Астана қаласының ішкі істер департаментінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша жұмыс отырысы өтті, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Кездесу барысында елордалық құрылыс салушылар 10 қазанда күшіне енетін жаңа заңнамамен және оны бұзғаны үшін жүктелетін жауапкершілікпен таныстырылды.
Астана қаласының ІІД Тергеу басқармасы басшысының орынбасары Асылжан Қалдарбековтың хабарлауынша, жыл басынан бері ІІД-де жосықсыз салушыларға қатысты 11 қылмыстық іс қарауға алынды, соның ішінде 4-уі сотқа жіберілді, 7 – өндіріске алынды.
«Алаяқтық» бабы бойынша алдау жолымен «Ақжол» ТК 101 үлескерінің 800 млн теңге көлеміндегі ақшалай қаражатын иеленген «Ақжол» ЖШС директоры Ербол Манашовқа қатысты іс; «Араби-1, 2» ТК, «Самал» ТК 183 үлескерінің 1 млрд 700 мың теңге көлеміндегі ақшасын иеленген «Квартира НС» ЖШС директоры Медет Бектеміровке қатысты іс; «Столичный-2», «Аниса-1», «Коктал-2», «Абат» ТК тиесілі «Төленді» ТҚК төрағасы Айдын Байжұмановқа қатысты пәтерлерді екі рет сату фактілері бойынша іс сотқа жіберілді.
2015 жылы 7 қылмыстық іс қаралды, соның ішінде екеуі сотқа жіберілді, олар бойынша құрылыс компанияларының басшылары айыпты деп танылып, әр түрлі мерзімдерге бас бостандығынан айырылды.
«Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» жаңа заң құрылысқа үлестік қатысу кезінде халыққа кепіл беруді күшейтуге бағытталған. Аталған заң күшіне енген соң үлескерлердің қаржысын тарту және қаржы тартуға рұқсат беру саласында бақылау күшейтіледі.
– 10 қазаннан бастап үлестік қатысу туралы заңға сәйкес тәуекелдерді азайтып, құрылыс саласындағы айқындылықты, үлескерлердің құқықтары мен заңды мүддесін қорғау, тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ету қарастырылған жаңа тетіктер іске қосылады. Мұнда үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алудың үш жолы қарастырылған, атап айтқанда, кепілдендіру қорының кепілдігін алу;
екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысу; тұрғын үй қорының (тұрғын үй ғимаратының) қаңқасы салынғаннан кейін ақша тарту, – деді Астана қ. МЕмлекеттік сәулет-құрылысты бақылау басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Досқұлов.
Әр жағдайда үлескермен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың типтік келісімі жасалуы тиіс. Бұл ретте үлескерлер салушылардың құрылыс құжаттарымен танысуға құқылы. Сонымен қатар, үлескерлердің қаржысын тартудың аталған жолдары құрылыс салушыға және уәкілетті компанияға жоғары біліктілік талаптары қояды. Құрылыс нарығындағы тәжірибе кем дегенде 3 жыл, ал тұрғызылған ғимараттардың жалпы ауданы кем дегенде 9 мың шаршы м, сондай-ақ, мешік құқығымен тиесілі жер учаскесі немесе ауыртпалықсыз жер пайдалану және т.б. болуы керек.
Дәулет Досқұловтың айтуынша, 10 қазаннан кейін заңға қайшы жасалған тұрғын үй құрылысына азаматтардың немесе заңды тұлғалардың қаржысын тарту қарастырылған барлық келісімдер жарамсыз деп танылады. Заң талаптарын орындамған құрылыс салушылар қылмыстық қудалауға ілігеді.