Жуырда «Алматы облыстық жергілікті агроөнеркәсіп кешені және мемлекеттік қызметкерлер» қоғамдық бірлестігіндегі басқосуда осы ұжымның жетекшісі Тастан Тоқсейітов ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойына арналған «Кәсіподақтардағы 25 игілікті іс» атты байқаудың қорытындысын хабарлады.
Ең алдымен аталған бірлестіктегі атқарылып жатқан жұмыстар туралы аз-кем тоқтала кетелік. Алматы және Алматы облысындағы 476 бастауыш ұйымды қосып отырған бұл бірлестіктің құрамына 35 мыңға жуық кәсіподақ мүшелері топтасқан. Мұнда агроөнеркәсіптік саланың адамдарымен бірге мемлекеттік мекемелер, денсаулық пен білім беру қызметінің өкілдері де бар. Аталған ұжымның басты мақсаты – еңбеккерлер құқығын заңдық негіздерге сай қорғау болып табылады.
Осыған орай жыл ішінде 476 ұжымдық шарт жасалған. Ол құжаттарда еңбеккерлерге әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасауға көңіл бөлінген. Жыл сайынғы қосымша еңбек демалысы, сырқаттанған жағдайда қызметкерлерге қосымша ақы төлеу, балалар сауықтыру лагерьлеріне жолдама беріп отыру, қайырымдылық көмекке зәру жандар мен зейнеткерлерге жәрдемдесу, жұмыс беруші кәсіпорындағы жұмысшы орнының тұрақты болуына кепілдік беру секілді жайлар назарда ұсталған.
Қарасай, Көксу, Сарқан, Ақсу, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарындағы кәсіподақ ұйымдарында оң өзгерістер үнемі байқалып келеді. Мұндағы кәсіподақ мүшелері «Сарыағаш», «Көктем», «Жаңақорған», «Жаркент-Арасан», «Меркі», «Керімағаш» шипажайларында көптеп демалған. Тұрмысы төмен отбасылардың балаларына «Жас құрылысшы» сауықтыру лагеріне жолдама берілген. «Мектепке жол» акциясы бойынша бірқатар оқушылар құрал-жабдық, оқулықтармен қамтамасыз етілген.
– Сондай-ақ, бастауыш кәсіподақ ұйымдары арасында волейбол, баскетбол, армрестлингтен жарыстар өткізілді. «Ән – 2016» және мемлекеттік тілге арналған мазмұнды байқаулар ұйымдастырылды. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне көңіл бөлініп, оларға ерекше құрмет көрсетілді, – деді Тастан Тоқсейітов.
Алдағы уақытта да бірлестік жұмыстарын ширату одан әрі нығая бермек. Кәсіподақ ұйымдары жетекшілерінің жанды кездесулерін өткізу жоспарланып отыр. Семинарлар мен пікір алмасулар жолға қойылады. Жаңа міндеттер белгіленді.
Қоғамдық бірлестіктің төрағасы «Кәсіподақтардағы 25 игілікті іс» байқауында озып шыққан үздіктердің есімдерін атады. Аудандық кәсіподақтар бойынша: бірінші орын – Қарасай аудандық кәсіподағының төрағасы Сағындық Жылқыбаевқа, екінші орын – Сарқан аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлнар Мұқановаға, үшінші орын – Ақсу аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Бақыт Құрманғалиеваға берілді.
Бастауыш кәсіподақ ұйымдары бойынша да үздіктер анықталды. Олардың ішінде бірінші орынды Қазақ ұлттық аграрлық университетінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Әшірәлі Сманов, екінші орынды Қазақ ветеринария ғылыми зерттеу институты кәсіподақ ұйымының төрайымы Салтанат Мамановаға, үшінші орын Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми зерттеу институтының кәсіподақ ұйымының төрағасы Михаил Тамаровскийге табысталды.
Қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары Рая Ыдыралиева жүлдегерлерді арнайы дипломдармен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті.