Домой Блог Страница 86

«Алтын бесік» балаларды қабылдайды

28de2350f30fa56ffdd2c00cc8ade51eБүгін Қала күні мерекесі қарсаңында Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен Талдықорған қаласында 320 орынға арналған жаңа балабақша ашылды. Бұл «Алтын бесік» балабақшасын мемлекеттік – жекеменшік серіктестік негізінде  жеке кәсіпкер ашып отыр.

Облыс әкімі А. Баталов балалар мен олардың ата-аналарын, жаңа мекеме ұжымын қуанышты жаңалықпен құттықтап, істеріне табыс тіледі.

— Мемлекет басшысының тапсырмасымен біз мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытып келеміз. Бүгін, міне, кезекті қуанышты күн. Кәсіпкерлердің көмегімен тағы бір жаңа балабақша ашып отырмыз. Қаланың кішкентай тұрғындарын, олардың ата-аналарын, балабақша ұжымына сәттілік тілеймін, — деді облыс басшысы.

Ашылу салтанатынан кейін облыс әкімі балабақша ғимаратын аралап, музыкалық залды, дене шынықтыру залын көрді. Мекеменің бір тобына кіріп, балаларға ойыншықтар мен теледидар тарту етті.

Талдықорған қаласының 6-шағын ауданындағы бұл балабақшаның құрылысы 2015 жылдың тамыз айында басталған болатын. Жалпы алаңы — 2500 шаршы метр. Балабақша мемлекеттік тапсырысқа енгізілген. Мұнда 16 топ ашылып, 100-ге жуық адам жұмыспен қамтамасыз етілмек.

Жалпы, бүгінгі күні Талдықорған қаласында 7998 бала мектепке дейінгі мекемелерге барады. 16 мемлекеттік, 29 жекеменшік балабақша және 9 мектеп жанындағы шағын орталықтар жұмыс істейді.

Облыста биылғы жылы 84 балабақша салынса, соның 78-і мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі бойынша жүзеге асырылуда.

Жыл мұғаліміне автокөлік берілді

9a08a914ae1a0775aecead4a8147613dАлматы облысында «Жылдың үздік мұғалімі — 2016» атағына Жамбыл ауданы Үмбетәлі Кәрібаев атындағы орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Гүлхан Нұрғазиева ие болды. Жеңімпаз облыс әкімі Амандық Баталовтың қолынан жаңа автокөліктің кілтін алды. Бұл туралы бүгін мұғалімдер мерекесіне орай Талдықорғанда өткен салтанатты жиында белгілі болды.

Салатанатты шара барысында облыс әкімі Амандық Баталов ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады.

— Ұрпақ тәрбиелеу жолындағы ұлағатқа толы еңбектеріңіз жемісті болсын! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға қуаныш пен бақыт тілеймін.

Биыл, өздеріңізге белгілі, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы. Осы ширек ғасыр уақыт аралығында еліміз өркендеп, қанат жайды. Дарынды, талантты  жастарымыз Тәуелсіздіктің жемісін көріп, Президентіміздің салиқалы саясатының нәтижесінде әлемнің әр қиырында білім алуда. Білім беру жүйесі әлемдік стандарттарға сай дамып келеді. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында осы саланы дамытудың нақты мақсаттары белгіленді. Алдағы бұл ауқымды міндеттерді абыроймен орындап, білім мен ғылымды өркендетуде биік белестерді бағындыратынымызға сенімдімін. Барша жетісулық мұғалімдер қауымына шығармашылық табыс, еңбектеріңізге жеміс тілеймін! Тәуелсіздіктің тұғыры биік, Мәңгілік Еліміздің болашағы кемел болсын! – деді облыс әкімі өз сөзінде.

Шара бұдан әрі марапаттаумен жалғасып, облыс басшысы А. Баталов үздік білім мекемелері мен қызметкерлеріне сый-сияпаттарын ұсынды. Жеті номинация бойынша өткен байқаудың қорытындысына сай Қарасай ауданындағы «Бота» балабақшасы «Үздік балабақша» атанса, Ақсу ауданындағы Қ. Сәтпаев мектеп-гимназиясы «Үздік ауыл мектебі» аталымында үздік шықты. «Үздік кәсіби білім беретін мекеме» сыйлығы Есік гуманитарлық-экономикалық колледжіне берілді. Жеңімпаздарға 300 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық берілді.

Сондай-ақ сынып жетекшілері мен қосымша білім беретін мекемелер арасынан да үздіктер аталып, оларға 150 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық ұсынылды.

Ал «Орта білім беретін үздік мекеме» номинациясында Қапшағай қаласындағы орта мектеп-гимназиясы жеңімпаз атанып, 18 млн. теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.

Педагогтар атынан сөз алған «Үздік жыл мұғалімі» атанған Гүлхан Нұрғазиева көрсетіліп отырған қолдаулар үшін алғысын жеткізді.

— Мен бүгінгідей аса маңызды мерекеде жеңімпаз атанып, құрметке бөленгеніме шын жүректен баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Бұл — біздің ортақ жеңісіміз, менің ұжымымның, менің оқушыларымның жеңісі. Осы салтанатты жиынды пайдаланып, білім беруге, ұрпақты тәрбиелеуге қолайлы жағдай жасап отырған Мемлекет басшысына алғысымды айтқым келеді. Біз, педагогтар, өз тарапымыздан Отанымыздың гүлденуі жолында шаршамай-талмай еңбек ететін боламыз, — деді Г. Нұрғазиева.

Сонымен қатар үздік қызметкерлерге құрмет грамоталары, алғыс хаттар, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілері, «Еңбек ардагері» медалі берілді.

Шара соңында жиналғандар назарына мазмұнды концерт ұсынылды.

Осы күні І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаев облыстың 10 мектебіне робототехника кабинеттерінің құрал-жабдықтарын сыйға тартты.

Елордада Astana Leisure-2016 туристік көрмесі өтіп жатыр

«Көрме» кешенінде жыл сайынғы Astana Leisure-2016 халықаралық көрмесі ашылды. Шара барысында Қазақстанның өңірлерінен және басқа да мемлекеттерден 100 астам компания, соның ішінде туристік фирмалар, санаторийлер, әуе компаниялары және т.б. қатысады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

«Астана Конвеншн бюро» ЖШС көрмеге екінші рет қатысып отыр. Бұл жолы Recommended by EXPO бағдарламасы бойынша серіктестер – қонақ үйлер, мейрамханалар көрсетілген үлкен стенд жасалды. Бұдан басқа, келісімшарт жасау мүмкіндігімен В2В-кездесулер өткізетін туристік агенттіктер мен қолөнершілер де бар.

«Астана Конвеншн бюро» ЖШС директоры Санияр Айтекеновтың айтуынша, бүгін Қазан қаласының Туризмді дамыту орталығымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылады.

– Шараға келген Ресей, жақын жатқан мемлекеттердің туристік агенттіктері еліміздің әлеуетімен танысады, келісімдер жасасып, қажетті ақпаратты алады. Жалпы, Қазақстан туризм аясында ұсына алатынның барлығы осында көрсетілген. Дәстүрлермен де танысуға болады, концерттік бағдарлама да ұсынылады, – деді Санияр Айтекенов.

Биыл шара барысында қатысушылар мен қонақтар үшін семинарлар, қала бойынша экскурсиялар, ақпараттық турлар, ұтыс ойындары ұйымдастырылады.

Көрме 1 қазанға дейін жалғасады.

ОҚО-да «анаға апарар жол» фильмінің көрсетілімі өтті

14446005_1073143692801969_4060789496470050551_nБүгін Шымкенттегі «Көрме» орталығында Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» тарихи драмасының премеьралық көрсетілімі өтті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Аталған жалпыұлттық көркем фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ мен «Жаңа әлем продакшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесіп түсірілген. «Анаға апарар жол» кинокартинасы – қазіргі ұлттық кинематографиядағы ең айтулы қойылымның бірі.
Сюжет желісіне фильм кейіпкерінің басына түскен сынақтардан өтуіне көмектесетін ана махаббатының күші туралы оқиға өзек болған. Басты кейіпкер Ілияс (Әділ Ахметов) пен анасының (Алтынай Нөгербек) арасындағы ұлы сезім олардың басына туған барлық қиын күндерді артқа тастап, қайта қауышуына себепші болады. Фильм 1930 жылдан бастап қазірге дейін аралықты қамтиды. Мұнда халықтың басынан өткен қиын-қыстау кезеңдер (ұжымдастыру, жұт, соғыс жылдары) басты кейіпкерлердің тұрмыс-тіршілігі арқылы беріліп отырады. Фильм өмірлік құндылықтардың бағасын пайымдап, айналаға деген көзқарасты қайта зерделеуге жол ашады.
Тарихи драманың түсірілімі Қазақстан, Беларус, Әзірбайжан жерінде өтсе, Минскіде әскери кезеңнің эпизодтары түсірілді. «Днепрді алу» кезіндегі қанды қырғынға 500-ден астам адам, 300 әскери техника, сондай-ақ кәсіби каскадерлер мен пиротехникалық заттар қолданылды. Жалпы картинаның жұмысына бас-аяғы 2 мың адам қатысты.

Ордабасыда аналарға құрмет көрсетілді

Ордабасыда аналарға құрмет көрсетілдіҚазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Ордабасы ауданында әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен «Аналар — шаңырақтың шаттығы» салтанатты шарасы өтті, деп жазады Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Аудан әкімі А. Мамытбеков барша ақ жаулықты аналарды мерекемен құттықтап, бүгінгі қоғамдағы әйелдердің орнына ерекше тоқталды. Саналы ұрпақ қалыптастырудағы ерен еңбектерін атап өтіп, барша аналардың алдында бас иетінін жеткізді. Осылайша, ауданымыздың алтын алқалы және ардагерлер аналарға ақ жаулық жауып, ниеттестігін білдірді.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан нәзікжандылар да сахнаға шақырылып, марапатталды. Қоғамдық шараларда белсенділігімен танылған азаматшаларға аудандық мәслихаттың Алғыс хаты тапсырылды.

Аудандық мәслихаттың депутаты З.Маханова, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы М.Зәйтүнқызы еліміздің Тәуелсіздік алған жылы шаңырақ көтерген отбасыларды мерейлі тойларымен құттықтады. Аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы ретінде Замира Сабекқызы ұстаздар арасындағы 25 жыл отасқан отбасыларын марапаттап, сый-сияпат табыстады.

Мәні де мағынасы да терең шара аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концертіне ұласты.

ОҚО-да қайырымдылық концерті өтті

ОҚО-да қайырымдылық концерті өттіОңтүстік Қазақстан облысында «Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына 25 игі іс» іс-шарасы аясында «Жасай бер, Қазақстан!» облыстық өнер қызметкерлерінің қайырымдылық концерті өтті.

Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда ұйымдастырылған концерттік шараға қайырымдылық жасау үшін өңіріміздің ардагерлері, кәсіпкерлері мен жомарт азматтары және аудан, қала әкімдіктердің, облыстық басқармалардың өкілдері, денсаулық сақтау мекемелері қатысты.

Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойы аясында ұйымдастырылған қайырымдылық шарадан түскен қаржы облысымыздағы тірек қимылы бұзылған балалардың (ДЦП) еміне жұмсалатын болады.

Облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өңірдің күміс көмей әншілері мен мәдениет майталмандары тегін өнер көрсетіп, мерекелік кешке өз үлестерін қосты.

Жалпы бүгінгі қайрымдылық шараға түскен қаржының соммасы 1 млн. 116 мың теңге. Аталған қаржы «ЖИТС-тен балаларды қорғау» қайырымдылық қоғамдық қорына аударылып, медициналық көмекті қажет ететін тірек қимылы бұзылған мүмкіндігі шектеулі балалардың еміне жұмсалатын болады.

Айта кетейік, жыл басынан бері облыс көлемінде аталып өткен қайырымдылық іс-шараларының ауқымы кең. Мәселен, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан және демеушілер тарапынан өңірдегі Батыр аналар мен көп балалалы аз қамтылған аналар, Ұлы отан соғысының ардагерлері, жалғыз ілікті қарттар, тыл еңбеккерлері, мүгедек балалар, мүгедек азаматтар және аз қамтылған отбасылар сынды 68 мыңға жуық азаматқа жалпы сомасы 31 млн. теңгедей ақша жұмсалған. Оның 70 пайызы қайырымды жандардың есебінен көрсетілген көмек болып табылады.

Ал осы мерзімде Оңтүстік Қазақстан облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы 100-ге жуық қайырымдылық іс-шараларын өткізді. Аталған игі шараларда 27 мыңнан астам адамға 84 млн. теңгеге жуық қаржылай және заттай көмек көрсетілді. Сонымен қатар, Ассамблеяның ұйытқы болуымен өңірдегі ауыр науқасқа шалдыққан 6 балаға Алматыда кезектен тыс ем алу үшін 800 мыңға жуық теңгені құрайтын емдік қолдау шаралары көрсетілді.

Мұндай игі шаралар Оңтүстік Қазақстан облысында жыл соңына дейін жалғасатын болады.

Талдықорғанда Түркі халықтары аспаптары оркестрінің гала-концерті өтті

05ff85a5f95f2ca6b471294a9e4b2f4bТәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ТҮРКСОЙ-дың ұйымдастыруымен түрік халықтарының өнерпаздарынан құралған халық аспаптар оркестрі талдықорғандықтарға тамаша тарту жасады.

Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Түркіменстан елдерінің тәуелсіздікке қол жеткізгеніне ширек ғасыр қатар толып отыр. Осы мерейлі мерекеге орай ТҮРКСОЙ ұйымы түрлі халықаралық жобаларды қолға алған. Наурызбен астасқан мерейтой алдымен Түркияның бірнеше қаласында бір мезгілде бастау алып, мұнан кейін оркестр АҚШ-тың Нью-Йорк пен Вашингтон қалаларында көрермендердің таңдайын қақтырған еді.

Бұдан дейін Бакудың тыңдармандарын тәнті еткен оркестрдің домбыра, балама, сырнай, кавал, қыл-қобыз, саз сырнай, морин-хуур, рубаб, топшур сияқты түрлі аспаптарынан төгілген үніне Талдықорғанның І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайына жиналған қауым куә болды.

Құрманғазының «Адай» күйіне, Кененнің әніне көрсетілген ыстық ықыласты айтпағанда, Саха республикасынан келген Юлияна Кривошапкинаның шаң қобызының үніне, қырғыз өнерпаздарының қомызбен төккен туындыларына, түрік, әжірбайжан халық әндеріне, Молдава, Моғолстан, Тыва, Башқұрстан, Өзбекстан өкілдерінің өнеріне, жалпы жиырмаға тарта нөмірдің қай-қайсысына да көрермен тік тұрып қол соқты.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов концерт соңында ТҮРКСОЙ ұйымының хатшысы Дүйсен Қасейіновке, өнер ұжымына осындай ұлағаты мол шараны Жетісудың кіндік қаласынан бастағандарына  ризашылығын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

ОҚО-да полиэтилен бұйымдарын қайта өңдейтін зауыт ашылады

e262f57d-b129-4282-b2ae-92cb4422dc50Бүгін Ордабасы ауданы Бадам ауылындағы «Бадам» индустриалды аймағында полиэтилен бұйымдарын қайта өңдейтін жаңа зауыттың іргетасы қаланды. Инвестиция құны 20 млн. АҚШ долларын құрайтын зауыт жылына 50 мың тонна өнім өндіреді деп күтілуде.

Ірі өндіріс орнының қазығын қағу салтанатты шарасына шетелдік бірқатар ірі компаниялардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұл жоба осы жылдың 28-29 сәуірінде өткен «Ontustik Invest-2016» халықаралық инвестициялық форумы аясында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде жүзеге асып отыр.

Аталған жобаны әлемге танымал  шетелдік HONGKONG TIANRUN CO.,LTD ірі өндіріс компаниясы облыс әкімдігімен және Green Technology Industries компаниясымен бірлесе отырып салмақ. Бүгінде бұл компания  70 мемлекетте өндіріс орындарын ашып үлгерген.

Өңірдің әлеуметтік-экономикасының дамуына серпіліс беретін зауыт іске қосылған кезде 250 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.

Жұмыссыз жүрген азаматтарға көмек көрсетілуде

064933ebf1bfef19613a2aa4325Жұмыспен қамту орталығы «Жастар» сарайында жұмыс іздеушілерге арналған кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Шара барысында 60 астам жұмыс беруші түрлі мамандықтар бойынша бос жұмыс орындарын ұсынып отыр. Сағат 10.00 басталған жәрмеңке сағат 13.00 дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында жұмыс іздеушілер әлеуетті жұмыс берушілермен сұхбаттасып, ұсынылған бос орындармен танысады, өз түйіндемелерін қалдырады.

— Жәрмеңке азаматтардың барлық санаттарына арналған. Бүгін түрлі салаларда мыңға жуық бос жұмыс орны ұсынылып отыр. Бұл жолы қызмет көрсету саласына баса назар аударылады. Елордада жақсы дамығандықтан мұнда кадрлар жетіспеушілігі байқалады. Жалпы жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша бос жұмыс орындарының арқасында 300-ден астам адам жұмыс тапқан, — дейді Астана қаласының Жұмыспен қамту орталығы баспасөз қызметінің басшысы Дидар Садықов.

Жәрмеңке барысында гид-экскурсоводтар мен тәрбиешілердің үш айлық курстарына да жазылуға болады. Оқу орталықтары өткізетін курстар Жұмыспен қамту орталығымен ұйымдастырылады, сабақтар тегін өткізіледі және стипендия төленеді.

Биыл жұмыссыз азаматтарға арналған тағы да екі жәрмеңке өткізілмек.

— Меніңше, бұл жұмыссыз жүрген немесе қосымша жұмыс іздеген адамдарға арналған жақсы шара. Жұмыс іздегеніме көп болды, жәрмеңкеге тәрбиешінің жұмысын іздеп келдім, — дейді астаналық Әлима Омарова.

Жалпы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, қалалық Жұмыспен қамту орталығына 9125 адам жүгінген, 7382 адамға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді, 5180 адам жұмысқа орналастырылды. Атап айтқанда, 486-сы «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында жастар практикасына жіберілді, 107 астаналық әлеуметтік жұмыс орындарына жолдама алды. Ал 623-ідайындау, қайта даярлау жне біліктілікті арттыру курстарын бітірді.

Түркістанда Ө.Жәнібековтың құрметіне көрме ұйымдастырылды

600_109Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайында «Торғайдың Өзағасы» көрмесі болып өтті. Көрмені Қостанай облысы Арқалық ауданының «Дала өлкесі тарихы» музейі халқымыздың салт-дәстүрінің білгірі, еліміздегі мұражай ісінің дамуында өзіндік қолтаңбасын қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 85 жыл толуына байланысты ұйымдастырды, деп жазады Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиынды «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының директоры Ж.Әубәкір ашып, Ө.Жәнібековтің еліміздің мәдени-рухани дамуына қосқан үлесіне тоқталды. Сондай-ақ Арқалық ауданының «Дала өлкесі тарихы» музейінің директоры Г.Елтаева сөз алып көрмені тамашалауға келген қала әкімшілігін, оқу орындарын қалың көпшілікке таныстырды. Түркістан қаласы әкімінің кеңесшісі Ж.Ибрагимов «Дала өлкесі тарихы» музейінің директоры Г.Елтаеваны арнайы алғыс хатпен марапаттады.

Көрмеге Өзбекәлі Жәнібековтың тікелей жетекшілігімен қайта қалпына келтірілген құнды жәдігерлер — ұлттық киімдер, ұлттық бас киім үлгілері, түскиіздер мен түскестелер қойылған. Әрбір жәдігер өзіндік құндылықтарға толы, терең тарихтан сыр шертеді. Жиын соңы жиналған көпшілік Өзбекәлі әлемінен рухани байып тарқасты.