Домой Блог Страница 28

Бүгін Алматы облысында 25 балабақша ашылды

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «25 жұлдызды күн» аясында Алматы облысында бір күнде 25 заманауи балабақша ашылды. Аталған нысандар  Іле, Қаратал, Жамбыл, Панфилов, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандары мен Талдықорған қаласында іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаратал ауданы Үштөбе қаласында ашылған 320 орынды «Балбөбек» балабақшасы «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған. Білім беру мекемесінің ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов қатысып, құттықтады.

«Бүгін Тұңғыш Президент күнінің қарсаңында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «25 жұлдызды күн» аясында біз облыс бойынша заманауи 25 балабақша ашып отырмыз. Бұл — облыс тұрғындары үшін аса маңызды әрі үлкен шара. Шын жүректен баршаңызды Тұңғыш Президент күнімен және Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтаймын! Зор денсаулық, толайым табыс, отбасыларыңызға береке тілеймін», — деді А. Баталов.

Мұнан соң облыс әкімі Мемлекет басшысының балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту туралы тапсырмасын орындау бағытында өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Мәселен, биылғы жылдың өзінде ғана облыста 97 балабақша пайдалануға берілген, оның 88-і — жекеменшік. Сондай-ақ аймақ басшысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы мектепке дейінгі мекемелер ашу ісі жақсы жолға қойылғанын, бүгінгі күні балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 87 % құрап отырғанын айтты.

Құттықтау сөзден кейін А. Баталов тұрғындармен бірге балабақша ғимаратын аралап көрді. Топтардың жұмысымен танысып, асхана, музыкалық залда болды. Балалардың әзірлеген концерттік нөмірлерін тамашалап, оларға ойыншықтар мен естелік сыйлықтар табыс етті.
Жалпы, осы күні 25 балабақшаның басым бөлігі Алматы қаласының маңында орналасқан халық тығыз қоныстанған аудандарда ашылғанын атап өту керек.   Мәселен, Талғар ауданында (Талғар қаласы, Амангелді, Қызыл Ту, Рысқұлов, Талдыбұлақ, Тұздыбастау, Еркін ауылдары) жалпы саны 800 орынды 9 балабақша, Іле ауданында (Өтеген батыр кенті, Жаңадәуір, Байсерке, Қоянқұс ауылдары) 520 орынды 7 балабақша, Жамбыл ауданында (Үмбетәлі, Ұзынағаш ауылдары) 470 орынды 4 балабақша, сол сияқты Еңбекшіқазақ ауданында (Жаңашар, Түрген ауылдары) екі балабақша, Талдықорған қаласында және Панфилов (Пенжім ауылы), Қаратал аудандарында (Үштөбе қаласы) балабақша бір-бірден ашылды.

Аталған балабақшалар ашылғаннан кейін облыста 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту деңгейі Жамбыл ауданында 94,2 %, Талғар ауданында — 89,0 %, Панфилов — 85,1 %, Іле — 84,1 %, Еңбекшіқазақ — 82 %, Талдықорған қаласында 87 % көрсеткішке жетті.

Естеріңізге салсақ, Тәуелсіздік жылдары Алматы облысында мектепке дейінгі мекемелер саны 47-ден 903-ке дейін артты, балаларды балабақшамен қамту деңгейі 3,1-ден 87 %-ке дейін өсті. Мұндай сапалық көрсеткішке мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін қолдану арқылы қол жеткізілді. Алматы облысында жекеменшік балабақшалар 61,2 %-ды құрайды.

Бүгінгі күні Алматы облысында 182 мемлекеттік, 288 жекеменшік балабақшалар, 433 мектеп жанындағы шағын орталықтар 64,2 мың баланы тәрбиелеп отыр.

ҚазАқпарат

Қазақстан мен Өзбекстан арасында жеңіл автокөліктерді өткізу мәселесі шешілді

8999Кеше Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Сарыағаш ауданында болып, бірқатар шаруа қожалықтар мен әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.

Ең алдымен, өңір басшысы Ақжар ауылдық округінде орналасқан «Агрофуд-Қазақстан» ЖШС-нің бау-бақша алқабын көріп, алғашқы көшетті отырғызды.Биылғы жылы 280 гектар жерге жаңа технологиямен қарқынды бау өсіруді қолға алған серіктестік келер жылы өнім алуды жоспарлап отыр. Жобаның  инвестиция көлемінің жалпы құны 3 млрд. 400 млн. теңге.

Серіктестік  басшысының айтуынша, бірінші жылы гектарына 10 тонна өнім алу көзделіп, 4 жылдан кейін 1 гектарына 40-50 тонна  өнім жинау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, кәсіпкер алдағы жылдары өсірілген жемістерді сақтайтын тоңазытқыш қойма салуды және өнімдерді қайта өңдеу жұмыстарын қолға алмақ. Тамшылатып суару әдісі қолданылатын бауда жергілікті 200-ге тарта азамат жұмыспен қамтылатын болады.

Мұнан соң, аймақ басшысы «Жібек жолы» кеден бекетінің жұмысымен танысты. Онда аудан әкімі Қ.Әбдуәлиев аудандағы барлық кеден бекеттері маңында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарын баяндады. Күніне 10-15 мың жолаушы өтетін кеден бекетінде келушілер үшін барлық жағдай жасалу қажеттігін айтқан облыс әкімі көрші елмен қарым-қатынастың одан әрі жақсарып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, ол «Жібек жолы» кеден бекеті арқылы жеңіл автокөліктер өткізу мәселесі шешілгенін, алдағы уақытта автобустар қатынасы да шешімін табатынын жеткізді.

Жұмыс сапары барысында әкім бастаған жұмысшы топ «Жабай ата» шаруа қожалығына қарасты жылыжай жұмысын көрді. Заманауи озық технологияларды пайдалана отырып, тұрғындарды сапалы көкөніспен қамтамасыз етіп отырғанын айтқан шаруа қожалық иесі жергілікті 75 азаматты жұмыспен қамтыған.

Оның айтуынша, бүгінде мұнда 450 мың көшет отырғызылып, оның әр түп көшетінен 4-6 келіге дейін өнім алынуда. Көлемі 15 гектер болатын жылыжайда қызанақ пен қияр өсіріледі. Өндірілген жалпы өнім 2250 тонна, ал өнімдер Қазақстан нарығы мен  Ресей федерациясына жіберілуде.

Осы күні Ж.Түймебаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай, пайдалануға берілген сыйымдылығы  100 мың томға дейін жететін орталық кітапхананың ашылу рәсіміне қатысты. Тұрғындардың қуанышымен бөлісе келген әкім барша сарыағаштықтарды мерейлі мерекемен құттықтады.

Аталған мәдениет нысанында оқырмандар мен қызметкерлерге барлық жағдай жасалған. 7 мыңға жуық оқырманы бар кітапханада бүгінде 47 мың кітап қоры бар. Жаңа кітапхана ғимараты екі қабатты. Үш оқу залы мен кітап қорын сақтайтын 1 зал және қызметкерге арналған 7 бөлме бар.Айта кетейік, жалпы аудан бойынша кітап қоры 632 мың болатын 57 кітапхана халыққа қызмет етуде.

Сарыағаш ауданына жасаған сапарының соңында облыс әкімі жергілікті активпен кездесіп, ауданның даму басымдықтарын талқылады. Онда аудан әкімі Қ.Әбдуәлиев Сарыағаштың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтіп, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатындағы жобаларымен бөлісті.

Жиында Жансейіт Қансейітұлы шешімін таппай отырған мәселелердің де бар екенін атап өтіп, оны ашық айтып, шешу жолдарын қарастыруды ескертті. Мәселен, индустрияландыру картасы аясында ауданда 1,7 млрд.теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске қосылса, оның ішінде «Сарыағаш құс» кәсіпорыны тоқтап қалған. Ал құрылыс заттарын шығаратын «С-Дем» кәсіпорны 50 пайыз қуаттылықпен ғана жұмыс істеп тұр.Аудан әкімдігі тарапынан кәсіпорындарға мониторинг жүргізу жұмыстары өз деңгейінде атқарылмағанын айтқан аймақ басшысыбиыл аудандағы өнеркәсіп өнімінің көлемі  9 пайызға, өндеу өнеркәсібі 14 пайызға кемігенін атап өтті.

Сонымен қатар, әкім білім, денсаулық сақтау, құқық бұзушылық бағыттарында да тиісті жұмыстардың жүргізілмегендігінен көрсеткіштердің төмен екенін, осы саладағы жұмыстарды барынша жандандыру қажеттігін ескертті. Шипалы суымен танымал ауданға еліміздің барлық облыстарынан және шетелдерден көптеген туристер мен демалушылар келетінін мысал ретінде келтірген Ж.Түймебаев ондағы санитарлық тазалық пен ретсіз саудаға және көгалдандыру жұмыстарына баса назар аудару қажеттігіне тоқталды.

«Ауданда қоқыс тастайтын 26 орын белгіленген, алайда, аудан әкімдігі тарапынан жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауына байланысты, елді мекендерде  бей-берекет қоқыс орындары көптеп орын алуда. Сонымен қатар, мұндағы проблемалардың бірі ретсіз орналасқан базарлар.  Мәселен, аудандағы 13 базардың 7-уі заң талаптарына сәйкес келмейді»,- деді облыс әкімі.

Жиынды қорытындылаған Ж.Түймебаев Сарыағаш ауданының мүмкіндігі кейбір аудандармен салыстырғанда өте жоғары екенін айтып, осы әлеуетті барынша пайдалана отырып, аудан экономикасын көтеру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Алматы облысының Көксу ауданындағы майбұршақ өңдеу зауытының көкжиегі кең

%d1%84%d0%be%d1%82%d0%beАлматы облысы орталығының іргесінен орын тепкен Көксу ауданындағы «Уыз Май Industry» майбұршақ өңдеу зауыты 2015 жылы  3968,6 млн. теңгеге 30,0 мың тоннаның өнімін өңдірген. Ал, ағымдағы жылдың есепті мерзімінде 6 млрд. 493 млн. теңгеге 22 мың тонна өнім өндірілді. Сонымен қатар, көкжиегі кең кәсіпорын өкілдері 2018 жылы 15 жаңа жұмыс орнын қамтитын, жалпы құны 300 млн. теңгені құрайтын өсімдік майын дезодорациялап және рафинациялап ыдысқа құю желісін, 2019 жылы 15 жаңа жұмыс орнын қамтитын жалпы құны 350 млн. теңгені құрайтын ұн комбинатының құрылысын жоспарлап отыр.

Осыдан бірнеше жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 2012 жылдан өндірісін тоқтатқан «Көксу қант зауытының» тамырына да қан жүгірді. Былтыр кәсіпорын қайта жаңғыртылып, өз қаражаты есебінен жалпы бөлінген 1 млрд. 200 млн. теңгенің  308,0 млн. теңгесі 2015 жылы жұмсалып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал, ағымдағы жылы кәсіпорын қаражаты есебінен 420,0 млн. теңгеге модернизациялау  жүргізілді. Бұл туралы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте БАҚ өкілдеріне Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ баяндап берді. Зауыт былтыр 1558 млн. теңгеге 10,8 мың тонна өнім шығарды. Биыл 200 мың тонна қант қызылшасын қабылдауды жоспарлап отыр. Нәтижесінде 15 мың тонна өнім өндіру көзделуде.

Ұлт жоспарының 60-қадамы  ауылда кооперацияны дамыту арқылы сүт өндіру және өңдеуге стратегиялық инвесторлар тартуды көздейді. Көксу ауданы бойынша былтыр 16095 тонна сүт өндірілген. Қазіргі таңда 2009 жылдан жұмысын тоқтатқан «Көксу Арна» ЖШС-нің сүт зауыты қайта жаңғыртылып, 2016 жылдың мамыр айынан қайта іске қосылды. Зауыт құрғақ сүт және сары май өнімдерін шығарады. Тәулігіне 30-40 тонна сүт қабылдап, өнімдерімен 14 жұмыс орнын қамтиды. Бүгінгі күнге зауыт 29,1 тонна құрғақ сүт және 12 тонна сары май өндірген. Енді Балпық ауылдық округінде «Каримов» шаруа қожалығы 400 басқа арналған сүтті тауарлы фермасының құрылысын бастап, осы жылдың аяғына іске қосуды жоспарлап отырған көрінеді.

Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі 

Астанада шетелдік ҮЕҰ даму тәжірибесі талқыланды

c-3«Жайна-Астана» қоғамдық бірлестігі елорда әкімдігінің және Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен «Шетелдік ҮЕҰ түрлі бағыттарда дамыту тәжірибесі және оларды Қазақстанда қолдану» тақырыбында дөңгелек үстел отырысын өткізді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Отырыс жұмысына елшіліктердің өкілдері, шетелдік қорлар мен бірлестіктердің басшылары, парламент депутаттары, Астана қ. Қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілері қатысты.

Дөңгелек үстел басында көтерілген мәселе азаматтық қоғамның демократиялық басқару негізіне көшуіне қатысты болды.

«Бұл ҮЕҰ өзара байланыс орнатып, заманға сай деңгейде дамып, дау-дамайсыз, заңды негізде, парламенттің жұмыс топтарында өз көзқарастарын, ұсыныстарын білдіре алуы үшін қажет», — деп есептейді «Жайна-Астана» ҚҚ төрағасы Мұхтар Еркетаев.

Қарапайым адам мен мемлекет арасындағы байланыстырушы буын болып табылатын үкіметтік емес ұйымдар бүгінде қоғамның өзекті мәселелері мен проблемаларын көтеріп, шешіп отыр. Бұған әлеуметтік кәсіпкерлікке негізделіп құрылған «Greental» қоғамдық қорының жұмысы дәлел бола алады. Оның басшысы Эмин Аскеров тал бұтақтарынан вазалар, себеттер, құмыралар тоқу шеберханасын ашып, мүмкіндігі шектеулі жандарға табыс табуға көмектесіп отыр. Ұйымдастырушылар қазақстандық ҮЕҰ өздерінде енгізу үшін шет мемлекеттердің тәжірибесін зерттеуге тиіс деген сенімде.

Елордада Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеу қарсаңында «Менің елім — Мәңгілік Ел» акциясы өтті

c-2ҚР Тәуелсіздік күнін мерекелеу қарсаңында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Менің елім — Мәңгілік Ел» жастар акциясының қорытынды шарасы өтті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Ол еліміздің барлық аймақтарындағы жастардың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына қосқан үлесі мен жеткен жетістіктерін паш етуге бағытталған.

Акция шеңберінде жастардың тілектері жазылған «Мәңгілік Ел» жастарының жетістіктері  Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» — «Достижения молодежи «Мәңгілік Ел» к 25-летию Независимости Республики Казахстан» кітабы табыс етілді. Сондай-ақ, онда «Мәңгілік ел» патриоттық идеясы бар тәуелсіздік жетістіктері туралы баяндалған.

«Мәңгілік Ел» — біздің ортақ дәстүріміз, және бұл Қазақстан халқының тарихи тағдыры», -деп мәлім етті өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов.

Барлық облыс орталықтарында, Астана және Алматы қалаларында өткізілген жалпыреспубликалық акцияның шараларына 25 мыңнан аса адам қатысты. Акцияның өзі республика бойынша жарты миллионға жуық жастың басын біріктірді. Аталған акция 4 қараша күні Талдықорғанда «Менің елім — Мәңгілік Ел» форумында бастау алған болатын.

Отырар ауданында «Нұр Отанның» ашық есік күні өтті

20160718162344Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданына қарасты Балтакөл ауылдық округінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі мерекесіне орай «Нұр Отан» партиясының ашық есік күні өтті.

Мәжілісте «Нұр Отан» партиясы Отырар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Төребек Айдарқұлов партияның атқарған жұмыстары туралы баяндама жасады. Ашық әңгімеге құрылған ашық есік күнінде ауыл тұрғындары, партия мүшелері көкейде жатқан сұрақтарын қойып, оларға нақты жауаптарын алды.

Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары Әбдіғали Жүнісов сөз алып, Балтакөл ауылдық округінде тәуелсіздік жылдары қол жеткізілген жетістіктерге тоқталып өтті. Бұл орайда Елбасымыз төрағалығымен істің партиясы атанған «Нұр Отанның» саясатының арқасында жүзеге асырылып жатқан игілікті істер көп. Нақтырақ айтсақ, Сырдария өзеніне салынған темір-бетонды көпір, медициналық пункттер мен аурухана, мектептер, ағын су каналдары, ауыл ішіндегі тас төселген көшелер және Көксарай бағытында күрделі жөндеуден өткен асфальт жол т.б.

Ауыл тұрғындарымен ашық дидарласып, ой бөліскен «Нұр Отан» партиясының өкілдері мұндай игілікті істер алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.

ҚазАқпарат

«Астана Опера» театрында Тұңғыш Президент күніне және Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Сүйікті Отанымызға арналады» атты концерт өтеді

c-1Бүгін, 30 қарашада, «Астана Опера» театрының камералық залында «Отан, саған арнаймыз» атты концерт өтеді. Бағдарламада белгілі қазақстандық композиторлар Серікжан Әбдінұровтың «Отан» және Әліби Әбдінұровтың Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне арнаған «Елбасы» әндерінің тұсауы кесіледі, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне және ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Отан, саған арнаймыз» концертінің бағдарламасында, халық сүйіп тыңдайтын отандық авторлардың шығармалары да ұсынылмақшы. Кеште Е. Брусиловский, Ғ. Жұбанова, Е. Рахмадиев, Н. Тілендиев, С. Еркімбеков, К. Күмісбеков, С. Бәйтереков, К. Ыбыраев және тағы басқа авторлардың әндері, романстары, аспаптық композициялары орындалады.

Елордалық зейнеткердің үйіне жөндеу жасалды

cЕлорда тұрғыны Күлән Ғазизова күрделі жөндеуден өткен өз пәтерін бүгін алғаш рет көрді. Құрылыс салушы компанияның жіберген олқылықтарын жөндеу үшін зейнеткер қалалық билік өкілдерінен бірнеше рет материалдық көмек сұраған болатын. «25 игі іс» акциясы шеңберінде қалалық мәслихат депутаты Илья Мещеряков зейнеткерге сыйлық жасап, оның пәтерін жылы және жайлы етті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Күлән Ғазизова жақында 70 жасқа толады, ол пәтерде студент қызымен бірге тұрады. Кенесары көшесі, 70 а мекен-жайы бойынша орналасқан үйдегі пәтер әлеуметтік бағдарлама бойынша берілген арендалық баспана болып табылады. Жөндеу жұмыстарына дейін пәтер нашар болатын, қазір іші жарық, және ең бастысы — жылы.

«Мен — осы округтан сайланған депутатпын,  сайлаушылармен кездесу кезінде қарт ана маған жақындап келіп, өзінің проблемасы туралы айтып бергені есімде. Ақпан айынан бастап оның мәселесі менің мәселеме айналды. Сайлаудан кейін өкілеттік алған соң мен екінші күні бірден комиссиямен келіп, қарап, басқа демеушілер тауып, оның пәтерін жайлы ету туралы шешім қабылдадық. Қазан айында біз оны қызы оқитын колледжге жақын басқа пәтерге көшірдік те, бір айдың ішінде жөндеу жұмыстарын бітірдік», — дейді Илья Мещеряков.

Пәтердің ішін жайлы ету үшін дизайнерлер шақырылды, олар қайтарымсыз негізде көмек көрсетуге келіскен. Қазір үстел, шкаф және тұрмыстық техниканы алып келу ғана қалды.

«Аз қаражатқа барынша жайлы етуге тырыстық. Мен үшін бұл алғаш рет болып отырған жағдай, біздің округта проблемалық 8 пәтер бар, мұқтаж азаматтарға көмектесе аламыз деп ойлаймын», — деп хабарлады депутат.

Астана тұрғыны жаңарған пәтерін көргенде қатты қуанды. Зейнеткер қызы екеуінің бұған дейін қандай жағдайда өмір сүргендерін айтып, пәтерінің жайлы баспанаға айналғанына бақытты екенін жеткізді.

«Біз бұған дейін жатақханада тұрған едік, біздің барлық заттарымыз сонда қалып, астымызға тақтай төсеп ұйықтаған кездер болды. Ол уақытты еске алғым да келмейді. Жақында 70-ке келемін, менің өтінішіме құлақ асып, көмек көрсеткендеріне алғыс айтамын. Бұл өмірде жақсы адамдар бар екен», — деді Күлән Ғазизова.

ОҚО: Шымкент таза қалалардың рейтингінде төртінші орынға ие болды

20161129184129Қазақстандық «OlX» қызметі қалалар арасында «Идеал қалалар» атты зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бағалау тәртібі бойынша қоршаған орта тазалығы, коммуналдық қызметтер жұмысын және көше тазалығын негізге ала отырып, 1-ден 7 дейінгі көрсеткіш бойынша үздіктерді анықтады.

Сауалнама нәтижесі негізінде Шымкент үздік 10 таза қалалар тізімінде 13.5 балдық бағамен төртінші орынға ие болды, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Сонымен бірге, коммуналдық қызметтердің сапасы жағынан Астанадан кейін екінші орынға тұрақтады. Аталған интернет басылымы Шымқаланың жанға жайлы ауарайы, халықтың демалысына қолайлы саябақтар мен бақтар бар екендігін тілге тиек етті.  Айта кету керек, Шымкент — Қазақстандағы ең iрi үш қаланың бiрi.

«Қазақстанда екi мегаполис — Астана мен Алматыны дамыту жоспарланған. Бұл екi қаламен қоса, Шымкент те мегаполистер қатарына қосылуы мүмкiн»,-деген сөзді осыдан бiраз жыл бұрын Оңтүстiкке келген сапарларының бiрiнде ҚР Президентi Н.Назарбаев айтқан болатын. Содан берi Шымкент үшiншi қала мәртебесiне қарай бой түзеп келедi.

Рас, соңғы жылдары қаланың ажарын аша түсетiн көптеген архитектуралық нысандар, тарихи-танымдық кешендер, заманауи ғимараттар бой көтердi. Зәулiм сарайлар, әсем гүлзарлар, демалыс орындары, әлеуметтiк нысандар, тiптi, тұтас жаңа шағынаудандар салынып, көпқабатты үйлер халық игiлiгiне берiлдi.

ҚазАқпарат

Астана әкімі қала тұрғындарын «Мейірімді қала» қайырымдылық акциясына қатысуға шақырды

4«Нұр Отан» партиясының елордалық филиалының есептік-сайлау конференциясы барысында Астана әкімі желтоқсанның 1-і мен 31-і аралығында «Мейірімді қала» акциясы өткізілетінін мәлім етті.

«Жыл сайын Елбасы өз Жолдауында әлеуметтік саясатты іске асыру сапасын ерекше бақылауда ұстауды тапсырады. Әрине, мемлекет өзінің барлық әлеуметтік міндеттерін орындайды. 2016 жылы қала әкімдігімен 130 мыңнан аса адам әлеуметтік қолдаумен қамтылды. Атап айтқанда, мүгедектер мен зейнеткерлерге медициналық көмек көрсету, дәрілік заттармен қамтамасыз ету, тегін және жеңілдікті санаториялық-курорттық емдеу және т.б.

Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай қазіргі әлеуметтік бағдарламаларға қосымша «Мейірімді қала» қайырымдылық акциясы қолға алынды. Осы бастама аясында әкімдік қызметкерлері мен ведомствоға қарасты ұйымдар бұл акцияға бірінші болып қатысады. Бұл бастаманы бизнес-қоғамдастық та қолдайды деп үміттенемін», — деді Астана әкімі.

Акцияның мақсаты жалғыз тұрып жатқан зейнеткерлер, ҰОС ардагерлері, барлық топтағы мүгедектер, мүгедек балалар, тұрмысы төмен отбасылар, көп балалы отбасылар, жетім балалар, онкологиялық ауруға шалдыққан балалар, ДЦП-ға шалдыққан балалар және туберкулезбен ауыратын балалар сияқты азаматтардың жеңілдікті санаттарына көңіл аудару және қамқорлық көрсету.

Көмек азаматтардың түрлі бағыттар бойынша, яғни киім, азық-түлік алу, жеңілдікті дәрі-дәрмектер алу үшін дәріханаға арналған сертификаттар, қатты отын және т.б. түрінде көрсетіледі.

«Қоғамда аға буынға деген құрмет пен ынтымақтастық сезімін күшейту мақсатында жастарды – жасотандықтарды, оқу орындарындағы жастар істері жөніндегі комитеттерді және басқа да жастар ұйымдарын акцияға атсалысуға шақырамын. Қарттарға қамқорлық көрсетуіміз керек.

Жалғыз тұратын зейнеткерлердің үйінің ауласындағы қарды тазалау мен пәтерлерін жинауға, азық-түлік сатып алуға көмек көрсетсеңіздер – бұл өскелең ұрпаққа жақсы үлгі болады деп ойлаймын»,-деп атап өтті Ә. Исекешев.

Өзектілігі мен маңыздылығын ескере келе, осындай акцияларды алдағы уақытта тұрақты түрде өткізу жоспарланған.

#Астана_мейірімді_қала