ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Қазақстан КВН Одағы РЖҚБ-ның ұйымдастыруымен 16-қазан күні Алматыда Қазақконцерт залында «Алтын көпір» халықаралық аудармашылар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Жарысқа қатысушы 41 үміткердің аудармалары 15 шілде мен 20 тамыз аралығында қабылданып, оның ішінде 31 қатысушының бағы жанып, 2-кезеңге жолдама алған болатын. Поэзия, проза жанры бойынша қазақшадан орысшаға және орысшадан қазақшаға аударма жасаған ақын-жазушылардың еңбегіне Ұлықбек Есдәулет бастап төрағалық етіп, Бауыржан Қарағызұлы, Бақытжан Қанапиянов, Талғат Ешенұлы, Әсима Ишанова, Әуесхан Қодар, Самал Соқпақбаевадан құралған қазылар алқасы сарапқа салып, баға берген. Әр аталым бойынша 1 лауреат, 2 дипломант марапатталып және жүлдеден бөлек арнайы ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.
Басты ақпараттарды жаздым, ал енді нақтырақ…. Марапаттау рәсімі өтпес бұрын қай аталым бойынша қай үміткер қандай жүлде иеленгені жарияланып қойған соң ба екен, жүлдегерлер аса бір толқыныс үстінде отырмады. Дегенмен, әдебиетке деген жанашырлығын өз туындылары арқылы дәлелдей білген қатысушылардың жүзінен қуаныштың белгісі көрініп тұрды. Байқау жайында Әдебиет порталына шыққан хабарландыру арқылы құлақтанып, қатысуға ниет білдіріп, өзге емес өз шығармасын аударып, «Проза – қазақ тілінен орыс тіліне аудару» аталымы бойынша жүлделі 2-орынға ие болған жазушы, драматург Айгүл Кемелбаева осы уақытқа дейін халықаралық байқауларда ешбір жүлдеге ілінбеген шығармаларының Қазақстанда алғаш рет өткізілген «Алтын көпір» байқауында жеңімпаз атанғанын білген кездегі қуанышын сөзбен айтып жеткізе алмайтынын жасырмады. Басқа да жеңімпаздарды да дәл сондай сезімді бастан кешірді десек, қателеспейтін сияқтымыз. Маңдай тер мен үлкен ізденістің арқасында жазылған еңбегің еленіп, халықаралық байқауда жүлдегер боп жатса, одан артық бақыт бар ма, сірә?!
Байқау жайында: «Сонау Абайдан бастау алған орыс әдебиеті мен қазақ әдебиеті арасындағы үндестіктің үзілмей, осы күнге дейін жалғасын тауып келуі біз үшін үлкен мәртебе. Қырыққа тарта шығармалардың ішінен үздіктерін таңдау оңай болған жоқ, әрине. Дегенмен қара қылды қақ жарып қазылық қылуға барымызды салдық Аударма саласының қолдаушысы ретінде барша жеңімпаздардың шығармаларын «Әдебиет» порталына жариялайтын боламыз. Тек орыс жазушыларының ғана емес, басқа да шетел әдебиеттерінің үлгілері аударылып, қазақ әдебиетінің қоржыны тамаша тәржімалармен толыға түссе нұр үстіне нұр болмаушы ма ед?!», — деп мәлімдеді Бауыржан Қарағызұлы.
Иә, Пушкин мен Лермонтовты қазақша сайратқан Абайдай ұлы ақынның ізбасарларының орыс әдебиеті мен қазақ әдебиетінің арасына алтын көпір бола білуі — қуанарлық жәйт. Халықтың басым көпшілігі шоуға айналып кеткен әртістердің өміріне қызығып, жылтыраған дүниенің құны жоғарылап тұрған заманда мәдениеттің мәйегі бола білген әдебиет әлемінің тізгінін ұстап жүрген әдебиетшілер қауымына басшылық тарапынан көңіл бөлініп, қолдау көрсетілуі жақсы өзгерістерге әкеп соқтыруы ықтимал. Оған марапаттау рәсімінен кейін, аудармашылыққа қызығушылығы бар жастардың «Байқау болғанын білмей қалдық, әйтпесе біз де бағымызды сынап көрер едік» деген сынды пікірде қалуы дәлел бола алады. Жүлде қоры 2 миллион теңгені құраған аталмыш шара оқырман назарынан тыс қалып жүрген жазушыларға шалқар шабыт сыйлап, қаламдарының қарымын күшейтуге ықпал еткендей.
Ендеше, осынау игі бастамалар әрмен қарай өз жалғасын тауып, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін байқаулардың біріне айналса екен дейміз.
Риза ШАЙҚАҚ