Домой Блог Страница 47

Кентау мұражайы құнды жәдігерлермен толықты

imagesСанкт-Петербор қаласынан келген қаламгер, актер Шерхан Әбілов Кентау қаласындағы мұражайға құнды заттарды табыс етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ішінде Ұлы Отан соғысы жылдарында кеңес әскерлері бастарына киген каскалар, оқ тесіп өткен неміс әскерлерінің каскалары және жауынгерлер тамақ ішкен ыдыстар, сол тұстағы басылым парақшалары, одан бөлек әкесі Әбді талай жыл бойы қолданған ағаштан жасалған баян, аяқ-киімнің қалыптары және өзге де құнды жәдігерлер бар.
Жиын барысында қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев ұйымдастырылған іс шараның маңыздылығының жоғары екендігін атап өтіп, игі іске ұйытқы болған Шерхан Әбдіұлына алғысын білдірді. Қалалық мәслихат хатшысы Талғат Балабиев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Исахан Жұмабаев, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мұратбек Абдуллаев, қаламгер Рысты Атабекқызы ел ағасының елдік істерін сөз етті.

Біршама қала тұрғындары Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 70 жылдық медальімен марапатталды. Мұражай ұжымы да Шерхан Әбдіұлына жасаған игі ісі үшін алғыс хат табыс етті. Көпшілік музейге қойылған заттарды көріп, тамашалады. Құнды жәдігер өткен тарихымыздан сыр шертетін дүниелерге жатады. Кейінгі ұрпақ тарихи кезеңдерді тек кітаптан оқып қана қоймай, сол заманда пайдаланылған заттарды музейлерден көру арқылы басқаша пайым жасауы бек мүмкін. Сондықтан, музейлерімізді неғұрлым тарихи заттармен және құнды жәдігерлермен толықтырып отыру басты назарда болуы тиіс.

Түркістанда «Тайқазан» турнирі өтті

20150606122324Түркістанда жастар арасында қазақ күресінен республикалық дәстүрлі «Тайқазан» жүлдесін сарапқа салған жарыс мәресіне жетті, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Аталған дүбірлі додаға еліміздің барлық өңірлерінен келген 156 балуан қатысып, бақтарын сынады. Жалпы командалық есепте Жамбыл облысының жампоздарына тең келер балуандар табылмады.

Турнирдің жеңіл салмағы болып саналған 55 келіде жамбылдық Н.Аманшүкіров қарсылас шақ келтірмеді. Ол ақтық сында оңтүстікқазақстандық Т.Тұрмаханбеттен басым түсті. Ал үшінші жүлделерді алматылық М.Жамбыл мен жамбылдық Ә.Сағаділда өзара бөлісті.

Алпыс келіде ақтық айқасқа алқынып шыққан Жамбыл облысының қос балуаны Б.Жармұхамбетов пен О.Керимов арасындағы белдесуде Б.Жармұхамбетовтің бағы жанды. Үшінші орындарға жамбылдық Д.Тұрғанғали мен Солтүстік Қазақстаннан келген Р.Алпысов жайғасты. Қарағандылық Р.Ховдрасол (66 келі) өз салмағында жеңімпаз атанса, оқтүстікқазақстандық балуан Х.Олжаға екінші орын бұйырды. Үздік үштікті М.Рахимов (СҚО) пен Т.Молдаш (Түркістан) қорытындылады.

74 келіде жерлестерінің үкілеген үміті түркістандық Е.Қожан турнир кестесінің ең биік сатысынан көрінді. Екінші орынды С.Жақсыкелді (ОҚО) еншілесе,үшінші орындарға Ш.Сапарханов (ОҚО) пен А.Бескемпір (Жамбыл облысы) лайық деп танылды. 82 келідегі бас жүлде қарағандылық Е.Молдағұловтың қанжығасында кетсе, алматылық Е.Жанатаев екінші орын алды. Үшінші орындар А.Алиходжаев (Түркістан) пен М.Байжігітте (ОҚО) қалды.

Жарыс ауыр салмаққа жақындаған сайын тіпті қыза түсті. 90 келіде Оңтүстік Қазақстан балуаны Н.Есенгелді Қытайдан келген балуан С.Жайдарды қапыда қалдырып жеңімпаз атанды. Үшінші жүлделерді Д.Жамалхан (Түркістан) мен Д.Дариялов (Қызылорда) алды. 100 келі салмақтағы сайыс та жарыс жанкүйерлерін бей-жай қалдырмады. Қ.Шамшиддинов (ОҚО) пен Г.Оңалбай (Алматы қаласы) арасындағы ақтық белдесу Қ.Шамшиддиновтің пайдасына шешілді. Түркістандық қос балуан М.Үсен мен А.Ізбасар үшінші орындарды қанағат тұтты.

Аса ауыр салмақта жамбылдықтар А.Ақберді мен Н.Жұмахан финалда жолықты. Бұл белдесуде А.Ақбердінің мерейі үстем болды. Қарағандылық А.Хапез бен Алматы облысының балуаны М.Насибуллаев елдеріне үшінші жүлделермен оралатын болды.

Қазақ күресі дегенде Түйе балуанды айта алмай өте алмаймыз. «Күш атасын танымайды» деген халық нақылы да осы бәсекеде айқындала түседі. Салмаққа қарамай сынға түсетін бұл тартысты белдесулерде Оңтүстік Қазақстан балуаны Қ.Шамшиддиновтің жауырыны жер иіскемей Түйе балуан атанып,турнирдің арнайы белбеуін тақты. Екінші жүлде де оңтүстікқазақстандық Н.Есенгелді еншісінде. Ал үшінші тұғырларға М.Байжігіт (ОҚО) пен А.Әділбай (Алматы облысы) көтерілді.

Түркістанда мәреге жеткен бұл айтулы додада Қытай мемлекетінде қазақ күресінің жанашыры болып жүрген Дәулетхан Нұрлан бауырымыздың өз шәкіртін алып келіп, жарыс көркін қыздырғанын да айтқан абзал. Сонымен қатар жарыста жеңімпаз бен жүлдегер атанған барлық балуандар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Түлкібаста құны 3,7 млрд. теңге болатын 6 жобаның құрылысы басталады

img_0771_0Түлкібас ауданындағы  индустриалды аймақта жалпы құны  3 млрд. 709 млн. теңге болатын 6 жоба жүзеге асырылады. Құрылысы осы айда басталатын зауыттар іске қосылған кезде жаңадан 284 жұмыс орындары  ашылатын болады.

Жобалардың негізгі бағыты ауданның табиғи ерекшелігін ескере отырып, тамақ өнімдерін өндіру. Яғни,  жеміс-жидек көкөністерді өңдеп, табиғи шырын шығару және ет өнімдерінен шұжық тағы басқа өнімдер шығарылатын болады.

Аудан басшысы Ә.Тұрғымбеков аталған жобаларды жүзеге асырушы кәсіпкерлермен кездесіп, келісім шартқа қол қойды.

Кездесуде кәсіпорындарға қажетті  шикізатпен қамтамасыз ету үшін ауданда  бау бақшалар, мал шаруашылығы саласында  кооперативтер құрылатыны айтылды. Сонымен қатар, аудан әкімі алдағы уақытта индустриалды аймақта тағы да 9 жоба іске асатынын мәлімдеді.

Жалпы жер көлемі 50 гектарды құрайтын индустриалды аймақтың инфрақұрылым жұмыстары өткен жылы толық аяқталған.

ОҚО мен TIKA арасындағы байланыс нығаяды

t8r3kter_6000Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Түркия Республикасы Үкіметі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (одан әрі — TIKA) Қазақстандағы өкілі Әли Ихсан Чаглармен кездесті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Басқосуда тараптар бауырлас қазақ-түрік қарым-қатынасын одан әрі жақсарту жайын талқылап, ынтымақтастық меморандумын түзу жайын әңгімеледі. Атап айтқанда, олар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, мәдениет, туризм сынды түрлі салалар бойынша бірлескен жобалар жасауға уағдаласты.
Өз кезегінде, аймақ басшысы өңірімізге арнайы келген мәртебелі мейманға алғысын білдіріп, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Агенттік өкілі Әли Ихсан Чаглар өзі қызмет ететін TIKA ұйымы арқылы Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында жеткен табыстарын дүниежүзіне танытып, еліміздің атын шығаруға әрекет ететінін жеткізді.
Айта кету керек, Түркия Республикасы Үкіметі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің әлемнің 56 елінде филиалдары бар. Жер-жаһанның 150 елімен ынтымақтық жобаларын жасасқан TIKA ұйымы соңғы 3 жылда ынтымақтастық жұмыстары мен гуманитарлық көмектердің арқасында әлемде бірінші орынға шыққан.

ОҚО-да облыстық көркемсурет галереясының жаңа ғимараты салынбақ

k-rkemsuretКеше Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев суретшілерді қолдау, өнерін насихаттау, пікір алмасу, сондай-ақ, осы бағытты дамыту мақсатындағы ұсыныстарды талқылау мақсатында облыстық бейнелеу өнері музейінде болды, деп жазады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Онда аймақ басшысы суретшілер одағының мүшелерімен кездесіп, саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, жиынға ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ресей, Қырғызстан Көркемөнер академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ерболат Төлепбай қатысты.

Отырыс барысында Қазақстан Суретшілер Одағы облыстық филиалының директоры Нұрлан Шилібаев өнер адамдарының әлеуметтік жағдайын жасау мәселесін көтеріп, шығармашылықпен айналысатын жұмыс орнының жоқтығына алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ, жергілікті суретшілердің туындыларын аталған бейнелеу өнері музейінің қорына сатып алу жайын қозғап, түрлі тақырыпта жоспардан тыс жылына екі рет көрме ұйымдастыруды сұрады. Филиал директоры өз баяндамасында облыс суретшілерінің шығармаларын халықаралық деңгейге көтеруды ұсынып, суретшілер шеберханасын құру қажеттігіне тоқталды.

Мұнан соң,  ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Ерболат Төлепбай сөз сөйлеп, саладағы өзге де өзекті жайттар бойынша ойын білдірсе, суретші, қолөнер шебері Кендебай Қарабдалов өзі тап болған кедергілер ретін аймақ басшысының алдына көлденең қойды.

Осынау проблемаларға қанық болған аймақ басшысы нарықтық экономика заманында әрбір азамат күні-түні жұмыс істеп, еліміздің көркеюіне атсалысу қажеттігіне назар аударды. Шығармашылық өкілдерінің жұмысын тек жергілікті деңгейде ғана емес, халықаралық дәрежеде көрме ұйымдастыру арқылы өткізу керектігін айтқан әкім облыста заманауи талаптарға сай жаңадан Оңтүстік Қазақстан облысының көркемсурет галереясының салынатынын жеткізді.

«Оңтүстік Қазақстан облысының көркемсурет галереясын салу туралы тапсырма бердім. Өйткені, сурет күтімді талап етеді. Маманданған жаңа ғимарат салынған соң, күн тәртібіндегі мәселелер өз ретімен шешімін табады деп ойлаймын. Сондай-ақ, мұнда шеберлік сабақтарын ұйымдастырып, симпозиум өткізу жайын қарастыратын боламыз», — деді Ж.Түймебаев.

Айта кету керек, 2009 жылы суретшілерге қолдау көрсету, олардың шығармашылығын насихаттау мақсатында ашылған Көркемсурет галереясының жанынан 2015 жылы жаңа заманауи тұрғыда қосымша ғимарат салынып, нысан өз алдына «Бейнелеу өнері музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны ретінде қайта құрылған болатын. Бүгінгі таңда, мұндағы шығармашылық туындыларының жалпы қоры 1015 дананы құрайды.

Өңірімізде Қазақстан Суретшілер одағының 88 мүшесі бар болса, оның 2-уі ҚР еңбек сіңірген қайраткері, 1-уі ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 15-і «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері.

Шымкенттегі орталық көшелерге «Жасыл желек» тұқымбағының көшеттері отырғызылады

3a6928ba-21ab-4a4e-83c2-84dfb0004cbaБүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қазығұрт ауданындағы «Жасыл желек» мемлекеттік мекемесінің жұмысымен танысып, тұқымбақтағы  көшеттерді аралап көрді, деп жазады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Үш учаскелік бөліктен тұратын 60 гектар тәлімбақта бүгінде 3,5 млн. түптен астам ағаш көшеттері бапталуда. Осындағы жұмыстардың жайын баяндаған облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы М.Отаршиев тұқымбақта қылқан жапырақты, декоративті, жеміс ағаштары мен бұталардың 40-тан астам түрі егілгенін жеткізді. Сондай-ақ, ол тұқымбақтағы өсіріліп жатқан сеппе және тікпе көшеттерге тұрақты түрде күтіп, баптау жұмыстары жүргізілетінін және  сұранысқа ие көшеттердің түрлерімен толықтырылып отыратынын айтты. Мәселен, биыл мекеме тұқымбағында 912 мың түп өскін жаңадан отырғызылған.

Басқарма басшысын мұқият тыңдаған облыс әкімі осындағы  қылқан жапырақты және декоративті ағаштардың биіктігі 2,5 метрден асатын сұрыптарын Шымкент қаласының орталығындағы 26 көшеге отырғызуды тапсырды.

«Өздеріңіз білесіздер, халқы көп  Шымкент қаласында тиісінше, автокөліктердің  саны да тығыз. Сондықтан экологияны сақтап, табиғи балансты реттеу үшін Шымкентті жасыл қалаға айналдырып, атына лайықты етуіміз керек. Шаһардың көркіне сән беретін түрлі декоративті ағаштардың санын көбейту үшін осы тұқымбаққа жаңа көшеттерді егу керек. Шымкенттің көгалдандыру жұмыстарына тиісті сала мамандары бірауыздан жұмылдыруды жүктеймін»,-деді әкім.

Шымкенттің көгалдандыру жұмыстарына ерекше мән берген аймақ басшысы бұл мәселені жеке бақылауына алатынын ескертіп, алдағы уақытта қалада бірнеше шағын бақтар (скверлер) салынатынын жеткізді.

Басқарма басшысының айтуынша, «Жасыл желек» тұқымбағынан қалада отырғызуға сай келетін шамамен 100 мың ағаш көшетін алуға болады.

Мекеме құрылған 11 жылда тұқымбақтың егіндік бөлімшелерінде 3-4 млн. дана аралығында қылқан жапырақты, декоративті, жеміс ағаштары мен бұталардың 40-тан аса түрі өсіріліп, облыстағы мемлекеттік  мекемелер мен халықтың сұранысын қанағаттандырған.

Осы күні облыс әкімі Шарапхана ауылдық округіндегі «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан М.Өтемісұлы атындағы 300 орындық мектептің құрылысымен танысты. Келер жылға өтпелі нысанның сапасын қадағалаған аймақ басшысы құрылыс жұмыстарын мерзімінде аяқтап, онда қолданылатын құрылыс заттары отандық болуын айтты.

Ордабасыда әжелер байқауы өтті

15_0Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ардагерлер кеңесі мен әжелер алқасының ұйымдастыруымен «Әже — ұлт ұйытқысы» байқауы өтті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін ауданның бірнеше аймағында әжелер арасында сайыс өтіп, аталған ақтық сынға өз аймақтарынан үздік шыққан жеті әже қатысты. Байқауға қатысушылар ережеге сай, бес кезең бойынша өнерлерін көрсетіп, түрлі сындардан өтті.  Мәселен, олар ұмыт бола бастаған дәстүрлерді сахналап, қазылардың сұрақтарына жауап берді. Шеберліктері мен өнері де сараланды.

Көп жыл білім беру саласында еңбек еткен қажымұқандық Р.Әлсейітова, ұрпақ тәрбиесі бойынша үйретері мол шұбарсулық Т.Бөлекбаева, бесік жырын айтып, ұл-қыз өсірген бөгендік Ш.Қалымбетова, ауыл анасы атанып отырған бөржарлық Н.Үсенова өмірден түйгенін ортаға салды.

Ал домбыраны өмірлік серік еткен қарақұмдық А.Нысан «Еліміздің өркендеп өсуіне, көп біздің қосар әлі үлесіміз», — деп жырласа, 70 жасты желкелеген бадамдық әже Ж.Әбдірахманова «Жас кезден айтқан әнімді, 100 жаста да қоймамын», — деп әуелетті. Сонымен қатар, Шұбар ауыл округі әжелер алқасының төрайымы Р.Ертай «Ау-жар» салтының мәні мен мағынасын айтып, ерте замандағы қалың малдың құрбаны болған қыздардың мұңын әнмен жеткізді.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Әбдіқайымұлы іс-шараны ұйымдастырушы, аудандық әжелер алқасының төрайымы А.Көкішеваға алғысын жеткізді.

Қатысушылардың барлығына ерекше алғысын білдірген Айгүл Сейітқызы қазақ халқындағы ақсақалдар мен әжелердің тәрбиесінің ұлтты қалыптастырудағы рөліне тоқталды.

Қазығұртта «Домбыра-думан» атты кеш өтті

20161107223922Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт аудандық мәдениет сарайында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Домбыра-думан» атты кеш болып өтті, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Іс-шараның негізгі мақсаттарының бірі жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу, домбыра аспабын кәсіби кәсіби деңгейде меңгерулеріне мүмкіндік жасау, өнерпаздарға кең жол ашып, қолдау көрсету болып табылды.

«Домбыра думан» шарасында домбырашы жастар ән салып, күй шертіп, жиналған көпшілікке өнер көрсететті. «Домбыра думан» атауын алған бастаманың басты мақсаты — домбыраны, қазақ өнерін насихаттау.

Бұл іс-шарада музыка мектебінен Мақсұт Шыршықбай, Әбдірашит Әміре, Атбұлақ ауылынан Ислам Мақсат, мәдениет сарайының әншілері Нұрхан Байтұрсынов, Сакен Шаумаровтар өз өнерлерін ортаға салды. Олар халық әні «Ой қарағай», Абайдың «Татьянаның хаты», Кенен Әзірбаевтың «Бастау» әндерін және Құрманғазының «Ақсақ құлан», Динаның «Наурыз», Қазанғаптың «18 жасар Балжан қыз», Т.Момбековтың «Ерке сылқым», «Салтанат» және т.б. күйлерін орындады.

Іс-шараға қатысушылар қазақтың ұлттық құндылықтарын насихаттау арқылы әлем жұртшылығы домбыраны тану арқылы қазақтай өнерпаз елдің мәртебесі қашан да биік екенін ұғынды. Ата-бабаларымыздан асыл мұра боп жеткен домбыраның шанағынан жыр сорғалатып, күй төгетін өнерпаздарымыздың мерей үстем болсын, ұлт құндылығын жас ұрпақ жатсынбасын, деген ниетпен думанды кеш аяқталды.

ОҚО: Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерекелік шаралар кеңінен қанат жаюда

20160909120441Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі өңірлерде айтулы шаралармен өтуде. Игі шаралардан Түркістан маңындағы ауылдық округтері де шет қалмауда, деп хабарлайды Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ұлттық спорт түрлерін Тәуелсіздік мерекесімен тұспа-тұс өткізу де шара көркін қыздыра түсуде. Осындай үрдіс Жаңа Иқан ауылында көкпар мен бәйгеден өткен ұлттық спорт ойындарымен жалғасты. Аталмыш шара ауыл әкімдігі мен демеушілердің қолдауымен өтті. Дүбірлі тойда көкпар салымында түйеден бастап төрт түліктің бәрі болды. Төрт шақырымдық бәйге де жиылған жұрттың делебесін қоздырумен болды. Жүлдегерлері ақшалай сыйлықтармен марапатталып, ұлттық ойынымызды тамашалауға келген жұртшылыққа арнайы ас та берілді. «Бүгінгі Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесіне өткізіліп жатқан ұлттық спорттық ойындарымыз ауылдың көркін ажарландырып жіберді. Осындай шаралар тек біздің ауылымызда ғана емес, өзге ауылдарда да жалғасын тапса игі. Даланың иісін сағынған жандарға бұл ойындар өте керемет әсер берді деп ойлаймыз»,-дейді шараға келген ауыл ақсақалдары. Сондай-ақ мерекелік аста Түркістан қаласының бас имамы О.Елеуов ата-баба рухтарына құран бағыштады.

Елорданың жедел әрекет ету қызметтері өзендегі жұқа мұздың қауіптілігі жайында ескертеді

Күзгі мұз қату – өзен, көлдер мен су айдындарындағы алғашқы мұздың қатуы. Алғашқы мұз конькимен сырғанауға, балық аулауға ғана емес жолды қысқартып, сықырлақ мұздың үстімен жүруге де шақырып тұратын сыңайлы. Шын мәнінде, ол жұқа, қауіпсіз емес және адам салмағын көтере алмағандықтан өте қауіпті болып табылады.

Осыған байланысты елордалық жедел әрекет ету қызметтері қала тұрғындары мен қонақтарына күзгі жұқа мұздың қауіптілігі жайында ескертеді және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Мамандардың айтуынша, бақытсыз жағдайларға жол бермеу үшін қауіпсіздік шараларын сақтау керек. Мұздың қалыңдығы 10-12 см-ге жеткен кезде ғана оның бетіне шығу қауіпсіз болады. Сондай-ақ, мұздың беті қармен жабылған жерлермен жүрмеуге тырысқан абзал, себебі ондай жерлерде мұз әлдеқайда баяу қатады. Кей жағдайларда су айдынының бетіндегі мұздың қалыңдығы 10 см-ді құраса, ал қардың астында қалыңдығы 3 см-ді құрайды.

Астана қаласының ТЖД хабарлауынша, ағымдағы жылдың 6 қарашасында Есіл өзеніндегі ойыққа малту кезінде 1964 жылы туған ер азамат суға батып кетті.