Жақсы Ақпараттар Сайты

Жақсы Ақпараттар Сайты

Министрдің дүниетанымы. Сандәйектері мен тұжырымдары

Білім

Министрдің дүниетанымы. Сандәйектері мен тұжырымдары

Білім-ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен министрліктің ұсыныстары әлеуметтік желілерде бұрын-соңды болмаған пікірталас тудырды. Тіпті пікірталас форматын сарқып, қырғи-қабақ соғыс кезеңіне өтті десе де болады. Саясаткерлер айтатын – “жоғарыдағылардың мүмкіндігі, төмендегілердің ықыласы сарқылған” итжығыс ситуация орын алды.

Тақырыпқа шүйлігуіміздің бір себебі – білім-ғылым министрлігі ең әлеуметтік ұйым. Елдің бар интеллекті мен белсенді активі шоғырланған, ендеше – әлеуметтік жағдайдан бастап, саяси процеске дейін соңғы сөз сөйлейтін таптың ұйымы. Ал мұндай ұйымдағы кикілжің жақсы емес.

Біз “БжҒМ vs Халық” тақырыбына тағы бір сүңгіп көруді жөн көрдік. Ерлан Сағадиевтің қазіргі позициясына әсер еткен дүниетанымын зерделеуге дейін бардық.

Мынау – 2013 жылы әлі министр емес, бірақ премьер-министрдің кеңесшісі Ерлан Сағадиевтің Алматыдағы TEDxAlmaty шарасындағы сөзі. Ал ол сөзіндегі тұжырымдары, бізге сағадиевтік саясаттың табиғатын ашып көрсетеді деп ойлаймыз.

***
Осының [тіл оқыту] айналасындағы пікірталасқа қарап, қайран қаламын. Эмоция қандай көп; ал дәлел мен сандәйектер аз.

***
Пікірталастарда ескілікке ұмтылу мықты, ал 20-30 жылдан кейінгі келешегімізге байланысты ойталас жоқ.

***
Біздер – мәдениет пен білімді шатастырып жүрміз. Қазіргі әлемде бұлар бір нәрсе емес. Білімнің мақсаты басқа, ал мәдениеттің мақсаты басқа.

***
Абайдың уақытында оқыған адамның бар білімі – Қазақстан мен қазақтардың төңірегінде болған.
Ал қазір білімді адамның білуі тиіс нәрселердің Қазақстан мен қазақтарға қатысы жоқ.

***
Басты проблема – қазіргі теориялық және қолданбалы ілімдер қазақ тілінде жасалып жатқан жоқ.
Әлем – білім-ғылымның барлық жетістіктері ағылшын тілінде тарайтынына өзара келіскен сияқты.

***
2011 жылы әлем бойынша ағылшын тілінде 550 мың кітап басылып шықты. Бұлар жаңадан шыққан кітаптар, қайта басылған емес.
Орыс тілінде – 97 мың. Жаман емес.
Французша – 65 мың.
Бізде – 2 300.

Ғылыми еңбектер бойынша да жағдай осындай.
Медицинадан – ағылшын тілінде 14 мың кітап басылды, ал қазақша – 147 кітап.
Экономика мен әлеуметтану – 29 мың және 239.
Ғылым мен жаңа технологиялар – 35 мың және 191.
Бұл тек біздегі мәселе емес. Әзірбайжан, Өзбекстан, Гүржістандағы сандық көрсеткіштер не тіпті нашар, не осыған пара-пар.

***
Техникалық ақпараттың 70 пайызы – ағылшын тілінде жасалады. Ал сен тіпті испандық болсаң да, ана тіліңдегі ақпарат 3-5 пайыздан аспайды.

***
Электронды тасымалдағыштардағы, яғни желідегі барлық ақпараттың 80 пайызы – ағылшын тілінде. Қалған барлық тілдерге, оның ішінде орыс, қытай, жапон, неміс, француз тілдері де бар – 20 пайызы ғана тиесілі. Сен тіпті ұлы тілдің өкілі болсаң да, сенің ана тіліңде ақпараттың 2-3 пайызы ғана бар.

***
Түсініктер базасын қалыптастыру үшін, оны кемі 10 мың адам белсенді қолдануы керек. Мысалы, қазіргі орыс пәлсапасының түсінік базасын Ленин қалыптастырды деп айтуға болады. Ленин он мың марксизм идеологиясының белсендісін тәрбиеледі, ал олар классиктерді аударып, түсініктер базасын қалыптастырды.

***
Ағылшын тілімен бітіспес күрескер Францияның өзі осы жылы әр сыныпқа ағылшын тілін енгізіп жатыр.


Сағадиевтің осынау сандәйектеріне не дейміз?  Пікіріңізді айта отырыңыз, қадірлі оқырман.

Айтпақшы, ұстаздар WhatsApp-та мына жерде отырмыз: Ұстаздар Лигасы

 

Бөлісу:
Пікір үшін басыңыз

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.

Білім айдарындағы жазбалар

Соңғы жарияланымдар

Жоғары