Батыс Қазақстан облысында елімізде тоғызыншы рет ұйымдастырылған «Мектепке жол» шарасы аясында 21046 оқушыға 120905,4 мың теңгенің көмегі көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық білім басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Бақытты балалық шақ мекені» ұранымен 1 тамыз — 30 қыркүйек аралығында өткізілген шара шеңберінде, соның ішінде бюджеттен тыс қаражат есебінен 13952 балаға 59077,3 мың теңгенің ақшалай және материалдық жәрдемі берілді.
Шара барысында қомақты үлес қосқан демеушілер аз болған жоқ. Мысалы, Ақжайық ауданының 15 кәсіпкері 62 балаға 300 мың теңге, Бөкей ордасы ауданынан жеке кәсіпкер Б.Жұмағұлова Б.Жәнекешев атындағы орта мектептің төрт оқушысына 80 мың теңге көлемінде қолұшын созды. Бөрлі ауданында «ҚПО б.в.» компаниясы 108 оқушыға 1,9 млн. теңгенің мектеп құралдарын сыйға тартты. «Елеусінова» ШҚ 24 оқушыға 100 мың теңгеге, «М.Ж.Жандосов» 4 оқушыға 131 мың теңгеге тарту жасады. Жәнібек ауданында «Отарғали» ШҚ 15 оқушыға 150 мың теңге, Қазталовта Ж.Сәлімгереев үш отбасына 300 мың теңге бөлді. Қаратөбе ауданынан демеушілер ретінде «KAZKON» кондитер фабрикасының директоры М.Қаженов, «Сұлтан Бейбарыс» ШҚ, «Досжан», «Сатыбалды» ШҚ, жеке кәсіпкерлер С.Нұрадылов, Ж.Ишпановалардың есімдерін атауға болады. Теректі ауданы бойынша «B.N.GASOIL PROCESSING» ЖШС Магистральный мектебінің 31 оқушысына 372 мың теңгенің, «Бисен», «Ақшал», «Мәмбетов», «Абдрахманов» ШҚ Приречный мектебінің 10 шәкіртіне 150 мың теңгенің көмегін көрсетті.
Орал қаласы бойынша қалалық мәслихат депутаттары А.Бисенов (96 мың теңге), Л.Рысбекова (100 мың теңге), Т.Тілемісов (100 мың теңге), Халық банкі филиалы (108 мың теңге), «А.Тілеуғалиев» ЖК (170 мың теңге), «Веселая идея» дүкені директоры А.Ищенко (120 мың теңге), күзет басқармасы (А.Ерғожиева, 100 мың теңге), облыстық жастар ресурсы орталығы (75 мың теңге) және облыстық білім басқармасы (51 мың теңге) өз үлестерін қосты.