Алматы облысы Көксу ауданы Балпық би кентінде күніне 250-ден астам адам қабылдауға арналған жаңа емхана ашылды.
Халық игілігі үшін жаңа үлгіде салынған емханаға республикалық бюджеттен 1 152,5 млн теңге бөлінген. Ғимараттың жалпы көлемі 3 675 шаршы метр. Емхана әлемдік стандарттарға сай 347,1 млн теңгеге медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Күніне бір мезетте 250 адам қабылдай алатын емханада терапиялық, хирургиялық, неврология, жұқпалы ауруларды оқшаулау кабинеттері, балаларды қабылдайтын және әйелдерге кеңес беретін, зертхана және рентгендік, ультрадыбысық зерттеулер бөлмелері бар.
Емхананы толық аралап, құрылыс сапасымен танысқан Алматы облысы әкімі Амандық Баталов:
— Бүгін Алматы облысы Көксу ауданында жаңа емхананы пайдалануға бердік. Емхана толықтай заманға сай заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Емхананың ашылу салтанатына қатысқан барлық халық, медицина саласының қызметкерлері дән риза. Бұл емхана Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының аясында құрылысы аяқталған соңғы емхана болып табылады. Осымен біз ол бағдарламаны толығымен орындадық деп толық айта аламыз, — деп, бұл емхана аудан тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсететіндігіне сенім білдірді.
Айта кетейік, емхана 180 адамды жұмыспен қамтыды. Оның ішінде 65-і дәрігер, 115-і орта буын және кіші медициналық қызметкерлер. Дәрігерлердің орташа айлық жалақысы 92 412 теңгені, ал орта буын медициналық қызметкерлердің жалақысы 74 516 теңгені құрайды.
ФОТО: Асқар ҚҰРАНБЕК