Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойын шалғайдағы ағайындар да сезінуде
ОҚО әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков Түлкібас ауданында болды
Талдықорғанда Мұқағали бюсті қойылды
Қала күнінде қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың бюсті Талдықорған қаласындағы «Жастар» саябағында орнатылды. Бұл айтулы оқиғамен қала тұрғындарын облыс әкімі А. Баталов құттықтады. Салтанатты шарада ақынның ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлы сөз сөйледі.
Құттықтау сөзінде облыс әкімі А. Баталов Мұқағали ақынның есімі елімізге ғана емес, шет мемлекеттерге де танымал екенін атап өтті. Өзі туған облыстың орталығында ақын бюстінің орнатылуын үлкен рухани маңызы зор оқиға деп атады.
— Мұқағали Мақатаев артына өшпес мұра қалдырды. Оның ақындығымен қатар адами қасиеттерін, терең білімділігін, Отанына деген кіршіксіз сүйіспеншілігін қадір тұтамыз. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен ақын бюсті орнатылуының тұспа-тұс келуінде де үлкен маңызы бар. Бұл ескерткіш алдына келіп жастар өлең оқитын, қалалықтар рухани демалатын көрнекті орынға айналатынына сенімдімін, — деді А. Баталов.
Шара соңында жиналғандар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ақындар өлең оқыды.
Бюстің авторлары Шоқан Төлеш пен Алтай Бейсенов. Бюст тұтас граниттен жасалған, биіктігі 3,5 метрді құрайды.
Хоккей жанкүйерлері үшін арнайы автобустар жүреді
3, 5, 7 қазанда «Барыс Арена» мұз сарайында Құрлықтық хоккей лигасының матчтары өтеді. Елордалық «Барыс» Нижнекамсктің «Нефтехимик», Қазанның «Ак Барс», Тольяттидің «Лада» командаларымен шеберлік байқасады. Бұл күндері хоккей жанкүйерлері аренаға арнайы автобустармен жеткізіледі, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Автобустар сағат 18.00 «Қазақстан» спорт сарайының (Қадымұқан к-сі) тұрағында және «Нұр Астана» мешітінің (шығыс жағындағы тұрақ) жанында тұрады.
Арнайы рейстік автобустармен жүру ақысы қоғамдық көліктердің жолақысының құнымен бірдей, жол жүру билеттері жарамсыз.
Матчтан кейін жанкүйерлер шаттлдарға «Барыс Арена» стадионының тұрағынан отыра алады.
ОҚО әкімі ардагер Нина Лычагинаның отбасында болды
1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай, облыс әкімі Б.Атамқұлов тыл ардагері Нина Лычагинаның отбасына арнайы барып құттықтап, сый-сияпат табыс етті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Ардагер апамызға жылы лебізін білдірген өңір басшысы ісi ізеттілік пен үлгiлі өнегеге толы қадiрмендi қариялардың елге сiңiрген ерен еңбектерi ұрпақ санасында мәңгіге сақталатынын айтты.
Нина Лычагина 1927 жылы Воронеж облысы, Грибанов ауданында туылған. Оқуды бітірген соң 1946 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына жолдама алып, мұнда 1946-1960 зоотехник мамандығымен жұмыс істеген. Ал 1974-1986 жылдар ішінде облыстық меминспекциясында ауыл шаруашылық өнімдерін сатып алу жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы болып қызмет етті.
Қария осы жылдардағы ерен еңбегінің арқасында «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерімен наградталған. Бүгінде немересінің отбасында тұрады.
«Нұрлы жол» аясында Алматы облысында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына 600-ден аса пәтер салынбақ
Алматы облысы әкімдігі мен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Алматы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Құжатқа сәйкес, жергілікті атқару органдарының желісі бойынша өңірде тұрғын үй салуға Ұлттық қордан 3,6 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржыға 672 пәтерлі 6 үй салынбақ.
Облыс орталығы — Талдықорғанда 562 пәтерлі төрт көп пәтерлі үйдің құрылысы басталды. Сонымен қатар, Қаскелең қаласында 50 пәтерлі нысанды және Өтеген батыр кентінде 60 пәтерлі тағы бір үйді салу жоспарланып отыр. Бұл жөнінде Алматы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Ғалымжан Шалғымбаев айтты.
Бұл баспаналар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына беріледі. Бағасы – 1 шаршы метріне 140 000 теңге. Осылайша, облыстың үш бірдей ірі елдімекенінде қоныстойы өтпек.
«Нұрлы жол» бағдарламасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, салынған кредиттік тұрғын үйлердің кемінде 50%-ы жергілікті атқару органдарында кезекте тұрғандар арасында бөлінуі тиіс. Оның үстіне, олар аталған банктің салымшылары болуы керек.
— Бүгінгі күні «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» 28 мың салымшысы Алматы облысында тұрады. Мемлекеттік бағдарламаның талаптарына сәйкес келмейтін адамдардың коммерциялық нарықтан қолжетімді бағамен тұрғын үй алуына болады. Осы мақсатпен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жекеменшік құрылыс салушылармен ынтымақтастық жөнінде белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Мәселен, аталған банктің Алматы облыстық филиалы Қаскелең қаласында орналасқан «Туран-Кент» коттедж қалашығындағы тұрғын үйлерді өткізу жөнінде келісімге қол қойды. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары жер телімі бар таунхаустарды 1 шаршы метріне 145 мың теңгеден сатып ала алады,- деді Ғ. Шалғымбаев.
Қазығұртта аспазшылар байқауы өтті
Қазығұрт ауданында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «Аспазшылар байқауы» өтті.
Бұл байқаудың мақсаты — кең көлемде түрлі ұлт өкілдерінің арасында өзара достық пен ынтымақтастықты нығайту және түрлі ұлт пен ұлыс аспаздарының шеберлігін арттыру болып табылады.
Байқауға ауданның 13 ауыл округінен 16 аспазшы қатысып, түрлі ас дайындалды. Негізінен аспазшылар қазақ, татар, өзбек, иран, орыс және ұйғыр тағамдарын дайындап, қазылар алқасына ұсынды.
Ұлттық тағамдардан Қазығұрт ауылы округінің аспазшылары татар, орыс тағамдарының шебері атанса, Тұрбат ауыл округінің аспазшылары өзбек, ұйғыр тағамдары бойынша қарсылас шақ келтірмеді. Ал Қ.Әбдәлиев ауылы округінің аспазшылары қазақ, иран тағамдарын дайындаудан оқ бойы оза шапты.
Байқау барысында аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары концерт көрсетіп, байқауға өз үлестерін қосты. Жүлделі орындарға ие болған аспазшыларға аудан әкімдігі тарапынан сый-сияпат жасалып, 300-ге жуық көрерменнің көзайымына айналды.
Астанада жаңа көтерме-бөлшек сауда базары ашылды
Астанада жаңа «Алай базары» көтерме-бөлшек сауда базары ашылды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Сауда павильонындағы өнімдердің түр-түрін өндірушілер делдалдарсыз өткізеді.
«Алай базары» Алаш тасжолында орналасқан. Жалпы ауданы 85 га жерде бірнеше зал орналасқан, мұнда ет пен ет өнімдерін, сүт өнімдерін, көкөністер мен жемістер, тұрмыстық тауарлар, ойыншықтар және т.б. төмен бағамен сатып алуға болады.
— Біз Қазақстан Республикасының аумағындағы тауар өндірушілердің бәрін шығарамыз. Бірінші кезекте, Солтүстік Қазақстанның фирмалық дүкендерін шақырамыз, сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облыстарымен ынтымақтастық орнатамыз, — дейді «Алай базарының» директоры Айгүл Отарғалиева.
Сауда павильоны аумағында 500 астам шағын бизнес субъектісі сауда жасайды, базарға көлікпен де, автобуспен де жетуге болады. Тұрақ 2 мың көлікке арналған, ал қоғамдық көлік аялдамасы базарға жақын орналасқан.
Елордада әлеуметтік тақырыптағы сурет байқауы өтеді
Байқау адамдардың шығармашылығын дамытуға, сондай-ақ, қоғам назарын әлеуметтік маңызды проблемалық мәселелерге аударуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Суреттерді қазанның 1-і мен 21-і аралығында тапсыруға болады. Астаналықтар ұлттық мәдениетті қолдау; патриотизмді насихаттау; халықтың өмір сүру деңгейі; денсаулық сақтау және білім саласындағы жағдай; ұлтаралық және конфессияаралық шыдамдылық; нашақорлықтың, ойынқұмарлықтың, темекі шегу мен маскүнемдіктің және ЖИТС-тің алдын алу; қоршаған ортаны қорғау және т.б. тақырыптардағы өз еңбектерін ұсына алады.
Сонымен қатар, конкурсқа Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге арналған суреттер де қабылданады.
Шығармашылық байқауға елордада тұратын, оқып жүрген немесе жұмыс істейтін азаматтар қатыса алады. Конкурста жекелеген авторлар да, ұжымдар да бағын сынайды.
Ол үшін ұйымдастырушылар ұсынған бір немесе бірнеше тақырып бойынша эскиз дайындау керек. Әр туындымен бірге белгіленген үлгідегі өтінім тіркелуі тиіс. Өтінімдерді Астана қаласының әкімдігіне 15 қазанға дейін тапсыруға болады.
Жұмыстар А3 форматында немесе графикалық нұсқада орындалуы керек.
Айта кетейік, конкурсқа қатысу тегін. Конкурстың қорытындысы 1 қарашада шығарылады және біздің сайтта жарық көреді. Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталады, үздік туындылар аталған тақырыптар бойынша жарнама конструкцияларын жасау кезінде пайдаланылады.
Анықтама телефондары: +7 (717 2) 55 67 14, 8 (700) 555 22 58.
Талдықорғандық аккумулятор зауытының өнімдеріне шетелден сұраныс көп
Талдықорған қаласындағы іргесі сонау 1975 жылы қаланған «Қайнар-АКБ» аккумулятор зауыты үстіміздегі жылдың 24 ақпанында «Идеялар фабрикасы» атты байқау жариялаған болатын. Мақсаты — «BARS», «KAINAR» аккумуляторларының және зауыттың жаңа брендтерін шығаруға мұрындық болу.
Байқау барысында 100-ден астам өтініш түскен, сонымен қатар зауыт мамандары 50-ден астам қатысушыға экскурсия өткізген, деп хабарлайды Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бүгінгі таңда «Қайнар-АКБ» ЖШС бірінші жеңімпазын таңдады, ол – Рауан Спанов. Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында жүлдегер жігіт «KAINAR» аккумуляторының жаңартылған дизайнымен таныстырды. Аталмыш байқау жыл аяңына дейін жалғасады. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлық та жоқ емес.
«Қайнар-АКБ» аккумулятор зауытының әкімшілік директоры Әлмеш Саркуловтың айтуынша, зауыт басшылығы әрдайым жастарға қолдау көрсетіп отыруды күн тәртібінен түсірген емес. Жергілікті Жетісу мемлекеттік университетінен және ҚазҰУ-нен тәлімгерлер арнайы келіп тәжірибеден өтіп тұратын көрінеді.
— Жылына 3 млн. данаға дейін аккумулятор шығаруға қауқарлы біздің ірі кәсіпорын тұтынушыларға қолжетімді әрі сапалы тауар ұсынуды көздейді. Бүгінгі таңда отандық өнімге Германия, Ресей, Қытай, Молдова, Иран, Моңғолия елдерінен сұраныс көптеп түсуде. Осы орайда айта кетейік, аталған өнімді жасап шығару үшін қажетті шикізаттың 88 пайызы өзіміздің елдікі, — деді Ә.Саркулов.