«Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген мақалды ұстана отырып, бүгін алматылықтар таңертеңгі сағат 8-ден бастап Төле би мен Абылай хан даңғылының қиылысында орналасқан «Астана» алаңының бойына жиналды. Жиынның басты себебі Алматы облысы тауар өндірушілерінің Алматы қаласындағы ауылшаруашылық жәрмеңкесінің ұйымдастырылуы болатын. Сонымен қатар аталмыш шара Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің қатысуымен өтті. Күздің алғашқы жәрмеңкесіне Алматы облысының тауар өндірушілерінің 280,3 тонна сапалы және экологиялық таза өнімнің 70 түрлері қойылды. Қала тұрғындарының қолайлы жағдайда өсірілген, өндірілген, сапасы жоғары, экологиялық жағынан тазалығына күмән тудырмайтын, әрі бағасы да тиімді өнімдерге күнделікті қол жеткізе бермейтіні рас. Сол себепті де күннің суықтығына қарамай, демалыс күндерін арнап келіп, сауда жасағандар легі көп болды. Онымен қоса баса назарда ұстайтын жәйт: жәрмеңкеге қойылған ет-сүт, жеміс-жидек, көкөніс, балық және басқа да өнімдердің бағасы нарықтағы бағадан 15-20 пайызға төмен болып, Алматы облысының аудандары мен Талдықорған, Текелі қалалары және «Жетісу» СПК, Алматы қаласының бірнеше сауда орындары өз тауарларын халыққа ұсынды.
«Біріншіден, баршаңызды қала күнімен құттықтаймын! Бүгін мемлекет басшылығының тапсырысымен ауылшаруашығы өнімдерінің бағасы 33 негізгі позиция бойынша түсіріліп, жәрмеңкеге қойылған болатын. Көп жағдайда 20-30 пайызға дейін төмендетілген бағамен өз өнімдерін ұсынған Алматы облысының тауар өндірушілеріне алғысымды білдіремін. Бұл – қала күніне орай жасалған ең үлкен сыйлықтардың бірі болды. Оның үстіне бүгін және ертең біз «Апорт мерекесін» тойлаймыз. Ең сапалы әрі дәмді алмалар бүгінгі жәрмеңкенің басты ерекшелігі болды деп ойлаймын. Және тағы бір мәрте естеріңізге сала кеткім келеді, келесі аптаның сәрсенбісінде жұмыс күні екеніне қарамастан Жамбыл облысы өз тауарларымен келіп, халыққа ұсынатын болады. Құрбан айттың алдында өткізіліп отырған бұл мерекемен баршаңызды құттықтағым келеді. Таңертеңнен кешке дейін қолдары тимейтін жұмыскер қауым үшін бұл жәрмеңке өте тиімді болғаны үшін, әрі Құрбан айт мерекесінде жайылатын дастарханның сәнін келтіретін тағамдардың барлығы дерлік осы жерден табылғанына мен қуаныштымын», — деді қала әкімі БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Биылғы жәрмеңкенің осы уақытқа дейін өткізілген жәрмеңкелерден басты айырмашылығы жаңа әкім Бауыржан Байбек мырзаның сатылымға шығарылған азық-түліктерді аралау барысында қарапайым халықпен етене араласып, тауарлардың сапасы мен бағасы жайында ой-пікірлеріне құлақ түріп, қазіргі хал-ақуалдарын сұрауы болды. Жиылған жұрт та алғыстарын айтып, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, мәз-мейрам боп қалды. Қарапайым халыққа пайдасы көп осындай іс-шаралар көп болса екен дейміз, ендеше.
Шайқақ Риза Ерлікқызы