Облысындағы жастар саясаты саласында да қызмет атқарған ардагер жайдарманшы JAS.KZ жастар порталына кешегі өткен «Маусымашар-2022» фестивалі туралы, жалпы Жайдарманның болашағы мен қазіргі жастардың проблемалары туралы ойларымен бөлісті.

– Әліби, жаңа маусымның ашылуымен құттықтаймын. Өзіңіз үшін биылғы «Маусымашар» фестивалі қалай өтті? 

– Биылғы “Маусымашарды” ерекше деп сенімді айта аламын. Өйткені жай ғана келіп, гала-концертте өнер көрсетіп қайту емес, тығыз графигі бар, бірнеше шаралар қамтылған фестиваль болып жатыр. Өнер жұлдыздары мен жайдарманшылар ойнайтын футбол, тусаға арналған “Нон Стоп”, “Чемпиондардың чемпионы” секілді ойындары жоғары деңгейде ұйымдастырылған.

Сонымен қатар, жайдарманның филиал басшыларының Президент әкімшілігінің Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Аида Балаева ханыммен, сондай-ақ ірі медиа өкілдерімен кездесу ұйымдастырылуы өте жақсы ойластырылған екен.

Бұл шаралардың бәрі жайдарманшылардың Елордаға келгендегі бос уақытын барынша тиімді пайдалануға, жай қыдырыстан бөлек, өзіне, шығармашылығына қажетті ресурстарды барынша кеңірек алып қалуына жағдай жасады деп ойлаймын. Осынысымен “Маусымашар-2022” фестивалі есте қаларлықтай, ерекше жиын болды.

Жалпы жайдарманшылар үшін бұл фестивалдің маңызы неде?

– Әрбір жайдарманшы үшін “Маусымашар” фестивалінің маңызы өте зор. Өйткені осыншама жайдарманшы жиналатын, замандас, дос, іні-қарындастар, бір сөзбен айтқанда үлкен-кіші буынның тоғысатын, бір жерде көрісетін осындай жиын жылына бір-ақ рет өтеді.

Өз басым, бұл фестивальге келіп жүргеніме 15 жыл болыпты. Жайдарманда әр бес жылда бір буын ауысады десек, мен үлкен, орта, кіші буынның да барлығын танимын деп айта аламын. Бұл жалпы ойынның да дамуын, өзгерісін, жалпы жастардың көзқарастарын білуге де мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жайдарманшылар бұл фестиваль арқылы өз шығармашылығын өзгелермен салыстырып, саралап, өзінің көп сауалына жауап ала алады.

Онда Жайдарман ардагері ретінде Жайдарманның кешегісі мен бүгінгісін салыстырып айтсаңыз.

– Айырмашылық тым көп боп тұр. Өсу бар. Бұрынғыдай дайындықсыз келу, салғырттық таныту дегендей мәселелер жоқтың қасы. Себебі қазір жастардың көзқарасында өзгешелік бар. Бұрынғы жайдарманшылар үшін өзін танытудың жолы жалғыз эфирге шығу, телевизиялық ойында өнер көрсету болса, қазіргі жастарға танымал болудың жолы көп.

Мысалы, бұрын “Маусымашарға” келсек, бәріміздің ойынымыз Гала-концертте өнер көрсетуге барынша тырысатынбыз. Ал қазіргілер өтсе өтті, өтпесе, өзінің бет-бейнесін қалыптастырудың жолын іздеуге көшеді. Жайдарман арқылы аудиториясын тауып, сонымен жұмыс істеуге, әлеуметтік желілердегі парақшасы мен ютубтағы каналын дамытуға жұмыс істейді. Бұрынғыдай емес, олар үшін Жайдарман бірінші орында емес, Жайдарманның аудиториясынан өзіне керегін алуға тырысады. Бұл мақтау да, даттау да емес, заңдылық деп есептеймін.

Ұнамайтын тұсына келсем, жайдарманшылардың да өз дәстүрі, өз ырым-тыйымдары бар. Солардың ең бастысы – алдыңғы буындарға құрмет көрсету, оларды сыйлау мәселесі кемшін боп көрінгендей. Бұл жалпы үлкендердің жастарға көңілі толмау секілді көрінетін шығар. Бірақ біздің кезіміздегі темірдей тәртіпке айналған бұл дәстүрімізді елемеу қиындау тиетіні рас. Кім білсін, бұндайды да заңдылық деп есептеу керек шығар.

Жайдарманның болашағын қалай елестетесіз?

– Жайдарманның жаңа логосын көрдіңіз бе? Онда бұрынғы жалғыз “J-дің” орнына, “JCI”, яғни “Jaidarman Creative industries”  деген мағынаны береді екен. Яғни бұрын тек сайыстық ойындардан тұрса, енді үлкен креативті орталық болмақ. Заманға сай керек шығармашылық қабілеттерді дамытуға жұмыс істемек. Стендап, блогерлік, ютуб жобалар секілді түрлі бағытта жұмыс істейді.

Ал Жайдарман ойындары соның бір бағыты ғана. Бұндай өзгерістер мені қуантады, сондықтан кемінде алдағы 15 жылда Жайдарман өз деңгейінде тұрады деп сеніммен айта аламын. Одан кейінгісін тағы көре жатармыз.

Жайдарманның жағымсыз тұстарын айта аласыз ба?

– Ұнамсыз деп есептеуге келмейтін шығар, дегенмен отбасыма, яғни ата-анама, келіншегіме, балама бөлетін уақытымды жырып, Жайдарманға бөлдім. Өмірімнің көп бөлігін арнадым. Бірақ мен ол үшін өкінбеймін, өйткені одан өзіме “кайф” алдым. Бұныма отбасым да түсіністікпен қарады, қолдады. Егер ұнамсыз тұсы болып, оны өзім сезетін болсам, қазір Жайдарманда жүрмес едім.

Жайдарман ойнаған жастар мен мүлде қатыспаған жастардың айырмашылығы бар ма?

– Мен жайдарман ғана емес, жалпы мәдени ұйымдармен жұмыс істеп, сахнаға шығып жүрген жастардың өзгелермен айырмасын айтар едім. Дегенмен бәрі бірдей өнермен шұғылдану мүмкіндігі болмағандықтан, жайдарман бұлардың бәрін қосып бере алады. Сондықтан жастайынан жайдарман ойнаған бала сахна көріп, көптің алдында сөйлеп, өнерін қымсынбастан көрсете алып, өзінің ойын толық, қызықты ғып жеткізуде өзгелерден ерекшелей алады.

Сонымен қатар, өзге жерлерді, қалаларды аралап, өзінің белгілі бір аудиториясын тапқан жастар бұрынғыдай олпы-солпы, салақ жүре алмайды. Тіпті жайдарманшылар қарапайым нәрселерді өздері жасауды үйренеді, өзінің аяқ киімін таза ұстап, төсегін өзі салуды, тамақ пісіруді меңгереді. Басқа қалаға барған кезде бұлардың бәрін ешкім жасап бермейді.

Демек, жоғарыда айтылғандардың бәрі жайдарманшының тұлғалық дамуын қамтамасыз етеді. Әрі өзге замандастарына қарағанда ерекшелеп тұрады деп есептеймін. Ал бұндайды ата-анасы, ұстазы берсе, ол ұзақ уақыт алар еді.

Қазіргі жастардың проблемасы неде?

– Жалпы қазір өзін дамытамын деген жастарға бүгін біршама жағдай жасалған деп есептеймін. Себебі қазір түрлі үйірмелерге барамын десең де, арнайы курсты онлайн-оффлайн оқимын десең де, белгілі бір спортпен шұғылданамын десең де, таңдау көп. Шертіп жүріп баруыңа болады. Алайда жастардың проблемасы – сол, өзінің бағытын таба алмауы деп есептеймін. Біреу Дубайда жүр екен, біреу айфонның жаңа үлгісін алыпты деп не болса, соған еліктеп жүреді. 

Әлеуметтік жағдай жақсы болмаса, жақсаруына өзін дамыту арқылы жетуге болады. Дамыған елдермен салыстырып қарағанмен, мемлекетіміз дамушы ел ғой. Демек көрпеге қарап көсілуге тура келеді. Қазіргі бар мүмкіндікті пайдаланып қалу керек. Сондықтан жастардың проблемасы жастардың өзінің қолында деп есептеймін.

Мемлекеттің жастарға қолдауы туралы не айта аласыз?

– Өзім жастар саясаты саласында он жылдан уақыт жүргендіктен, бұл жөнінде айтарым бар деп ойлаймын.  Жалпы мемлекет тарапынан жастарға арналған қолдау түрлері көп. Олар тиімді жүзеге асса, онда ұтарымыз көп болар еді. Алайда соны халыққа түсіндіріп жеткізу жағы ақсап тұр.

Мысалы “Дипломмен – ауылға” деген бағдарлама бұрын аймақтарда Ауылшаруашылығы басқармасында болып еді, қазір басқа басқармаға ауыстырылды. Содан кейін жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталған “Қоғамдық жұмыс практикасы”, “Алғашқы жұмыс орны” деген бастамалар бар. Енді осылардың барлығына тікелей атсалысатын аудандық, ауылдық әкімдіктер шынайы, түсінікті етіп жүзеге асырып жатыр ма деген сауал туындайды. Егер бәрі жақсы болса, жұмыссыз жастар қайдан шығады?

Мен бұның бәрін түсіндіру жұмыстарының төмендігінен көремін. Жоғарыдағы басшылардан ең төмендегі қызметкерлердің өзі бұл бағдарламаның маңызын, барысын өздері меңгеріп алып, содан соң халыққа жеткізе алса, қанеки?!

Біздегі мемлекеттік бағдарламалардың барлығы түсіндіру жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуінен қиындық көреді.

Айталық, әлеметтік желілерде “Dauletten” деген парақша бар. Ол үй алудың түрлі жолдарын қарапайым, түсінікті тілде түсіндіріп береді. Соның арқасына өзі миллион аудитория жинап, халық үй алып жатыр. Былай қарасаң, білдей бір мемлекеттік мекеме атқаратын қызметті бір өзі істеп отыр. Неге?

Себебі ол халыққа түсінікті етіп жеткізеді. Ақылдыдан бастап, ақымаққа дейін түсінікті деуге болады. Эффект көрініп тұр. Енді осы тәжірибені алып, басқа бағдарламаларды түсіндіру жұмыстарына пайдалануға болмай ма? Әдетте бізде бір шу болса, соңында министрлер дұрыс түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген деп ақталады. Ендігі содан сабақ алатын уақыт келген шығар.

Маусымашарға қайта оралсақ, ұйымдастырушыларға айтар ұсыныс-пікіріңіз бар ма?

– Айтарым бар, осы бес-алты күннің ішінде небір шараларды көріп жатырмыз ғой. Сонда да келесіде өзімнің көргім келетінін айтып өтейін.

Фестивальге, мүмкіндік болса, “Stand up” өткізілсе деген ойым бар. Жан-жақтан келген мыңдаған жайдарманшылардың ішінде жеке орындаушылар бар екені анық. Оларға ақшалай сыйлық ұсынылса, талай стендаперлердің жарыққа шығуына көмектесер ме едік?! Бұдан үлкен жоба да жасауға болар еді.

Сонымен қатар, кешегі “SD family” мен “Jaidarman” құрамасы арасында шоу-матч өтті ғой. Дәл сол сияқты әр өңірдің жеке құрамасын шығарып, бір күнді арнайы бөліп, мини-футбол ойнатса. Дәл сол сияқты қазіргі таңда хитқа айналған киберспортқа да көңіл бөліп, плестейшн арқылы түрлі жарыстар ұйымдастыруға да мүмкіндік бар секілді.

Тағы бір ұсыныс, әрбір өңірде не жұмыс атқарылып жатыр, кімде қандай жаңалық бар деген сауалдарға жауап ретінде, филиал басшыларының таныстырылымын өткізсе деген тілек бар. Бәлкім, TEDx стилінде өтсе, қызықты болатын шығар. Осы шара арқылы әр аймақ өзінің істеген істері, алдағы болатын шаралар туралы, жайдарманшыларды өз өңірлеріне шақырту жасауына мүмкіндік беріледі. Яғни, өзара тәжірибе алмасатын алаң жасалар еді.

Сондай-ақ, былтыр өтіп, жайдарманшылар арасында ерекше есте қалған шара “Jaidarman awards” қайта жанданса деген тілек бар. Жайдарманшыларға “Жыл ақсақалы”, “Жыл волонтері”, т.б. атақтар мен күлкілі атаулар қойылып, жайдарманшыларға статуэтка мен дипломдар табыс етілсе, ұзақ уақыт айта жүретін шара болар еді деген ой бар.

– Берген сұхбатыңызға мың алғыс. Барша жұмысыңызға да сәттілік тілеймін.

– JAS.KZ сайтына мен де алғыс білдіремін.