Бүгін Астана қ. ІІД «Алматы» ауданының ІІД қызметкерлері «Мейірімді қала» әлеуметтік акциясына қатысып, онкологиялық ауруларға шалдыққан балалар үшін қан тапсырды. Әрқайсысы 400-450 миллилитр қан тапсырды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Көптеген сақшылар үшін бұл үйреншікті процедура. Мысалы, «Алматы» ІІД тергеу бөлімінің бастығы полиция капитаны Диас Тоқатов осымен он бірінші рет қан тапсыруда, ол 2008 жылдан бері ресми түрде қан доноры болып табылады.
«Мен бұл қайырымды акцияға көп жылдан бері қатысып келемін, және бірінші кезекте донор қаны өте қажет болатын адамдар туралы ойлаймын. Науқас балаларға көмектесе алатынымызға қуаныштымыз», деді Диас Тоқатов.
Еске салсақ, елордада «Мейірімді қала» акциясы басталды. Оның мақсаты — жалғыз тұратын зейнеткерлер, барлық топтардағы мүмкіндігі шектеулі жандар, аз қамтылған және көп балалы отбасылар, көп балалы аналар, жетім балалар, онкологиялық ауруларға шалдыққан балалар, церебралды сал ауруына шалдыққан және туберкулезбен ауыратын балалар сияқты азаматтардың жеңілдікті санаттарын қамқорлыққа алу.
Түрлі бағыттар бойынша қолдау көрсетіледі, яғни, азық-түлік өнімдерін, көмір, киім-кешек сатып алу, дәріханадан дәрі-дәрмек сатып алу үшін сертификаттар және т.б.
Акция 31 желтоқсанға дейін жалғасады.
Акцияға қатысуға ниет танытқандар Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік көмек басқармасына Иманбаев көшесі 16. 1 бөлме мекен жайы бойынша келе алады.
Сондай-ақ, қала аудандарының әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне хабарласуға болады, «Алматы» ауданы 21-09-41, «Сарыарқа» ауданы 21-27-14, «Есіл» ауданы 21-29-88. Көмекке мұқтаж жандардың аты-жөндері мен мекен-жайларын осы бөлімдерден алуға болады.