Домой Блог Страница 269

Қазақ тіліндегі 4000-нан аса кітапты енді мобильдік қосымша арқылы тегін оқуға болады

Қазақ тіліндегі 4000-нан аса кітапты енді мобильдік қосымша арқылы тегін оқуға боладыҚазақ тілді 4000-нан аса кітапты жинақтаған тегін kitap мобильдік қосымшасы Қазақстанда пайда болды. Мобильдік қосымшаны «WikiBilim» қоғамдық қоры «Кселл» мобильдік операторының қолдау көрсетуімен жасап шығарды.

 Тегін kitap мобильдік қосымшасы «WikiBilim» ҚҚ дамытып жатқан «Қазақстанның Ашық кітапханасы» атты онлайн-жобасы негізінде жүзеге асырылып отыр. Жобаның негізгі идеясы — Қазақстанның мәдени мұрасының мультимедиалық топтамасын сандық форматта қолжетімді етуге бағытталған, ал мақсаты – ұлттық әдебиет, ғылым, мәдениетке қатысты туындыларды жинақтау және авторлық құқықты сақтай отырып көпшілік арасында тарату.

Қазіргі таңда Қазақстанның «kitap.kz»  ашық кітапханасы қазақ мәдениетімен байланысты туындылардың ең толық электрондық топтамасын, сондай-ақ, әлемдік көркем және ғылыми-көпшілік әдебиет туындыларының қазақ тіліне аударылған жинағын ұсынып отыр.

Жоба құрастырушыларының айтуынша, мобильді қосымшаның бір артықшылығы кез келген жағдайда өзіңізбен бірге алып жүресіз. Кез келген оқырман, әсіресе ауыл-аймақтардағы оқырмандар интернеттен ұнаған кітапты жүктеп алып, кейін интернет жоқ жерде онлайн оқи беруге болады.

Мобильдік қосымша қазіргі кезде IOS және Android жүйелерінде қолжетімді.

Қазақстанның «kitap.kz» ашық кітапханасы 2012 жылы іске қосылып, күннен күнге қолданушылар саны өсіп келеді.

Атыраулық 13 жастағы жігіт әлемдік үш рекорд орнатты

Атыраулық 13 жастағы жігіт әлемдік үш рекорд орнаттыАтыраулық 13 жастағы Кирилл Литвинов пен 27 жастағы Эдуард Қабдешев Португалияда өткен пауэрлифтингтен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында бірнеше алтын және бір күміс медаль иеленді.

Кирилл үшін бұл әлемдік аренадағы дебют. Жас спортшы 13-15 жас дәрежесі бойынша бірнеше аталымда әлем чемпионы атанды (салмақ дәрежесі 52 келіге дейін). Сонымен қатар, Кирилл зілтемірді жатып көтеруден (72,5 келі), зілтемірді тізеге дейін көтеруден (145 келі) және күштік үшсайыстан әлем рекордын орнатты.

Эдуард 110 келіге дейін салмақта өнер көрсетті. «Ол басты қарсыласымен бірдей нәтиже көрсеткен, алайда оның салмағы 107,4 келі, қарсыласынікі 107 келі болғандықтан, спортшымыз екінші орын алды», — деді бапкер Александр Литвинов.

Чемпионатқа 36 елден 400-ден аса атлет қатысты. Қазақстан намысын 46 спортшы қорғады. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан бірінші орын алды.

baq.kz

Астанада IV Еуразиялық Әйелдер саммиті өз жұмысын бастады

Астанада IV Еуразиялық Әйелдер саммиті өз жұмысын бастады
Әйелдер саммиті

Қазақстанның Іскер әйелдері қауымдастығының 20 жылдық мерейтойына арналған саммит жұмысына 500-ден аса нәзік жанды қатысуда. Олардың 400-ден астамы еліміздің әр өңірінен келіп отыр.

Алқалы басқосуға ҚР Мемлекеттік хатшысы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева қатысып, сөз сөйлейді. Саммиттің мәртебелі қонақтары қатарында Грузияның саяси партиясының көшбасшысы Нино Бурджанадзе де бар.

Сондай-ақ, саммит аясында бірнеше шаралар ұйымдастырылады деп күтілуде. «Нұрлы жол — Жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық конференциясы, «Бизнестегі әйел-20 қазақстандық бренд» атты отандық өндірушілер көрмесі өтеді. Сондай-ақ, «Қазақстанның қанатты әйелдері» және Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының 20 жылдық қызметінен сыр шертетін «Жан қанаты» атты кітаптардың тұсауы кесіледі. Кеш соңында аймақтардағы көшбасшыларды арнайы медальдармен марапаттау жоспарланып отыр.

Саммите «Қоғам гүлденуіне қосқан сүбелі еңбегі үшін» төс белгісі тапсырылады. Саммит қатысушыларының арасында «Ажар жұлдызы – бизнестің тұрақты дамуына 20 жыл» сыйлығының лауреаттары белгілі болады.

Айта кетейік, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы – елдің тұңғыш әйелдер ұйымы. Бүгінде Қауымдастық 15 мың әйелдің басын біріктіріп отыр. 20 жыл ішінде Қауымдастық жүздеген әлеуметтік-маңызды жобаларды жүзеге асырды.

baq.kz

Елімізде қымыз мен шұбаттан жасалатын эксклюзивті балмұздаққа сұраныс артып келеді

Елімізде қымыз мен шұбаттан жасалатын эксклюзивті балмұздаққа сұраныс артып келедіЕлімізде қымыз мен шұбаттан жасалатын эксклюзивті балмұздаққа сұраныс артып келеді. Астаналық кәсіпорын осындай ерекше дәмі бар өнім әзірлеуді қолға алды. Мұндай деликатес әзірге тек отандық тұтынушылар арасында ғана сұранысқа ие. Енді қазақстандық балмұздақ көрші Ресей еліне де экспорттала бастады. Табиғи өнімдерден ғана тұратын  тәтті тағам қалай дайындалады? Азамат Нұрғожин балмұздақ жасау ісімен 6 жыл бұрын айналыса бастады. Алдымен цехта тәулігіне тек 50 келі тәтті өнім әзірленген. Кейін «Даму» қорының қолдауымен кәсібін кеңейтуге мүмкіндік туды. Балмұздақ жасайтын техника Италиядан әкелінген.

Балмұздақты жасауға қажетті өнімдердің 90%-ы отандық. Жергілікті технологтар оған тіпті қазақтың ұлттық сусындары – қымыз бен шұбатты да қосады. Цехтан шыққан сапалы өнім тұтынушыларға бір күн ішінде жеткізіледі. Сол себепті оны ерекше әдіспен сақтау немесе консервант қосудың еш қажеті жоқ. Бұл тәсілді мамандар шетелден оқып, меңгерген.

Кәсіпкер 1,5 тонна балмұздақпен шектелмеймін деп отыр. Алдағы уақытта тауарының көлемін арттыруға күш салмақ. Өткен жылы қазақстандық тәтті тағам алғаш рет Ресейге экспортталды. Сапалы әрі дәмді өнім көршілес елдегі тұтынушылардың көңілінен шыққан.

24.kz

«BAQ.KZ» ақпараттық порталына 5 жыл

«BAQ.KZ» ақпараттық порталына 5 жыл
5 жыл

Мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту және Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2010 жылдың қараша айында құрылған «BAQ.KZ» ақпараттық порталына 5 жыл толып отыр.

«Қазконтент» АҚ жанынан құрылған сайттың мақсаты – интернет желісінде қазақ тілді БАҚ-тың ықпалын күшейту және барлық қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарына бір ғана сілтемемен қол жеткізуге мүмкіндік беретін ортақ алаң құра отырып, қазақ тіліндегі контенттің көлемі мен сапасын, қазақтілді оқырманның белсенділігін арттыру.

Бүгінгі таңда «BAQ.KZ» порталындағы 20 айдарда күнделікті әлемдегі және Қазақстандағы жаңалықтар ұсынылуда. Сонымен қатар, еліміздің қазақ тіліндегі 91 газеті мен 14 журнал сайттары және 301 электронды БАҚ сайттарының сілтемелері топтастырылған. Оған қоса портал қолданушылары 6 радио мен 15 телеарнаны онлайн жүйесінде пайдалана алады.

Қызмет көрсеткен 5 жыл ішінде «BAQ.KZ» 56 жаңалықтар санатында 200 мыңнан астам ақпараттық-хабарлама материалдары жарияланып, оған 60 811 оқырмандар пікірі жазылды. Жалпы, жаңалықтар хабарламасын алып отыруға тұрақты тіркелгендер саны 700-ге жуықтайды.

Жалпы алғанда «BAQ.KZ» қазақстандық қазақ тілді интернет-ресурстар рейтингісінде алдыңғы орында. Бұл ретте порталдың тек қана қазақ тілінде ғана ақпарат таратып, латын және төте жазу үлгісінде оқылатындығын атап өту керек.

«Құнанбай» фильмі 3 желтоқсанда прокатқа шығады

«Құнанбай» фильмі 3 желтоқсанда прокатқа шығады3 желтоқсанда жалпыұлттық прокатқа «Құнанбай» тарихи көркем фильмі шығады. Ол ұлы Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлына арналған, деп хабарлады «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметінен.

«Дарынды қазақстандық кинорежиссер, театр және кино актері, продюсер, Қазақстанның халық әртісі, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» тарихи көркем фильмі прокатқа шығады»,- делінген хабарламада.

Д. Жолжақсынов «Даладағы қуғын» (1979), «Алтын күз» (1980), «Көшпенділер» (2010) және т.б. фильмдер бойынша белгілі. Оның режиссер ретіндегі алғашқы еңбегі — «Бiржан сал» фильмі болды. Оны қазақстандықтармен қатар шетелдік көрермен жоғары бағалады.

Фильм Құнанбай Өскенбайұлының өмірімен бірге XIX ғасырдағы елдің тыныс-тіршілігімен таныстырады.

Көркем фильм сценарийін Досхан Жолжақсынов пен жазушы Таласбек Әсемқұлов жазды.

Фильм Құнанбайдың туған жерінде, Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Қарауыл кентінде және Алматы облысында түсірілген. Тарихтан белгілі, Құнанбайға ел билеу ісі, одан қалды ағайын арасындағы шиеліністер мен руаралық дау-дамайларды шешу оңайға түскен жоқ. Сондай сәттерде ол қашанда әділетке жүгінген. Құнанбай өз халқының жанашыр перзенті ретінде қалың бұқара алдындағы қарызы мен парызын терең түсінген жан. Фильмде Құнанбайдың көрегендігі, данышпандығы, әділдігі, дәстүрді құрметтейтіндігі анық көрсетіледі.

Фильмге түсуге елімізге танымал актерлармен бірге Семейдегі Абай атындағы және Достоевский атындағы театрлардың актерлары да тартылған.

baq.kz

Ұлттық музей келушілерге арнайы экскурсия өткізбек

Ұлттық музей келушілерге арнайы экскурсия өткізбекҰлттық музей танымал өнер жұлдыздарымен бірге «Жұлдызды гид» жобасы ұйымдастырады, деп хабарлайды мұражайдың баспасөз қызметі.

Шара Тұңғыш Президент күнінің қарсаңында 26 қарашада Ұлттық музейде өтеді. Жобаның мақсаты — Ұлттық музейдің қоғамдағы имиджін арттыра отырып, тарихы терең мұраларымызды, құнды жәдігерлерімізді насихаттау болып табылады.

Шарада отандық өнер жұлдыздары Ұлттық музейге келушілерге арнайы экскурсия жүргізеді. Музей қонақтары әншілер мен ақындарды экскурсия жүргізушісі ретінде танып, өздеріне қажетті ақпарат алады.

«Жұлдызды гид» жобасына қатысушылар — Қарақат Әбілдина, Құрмаш Маханов, Қалқаман Сарин, Клара Төленбаева, Маржан Арапбаева, Досымжан Таңатаров пен Гүлнұр Оразымбетова. Әрбір өнер адамына бір залды таныстыру тапсырылады. Шара соңынан жұлдыздардың концертін тамашалауға болады.

Астанада Секен Тұрысбектің «Ұлы дала үні» атты шығармашылық кеші өтті

Астанада Секен Тұрысбектің «Ұлы дала үні» атты шығармашылық кеші өттіАстанадағы Конгресс-холл сарайында күйші-композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі-бас дирижері Секен Тұрысбектің Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлы дала үні» атты шығармашылық кеші өтті. Кешке Гүлзира Бөкейханқызы, Тамара Асар, Ерлан Рысқали, Алтынай Мамырова сынды танымал әншілер де қатысты.

Секен Тұрысбек жетекішілік ететін «Ақ жауын» мемлекеттік ұлттық оркестрі бұл жолы көрермендерді тың туындыларымен қуантты. Кеш шымылдығы Жантөренің «Шалқымасымен» ашылды. Тәттімбеттің күйі «Бес төре» және кеш иесінің сыбызғыға арнап шығарған «Төлегетай баба» күйі сахнада тұңғыш рет орындалды.

Сондай-ақ, кеш көрермендері Секен Тұрысбектің «Аққу сазын» жаңа орындауда тыңдады. Концертте автордың «Аққу сазы» мен «Ерке құсым» шырқалып, «Тарбағатай», «Қоңыр қаз», «Асыл ана» атты әндері көрерменмен қауышты.

Алматы облысында мектепке қосалқы ғимарат салынды

Алматы облысында мектепке қосалқы ғимарат салындыАлматы облысы Қарасай ауданы Еңбекші ауылындағы мектепке қосымша 300 орындық қосалқы ғимарат салынды, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімнің баспасөз қызметі.

Ғимарат құрылысына бюджеттен 700 млн. теңгеден астам қаржы қарастырылған. Құрылыс жұмыстарын 2014 жылдың шілде айында бастаған «DANIYA Construction» ЖШС қазір оны толығымен аяқтады.

Үш қабатты ғимаратта балалардың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалған. Мұнда мультимедиялық кабинет, үлкен спорт залы мен 100 орындық мәжіліс залы бар. Мектепте Еңбекші ауылынан және жақын маңдағы елді мекемдерден жалпы саны 600-ге жуық оқушы білім алады.

Мектеп директоры Меруерт Далабаеваның айтуынша, мектеп оқу процестерін жетілдіруге арналған барлық қажеттіліктермен толық жабдықталған.

Қайрат — Кубок иегері атанды

0

«Астана Аренада» Алматының «Қайраты» мен «Астана» футболдан Қазақстан кубогына таласты.
Ойынның 28-ші минутында Патрик Твумаси есеп ашты. Екінші таймның алғашқы минуттарында Джордже Деспотович ойынды теңестірді. 70-минутта Деспотович екінші голын соқты.

«Астана» — «Кайрат» 1:2 (1:0)
Голдар: Твумаси 28 (1:0), Деспотович 48 (1:1), Деспотович 70 (1:2)
Ескертулер: Шомко 26 — Маркович 64
«Астана»: Эрич, Бейсебеков (Кетевоама 74), Постников, Аничич, Шомко, Мужиков, Жуков, Максимович, Джолчиев (Кабананга 74), Нөсербаев (Щеткин 86), Твумаси
«Қайрат»: Плотников, Рудосельский (Нұрмұғамет 81), Плиев, Соарес, Маркович, Бакаев, Қуат (Гурман 88), Исламхан, Риера, Деспотович (Гоу 90), Тимощук
Бас төреші: Джюнейт Чакыр (Түркия)

Фото: sports.kz