Санкт-Петербор қаласынан келген қаламгер, актер Шерхан Әбілов Кентау қаласындағы мұражайға құнды заттарды табыс етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ішінде Ұлы Отан соғысы жылдарында кеңес әскерлері бастарына киген каскалар, оқ тесіп өткен неміс әскерлерінің каскалары және жауынгерлер тамақ ішкен ыдыстар, сол тұстағы басылым парақшалары, одан бөлек әкесі Әбді талай жыл бойы қолданған ағаштан жасалған баян, аяқ-киімнің қалыптары және өзге де құнды жәдігерлер бар.
Жиын барысында қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев ұйымдастырылған іс шараның маңыздылығының жоғары екендігін атап өтіп, игі іске ұйытқы болған Шерхан Әбдіұлына алғысын білдірді. Қалалық мәслихат хатшысы Талғат Балабиев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Исахан Жұмабаев, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мұратбек Абдуллаев, қаламгер Рысты Атабекқызы ел ағасының елдік істерін сөз етті.
Біршама қала тұрғындары Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 70 жылдық медальімен марапатталды. Мұражай ұжымы да Шерхан Әбдіұлына жасаған игі ісі үшін алғыс хат табыс етті. Көпшілік музейге қойылған заттарды көріп, тамашалады. Құнды жәдігер өткен тарихымыздан сыр шертетін дүниелерге жатады. Кейінгі ұрпақ тарихи кезеңдерді тек кітаптан оқып қана қоймай, сол заманда пайдаланылған заттарды музейлерден көру арқылы басқаша пайым жасауы бек мүмкін. Сондықтан, музейлерімізді неғұрлым тарихи заттармен және құнды жәдігерлермен толықтырып отыру басты назарда болуы тиіс.