Талдықорған қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау аясында тарихи Орбұлақ шайқасы қойылымы өтті, — деп хабарлайды Jas.kz
Талдықорған қаласының ипподромында өткен 3 бөлімнен тұратын тарихи қойылымға 100 атты және 500 жаяу әскер қатысты. Оның ішінде «Көшпенділер» мен «Жаужүрек 1000 бала» тарихи фильмдерінің түсіріліміне қатысқан қазақстандық кәсіби NOMAD каскадерлерi бар.
Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050», «Мәңгілік Ел» стратегиясын іске асыру барысында өткізілген салтанатты шараны ашқан Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «Орбұлақ» шайқасының тарихына тоқталып:
— Бүгінгі шараның негізгі мақсаты – Қазақ хандығының құрылу тарихын жас ұрпаққа жеткізу, олардың патриоттық сезімін қалыптастыру. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген дана халқымыздың дәстүріне адал болсақ, сонда ғана халқымыз өркениет көшінен қалмай,әлемдік қауымдастықтан өзінің лайықты орнын алары хақ, — деді.
Талдықорған қаласының тұрғындары мен қонақтарына тарихты еске түсірулеріне, бойында ел сүйгіштік рухын көтеруге, өзін-өзі дамытуына, шығармашылықпен айналысуына және көпшілікпен қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік туғызған «Орбұлақ шайқасы» шарасы барысында қазақ тарихының қайта құрылуынан, салт-дәстүрінен түрлі қойылымдар көрсетіліп, садақ ату мен жамбы атудан «Алтын жебе» турнирі, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, кәуап, күріш, бауырсақ пати және қымыз фестивальдері, ұлттық әшекей бұйымдар мен қолөнер шеберлерінің, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қатарындағы қару-жарақтар мен техникалар көрмесі, интерактивті аулалар, қолданбалы өнерден шеберлік сабақтары және басқа да түрлі шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ежелгі батырлардың киімдерін киген жігіттер мен қазақ киімдерін киген қыздардың сән көрсетілімі де көпшіліктің назарын өзіне аударды.
Көрермендердің ыстық ықыласына бөленген игі шара «Тиграхауд» этникалық әуен тобы мен Ибрагим Ескендірдің орындауындағы концерттік бағдарламамен мәресіне жетті.
Айнұр РАКИШЕВА,
Асқар ҚҰРАНБЕК (ФОТО)