«Мен «Шекаралық және зымыран-артиллериялық кемелердің пайдалану сипатын жаңғырту және жақсарту» деп аталатын жобам үшін марапатталдым. Кеме жасау — ең күрделі салалардың бірі. Алайда, біздің зауыттың даму деңгейін жоғары деп айтуға болады. Сондықтан да біз болашаққа сеніммен қараймыз. Ал мұндай байқаулар техникалық бағыттағы мамандарды ынталандырады  және инженерлік істі насихаттайды», — деді Х. Хабибулин.

Сондай-ақ, «Алматы Көпірлі Құрылым Зауыты» ЖШС басқармасының төрағасы Ахметжан Шардинов та диплом және медальмен марапатталды. Ол ТМД аумағында теңдесі жоқ — ұзындығы 42 метр болатын темірбетонды арқалық зерттемесін әзірлеген.

«Әлемдік қаржы дағдарысы ушығып тұрса да біздің Президентіміз елдің индустриалды-инновациялық даму саласына көп көңіл бөледі. Яғни, инженерлер керек деген сөз. Әрине, мұндай байқаулар инженерлік мамандықтың дамуына септігін тигізеді», — деді А. Шардинов.

ҚазАқпарат

«Болашақ» стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларына өзгерістер енгізілді

20150622220341«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды «Халықаралық бағдарламалар орталығының» АҚ-ның ресми сайты.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1154 қаулысымен «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және «Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы11 маусымдағы қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді», делінген хабарламада.

Атап айтқанда, аталған қаулымен «ЖОО түлегі» санаты алынып тасталып, магистр дәрежесін алу үшін жаңа «Инженерлік-техникалық қыметкер» санаты енгізілді.

Академиялық бағдарламаға үміткерлердің барлық санаттары үшін (магистратура, докторантура, резидентура) бакалавр немесе маман дипломының қосымшасы бойынша орташа балға өзгерістер енгізілді — GPA 3,0 балл (4,0/4,33 GPA-дан), сондай-ақ жалпы жұмыс өтілі кемінде 2 жыл деп белгіленді.

Тағылымдамадан өтуге үміткерлер үшін жалпы жұмыс өтілі таңдап алған саладағы соңғы 12 айды қоса алғанда кемінде 3 жыл.

Бұған қоса, үміткерлердің конкурсқа қатысу үшін еңбек қызметінің талап етілетін кезеңіне міндетті зейнетақы жарналарын аудару туралы жазбаны міндетті ұсынуы туралы норма енгізілді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің осы қаулысы 2016 жылғы 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

ҚазАқпарат

2020 жылға қарай елімізде 550 кәсіби стандарттар әзірленетін болады

201410091608492020 жылға қарай елімізде 550 кәсіби стандарттар әзірленетін болады. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді.

Жиында «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жоба) ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын.

«Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесіне сәйкес, кәсіподақтар мен жұмыс берушілер оқу орындарына өздерінің ұлттық біліктілік жүйесіндегі салаларға сәйкес кәсіби стандарттар мен талаптарды қояды. Ал оқу орындары сол стандарттарға сәйкес, оқу бағдарламаларын өзгертеді. Біз Дүниежүзілік банк сарапшыларымен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2020 жылға дейін 550 кәсіби стандарттарды әзірлеп шығару мүмкіндігін де қарастырып жатырмыз. Мұндай кәсіби стандарттар тек кадрлар даярлауда емес, сонымен бірге қайта даярлау барысында да қамтылуы қажет», — деді Т. Дүйсенова.

Осыған орай, министр келісім аясында қайта даярлау жұмысын ұйымдастыратын жұмыспен қамту орталықтарының оқу орындарына қоятын талаптарын қосу, оларға осы жұмыстарды атқара алатындай крустарды енгізу, техникалық базаны кеңейту қамтылатынын атап өтті. «Бұндай орталықтар барлық өңірлерде қамтылатын болады. Тұтастай алғанда, жобаның іске асуына тиісті мемлекеттік органдар мониторинг жасайды. Ал оны басқару мен қадағалау арнайы жұмыс комитетінің құзыретіне беріледі», деді министр.

ҚазАқпарат

Норвегияда әлемдегі ең кішкентай кинотеатр ашылды

Норвегияда әлемдегі ең кішкентай кинотеатр ашылдыНорвегияның Тромс қаласында әлемдегі ең кішкентай кинотеатр ашылды.

Екі-ақ адамға арналған зал бұрынғы газет дүңгіршегінің аумағында орналасқан. Кинотеатр Норвегияның XXVI Халықаралық кинофестивалінің басталуына орай ашылған.

Кинотеатрда апта бойы күніне бір таспадан көруге болады. Екі билет құны 500 норвегиялық крон, яғни 20 мың теңге көлемінде тұрады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, залдың техникалық мінездемесі қалыпты кинотеатрлардан қалыспайды екен.

Елбасы Қазақстан халқына үндеу жолдады

25dab36f750b986535b54ea3870acbd0_LАқордада Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын өткізу мәселесі жөнінде кеңес өтті. Іс-шара барысында Мемлекет басшысы депутаттардың кезектен тыс Мәжіліс сайлауын өткізу және барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезекті сайлауын өткізу туралы бастамасына байланысты үндеу жасады.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 5-ші шақырылымдағы Парламент Мәжілісін тарату туралы Жарлыққа қол қоюына, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындауға байланысты ХАЛЫҚҚА ҮНДЕУІ

«Мен Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату және жаңа сайлау тағайындау туралы ұсынысын талдап қарадым.

Бұл күндері менің атыма бастамаға қолдау көрсеткен көптеген хаттар мен жеделхаттар келіп түсті. Кезектен тыс сайлау өткізу қажеттігі туралы пікірді саяси партиялар мен кәсіподақтар, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпорындардың, мекемелер мен оқу орындарының еңбек ұжымдары құптады. Сондай-ақ оған ардагерлер мен жастардың ұйымдары, бизнестің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, көптеген жеке азаматтар қолдау білдірді. Менің атыма келіп түскен бұл үндеулерде келтірілген барлық дәлел-дәйектемелер маған түсінікті. Оларда елге деген қамқорлық, саяси науқанды тездетіп аяқтауға және қойылған міндеттерді іс жүзіне асыруға кірісуге деген қажетсіну бар.

Бүгінде біздің ел күрделі жаһандық саяси және экономикалық үдерістерге тартылып отыр. Энергия қуатын беретін өнімдер бағасының құлдырауы нәтижесінде көптеген елдерді жайлаған экономикалық дағдарыс бүкіл әлемдік экономикаға және оның ажырамас бөлігі ретінде біздің елімізге де елеулі ықпал етуде. Осы бір қиын уақыт ел алдына өте күрделі міндеттер мен сын-қатерлерді тосып отыр

Халықаралық ахуал да күрделене түсті. Жетекші мемлекеттер арасындағы қайшылықтар ұлғайып, олардың санкциялық текетіресі күшейе түсуде. Сарапшылардың көпшілігі әлемдік державалар арасындағы келіспеушілік «қырғиқабақ соғыс» аяқталғаннан бері дәл қазіргідей ушығуға жетпеген еді деген пікірде. Осындай жағдайда өңірлік жанжалдардың жаңа ошақтары пайда болуда. Террорлық қатер де ұлғайып келеді. Босқындардың жаһандық толқыны планетаның жаңа өңірлерін бірінен соң бірін басып қалуда. Әлемдік сауда көлемі төмендеп, қор нарықтары құлдырауда. Іс жүзінде әлемнің барлық валюталары девальвацияға ұшырады. Осының бәрі өңірлік және ұлттық экономикаларға теріс ықпалын тигізеді.

Әлемнің жаңа бет-бейнесі қалыптасып келеді, ол жөнінде мен халыққа таяудағы Жолдауымда айттым. Бұл дегеніміз индустрияландыруды, шағын және орта бизнесті дамытуды белсенді жалғастыра отырып, шикізат бағасы төмен жағдайда өмір сүруге бейімделуді білдіреді. Осы бір күрделі ахуалда біздің бәріміз үшін ең маңыздысы – ысырапсыз өмір сүру, ресурстарды үнемдеу, жұмыс орындарын сақтау екенін түсіну. Үкімет пен Парламентке бұл жағдайда бірлесіп, жинақы жұмыс істеп, жедел шешім қабылдау қажет. Біздің халқымызға бұрынғыша бірігіп, осы күрделі уақытта кез келген ықтимал арандатуларға, қажет болса, заңнамалық тұрғыдан тойтарыс беру керек. Ол жағдайдың нашарлауына кінәлілерді іздеп, саясиландырғысы келетіндерге де қатысты. Бұл – жаһандық үдеріс, оған бірде-бір ел, соның ішінде Қазақстан да ықпал ете алған жоқ. Сондықтан бәріміз топтасып, бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Қазір елдің әрбір азаматының патриоттығы сынға түсуде. Бізде тағдырға мойынсұнып, әйтеуір бір уақыттары бәрі орнына келетініне, мұнай бағасы көтеріліп, жағдайдың жақсаратынына үміттеніп отыруға уақыт жоқ.

Бүгінде кез келген жаһандық сын-қатерге үнемі жүйелі әрі алдын ала жауап беру және тиісті шаралар қабылдау маңызды. Бізге «Қазақстан-2050» Стратегиясының бағытын жалғастырып, дағдарысқа қарсы бағдарламаны іске асыру, Ұлт Жоспарын орындау керек. Мыңдаған азаматтарымызға жұмыс бере отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасын белсенді жүзеге асыру қажет. Үкімет, министрлер мен барлық деңгейдегі әкімдер бұрынғы дағдарыс тәжірибесі мен инфрақұрылымдық құрылыс мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жұмыс орындарын ұсыну арқылы шығындарды қысқарту, аппаратты оңтайландыру үшін резервтер іздестіруі тиіс.

Халыққа Жолдауда мемлекетті, экономика мен қоғамды терең жаңғырту, бюджет саясатын үнемдеу, ұсынықтылық және қайтарымдылық қағидаттары негізінде оңтайландыру жөнінде ауқымды міндеттер қойылды. Парламенттің қазіргі құрамы Ұлт Жоспарына сәйкес, өнімді және ауқымды заң шығару жұмысын атқарды. Ендігі жұмыс Үкімет пен елдің барлық атқарушы органдарына, сондай-ақ бизнес-қоғамдастыққа тиесілі. Дағдарысқа қарсы шаралар мен Ұлт Жоспарын дер кезінде және сауатты жүзеге асыру солардың тиімді жұмысына байланысты болады. Бұл біздің елімізді әлемдік қоғамдастық алдында тағы да биіктетіп, инвестиция тартады, елімізге деген сенімді нығайтады. Біз мұны жасауға тиіспіз.

Қазір біздің қоғамымыз 1991 жылы мүлдем бейтаныс ахуалға тап болған кездегідей абдыраған адамдар тобы емес. Біз Тәуелсіздіктің ширек ғасырға жуық абыройлы жолын жүріп өттік. Біз жасампаз еңбекте шыңдалып, табысты, қалыптасқан және әлемге сыйлы мемлекет құрған біртұтас халыққа айналдық. Мен депутаттардың бастамасын Қазақстан мен қазақстандықтардың тағдырына отаншылдық тұрғыдан қамқорлық танытудың көрінісі деп қабылдаймын. Мәжілістің кезектен тыс сайлауы (оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының да депутаттары бар) және өңірлік мәслихаттардың кезекті сайлауы бірге өтуі уақытты да, қаржыны да үнемдейді. Барша депутаттарға мемлекетшіл ұстанымы мен аса жоғары тарихи жауапкершілік танытқаны үшін алғысымды айтамын.

Ел Конституциясының талаптарына сәйкес, мен Парламент Палаталары төрағаларымен, Премьер-Министрмен және Конституциялық Кеңес төрағасымен кеңестім. Ақылдаса келіп депутаттардың бастамасын қолдау туралы шешім қабылданды. Билік саласы өкілдері құрамының жаңартылуы еліміз бен халқымыздың мүддесіне сай келетіндігіне сенімім кәміл. Саяси партиялар күн тәртібіндегі міндеттерді түсіне білетін сауатты, іскер және ел мүддесіне адал кандидаттарды ұсынуға тиіс. Бүгін мен Бесінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің өкілеттігін мерзімінен бұрін тоқтату туралы Жарлыққа қол қойдым. Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 2016 жылғы 20 наурызға белгіленді.

Бүкіл қазақстандықтарды, қоғамның барлық әлеуметтік топтарын уақыт талап еткен шешімді қолдауға үндеймін. Баршаңызды сайлауға белсене қатысуға, еліміздің болашағы жолындағы тұтастығымыз бен бірлігімізді тағы да танытуға шақырамын. Конституцияның кепілі ретінде Орталық сайлау комиссиясына және барлық өкілетті мемлекеттік органдарға алдағы сайлауда заңдылықты, ашықтықты және әділеттілікті қамтамасыз етуді тапсырамын. Дауыс беру науқаны және сайлау күрделі кезеңде ұлтты ұйыстырып, біздің Қазақстанымызды жаңа белестерге алып шығуға көмектеседі деп сенемін.

Баршамыздың бір ғана мақсатымыз бар, ол мақсат – халық пен елдің игілігі! Бәріміз Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында еңбек етіп, бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Біз бірлесе отырып, бүгінгі заман алдымызға тосып отырған барша қиындықтар мен сын-қатерлерді міндетті түрде еңсеретін боламыз. Мен барша қазақстандықтарды, барлық саяси партияларды біздің ортақ шаңырағымыздың тағдырына жауапты қарауға және Отаншылдығымызды нығайта түсуге шақырамын. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейлі белесін мызғымас бірлікпен қарсы алайық!»

Источник: http://24.kz/kz/zha-aly-tar/basty-zha-aly-tar/item/102232-elbasy-khaly-a-ndeu-zhasady
Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на www.24.kz / Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.24.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Қайрат Ахметов ММА-ден 2016 жылдың басты үміттерінің қатарына енді

bf5dd0281f2b1391f2daddad430edfe1_LOne FC чемпиондық атағының иегері қазақстандық спортшы Қайрат Ахметов ММА-ден 2016 жылдың басты үміттерінің қатарына енді.

Ең жеңіл салмақта өнер көрсететін жерлесімізді бұл тізімге Чемпионат порталы қосып отыр. «Өз отанында Қайрат танымал спортшылардың қатарында. Өзінің 22-жеңісінен соң ол One нұсқасы бойынша белбеуге таласып, бразилиялық Адриан Мораештен жеңісті тартып алды.

Енді Қайраттың UFC-ге өтуге толық мүмкіндігі бар. Қазір бұл ұсыныс спортшы мен оның командасының талқысына түскен», — деп жазады басылым.

Қайраттан бөлек аталған тізімге Сергей Павлович (ауыр салмақ), Джонатан Уилсон (жартылай ауыр салмақ), Анатолий Токов (орта салмақ), Варли Алвес (жартылай орта салмақ), Сейдж Норткат (жеңіл салмақ), Мирсад Бектич (жартылай жеңіл салмақ) және Дэрион Колдуэлл (ең жеңіл салмақ) бар.

24.kz

Мексика астанасы штатқа айналады

Мексика астанасы штатқа айналадыМексика астанасы Мехико қаласы осыған дейін федералды округ болып келген екен.

Енді оның «Мехико қаласы» атауы қалдырылып, штат деген мәртебе беріледі.

Бұл өзгерісті ел парламенті мақұлдады, деп хабарлайды RT.

Жаңа мәртебе қалаға қаржы мен салық жөнінен биліктен тәуелсіз әрекет етіп, өзінің ішкі аумақтық-әкімшілік бөлінуін бейтарап түрде өзгертуге жол ашады.

24.kz

Түркияда тұратын қазақ суретшінің кітабы үлкен сұранысқа ие

Screenshot_1Түркияда өмір сүріп жатқан Хайруллаһ Кая есімді қандасымыздың кітабы оқырмандардың қызығушылығын тудырып отыр.

Кітаптың атауы — «Нұқтың кемесі».  Аталмыш сурет сызба кітап жарық көрген үш айдың ішінде оның 5 мың данасы сатылыпты.

Ресейде құны 50 мың долларлық «императордың селфи-таяғы» сатылуда

Ресейде құны 50 мың долларлық «императордың селфи-таяғы» сатылудаРесейде ауқатты адамдарға арналған зергерлік «селфи-таяқ» сатылуда, оны француздың OUVRI компаниясы жасаған.

Наполеон III пен оның жұбайы Евгенияның аты берілген императорлық моноподтың құны 2,5 мыңнан басталып 49 мың долларға шейін тұрады.

Қымбат моноподты француз суретшісі Инна Битон жобалаған, әрі ол 2,2 карат бриллиантпен безендірілген. Оның сыртқы пішіні Францияның соңғы монархы Наполеон III-тің тәжіне ұқсатылып жасалған. Аса қымбат моноподтың бағасы 49 мың доллардан асады. Ол көк бұзаудың терісімен қапталып, 925-ші сынамалы күміс және сары алтынмен безендірілген.

ҚазАқпарат

Америка ғалымдары зағиптарға арналған планшет жасады

Америка ғалымдары зағиптарға арналған планшет жасадыМичиган университетінің инженерлері көзі көрмейтін адамдарға арнап планшет жасап шықты.

Брайль шрифтімен жазылған электронды кітаптар өте қымбат тұрады. Өйткені ол электр қозғалтқышпен көтерілетін пластик штифтерді пайдаланады. Бұл құрылғының ақпаратты беру жылдамдығы да баяу. Өнертапқыштар бұл технологияны жетілдіріп, жақсартуды ұсынуда. Мичиган университетінің инженерлері көзі көрмейтін адамдарға арнап бедерлі әріптердің бір бетін толық беретін толық экранды құрылғы жасау жолын ойлап тапты, деп жазады ресейлікvesti.ru.

Сили О’Модрейн мен оның әріптестері беті жұмсақ дисплейде Брайль әрпін томпайтып шығаратын сұйық пен ауаны пайдаланбақ. Әрбір бедерге келетін сұйық көлемі реттеліп отырады.

Бедерде әріптер ғана емес түрлі күрделі пішін, сурет және графикалар да көрсетіледі.

Планшеттің алғашқы нұсқасы әзірге өте ірі, түрлі құбырлар жалғанған. Оның соңғы нұсқасында құбырларды микроарналар алмастырады.

Қазір зағиптар мәтінді сөзге айналдыратын бағдарламаны қолданады. Алайда көзі көрмейтін жандар бейнені, формуланы басқа да сөзбен сипатталмайтын күрделі пішіндерді тек кітаптан ғана оқи алады.

Егер өнертапқыштар барлық нышандарды экранға шығаратын арзан планшет жасап шықса, зағиптарға математика және басқа да ғылымдарды игеруге мүмкіндік туады.

Қазір инженерлер өз құрылғылары 1000 доллар шамасында болады деп отыр. 2013 жылы қолға алынған жоба биыл қыркүйек айында аяқталады.

ҚазАқпарат