ОҚО әкімі: Тәуелсіздіктің 25 жылдығы есте қаларлықтай тойлану қажет
ОҚО әкімі құрылысы жүріп жатқан білім ошақтарымен танысты
Қазығұрттағы 16 елді мекен табиғи газға қосылды
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Қазығұрт ауданында газдандыру жұмыстары қарқын алуда. Соның бір айғағы ретінде таяуда 4,5 мыңға жуық халқы бар Шарбұлақ ауылдық округі тұрғындарының шаңырақтарын көгілдір отынға жалғаудың салтанатты жиыны өтті. Нақтырақ айтқанда, табиғи отын әзірге, аталған елді мекеннің бір көшесіне берілді, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Жиналған тұрғындардың қуанышына ортақтасып, құттықтаған аудан әкімі Төлеген Телғараев: «Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойын лайықты табыстармен қарсы алу жолында көптеген игілікті шаралар өткізілуде. Сондай шараның бірі — Шарбұлақ ауылына табиғи газ жүйесінің қосылуы дер едім. Әрине, елді мекендерге табиғи газ жүйесінің қосылуы үлкен қуаныш. Әсіресе, күнделікті ағаш жарып, тезек теріп, күл шығарып жүрген аналарымыздың жұмысын жеңілдетеді», — деді.
Ал, Шарбұлақ ауыл округінің төбе биі Амантай Құтымбет ақсақал тұрғындарға газдың берілуін Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына жасалған тарту ретінде дәріптеп, бұл үшін аудан, облыс басшылықтарына ауыл халқының атынан ризашылығын жеткізді.
Жалпы бұл күні, көгілдір отын аудандағы 16 елді мекенге берілді. Шарбұлақтан бөлек, Ащыбұлақ, Жаңабазар, Жылыбұлақ, Жаңажол, Жаңаталап, Қарабастау, Тілектес, Үлгілі, Қарабау, Сынтас, Жұмысшы, Үшбұлақ, Махамбет Өтемісұлы ауылы, Үшбұлақ және Жіңішке елді мекендерінің тұрғындары да табиғи газ тұтынып, өркениеттің игілігіне қол жеткізуде.
Айта кету керек, мұнан бөлек, жыл соңына дейін Қазығұрттағы тағы 16 елді мекен газбен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Таратып айтсақ, аудандағы Жігерген ауыл округінен төрт елді мекен, С.Рақымов ауыл округіндегі үш елді мекен, Алтынтөбе және Тұрбат ауыл әкімдіктеріне қарасты төрт-төрттен – сегіз ауылды көгілдір отынға қосу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін аталған елді мекендер газға қосылғанда, аудандағы көгілдір отынмен қамту жұмыстарының көрсеткіші 65 пайызға жететін болады.
Бұған дейін Шарапхана (екі ауыл), Жаңабазар (сегіз ауыл), Қарабау (төрт елді мекен) және Қазығұрт (бір елді мекен) ауыл округтеріне газ берілген болатын.
Қазығұрт ауданында 2012 жылға дейін 64 елді мекеннің 10-ы табиғи газбен қамтылса, 2012-2014 жылдар аралығында аудан бойынша 32 елді мекенді газбен қамтудың құрылыс жұмыстары жүргізіліп, олар толық аяқталған.
Талдықорғанда Орта Азия мемлекеттері театрларының халықаралық фестивалі өтеді
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен биылғы жылдың 24-27 қазаны аралығында «Қазақстан – Еуразия жүрегі» атты VI Орта Азия мемлекеттері театрларының халықаралық фестивалі өтеді. Фестивальға Татарстанның Т.А. Минуллин атындағы татар драма театры, Қырғызстанның Т. Әбдімомынов атындағы Ұлттық академиялық театры, Алматы қаласының Бәйтен Омаров атындағы театры, еліміздің Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Астаналық Жастар театры мен Б. Римова атындағы Алматы облыстық драма театрлары қатысады.
Фестивальдың ашылу салтанаты 2016 жылғы 24 қазанда Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында басталады.
Шара одан әрі Б. Римова атындағы облыстық драма театрында жалғасын табады.
Оңтүстікте Адвокаттар алқасының жаңа ғимараты ашылды
Оңтүстік Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Шараға облыстық соттың төрағасы Н.Шәріпов, Әділет департаментінің басшысы Е.Дауылбаев, адвокаттар алқасы ұжымы мен заң кеңселері меңгерушілері, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысып, нысан салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды ОҚО Әділет департаментінің баспасөз қызметі.
Әділет департаментінің басшысы өзінің құттықтау сөзінде іс-шараға қатысушыларды адвокаттар алқасының құрылу тарихымен таныстырып өтті.
Облыстық соттың төрағасы және адвокаттар алқасының ардагерлері қорғаушылардың сапалы заңгерлік қызмет көрсетіп, олардың іс-әрекеттеріне байланысты арыздардың түсу фактілеріне жол бермеу қажеттігін айтып, кәсіби мамандардың кәсiптiк әдеп кодексiн сақтау керектігі туралы әңгімеледі.
Шымкентте «Достық дастарханы» дәстүрлі палау фестивалі өтті
Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Жанубий Қозоғистон» газетіне 25 жыл толуына орай, облыстық басылымның құрметті мерейтойында Шымкентте «Достық дастарханы» атты дәстүрлі палау фестивалі өтті, деп хабарлайды «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі.
Редакция ұжымы мен облыстық өзбек этномәдени бірлестігі ұйымдастырған шараға өңіріміздің білікті аспаздары қатысып, палаудың 30 шақты түрін дайындап, щеберліктерін көрсетті.
Мерекелік шараға қатысқан Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов редакция ұжымын газеттің мерейтойымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
Айта кетеу керек, Қазақстан халқы Ассамблеясының Қазақстан Республикасының 25 жылдығына арналған «Шаңырақ» шығармашылық байқауына қатысқан «Жанубий Қозоғистон» газетінің редакциясы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті жазып-көрсетуге қосқан ерекше үлесі үшін арнайы жүлдемен марапатталды.
Мектеп оқушыларына арналған «Жайдарлы Жас Ұлан» сайысы өтті
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Жайдарлы Жас Ұлан» сайысы биыл да өз жалғасын тапты. 22 қазан күні Астанадағы «Қазмедиа» концерт-залында өткен ойында еліміздің барлық аймағынан келген 19 команда өзара бақ сынасты.
Бұл сайысқа Астана, Алматы қалалары және облыстардағы мектепаралық сайыстардың жеңімпаздары және «Маусымашар» фестивалі қорытындысы бойынша телевизиялық жобаларға жолдама алған командалар келіп қатысқан болатын.
Барлығы 20 команда қатысқан ойында алматылық «Тәтті құрама» жеңімпаз атанды. Өздерінің өткір ойлары мен тәтті қалжыңдарымен көпшілікті тәнті еткен алматылықтар бір ауыздан үздік деп танылды.
Ал ІІ орынды қостанайлық «Көшіп келгендер» тобы тобы иеленсе, ақтөбелік «Осал емес» командасы өздерінің осал емесін дәлелдеп жүлделі үшінші орынды қанжығасына байлады.
Жас жеткіншектердің өнерін бағалаған қазылар алқасы құрамында: «Қазақстан Халқы Ассамблеясы» қоғамдық қорының директоры – Құрманбек Жұмағали, «Жас Ұлан» бірыңғай жасөспірімдер және балалар ұйымының төрағасының орынбасары – Александр Тен, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы –Қасымхан Сенғазыев, ҚР Білім әне ғылым министрлігі Жастар саясаты департаменті директорының орынбасары – Ернат Мұхамадиев және ардагер жайдарманшы – Алдан Жылгелді секілді танымал тұлғалар болды.
Айта кетейік, «Жайдарлы Жас Ұлан» республикалық сайысы «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігі ҚР Білім және ғылым министрлігі және республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар және жасөсіпірімдер ұйымымен үшжақты меморандум негізінде өткізіліп келеді.
ОҚО: Кентау қаласының өрт сөндіру бекеті қайта жаңғыртылды
Өрт сөндіруші жұмысының жыл он екі айдағы азабын кентаулық мамандар енді ұмытатын болды. Шағын шаһарда еселі қуаныш. Өрт сөндіру бекеті жаңартылып, қайта ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, салынғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен №12 өрт сөндіру гарнизоны биыл күрделі жөндеуден өтті. Облыстық бюджеттен 83 млн. теңге бөлініп, қайта жаңғыртылды. Бекеттің салтанатты ашылу рәсіміне арнайы келген ОҚО Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің бастығы Тұрдалы Кенжеқұлов қызметкерлерге қауіп пен қатерге толы қызметте сәттілік пен амандық тіледі.
Бекет арнайы жылытылатын үй-жаймен қамтамасыз етілген. Онда демалыс және тамақтану бөлмесі, техниканы орналастыруға арналған алаң бар. Автомобиль базасында өрт сөндірумен толық жабдықталған 3 техника тәуліктің қай кезі болсын, жолға шығуға әзір. Қаратау тәжі атанған қалада 95 мыңнан астам адам тұрады. Ендігі жерде №12 өрт сөндіру бекеті Кентау қаласы мен оған қарасты елді мекендер аумағын тілсіз жаудан қорғайды.
Еліміздің тәуелсіздік жылдарында осы күнге дейін барлық салалар дерлік айтарлықтай дамыды. Солардың қатарында осы өрт сөндіру қызметінің алатын орны ерекше. Өйткені талай тілсіз жауды ауыздықтап, адам тағдырына араша болған да осы саланың майталман мамандары. Жаманшылық аулақ болсын әрине. Дегенмен, енді қаланың өрт сөндірушілері қандай қиындыққа болса да сақадай сай.
ОҚО: Созақ ауданында келесі жылдан бастап алтын өндіріледі
Созақ ауданында келесі жылдан бастап алтын өндіріледі. Осы аралықта жасалған қыруар шаруаларды тізбектеп шыққан аудан басшысының алдағы жоспарлары жетерлік.
Металл өндіруде тәжірибесі жеткілікті терсікейліктер келер жылдан бастап көмір өндірісін де қайта жандандырмақ.
Алдағы уақытта ауданда өнеркәсіп, шағын кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, атап айтқанда ет пен қымыран өңдеуді дамыту қолға алынбақ. Баламалы қуат өндіретін күн электр станциясын іске қосу да алдағы жылдың еншісіне қалдырылып отыр. Сонымен қатар, бір кездері тартылып қалып биыл қайта толған Қызылкөлдің жағасынан демалыс орындарын салуға ниеттеніп отырған кәсіпкерлер де дайын.
Тек, жоба-жоспар түзілуі керек. Сондай-ақ, Созақта тұрғын үй мәселесі де жылдан жылға шешімін тауып келеді. Ширек ғасырда ауданда 206,6 мың шаршы метрді құрайтын 4000-ға жуық тұрғын үй салыныпты. Жыл аяғына дейін тағы 50 тұрғын үй ел игілігіне берілгелі отыр.
Созақтық шаруалар мал өсіруде де алдарына қара салмай келеді. Тәуелсіздік алған жылдары ауданда ірі қара басы 7 мыңнан әрең асса, қазір бұл көрсеткіш 27 мыңға жетіп отыр. Биылдың өзінде Созақтан 2 688 қаракөл тоқтысы біріккен Араб әмірліктеріне экспортталды.
ОҚО: Мақтаралда «Қазақ тілінің үздік оқытушысы — 2016» байқауы өтті
Мақтарал аудандық Ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты Тілдерді оқыту және дамыту орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Қазақ тілінің үздік оқытушысы — 2016» байқауы болып өтті, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі. Бәйгеге өзге тілді сыныптарға қазақ тілінен сабақ беретін ұстаздар қатысты.
«Өзін-өзі таныстыру», «Оқытушының жеке портфолиосы», «Сабақ үлгісін көрсету» шарттары бойынша қатысқан ұстаздарға әділ қазылар алқасы біліміне, өзін-өзі ұстауына, портфолионың бірізділігі мен ерекше құрылымына, сабақ өту процесіндегі жаңа технологиялардың тиімді пайдаланылуына баса назар аударды.
Әділ қазылар алқасының шешімімен І орынды Әл-Фараби мектебінің қазақ тілі оқытушысы, өзбек ұлтының өкілі Насиба Каландарова иеленді. ІІ орынды №1 М. Горький атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мұғалімі Айнұр Холбаева жеңіп алса, ІII орынды «Мырзакент» жалпы орта мектебінің қазақ тілі мұғалімі Ғалия Төреқұлова еншіледі. Байқауға қатысқан мұғалімдердің дайындығы жоғары болды. Қазылардың жеңімпаздарды анықтауы да оңайға соққан жоқ. Бәрі де бір-бір мектептің алдыңғы қатарлы үздік ұстаздары. Осылайша үздіктердің үздіктері анықталды. Байқаудың барлық қатысушылары орталық тарапынан алғыс хат, диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.