Бүгін «Астана – таза қала!» жалпықалалық сенбілігі барысында 10 мыңнан астам көшет отырғызылды. Жыл сайынғы шара қаланы санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жөніндегі күзгі экологиялық айлық аясында ұйымдастырылды, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
«Бәріміз де қаламызды жақсы көреміз, елордамызды тазартуға және көркейтуге үлес қосайық. Сенбіліктер өскелең ұрпақты да, ересектерді де тазалыққа тәрбиелейді. Осылайша, біз қаламызға деген сүйіспеншілігімізді жеткізіп, патриоттық танытамыз», — деді Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев.
Елорда басшысы қала әкімі аппараты қызметкерлерімен, мәслихат депутаттарымен бірге Сарыбұлақ өзені ауданында ағаш отырғызды.
Оның айтуынша, қалалық билік елорданы көгалдандыру, барлық аудандарда және шағын аудандарда гүлбақтар мен саябақтар санын арттыруды өз алдына міндет етіп отыр. Астанада дәстүр бойынша жыл сайын 20 мыңнан артық көшет отырғызылады, биыл Ботаникалық бақтың салынатынын ескерсек, бұл көрсеткіш екі есеге ұлғаяды. Сенбілікке қатысушылар «Алматы» ауданында ҚР Ұлттық музейі аумағына, «Есіл» ауданында — «Хан Шатыр» СОО айналасына, сондай-ақ, Еңбекшілер көшесінен «Тельман» тұрғын алабына дейін, «Сарыарқа» ауданында – Сарыбұлақ өзенінің жағалауына ағаш екті.
Сонымен қатар, білім, денсаулық сақтау мекемелерінің, кәсіпорындар мен тұрғын үй кешендерінің аумағына да ағаштар отырғызылды.
Жалпықалалық сенбілікке 89 мыңнан астам адам, соның ішінде кәсіпорындар мен ұйымдардың 4 мыңға жуық қызметкері, 45 жоғары және орта арнайы оқу орны, 133 мектепке дейінгі және білім беру мекемесі қатысты, 430 арнайы техника тартылды.
«Бүгінгі сенбілікке қатысқандарыңызға рахмет. Бәріміз бірге қаламызды таза әрі жайлы қыламыз», — деді Әсет Исекешев.