Қазақ тілді 4000-нан аса кітапты жинақтаған тегін kitap мобильдік қосымшасы Қазақстанда пайда болды. Мобильдік қосымшаны «WikiBilim» қоғамдық қоры «Кселл» мобильдік операторының қолдау көрсетуімен жасап шығарды.
Тегін kitap мобильдік қосымшасы «WikiBilim» ҚҚ дамытып жатқан «Қазақстанның Ашық кітапханасы» атты онлайн-жобасы негізінде жүзеге асырылып отыр. Жобаның негізгі идеясы — Қазақстанның мәдени мұрасының мультимедиалық топтамасын сандық форматта қолжетімді етуге бағытталған, ал мақсаты – ұлттық әдебиет, ғылым, мәдениетке қатысты туындыларды жинақтау және авторлық құқықты сақтай отырып көпшілік арасында тарату.
Қазіргі таңда Қазақстанның «kitap.kz» ашық кітапханасы қазақ мәдениетімен байланысты туындылардың ең толық электрондық топтамасын, сондай-ақ, әлемдік көркем және ғылыми-көпшілік әдебиет туындыларының қазақ тіліне аударылған жинағын ұсынып отыр.
Жоба құрастырушыларының айтуынша, мобильді қосымшаның бір артықшылығы кез келген жағдайда өзіңізбен бірге алып жүресіз. Кез келген оқырман, әсіресе ауыл-аймақтардағы оқырмандар интернеттен ұнаған кітапты жүктеп алып, кейін интернет жоқ жерде онлайн оқи беруге болады.
Мобильдік қосымша қазіргі кезде IOS және Android жүйелерінде қолжетімді.
Қазақстанның «kitap.kz» ашық кітапханасы 2012 жылы іске қосылып, күннен күнге қолданушылар саны өсіп келеді.