Домой Блог Страница 280

Елімізде «Инновациялар апталығы» өтеді

Елімізде «Инновациялар апталығы» өтеді2015 жылдың 9-13 қараша аралығында ҚР Инвестициялар және даму министірлігінің қолдауымен елімізде «Инновациялар апталығы» өтеді.

«Инновациялар апталығы» – Алматы қаласында басталып, Астанада өтетін Халықаралық инновациялық форуммен аяқталады. Апталық барысында ҚР ИДМ ұйымдастыруымен мемлекетіміздегі инвестиция және инновация мәселелеріне байланысты маңызды шаралар өтеді», — дейді ұйымдастырушылар.

Қолайлы экожүйе инновацияларының қалыптасуы – білімге баса назар аударатын жаңа экономиканың негізі саналады. Әлемдік қаржы дағдарысы мен жаһандану дәуірінің шарттарына орай бірегей білім көздерін және келешегі анық жобалар мен инвестицияларды елімізге тарту өте маңызды. Қазақстан экономикасы үшін білікті маман, жас ғалымдар, жаңашыл инженерлер мен өнертапқыштар қатары толығуы керек.

«Инновациялар апталығының» басты мақсаты – Қазақстанды технологиялық кәсіптерге қолайлы жаңа аймақтық хаб ретінде көрсету.

Апталық 9 қарашада Алматыда жыл сайын өтетін «Startup Day» (Стартап күні) шарасына дайындық ретінде жас инноваторларды үйрету семинарларынан басталады.

10 қараша күні Қазақстан-британ техникалық университетінде отандық және шетел сарапшыларынан құралған «Startup Day» қазылар алқасы жаңа энергетика аясындағы келешегі үлкен жобаларды қарастырады. Үздіктер мемлекет және инвесторлар тарапынан қолдау көрсетуге ұсынылады.

11 қарашада Showcase «Инновациялық технологиялар саябағы» жобасының көрсетілімі ұйымдастырылып, Алматы қаласындағы Tech Garden инкубаторының ресми ашылу салтанаты өтеді.

12 қараша күні Астанада «Қазақстан – жаңа жаһандық инновациялық хаб» атты Халықаралық инновациялық форум өтеді.

13 қарашада «Инновациялар аптасы» Астана қаласында өтетін «Инновациялық технологиялар паркі» Автономиялық кластерлік қоры мен IBM компаниясының «IBM SolutionsConnect 2015 сәтті пайдалан» тақырыбындағы бірлескен конференциямен аяқталады.

BNews.kz

 

 

«Жетісу шұғыласы» газетіне — 85 жыл

"Жетісу шұғыласы" газетіне - 85 жыл
85 жыл

Биыл  Ескелді аудандық «Жетісу шұғыласы» газетінің жарыққа шыға бастағанына — 85 жыл толды. Салиқалы да салмақты басылымның қазақ баспасөзінің дамуына қосқан үлесі ерен. Тиісінше, шығармашылық ұжымның Жетісулық оқырмандар арасында беделі — жоғары, абыройы зор. Мерейтойға орай, редакция атына лек-легімен құттықтаулар келіп жатыр. Біздің тілшілер де әріптестерімізді құттықтап қайтты.

«Жетісу шұғыласы» — жергілікті басылымның 7-ші атауы. Ең алғаш 1930 жылдың 13-қазанында жарыққа шыққанда «Вперед» деп аталыпты. 85 жыл бойында  «Колхозшы», «Социалды еңбек», Сталин жолы», «Коммунизм жолы» сынды атаулар арқалап үздіксіз шығып тұрған. Соңғы атауы — 1962- жылы беріліпті. «Газет — өз заманының идеологиялық құралы. Шығармашылық ұжым қашан да алдына қойған мақсат-міндеттерді абыроймен атқарды»,-дейді басылымның бас редакторы Сәбит Биболов.

Сәбит Биболов — «Жетісу шұғыласы» газетінің бас редакторы:

— Газет жарыққа шыққалы қазақ -орыс тілдерінде басылып келеді. О баста, кеңестік саясат талабымен болған еді. Қазір көпұлтты аудан тұрғындары қалауымен аралас тілде шығады. Таралымы -3500 мың дана. Газетке әр жылдарда Николай Ягур, Михаил Давидович, Әбдіқадыр Алашбаев, Құрман Тайғараев сынды белгілі де беделді журналистер басшылық жасады. Қай кезеңде де газет — өз оқырмандарының рухани азық көзі бола білді. Халық пен биліктің арасындағы алтын көпір рөлін лайықты атқара білді. Ескелді ауданының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына ақпараттық тұрғыда үлкен үлес қосты.

zhetysutv.kz

Жаңбырлатып суару — мол өнім кепілі

Жаңбырлатып суару - мол өнім кепілі
Жаңбырлатып суару

Алматы облысында ауылшаруашылық жерлерін жаңбырлатып суару әдісі қолға алына бастады. 2019 жылға дейін осы әдіспен 72 мың гектар жерді игеру жоспарланған. Жоба жаңа технологияны қолдану арқылы испандық мамандардың көмегімен жүзеге асырылатын болады.

Панфилов ауданында 5000- дай шаруашылық бар. 80 пайызы жүгері өсірумен айналысады. Испандықтармен кездесуге бірі қалмай түгел жиналды. Шетелдік мамандар оларға  жүгері өнімділігін қазіргіден 3 есе арттыруға болатындығын айтты. Яғни, бір гектардан орташа есеппен 1500 центнерге дейін өнім алуға мүмкіндік бар. Ол үшін жаңа технолгияны қолдану керек.

2016 жылы  Панфилов, Ұйғыр аудандарындағы суару жүйесінің жобалық- сметалық құжаттарын жасауға  қаржы бөлінеді. Ал, Жетісулық жүгері өсірушілер жаңа технологияның нәтижесін келер жылы ғана көретін болады. Бірақ қазірдің өзінде жаңбырлатып суару әдісі өте қолайлы болады деген пікірде.

zhetysutv.kz

«Нұр Отан» партиясының Алматы облыстық филиалында ішкі істер департаментінің бастығы қоғамдық қабылдау өткізді

"Нұр Отан" партиясының Алматы облыстық филиалында ішкі істер департаментінің бастығы қоғамдық қабылдау өткізді
Алматы облыстық филиалында

«Нұр Отан» партиясының Алматы облыстық филиалында ішкі істер департаментінің бастығы Мұрат Ұрұмханов қоғамдық қабылдау өткізді. Онда азаматтардың арыз-шағымдарын тыңдады. Кеңес берді, кейбір түйіткілді мәселелерді тікелей өз бақылауына алатын болды. Мәселен, қабылдауға келгендердің бірі сыртынан жалған қолтаңба қойды деп шағымданса, бірі қылмыстық іске қатысты тергеу жұмыстары созылып кетті деп арызданды.

Сонымен қатар, «Қызыл ай» қоғамдық ұйымы тарапынан ұсыныстар да айтылды. Яғни, полицейлерді алғашқы медициналық қызмет көрсету курстарынан өткізу керек, — дейді. Мысалға, жүкті әйелдер босанып қалатын жағдайда қалай әрекет ету қажеттігін әрбір полиция қызметкері білуі тиіс. Департамент бастығы бұл ұсыныс маңызды екенін айтып,  алдағы уақытта қарастырылатынын мәлімдеді. Жалпы, Мұрат Ұрұмханов жыл басынан бері 150-дей азаматты қабылдаған.

Сегіз мыңға жуық адамға көмек көрсетілді

Сегіз мыңға жуық адамға көмек көрсетілдіҚазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық жылында Достық үйін ұстауға және Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қаржыландыруға 110 млн. теңге бөлініп, сегіз мыңға жуық адамға көмек көрсетілді.

Алматы облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ғабит Тұрсынбайдың айуынша, жыл басынан бері облыста мерейтойға арналған бір жарым мыңнан астам шара өткізілген. Бұл шаралар 500 мыңдай адамды қамтыды.  «ҚХА-ның 20 игі ісі» атты акцияның шеңберінде 114 млн. теңгеден астам сомаға әлеуметтік жағынан қорғалмағандар санатына жататын сегіз мыңға жуық адамға көмек көрсетілген.

«007: Спектр» фильмі қазақ тіліне дубляждалды

«007: Спектр» фильмі қазақ тіліне дубляждалды
қазақ тіліне дубляждалды

Ағымдағы жылдың 4 қарашасында Астана мен Алматы қалаларында «007: Спектр» голливудтық блокбастердің тұсаукесері өтеді.

«007: Спектр» 2011 жылдан бері қазақ тіліне аударылған 12-ші, ал 2015 жылғы 3-ші фильм. Бұл жоба «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және «Қазақстанның Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ демеушіліренің аясында жүзеге асырылуда.

Дубляж режиссері — Айжан Жамшитова, ол осыған дейін «Малефисента», «Жаңа Өрмекші-адам», «Күлбике» фильмдерінің аудармасына қатысқан еді. Ал, фильмнің басты кейіпкерлерінің даусын қазақ тіліне дыбыстаған актерлар: Ержан Жарылқасынов (Дэниэл Крэйг), Күнсұлу Шаяхметова (Моника Беллуччи), Азамат Қанапия (Кристоф Вальц), Самат Қордабаев (Рори Киннер) дыбыстады. Дубляж жұмыстары Алматыдағы «Cinematone» студиясында жүргізілді.

Айта кетейік, қазақ тіліне аударылған «007: Спектр» фильмі еліміздің кинотеатрларында ағымдағы жылдың 6 қарашасынан бастап көрсетіле бастайды.

Естеріңізге салсақ, бес жылдың ішінде елімізде отбасылық көруге ұсынылған 11 голливудтық блокбастер қазақ тіліне дубляждалды. Олардың ішінде «Көліктер», «Қара киімділер», «Батыл жүрек», «Жаңа Өрмекші адам», «Монстрлар», «Жалғыз рейнджер», «Жаңа Өрмекші-адам: Кернеген қуат», «Малефисента», «Галактика сақшылары», «Күлбике» және «Кек алушылар: Альтрон дәуірі» фильмдері бар.

baq.kz

Берлинде М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының неміс тіліндегі нұсқасының тұсауы кесілді

Берлинде М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының неміс тіліндегі нұсқасының тұсауы кесілдіДүйсенбі күні Берлинде ҚР Елшілігі ғимаратында «Қазақ хандығына 550 жыл: бастаулардан қазіргі заманға дейін» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оның барысында «Қазақ кітапханасы» жобасы аясында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының неміс тіліндегі нұсқасының тұсауы кесілді.

Шараға неміс әдебиеттанушылары, ГФР және қазақ диаспорасының зиялы қауым өкілдері мен қазақстандық студенттер қатысты.

Өзінің кіріспе сөзінде ГФР-ындағы ҚР елшісі Болат Нүсіпов қатысушыларды Қазақстанның бай тарихымен және мәдениетімен таныстырып өтті. Сондай-ақ ол қазақ халқының мәдениеті мен тарихын таныту мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Қазақ кітапханасы» жобасы жайлы айтып берді.

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының екінші томының тұсауын кескен Б.Нүсіпов кітап авторының қазақ халқының әдеби мұрасына қосқан ерен еңбегін атап өтті.

Шара барысында неміс әдебиеттанушылары, «Қазақ кітапханасы» жобасының қолға алушылар Леонард Кошут пен Кристине Лихтенфельд баяндама жасады. Олар аталған жобаның арқасында Қазақстанның бірегей мәдениеті мен әдебиеті еуропалық қауымдастық үшін қолжетімді бола бастағанын жеткізді.

«Қазақ кітапханасы» жобасы Германиядағы Қазақстан елшілігімен 2006 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жоба қазақ мәдениеті мен қазақ жазушыларының шығармашылығын Германия мен Еуропада танытуды көздейді. Оның аясында қазақстандық авторлардың 20-дан астам еңбектері жарық көрді. Соның ішінде ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Еуразия жүрегінде», «Қазақстан жолы» атты еңбектері мен М.Әуезовтің, Т.Ахтановтың, І.Есенберлиннің, М.Мақатаевтың, Д.Досжанның, Ф.Оңғарсынованың, Г.Бельгердің, Ә.Нұрпейісовтің, Ә.Кекілбаевтің, О.Сүлейменовтің туындылары бар.

baq.kz

«Бәсеке» атты жаңа комедиялық сериал түсірілуде

«Бәсеке» атты жаңа комедиялық сериал түсірілуде
комедиялық сериал

«Бәсеке» атты жаңа комедиялық сериал түсірілуде.

«Хабар» телеарнасы телекөрермендерді осы жылдың желтоқсан айында жаңа отандық өніммен қуантпақ. Осы жолы телекөрермендердің назарына «Бас продакшн» киностудиясы түсірген «Бәсеке» көркем телехикаясы ұсынылады.

Кино желісі Қазақстанның ірі мегаполисінде тұратын ауқатты екі кәсіпкердің өзара бәстесіп, жайлы өмірден бас тартып, ауылға көшуі жайында баяндалады. Зәулім үйлері, қымбат көліктері, ұшағы мен яхтасы бар қалтасы бар азаматтар енді шалғайдағы шағын елді мекенде тіршілік етіп көрмек.

Бүгінде фильмнің түсірілім жұмыстары Оңтүстік өңірде жүзеге асуда. Сценарий желісі бойынша алақандай ауылға екі миллионер келеді. Яхта, көлік, ұшақпен қатынап, жерге табаны тимейтін қалталылардың өмірі енді қас-қағымда құбылып сала береді. Дәулетті кәсіпкерлер ауылда жүріп, бақыттың тек ақшадан тұрмайтынына көз жеткізеді.

Сценаристердің айтуынша, жердің қай түкпірінде болмасын жақсы өмір сүруге болады.

— Бұл фильм жақсы, сәтті, халыққа бір ой салатын, көңіл-күй сыйлайтын керемет дүние болатынына сенім мол, — дейді актер Бақыт Тушаев.

Айта кетейік, «Бәсеке» телехикаясын ағымдағы жылдың желтоқсан айында «Хабар» телеарнасынан көре аласыздар.

baq.kz

«Таң» телеарнасы атауын өзгертеді

"Таң" телеарнасы атауын өзгертеді

«Таң» телеарадиокомпаниясы атауы мен форматын өзгертеді.

Компанияның өз серіктестеріне таратқан құжатына сәйкес, 15 қарашадан бастап «Таң» телеарнасы өз атауын «ОН-ТВ» деп өзгертеді. Отандық телеарнаның қайта тіркеуге тұруы туралы куәлігін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті 2015 жылдың 22 қыркүйегінде берген.

Телеарна редакциясының өкілдері компаниядағы өзгерістер жайлы әзірше пікір білдірмей отыр. Алайда олар атауын арна форматының өзгеруіне байланысты өзгертіп жатқанын айтты. Өзге мән-жайы әзірше белгісіз.

Қазақстанның жеке телекомпаниясы 1990 жылдың желтоқсанында құрылып, үш айдан кейін Алматы эфиріне шықты. «Таң» медиатобының иесі 2002 жылдың 16 қыркүйегінен бері отандық кәсіпкер Арманжан Байтасов. 2014 жылдың қыркүйегінде «Таң» телеарнасы республикаға таратыла бастады.

baq.kz

«Қазпочта» АҚ жаңа қызмет түрін іске қосты

«Қазпочта» АҚ жаңа қызмет түрін іске қосты
жаңа қызмет

«Қазпочта» АҚ клиенттері үшін үй телефоны арқылы сәлемдеменің жеткенін ескертетін жаңа қызмет сервисі іске қосылды. Сервис еліміздің барлық облыстық орталықтарында және Астана мен Алматы қалаларында қосылған.

 «Үй телефоны арқылы автоматты түрде қоңырау шалу қызметі клиентке сәлемдеменің түрін, трек нөмірін және қабылдауға болатын бөлімшенің мекенжайын хабарлайды. Ақпаратты қайталау үшін «1» санын басу қажет. Жүйе автоматты түрде клиенттерге тәулігіне 3 рет, жұмыс күндері сағат 8:00 ден 21:00-ге дейін, ал демалыс күндері 10:00 ден 21:00-ге дейін, дауыстық хабарламаны қабылдағанша қоңырау шалады» — дейді «Қазпочта» АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Байрам Азизов.
Айта өтейік, қазіргі таңда клиенттер 22 мыңнан астам қоңырау қабылдаған, олардың 2 мыңнан астамы қайталанып тыңдалды. Сонымен қатар, 2014 жылдың желтоқсан айынан бастап, Қазпочта клиенттердің сәлемдемелері жеткені жайлы SMS-хабарламалар арқылы ескертуді бастады. Қызмет қосылғаннан бастап 5 миллионнан астам SMS жіберілген.

baq.kz