Домой Блог Страница 109

Оқушылар «Назар аударыңыз, бағдаршам!» акциясына қатысты

Астанада №37 С. Мәуленов атындағы мектепте «Назар аударыңыз, бағдаршам!» кең ауқымды шарасы өткізілді. Балалар ойын түрінде жол жүру ережелерімен танысып, жолдан дұрыс өтуді және қоғамдық көлікте өзін-өзі қалай ұстану керектігін үйренді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Оқушылар «Назар аударыңыз, бағдаршам!» акциясына қатысты

Шараны қыркүйектің 1-мен 10 аралығында өтетін жол-көлік травматизмінің профилактикасына арналған он күндік аясында Астана қаласының Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы 2016-2019 жж. арналған «Денсаулық» денсаулықты дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында ұйымдастырып отыр.

— Біз мемлекеттік органдардың, қоғамның назарын балалар арасындағы жол-көлік травматизмі проблемаларына аудармақпыз. Бір жылда 40 мектептегі 1-4 сынып оқушыларын қамтимыз. Акция театрландырылған қойылым формасында өткізіледі, балалар жол жүру ережелерімен танысады, мектепке және үйге апаратын жолдарға баса назар аударылады. Балалардың осы санаты ақпаратты ойын түрінде жақсы қабылдайды, — дейді Астана қаласының Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Ақмарал Құрманбаева.

Балаларға «Фиксики» анимациялық мультсериалдың кейіпкерлері Симка мен Нолик қонаққа келді. Олар жол үстінде, қоғамдық көлікте, бағдаршамның жанында көңілді және өнегелі сахналық қойылымдар көрсетті. Оқушылар жол қозғалысы ережелері туралы сұрақтарға белсенді жауап берді.

Айта кетейік, Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері қалалық ауруханаларға жолдарда алған жарақаттармен 398 бала жатқызылды.

ОҚО-да отандық тауар өндірушілердің каталогы әзірленді

ОҚО-да отандық тауар өндірушілердің каталогы әзірлендіҚазақстан Республикасының инвестициялар және даму министрлiгi Техникалық реттеу және метрология комитетiнiң Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша департаменті тарапынан жүргізілетін тексерулердің саны жыл сайын азайып келеді, деп жазады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Мәселен, 2013 жылы департамент тарапынан 184 тексерулер жүргізілсе, 2014 жылы 95 тексерулер орын алған. Ал өткен жылы тексерулер саны  50 пайызға азайған. Бұл өз кезегінде көрсетiлетiн қызметтердiң қауiпсiздiгi мен сапасының жақсарғанын және техникалық регламенттердің талаптарының орындалып жатқандығын білдіреді. Бұл туралы бүгін Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Техникалық реттеу және метрология комитетінің ОҚО бойынша департамент басшысы Оразғали Егембердиев мәлім етті.

Оның айтуынша, департамент  осы жылдың  I жартыжылдығында жұмыс жоспарына сәйкес, барлығы 32 тексеру жүргізген. Тексерулердің қорытындысы бойынша 15 заңды және жеке тұлғалар 1 млн. 177 мың теңге мөлшерінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал 120 дана өлшем құралдары пайдалануға жарамсыз деп, қолдануға тыйым салынды. Сондай-ақ, бір құрылыс сынақ зертханасының аккредиттеу аттестатының күші 6 айға тоқтатылса, бір ішкі айналым үшін тауардың шығу тегі туралы «СТ-КZ» сертификатының күші мүлдем жойылды.

Жоғарғы органдармен келісілген және бекітілген іріктелген тексеру тізімдері  тоқсан сайын Қазақстан Республикасының  Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің сайтында жарияланады.

«Комитеттің аумақтық Департаменттері Қазақстан Республикасы «Техникалық реттеу туралы» заңының негізімен барлық шығарылатын отандық өнімдерге ақпаратты қамтамасыз ету мақсатында тіркеу жүргізілуде. Бүгінгі күнде облыстың тауар өндірушілері 363 каталог парақтарына енгізілуде. Барлық отандық өнімдердің тізімі біздің Комитеттің сайтында орналасқан»,- деп айтты спикер.

Баспасөз мәслихатында баяндамашы 2016 жылдың 6 ақпанында «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістер жайын атап өтті. Онда осы жылдың  ІІ жартыжылдығынан бастап ҚР аумағында бұйымның сынамалау таңбасыз (пробирное клеймо) және ие белгісіз (оттиск именника) зергерлік бұйымдарды сатуға тиым салынғаны туралы айтылған. Заңда көрсетілген  талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізетін уәкілетті орган — Техникалық реттеу және метрология комитеті және оның аумақтық департаменттері болып табылады.

Созақта 1200 бас қаракөл қойы Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортталды

Созақта 1200 бас қаракөл қойы Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортталдыСозақ ауданында бүгiнгi таңда мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының бәрi еттi қой түрлерiн өсiрумен қарқынды түрде айналысуда, деп жазады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Ал сала мамандары көзін тапса, қаракөл шаруашылығынан келер табыстың көл-көсiр болатынын айтады.

Осы бағыттағы жұмыстарды жандандырған теріскейліктердің қаракөл мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жұмыстары өз нәтижесін бере бастады. Бүгінде Созақ ауданында екі бірдей шаруашылық — «Құмкент» және «Қара құр» өндірістік кооперативі қаракөл қойын өсірумен айналысады. 

Тамыз айында «Қара құр» өндірістік кооперативі 1238 бас қаракөл тоқтысын Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортқа шығарып, тиімді бағада сатты. Шетелдіктердің қой алудағы талаптарынан толықтай шыққан кооператив жетекшісі жыл соңына дейін тағы да бірқатар қаракөл қойын шетелге сатуды жоспарлап отырғанын айтады.

Мәдениет басқармасына жаңа басшы тағайындалды

Мәдениет басқармасына жаңа басшы тағайындалдыБүгін конкурстық іріктеудің негізінде Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы лауазымына Ахметжанов Нұрболат тағайындалды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Ахметжанов Нұрболат 1963 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы бойынша біліктілігі концерттік орындаушы, оқытушы, заңтану бакалавры.

1990-1998 жылдары Павлодар облыстық филармониясында концертмейстер, оркестр директоры, оркестр артисті, С. Торайғыров атындағы Павлодар педагогикалық институтында педагогика және музыкалық-эстетикалық тәрбие беру кафедрасының оқытушысы қызметтерін атқарған.

Мемлекеттік қызметтегі өтілін 1998 жылы Павлодар облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары ретінде бастаған.

2002-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінде халық шығармашылығы және аймақтық саясат басқармасының басшысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі аппараты заң бөлімінің бас консультанты лауазымдарында қызмет атқарған.

2006-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінде өнер департаменті директорының орынбасары, мәдениет және тілдерді дамыту департаменті директорының орынбасары, Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттамалар басқармасының басшысы лауазымдарын атқарған.

2015 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер жұмыстары жөніндегі департаменті директорының орынбасары лауазымдарында қызмет атқарған.

ОҚО-да 470 мың тонна масақты дәнді дақыл жиналды

ОҚО-да 470 мың тонна масақты дәнді дақыл жиналдыОңтүстік Қазақстан облысында жазғы дәнді дақылдарды жинау жұмыстары толығымен  аяқталды. Биыл облыс дихандары астық өсіруде озық технологияларды, оның ішінде терең қопсыту әдісін қолдана отырып, үлкен көрсеткіштерге қол жеткізді, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Оңтүстіктің шаруалары 214,4 мың га жерге егілген масақты дәнді дақылдардың әр гектарынан 22 центнерден, барлығы 470 мың тонна өнім жинады. Бұл Қазақстанның егенмендік алған жылдардан бергі өңір дихандарының жеткен жетістігі деп білеміз.

Мәселен,  Қазығұртта 42 мың га жерге егілген астықтан гектарына 26,5 цт, Төле би ауданы  20,6 мың га астықтың әр гектарынан 26 центнерден өнім алса, түлкібастық шаруалар 24,8 мың га алқаптан 25,2 центнерден өнім алған.

Сонымен қатар, облыста дәндік жүгеріні ору науқаны басталып, 40,1 мың гектар жерге егілген жүгерінің бүгінде 3,3 мың га орылды. Оның гектарынан 42,4 цент, барлығы 13,8 мың тонна өнім жиналды. Ал 74 мың гектар жерге егілген мақсарының бүгінде 28,7 мың га орылып, одан 20,1 мың тонна өнім жиналып отыр. Алдын-ала есеп бойынша диқандар әр гектарынан 7 центнерден жалпы 52 мың тонна өнім жинауды жоспарлауда.

Жалпы алғанда облыста осы жылы дәнді дақылдардан 660 мың тонна өнім жиналады деп күтілуде.

Қарғалының 1 сынып оқушылары білімін жалғастырды

Қарғалының 1 сынып оқушылары білімін жалғастырдыЖақында бұқаралық ақпарат құралдарында Алматы облысының Жамбыл ауданында орналасқан дарынды балаларға арналған үш тілде білім беретін №2 Қарғалы арнайы гимназиясының бірінші сынып оқушыларының оқуға қабылдау емтихандарынан өткендігіне қарамастан, аталмыш гимназияға қабылданбай қалғандығы жайында ақпарат таралған болатын. Бұл мәселенің орын алғандығы рас. Мектеп басшылығы бұл мәселені қабылданған оқушылар санының мектепте білім алуға шақталған оқушылар санынан артық болып кеткендігімен түсіндіруде.

Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлованың  хабарлауынша, ағымдағы жылдың тамыз айының басында облыстың білім басқармасы мектеп жасындағы балаларды бірінші сыныпқа қабылдаудың болжамын жасақтаған. Мектеп директоры Ж. Құралбаеваның берген ресми ақпараты бойынша Қарғалы елді-мекеніндегі мектепке қаржыландыру жоспары бойынша барлығы 54 бала болатын екі толық сынып жасақтау жоспарланған, деп хабарлайды Алматы облысының баспасөз қызметі.

«Алайда, №2 Қарғалы арнайы гимназиясының директоры Ж. Құралбаева облыстық білім басқармасымен алдын-ала келіспестен, жоспарланған екі сыныптың орнына жалпы саны 134 баладан тұратын 5 толық сынып оқушыларын қабылдап қойған. Нәтижесінде, 2 қыркүйек күні 80 бала тиісті білімін ала алмай қалды. Осыған байланысты, дарынды балаларға арналған үш тілде білім беретін №2 Қарғалы арнайы гимназиясының директоры Ж. Құралбаева гимназия директоры қызметінен босатылды», — деп хабарлайды Л. Базарқұлова.

Алматы облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша, бүгінгі күні гимназияда барлығы 55 бала білім алатын 2 толық сынып жасақталды. Мектепке қабылданбай қалған 79 оқушы өзге мектептерге көшіріліп, осы күнде тиісті білімдерін алуда. Олар: Қарғалыдағы №3 және №4 орта мектептер, Бейсеуов, Әпсеметов, Құтпанбетұлы, Қарсақбаев, Рысқұлов атындағы орта мектептер, сондай-ақ Үмбетәлі және Уәлиханов атындағы орта мектептер.

Жетісу жәрмеңкесі астаналықтарға 340 тонна ауылшаруашылығы өнімдерін ұсынбақ

Жетісу жәрмеңкесі астаналықтарға 340 тонна ауылшаруашылығы өнімдерін ұсынбақҮстіміздегі  жылдың 10 қыркүйегінде Елордада Алматы облысының ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің қатысуымен облыстық ауылшаруашылығы  жәрмеңкесі  өтеді. Оған аграрлы аймақтың 16 ауданы, 3 қаласы және іргелі «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы  қатысады, деп хабарлайды Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жәрмеңкеге көлемі 340 тонна ауылшаруашылығы өнімдерін апару жоспарлануда. Қала тұрғындары жетісулық еңбеккерлердің маңдай терімен келген ауылшаруашылығы өнімдерінің 38-ден астам түрімен қамтамасыз етілмек. Оның ішіндегі 30 тоннадан астам алма жемісінің 10 тоннасы апорт. Жәрмеңкедегі сату бағалары қаладағы бөлшек сауда құнынан 15-20 пайызға төмен болады. Бұл туралы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Талғат Алыбаев айтты.

— Жәрмеңкеде сатылатын өнімдердің санитарлық-эпидемиологиялық және ветеринарлық сапасына қатаң бақылау қойылады. Автокеруен екі күн бұрын, яғни 8 қыркүйекте аттанады. Жәрмеңке 10 қыркүйек күні таңғы сағат 8.00-ден 16.00-ге дейін жалғасады. Бұл жәрмеңке азық-түлік бағасын тұрақтандыру, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылып отыр, — деді Т. Алыбаев.

Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалайтын жаңа компьютерлік бағдарлама әзірленді

Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалайтын жаңа компьютерлік бағдарлама әзірлендіҰлттық тестілеу орталығы 10 сынып оқушылары арасында және мемлекеттік қызметтің «Б» корпусының үміткерлері үшін қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалайты А2 деңгейіне арналған ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеудің 50 тест тапсырмасынан тұратын компьютерлік тестілеудің жаңа нұсқасын әзірледі, деп жазады bilimnews.kz.

10 сынып оқушыларына арналған компьютерлік тестілеу үш бөлік қатысқан 50 тест тапсырмасынан тұрады. Тыңдалым бөлігі бойынша – 15, Лексика-грамматикалық құрылым бойынша – 20, Оқылым бөлігі бойынша – 15 тест тапсырмасы бар.

«Б» корпусының мемлекеттік қызметшілері үшін әзірленген компьютерлік тестілеу үш бөлік қатысқан 50 тест тапсырмасынан тұрады. Тыңдалым бөлігі бойынша – 10, Лексика-грамматикалық құрылым бойынша – 20, Оқылым бөлігі бойынша – 20 тест тапсырмасы бар.

Бағдарламаның қолдануға арналған интерфейсі қазақ және орыс тілдерінде жасалған, орнатуы мен қолдануы өте жеңіл.

Компьютерлік тестілеуді орнату файлын ҚАЗТЕСТ жүйесінің сайтынан www.kazakhtest.kz  еркін қол жеткізе отырып, көшіре аласыз.

Түлкібастың алмасын аудандық брэндке айналдыру жайы талқыланды

Түлкібастың алмасын аудандық брэндке айналдыру жайы талқыландыТүлкібас ауданында алма бау шаруашылығын дамыту мақсатында облыстық ауылшаруашылығы басқармасы, аудан қала әкімдерінің орынбасарлары, бау шаруашылығымен айналысушы бағбаншылардың қатысуымен семинар-кеңес болып өтті, деп хабарлайды Түлкібас ауданы әкімінің баспасөз қызметі. Жиынды облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы С.Тұрбеков ашып, облысымыздағы аймақтардың өз ерекшеліктерін ескере отырып, бір саланы дамыту, тәжірибе алмасу, көру, үйрену мақсатында әр ауданда семинарлар өткізіліп жатқанын хабарлады. 

Семинарға қатысушылар алдымен, Мичурин ауылдық округіне қарасты «Мөлдір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қарқынды бағымен және тәлімбағымен танысты. Түркияның «Яула Филис» компаниясымен бірлесу нәтижесінде қолға алынып, егілген 110 гектарлық жер алқабында алма жемісі өсіріледі.

Сонымен қатар, жұмысшы топ қарқынды бау өсірумен айналысатын «Көктал», «Кентау», «Түлкібас транссервис» ЖШС-нде болып, тыныс тіршілігімен танысты.

Шаруашылықтар бақ өсіруде алдыңғы қатарлы елдердің, оның ішінде Түркия, Польша мемлекеттерінің соңғы үлгідегі озық тәжірибелерін пайдаланады. Бұл бауларда негізінен тамшылатып суғару технологиясы қолданылады. Барлық қажетті бау-бақша техникасы болған жағдайда, шаруашылық қызметкерлерінің еңбегі айтарлықтай жеңілдетіледі, агротехникалық шараларды жүргізуге ыңғайлы болады.

Семинарда шаруашылық басшылары өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, өзекті мәселелер жайын талқылады. Жиын соңы пікір алмасулармен жалғасып, алма бауды дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен кездесетін кедергілер жайлы айтылды.

Жалпы Түлкібас ауданы таулы аймақта орналасқан. Ауа райы қоңыр салқын, алма-бау жеміс ағаштарын өсіруге өте қолайлы аймақ болып есептеледі. Бүгінгі таңда аудандағы барлық жеміс ағаштарының көлемі 3115 гектарды құрап отыр.

2020 жылға мерзімде дейін аудан көлемінде алма бау көлемі 3600 гектарға жеткізіп, оның ішінде ауданда қарқынды бауларды өсіру дамытылып, өнім көлемін ұлғайту жоспарлануда. Алдағы мерзімде алманы Түлкібас ауданының брэндіне айналдыру жолында жұмыстар атқарылатын болады.

Мемлекеттік академиялық филармонияның концерттік маусымы ашылады

Мемлекеттік академиялық филармонияның концерттік маусымы ашыладыАстана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы маусымның ашылуы туралы хабарлайды. Концерттер қыркүйектің 16-ы мен 21 аралығында Конгресс-холлда өтеді, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

XX концерттік маусым оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Айтқали Жайымовтың жетекшілігімен ашылады. 16 қыркүйекте Конгресс-холлда қазақ композиторы Сыдық Мұхамеджановты еске алуға арналған «Шаттық Отаны» концерті өтеді.

Бағдарламада Сыдық Мұхамеджановтың «Қазақ увертюрасы», «Қыз қуу», «Мереке», «Классикалық күй» шығармалары, сондай-ақ, «Шаттық Отаны» симфониясы орындалады.

Оркестрдің орындауындағы «Қобызға арналған концерт» пен «Айсұлудың ариясы» тыңдармандардың құлақ құрышын қандырады. Сонымен қатар, халықаралық конкурстар мен фестивальдардың лауреаттары Шахризада Тыныштық, Салтанат Мұратбекова, Нұрғали Тұрлыбеков және ҚР Жастар одағы сыйлығының лауреаты Нұрай Танабаев та өз өнерлерін ортаға салатын болады.

Ал 21 қыркүйекте симфониялық оркестрдің XVII концерттік маусымы ашылады. Бұл күні Конгресс-холлда әйгілі композитор Ғазиза Жұбанованы еске алуға арналған концерт өтеді. Кеш барысында «Жігер» симфониясы, елімізден тыс кеңінен танымал Ғазиза Жұбанованың оркестр мен фортепианоға арналған концерті орындалады.

Кеште Жұбанованың немересі Карина Измаилова өз өнерін ортаға салады. Концерттер сағат 19-да басталады.