Кеше Астана қаласының жасыл белдеуі аумағына 125 сегіз айлық қырғауыл жіберілді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қырғауылдарды өсіру зиянды жәндіктермен күресуге көмектеседі, сондай-ақ, олардың Қазақстандағы мекен ету ареалын кеңейтеді. Бұл құстар суыққа төзімді және ерекше күтімді қажет етпейді. Орманда қырғауылдардан басқа, қоян, түлкі, шіл мен қарабауыр, қасқыр мекендейді.
– Бұл жасыл белдеудің гүлденген кезі. Орман бұрын ештеңе өспеген даладағы жабайы жануарлардың мекен ету ареалына айналды. Жыл сайын жасыл белдеуде ағаш отырғызу аумағын 300 га ұлғайтып отырамыз. Қазіргі кезде 11 миллионға жуық ағаш егілді, – деді Астана қаласы Табиғи ресурстар басқармасының басшысы Әділбек Сәрсембаев.
Қала әкімдігі елорданы көгалдандыру мәселелеріне баса назар аударады. Қазіргі кезде қалада 9 парк, 90 саябақ, көптеген субұрқақтар мен гүлзарлар бар.
Жыл сайын жасыл белдеуде және қалада жасыл көшеттер отырғызылған аумақ ұлғайтылып отырады. 2014 жылмен салыстырғанда жасыл көшеттер саны 15% өсті, бұл бір тұрғынға есептегенде 15 шаршы метрді құрайды.
– Бұл өте жоғары көрсеткіш. Бірақ мұнымен шектелмейміз, бұл көрсеткішті одан әрі арттырамыз. Жыл сайын жасыл көшеттер саны өсіп отырады. Ағаштардың жаңа түрлері егіліп жатыр. Астананың климаты күрт континенталды екендігін білесіздер. Сондықтан жасыл көшеттерді отырғызып, оларды күтіп ұстау – көп еңбекті қажет етеді, — деді Ә. Сәрсембаев.
Астанада ескі, ауру немесе инженерлік желілерді тартуға, сондай-ақ көлік инфрақұрылымына кедергі жасайтын ағаштар ғана шабылады. Бірақ коммуналдық қызметтердің күшімен әрбір ағаштың орнына жаңадан екі ағаш отырғызылады.