Домой Блог Страница 289

Сүйінбай ақын тойының шымылдығы айтыспен ашылды

Сүйінбай ақын тойының шымылдығы айтыспен ашылды
Сүйінбай ақын

Халық ақыны Сүйінбай Аронұлының 4 күнге созылатын 200 жылдық мерейтойы кешеТалдықорған қаласында «Сөздің пірі- Сүйінбай» атты Халықаралық ақындар  айтысымен басталды.

Облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев жиналған қауымды тойдың басталуымен құттықтап, ақындарға сәттілік тіледі. Б. Өнербаев айтыстың ардагері Надежда Лушниковаға шапан жапса, ақын апа тойға жырдан шашу шашты.

Айтысқа Айбек Қалиев, Айнұр Тұрсынбаева, Балғынбек Имашев, Жандарбек Бұлғақов сынды еліміздің саңлақтарымен қатар Қырғызстан, Монғолия, Қытай Халық Республикасынан ақындар қатысты.

Жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы төрағалық еткен қазылар алқасы сөз сайысына баға берді.

Ақындар айтыс барысында елдік мақсат-мұраттарды, Сүйінбай ақынның мәңгілік мұрасын, елдің береке-бірлігін асқақтата жырлады.

Айтыстың қорытындысы бойынша Бас жүлдеге жетісулық Жандарбек Бұлғақов ие болып, жеңіл автокөліктің кілтін алды. Ал бірінші орын астаналық Сырым Әуезханға, екінші орын Айнұр Тұрсынбаеваға, қос үшінші орын Аягөз Серікқызы мен Қытай елінен келген Арзыгүл Қайымбекқызына беріліп, жүлдегерлер мен басқа да арнайы сыйлық иелеріне қаржылай сый-сияпат ұсынылды.

VI халықаралық Түркология конгресі өтеді

VI халықаралық Түркология конгресі өтеді

23-24 қазан күндері Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде VI халықаралық Түркология конгресі өтеді,-деп хабарлайды аталған университеттің баспасөз қызметі.  

Үстіміздегі жылдың 11 қыркүйекінде Ақордада өткен Түркі Кеңесінің V отырысында ғылым, білім мен мәдениет саласындағы ынтымақтастықты арттыруға назар аударылды. Сондай-ақ, Түркі әлемінің мәдени-ақпараттық даму стратегиясын іске асыратын беделді орталық құру мүмкіндігін зерттеуді ұсынған болатын. Осы ретте, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Түркі әлемінің білім кеңістігін қалыптастыруды жеделдету үшін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін түркі әлемінің ортақ оқу орнына айналдыру мәселесін атап өткені белгілі. Осы ретте Ахмет Ясауи университеті түркі әлемінің бірлігі мен ынтымағына арналған түрлі шаралардың ұйытқысы болып келе жатыр.

Осымен 6 рет өткелі отырған «Түркі тілдерінің тарихындағы аударма мәселесі» тақырыбындағы конгресс түркі тілдеріндегі тәржіма мәселесінде өткелі отыр. Конгреске 100 тарта ғалымдар АҚШ, Германия, Кипр, Түркия, Босния, Иран, Әзірбайжан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен қатысады деп күтілуде.

baq.kz

Елімізде тұңғыш фантастикалық комедия ситкомы түсірілуде

Елімізде тұңғыш фантастикалық комедия ситкомы түсірілуде
фантастикалық комедия

31 арнадан көрсетілетін «Адасқандар» телехикаясының түсірілім жұмыстары қызу жүріп жатыр. Тың жоба тарихпен байланысқан фантастикалық комедия жанрындағы тұңғыш әрі үздік туынды ретінде тұсауын кеспек. Аталған телехикаяның премьерасы қараша айының 30 жұлдызына жоспарланып отыр.

«Адасқандар» — тарихпен байланысқан фантастикалық комедия жанрындағы тұңғыш әрі үздік туынды. Фильмде жаңа қоғамнан өткен ғасырларға тап болған заманауи 4 кейіпкердің басынан өткен оқиғалары баяндалады. Осынау телехикая патриоттыққа үндеумен қатар, көрермендерге күлкі сыйлап, әдемі әзілімен баурамақ. Сюжет бойынша қазіргі заманның адамдары сонау XV ғасырға Қазақ хандығына «уақыт машинасы» арқылы өтіп кетеді. Фильм желісі сол адамдардың бастан кешкен оқиғалары бойынша өрбімек. Фантастикалық комедия болу себебінен фильмдегі сюжеттер мен әртістердің барлығы да ойдан шығарылған.

Телехикая әрқайсысы 24 минутқа созылатын 20 сериядан тұрады. Түсірілім аймағы — Алматы облысына қарасты Алматы-Астана тасжолындағы Ақши ауылының маңы.

Фильмнің режиссері ресейлік Шота Гамисония. Ол Ресейде атақты «Универ», «Деффчонки» атты телехикаяларымен танымал.

Басты рольдерді жас актерлар Әли Марат, Алтынай Жолдыбаева, Ардақ Кенжеұлы және Жасұлан Базарбаев сомдайды.

Айта кетейік, «Адасқандар» фантастикалық телехикаясының тұсаукесері қараша айының 30-на жоспарланып отыр.

baq.kz

Toyota әлем бойынша 6,5 млн көлікті кері шақырды

Toyota әлем бойынша 6,5 млн көлікті кері шақырды
Toyota

Жапонияның Toyota корпорациясы бүкіл әлем бойынша 6,5 млн көлікті кері шақырды.

Бұл жолы ақау көлік терезесінің әйнегін көтергіштерден шыққан, деп хабарлайды Bloomberg.

2005 жылдың қаңтары мен 2006 жылғы тамыз арасында шығарылған көліктер кері шақырылады. Сондай-ақ ақау 2008 жылдың тамызы мен 2010 жылдың маусымы аралығында өндірілген темір тұлпарлардан анықталды.

Ал Жапониядан тыс жерде шығарылған Toyota көліктерінен 2005-2010  жылдар аралығындағы машиналар зауытқа қайтарылуы тиіс, деп жазады ТАСС.

24.kz

Астанада «Тіл – тұтастық кепілі» атты республикалық байқау өтті

Астанада "Тіл – тұтастық кепілі" атты республикалық байқау өтті
тұтастық кепілі

«Тіл — тұтастық кепілі». Осындай атаумен республикалық ведомствоаралық байқау өтті.

Мәдениет және спорт министрлігі мен Бас прокуратураның мұрындық болуымен ұйымдастырылған шарада құқық қорғау және әскери орган өкілдері бақтарын сынады. Нақтырақ айтсақ, Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Мемлекеттік күзет қызметі, Қорғаныс министрлігі өкілдерінен құралған командалар бәйгеге түсті.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатын байқау биыл екінші рет өтуде. Додада әр топ патриоттық тақырыптағы әндерді айтып, «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған көріністер қойылды.

Толқын Исакова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитетінің басқарма басшысы:

— Біздің республикамызда өздеріңіз білесіздер, негізгі күш құқық қорғау органдары болғаннан кейін осындай органдарды жинастырып, біз сол мекемелердің арасында тілді насихаттауға байланысты өткізіп отырған жағдайымыз бар.

24.kz

Баян Есентаева күйеуімен бірнеше рет ажырасып кете жаздағанын айтты

Қазақстандағы шоу-бизнес пен той-бизнестің арқасында шалқып өмір сүретін отандық продюсерлердің тобын Баян Есентаева бастап тұрғаны баршаға аян. Бірақ елімізде етек алған дағдарыс беделді продюсерді де айналып өтпепті. “Кешью” тобының жетекшісі оқырмандармен ақшаны қалай үнемдеу жайында және отбасы туралы ойымен бөлісті.

Баян Есентаева күйеуімен бірнеше рет ажырасып кете жаздағанын айтты

Соңғы кездері Есентаеваның бизнесінде бәсеңдеу байқалғандықтан, Баян қол астындағы адамдарды жұмыспен қамтамасыз ету үшін дағдарысқа қарсы бағдарлама дайындауда. Продюсер әншілермен бірге гастрольге шығып, қала мен ауылдарды аралауға қызу кірісті.

Бес жылда кино түсіріліп, бағдарламалар жасалып, әртістер үздіксіз өнер көрсеткен Баянның бизнесінде қазір қиын сәт туған секілді. Есентаева мұндай кезде соғыстың ең ауыр кезеңінде керемет киім дүкендерін ашқан Коко Шанельді еске алады. Дағдарысты нағыз ақша табатын уақыт деп айтқан Стив Джобстың сөзін жадында ұстайды.

Баян Есентаева Жанар Дұғаловаға қатысты пікірінде оның продюсері болғанына әлі де күмәнмен қарайтынын ашық айтты.

“Жанардың бір рет те көңілі толғанын көрген емеспін. Оның продюсері болғаным дұрыс болды ма, білмеймін,”- дейді Есентаева.

Жанар Дұғалованың “Шайн” орталығымен келісімшарты 1 қазанда аяқталған. Мерзімі таяған әртіс продюсерінен еркіндікке жіберуін сұраған. Баян Жанардың шешіміне қарсы болмай, тіпті Жанарға жұмсалған ақшаны кері қайтаруын да сұрамапты.

“Жанардың пәтері мен көлігін тартып алмаймын ғой енді. Жанар Дұғалова “Кешьюдің” құрамында болғанда, топ алты жылдың ішінде миллиондаған доллар табыс әкелді, қыздарға жұмсаған қаржымды шығарып алдым”. – дейді ол.

Баян Есентаева жеке тұлғалардың сауық кештерін ат басындай алтын берсе де жүргізбейтінін алға тартады. Үлкен сомадағы ақша ұсынса да, әртіс қашан да бас тартады екен.

Сырт көзге алаңсыз өмір сүретін Есентаева қиын сәттерді де талай басынан кешкен. Мұны продюсер отбасылық өмірімен байланыстырады.

“Қолыма шүберек алып, еден жуған, күйеуімнің жейдесін үтіктеген кездерім де болды. Бір күні таңертең оянсам, теледидардың астындағы шаңға көзім түсті. Онда “мынауың ұят емес пе” деп жазылған саусақ іздері жатыр. Содан кейін мұндай өмірге жаралмағанымды түсіндім”, – дейді Баян әңгімесінде.

Осы жағдайдан соң Баян жеті жыл бойы телеарналарда істеп, жақсы репортаж түсіру үшін қоқыс үйіндісінде де жүруіне тура келген.

Жан-жарының опасыздығына қатысты қойылған сұраққа Баян 21 жыл бойы күйеуінің махаббатын сезініп келгенін алға тартты. Әртіс жарының көзіне шөп салуы мүмкін екенін ойласа да, бұған аса мән бермеуге тырысады.

Баянның айтуынша, күйеуі өте қызғаншақ жан, олар жұбайлық өмірдің алғашқы кездері жиі ұрысып қалатын. Баян тіпті үш рет ажырасуға арыз берген көрінеді. Продюсердің пікірінше, отбасылық алғашқы он жыл соғыс секілді дейді. Ал қазір ерлі-зайыптылар бір-біріне қолдау көрсетеді.

“Күйеуім менен қарызға ақша сұраса, тиынына дейін қайтарып береді. Менің ұстанымым сондай. Егер мен тапқан ақша болса – ол менің ақшам, ал күйеуімнің табысы- жанұямыздың ақшасы. Менің табысым оған әлі күнге дейін құпия”, – дейді Есентаева.

Сырт болмысы қайратты болғанымен, Есентаеваның әлсіз тұсы балалары екен. Продюсер бұл күйгелектігінің кесірінен тіпті психологтың көмегіне жүгінген.

Бірақ қыздарының қалауы мен пікірін құрметтейтін Баян үлкен қызын Калифорнияға оқуға жіберген. Айсауле қазір медиа-менеджер мамандығы бойынша Америкада білім алуда. Оқуын бітірген соң, ол Есентаеваның бизнесін жалғастырмақ.

baistars.kz

Қазақстанның 14 университеті Еуропа елдері университеттері рейтингіне ілінді

Қазақстанның 14 университеті Еуропа елдері университеттері рейтингіне іліндіҚазақстанның 14 университеті дамушы Еуропа елдері мен Орталық Азия елдерінің жоғарғы оқу орындары рейтингіне енді. Бұл тізімді британдық Quacquarelli Symonds компаниясы жасайды.

Тізімге барлығы 22 елден 150 ЖОО кірген. Қазақстандық жоғарғы оқу орындары арасында алғашқы үштікті: Қазақ Ұлттық университеті (21-орын), Еуразия университеті (33-орын), Қазақ Ұлттық техникалық университеті (63-орын) иеленіп тұр. Тізімнің басына Мәскеу мемлекеттік университеті орналасқан.

Рейтинг академиялық репутация (өз саласындағы еңбегімен әлем назарын аударған ғалымдар саны), жұмыс берушілер сұранысы (түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші), студенттер саны (топтағы білім алуға оңтайлы студенттер саны), интернетке қол жетімділік, PhD қызметкерлері саны, сілтемелер жиілігі (ғылыми еңбектеріне әлемде жасалған сілтемелер) сияқты тоғыз фактор бойынша жасақталады.

baq.kz

«Тұлпар-Тальго» пойыздарында мультимедиялық ойын-сауық порталы іске қосылды

«Тұлпар-Тальго» пойыздарында мультимедиялық ойын-сауық порталы іске қосылды2015 жылдың 20 қазанынан бастап «Астана-Алматы» және «Алматы-Петропавл» бағытында қатынайтын «Тұлпар-Тальго» пойызының 4 құрамында мультимедиялық ойын-сауық порталы іске қосылды.

Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Портал жолаушыларға алуан жанрдағы фильмдерден, әртүрлі ойындардан тағы басқа да қызметтерден тұратын медиатекаға қосылуға мүмкіндік береді. Онда отандық және әлемдік кинофильмдер мен мультфильмдердің ауқымды топтамасы жинақталған және олар мүмкіндігінше жаңа өнімдермен жаңғыртылып отырады. Барлық медиаконтентті жоғары сапада тамашалауға болады.

Сондай-ақ жолаушылар портал арқылы пойыздардың жүру кестесімен танысып, қажетті қаладағы қонақүй немесе такси бағасын анықтап, түрлі жаңалықтарды оқып, сервис және қызмет көрсету сапасына қатысты өз пікірі мен ой-ұсыныстарын жазып қалдыра алады.

Мультимедиялық порталға қосылу «Гранд», «Бизнес» және «Турист» вагондарының барлық жолаушылары үшін тегін. «Гранд» пен «Бизнес» жолаушылары видеотеканы толық тегін көрсе, «Турист» вагонының жолаушылары тек фильмдерді ғана қалауынша қосымша ақы төлеп, тамашалай алады.

Осы жылдың аяғына дейін бұл қызмет «Тұлпар-Тальго» барлық 12 бағыттарында енгізілмек.

Сонымен қатар жуырда «Тұлпар-Тальго» пойыздарымен пошталық корреспонденцияларды жедел тасымалдау қызметі («Қазпошта» АҚ бірге) де іске қосылмақшы. Қазірдің өзінде Астана және Алматы-2 вокзалдарында орналасқан «Қазпошта» нүктелерінде салмағы 3 кг дейінгі сәлемдемелер қабылдана бастады. Сіздің сәлмемдемеңіз енді тәулікке жетпейтін уақытта пойызбен діттеген жеріне жедел жекізілмек. Жылдың соңына дейін бұл қызмет облыс орталықтарын түгелдей дерлік қамтитын болады.

Жылдың соңына дейін бұл қызмет облыс орталықтарын түгелдей дерлік қамтитын болады.

24.kz

Жамбылдықтар «Алтын асық» бағдарламасы аясында мал басын көбейтуде

Жамбылдықтар "Алтын асық" бағдарламасы аясында мал басын көбейтуде
«Алтын асық» бағдарламасы

«Алтын асық» бағдарламасы – қой шаруашылығын қолға алам деушілер үшін үлкен мүмкіндік.

Бүгінде отандық фермерлер бұл жобаның тиімділігін көріп үлгерді. Мәселен, Жамбыл облысы бойынша бұл бағдарлама арқылы мал басын көбейткен жанның бірі – Сәдуақас Дүйсенов. Ол бұл іспен ондаған жыл бойы айналысып келеді. Тәжірибелі шаруаның айтуынша, «Алтын асық» бағдарламасы уақ мал тұқымын көбейтіп, ет экспортына жол ашады.

Сарысу ауданындағы «Әсем» шаруақожалығы бірнеше жылдан бері қой өсіру бағытында жұмыс істейді. Сәдуақас Дүйсенов «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 14%-бен несие алып, 300-ге жуық қой, бірнеше асылтұқымды қошқар сатып алды. Жоспары жүзеге асса, несие үстемақысының 7%-ын мемлекет субсидиялап береді.

Сәдуақас Дүйсенов, шаруақожалық төрағасы:

— 2 жыл демалысы бар. Екі жылда малды ұрықтандырып, төл алсақ деп отырмыз. Ол екі жылда өсіп, төлдің өзі төл беруге жетеді. Соның арқасында мал басы көбеймей ме? Бұл бағдарлама – мал өсірем, қой өсірем дегенге өте тиімді бағдарлама.

Қазір шаруа қой үстіне қой қосып, отарға айналдырды. Ендігі мақсаты мал басын асылдандыруға ден қоймақ. Ол үшін мұнда тәжірибелі бірнеше шопан жұмысқа тартылған. Тіпті кейбіреуі отбасымен келіп, еңбек етіп жүр.

Жалпы биыл Жамбыл облысы бойынша бағдарлама шеңберінде 22 мың бас қой сатып алу жоспарланған. Бүгінгі күнге оның 81%-дан астамы орындалды.

24.kz

Машбек ауылында қазақ күресінен жастар арасында Қазақстан чемпионаты және түйе палуандар арасында халықаралық турнир аяқталды

0

unnamed

Үстіміздегі жылдың 16-17 қазан күндері Жаңақорған ауданының Машбек ауылында  «Құрмет» орденінің иегері, еңбек ардагері Машбек Нәлібаевты еске алуға арналған қазақ күресінен 23 жасқа дейінгі жастар арасында Қазақстан Республикасының  X чемпионаты аяқталды.

Ел чемпионатына Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарынан 16 команда,  8 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салды.

Жарыстың қорытындысы бойынша 55 келі  салмақта І орын   –  Жандос Ғизат (ШҚО), ІІ орын – Абылайхан Кеулімжай  (Жамбыл обл.),  ІІІ орындар – Әлішер Мұханбетжанов (Қостанай обл.) және Дәулет Ниетбай (Алматы қ.), 60 келі салмақта І орын   – Нұрболат Ізімғалиев (Атырау обл.), ІІ орын – Олжасбек Ілесбеков  (Алматы қ.), ІІІ орындар Нұрлыбек Алдабергенов (Қызылорда обл.), Медет Калиев (Қостанай обл.), 66 келіде      І орын  — Әбілқайыр Мауленин  (Алматы обл.), ІІ орын – Ерлан Жақсыбеков (Қызылорда обл.), ІІІ орындар – Ерасыл Сәкенұлы (Алматы қ.), Мейіржан Тұрарбеков (Алматы обл.), 74  келі салмақта І орын   – Еркінбек Бөлен  (ОҚО), ІІ орын – Ғалымжан Әбдірахманов (Қызылорда обл.), ІІІ орындар – Мерей Советқазин (ШҚО), Данияр Темірханов (Астана қ.) 82 келі салмақта І орын  — Дәулет Пахриденов (Жамбыл обл.),  ІІ орын –  Ғалымжан Өтешов (ОҚО), ІІІ орындар – Әсет Жүнісов (Ақмола обл.), Нұрсұлтан Сәлімжанов (Қостанай обл.),  90 келі салмақта І орын   – Шыңғысхан Жақып  (Жамбыл обл.), ІІ орын  — Елдар Мұқан  (Алматы обл.) ІІІ орындар – Көбеген Айдосұлы  (Ақтөбе обл.) және Абылайхан Қасымхан (Қостанай обл.),          100 келі салмақта І орын   – Мақсат Исақабылов  (Қызылорда обл.),             ІІ орын  — Айбек Серікбаев  (Қызылорда обл.) ІІІ орындар – Самат Есен  (ОҚО) және Абай Ерболұлы (Жамбыл обл.), +100 келі салмақта І орын   – Айбек Калибеков  (ШҚО), ІІ орын  — Нұрым Сәлімгереев  (Қызылорда обл.) ІІІ орындар – Арман Сәрсенбеков  (Қызылорда обл.) және Исланбек Ілиясқажы (Алматы қ.).

Сондай-ақ,  23 жасқа дейінгі жастар арасында қазақ күресінен түйе палуандар сайысында ақмолалық Бекбол Нұрланұлы бас жүлдені жеңіп алды. Екінші орынды қызылордалық Нұрым Сәлімгереев алса, жамбылдық Жамбыл Тұрғанәлиев үшінші орынды еншіледі.

Сонымен қатар, Еңбек ардагері Машбек Нәлібаевты еске алуға арналған волейболдан және шағын-футболдан облыстық ашық турнирлер өтті. Волейболға 8 команда, шағын-футболға 13 команда қатысты.

Волейболдан өткен турнирдің қорытындысы бойынша:

І орын   – Ақтөбе қаласының командасы

ІІ орын – Байкен-У  командасы (Жаңақорған ауданы)

ІІІ орын – Қызылорда қаласының командасы

Турнирдің «Үздік ойыншылары»  — Әсет Медеуов (Байкен-У  командасы), Александр Беркин (Ақтөбе қ.), Бақберген Нәжім (Әбдіғаппар ауылы), Берік Өтегенов  (Қызылорда қ.).

 

Шағын-футболдан жарыс қорытындысы бойынша:

І орын   – Машбек ауылының командасы

ІІ орын – Қызылорда қаласының командасы

ІІІ орын – Жаңақорған ауданының командасы

Турнирдің «Үздік ойыншылары» — Әділбек Абдулханов (Машбек ауылы), Асхат Кулебаев (Ақтөбе қ.), Әділжан Қосжанов (Қызылорда қ.), Азат Алтынбеков (Жаңақорған ауданы).

Қазақ күресінен өткен Қазақстан чемпионаты мен волейболдан және шағын-футболдан облыстық ашық турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері диплом, медаль және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Сондай-ақ, 18 қазан күні «Құрмет» орденінің иегері, еңбек ардагері Машбек Нәлібаевты еске алуға арналған қазақ күресінен түйе палуандар арасында халықаралық турнир болып өтті. Оған Белоруссия, Ресей, Грузия, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстаннан  35 палуан қатысты.

Нәтижесінде Грузия палуаны Левани Матиашвили бас жүлдені иеленіп,  оған Нексиа жеңіл автокөлігінің кілті табысталды. Екінші орынға ие болған қарағандылық Ержан Шынкеевке Нива жеңіл автокөлігінің кілті берілсе, қола жүлдегер атанған Моңғолия палуаны Даваньям Алтангерелге 700 мың теңгенің сертификаты табысталды. Сондай-ақ, «Көрермендер көзайымы» номинациясымен  Евгений Бедулин (Белоруссия) және «Үздік әдіс көрсеткені үшін» — Грузия палуаны Александр Заалишвили марапатталды.