Домой Блог Страница 104

Отырарлық диқандар озық технологияның арқасында мол өнімге қол жеткізіп отыр

osnovnoy_1_4Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов Маяқұм, Балтакөл ауыл округтеріндегі  «Отырар-Сүт-Ет» селолық тұтыну кооперативі мен  «Отырар Агро өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысып, диқандармен кездесті.

ОҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда кооператив құрамына жергілікті «Серікбай-Б», «Мейірбек ЛТД», «Үсенов-Н» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер кіреді.

Кооператив биыл 190 гектар алқапқа «Жиенбай» сортты қауын, 130 гектарына жоңышқа, 100 гектарына жүгері дақылдарын еккен.

Тың технологияларды пайдалану арқылы мол өнімге қол жеткізген шаруашылықтың өнімдеріне сұраныс жоғары болып отыр. Бүгінде Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларынан келген кәсіпкерлер өздері тасымалдап әкетуде.  Бұл – шаруалардың төккен тері мен еңбегінің жемісі.

Ал, Балтакөлдегі диқандар ғылымға негізделген, соңғы озық технологияларды пайдаланып 104 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісімен пияз еккен болатын. Диқандар әр гектарынан 60 тоннадан өнім алуда. Бұл өнімдер келісім-шарт бойынша «Отырар қойма» ЖШС-нің қоймасында сақталады. Сонымен қатар, 50 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісімен күздік пияз егіліп бітті.

Аудан басшысы диқандардың өнімді еңбегіне ризашылығын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.

ОҚО әкімі жамағатты құрбан айт мерекесімен құттықтады

ОҚО әкімі жамағатты құрбан айт мерекесімен құттықтадыОҚО әкімі Бейбіт Атамқұлов Шымкенттегі облыстық орталық мешітте болып, айт намазына жиылған жамағатты Құрбан айт мерекесімен құттықтады, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

«Бұл қасиетті мереке бірлік пен ынтымақты, достық пен шаттықты насихаттайды. Құрбан айт мейрамы қанағат пен қайырымдылықты арттыратын мереке. «Құрбан» сөзі «жақындау», «тығыз байланыста болу» деген мағынаны білдіреді. Бұл күндер қайырымды жандар үшін сауапқа кенелудің айы болып саналады»,-деді облыс әкімі өз құттықтау сөзінде.

Өз кезегінде облыстық мешіттің бас имамы Ахметжан Керімбек аймақтағы 800-ге жуық мешітте айт намазы оқылғанын айтып, бүгінде өңірдегі 1600-ден астам жамағат Құрбан айт мерекесін Меккеде қарсы алғанын жеткізді.

Айт намазынан кейін орталық мешіт жанында ұлттық ойындардан түрлі сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға арнайы жүлделер табысталды.

«Жерұйық» саябағында Отбасы күні аталып өтті

«Жерұйық» саябағында Отбасы күні аталып өтті«Жерұйық» саябағында «Отбасы – біздің әлеміміз, біздің тыныштығымыз, біздің болашағымыз!» ұранымен Отбасы күніне арналған мерекелік мәдени-спорттық шара өтті, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Мерекенің ашылу салтанатында қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ільяс Бакиров пен олимпиада чемпионы, «Астана» президенттік спорт клубының аға менеджері Юрий Мельниченко сөз сөйледі.

Елорда тұрғындары мен қонақтарына ұйымдастырушылар көптеген қызықты спорттық жарыстар мен конкурстар дайындады.

Абдуллаевтар отбасы «Салауатты өмір салтын ұстанатын үздік отбасы» интернет-конкурсының жеңімпазы атанды. Ал Боранбаевтар мен Айтимовтар әулеті, сәйкесінше, екінші және үшінші орындарға жайғасты.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылдан бастап Қазақстанда Отбасы күні аталып өтіліп келеді. Міне, төрт жыл қатарынан қыркүйек айының әрбір екінші жексенбісінде қазақстандықтар бірін-бірі осы атаулы күнмен құттықтап жүр.

Елордалық отбасылар дуатлонға қатысты

Елордалық отбасылар дуатлонға қатыстыКеше Астанада «Отбасылық дуатлон» өтті. Ата-аналар мен балаларға арналған жарыс Astana ­Triatlon ­Park кешенінің аумағында ұйымдастырылды, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Жарыс басталмас бұрын нұсқаушылар қатысушыларға жаттығу жасатты. ­Қатысушылар екі санатта жарысты: 9-11 және 12-14 жастағы балалары бар отбасылар. Отбасы мүшелері жеке қашықтықтарды бағындырды – әкелер 2км, аналар велосипедпен ­2км, ал балалар 500 мтрге жүгірді.

Дуатлонға Спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Берік Маржықпаев та өз отбасымен қатысты.

9-11 жастағы балалары бар отбасылардың арасында Пон­омаревтар отбасы топ жарды, екінші жас санатында Жақсыл­ықовтар жеңімпаз атанды. Жарыс жеңімпаздары Ыстықкөлге жолдамаларға ие болды. Екінші орын алған астаналықтар Crossfit­Centre­ абонемент алды, үшінші орын алғандарға велосипедтер табысталды. Сонымен қатар, жарыс соңында лоторея  ойнатылып, велосипед табысталды.

— Күйеуіммен және балаларыммен триатлонмен бір жарым жылдан бері айналысып жүрміз. Алдымен Орталық паркке барып жүрдік, содан кейін Astana­Triatlon­park салынды.­ Астнада осындай шаралардың ұйымдастырылатыны жақсы. Алдағы уақытта көптеген жарыстар өтеді, бүкіл отбасымызбен қатысамыз, — дейді Р­аушан Сағынтаева, оның отбасы 12-14 жас санатында 1-орын және 9-11 жас санатында 2-орын алды.

ҚБФ кубогының жартылай финалына шыққан командалар белгілі болды

ҚБФ кубогының жартылай финалына шыққан командалар белгілі болдыӨңірлерде Қазақстан Бокс фдерациясы кубогы турнирінің ширек финалы аяқталды. Бұл туралы федерацияның баспасөз қызметінен хабарлады.

Сонымен бүгін, Павлодар облысының командасы ақтөбеліктерден 6-4 есебімен, ал маңғыстаулықтар Жамбыл облысы командасынан 7-3 есебімен басым түсті.

А тобынан Алматы облысы, В тобынан Маңғыстау облысы, С тобынан Астана қаласы, ал Д тобынан Оңтүстік Қазақстан облысының командасы суырылып алға шықты.

Кубоктың жартылай және финалдық кездесулері 3 және 4 желтоқсан күндері өтеді. Өткен маусымдағыдай жеңіске жеткен команда 25 млн. теңге көлемінде сыйақы алады.

Естеріңізге сала кетсек, 2010 және 2013 жылдары Астана қаласының, 2011 жылы Қарағанды, 2012 жылы Маңғыстау, 2014 жылы Жамбыл, 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының командасы кубок иегері атанған болатын.

ҚазАқпарат

ОҚО-да жас инспекторлардың саптық шеруі өтті

img_9861ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметі, білім беру ұйымдарының өкілдерімен бірлесе Шымкент қалысындағы Жастар орталығында «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекесіне орайластырылған «Жол қозғалысының жас инспекторлары» атты саптық шеруін өткізді, деп жазады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Акцияның мақсаты, балалар мен жастардың қатысуымен жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша жұмыстарды жетілдіру, балалардың жолда жүру ережесін меңгерту дағдысын қалыптастыру.

Жол қозғалысының жас инспекторлары ұйымына мүше балалар саптық шеруде жол қозғалысының қауіпсіздігіне арналған әндер орындады. Сондай-ақ, 210 жас инспектор Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын айшықтайтын 25 санын бейнелеп сапқа тұрды.

Саптық шеруге полицияның 200-ден астам көмекшісі мен 500 жоғары сынып оқушылар қатысты. Оларға полицейлер жол қозғалысын насихаттайтын кітапшалар мен буклеттер таратты.

Отырарлықтар марафонда жүгірді

14264255_289241214794292_887899842324810259_nОтырар ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Дені сау ұлт – Тәуелсіздік тірегі» атты бұқаралық марафоны болып өтті, деп жазады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. «Қобыз-Домбыра» композициялық кешені мен орталық алаңында өткен марафонға 100-ден астам аудан жастары, еріктілер және қонақтар қатысты. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған марафон соңы арнайы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Шараға қатысқан аудан әкімі Ерлан Айтаханов марафонға қатысушыларды құттықтап, жеңімпаздарды марапаттады.

«ҚР Президенті Нұлсұлтан Назарбаевтың жылсайынғы Жолдауында тұрғындар арасында бұқаралық спортты дамытуға мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп отырғандығын үнемі айтып келеді. Осы мақсатта ауданымызда бұқаралық спортты дамытуда түрлі спорттық шаралар жалғасын тауып отыратындығын жеткізіп, барша отырарлықтарды салауатты өмір салтын насихаттауға шақырды»,-деді аудан басшысы. Жүгіру барысында белсенділік танытқан аудандық Ішкі істер бөлімінің қызметкері Сердалы Самуратов, ауданымыздың ардагер-спортшы номинациясымен Бекен Әлі аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Жүлделі үшінші орынға Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Еркебұлан Әзімбек ие болса, екінші орыннан шәуілдірлік Жасұлан Тәменов көрінді. Ал, жүзден жүйрік шығып, мәре сызығын бірінші қиған Отырар аудандық спорт мектебінің жаттықтырушысы Нұрболат Жезмырзаев жарыс жеңімпазы атанды.

Әсет Исекешев садақ тартып, нысананы дәл көздеді

Әсет Исекешев садақ тартып, нысананы дәл көздедіЕлордада ұлттық спорт түрлерінен алғаш рет өткен «Астана жұлдызы» республикалық турнирінде «Қазанат» атшабарының маңына қонған қазақ ауылын Астана әкімі Әсет Исекешев аралап көрді, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Бұл этноауылда 13 киіз үй тігіліп, жиналған қауымға ұлттық тағам түрлерінен дәм ұсынылды.

Көпшілік алтыбақан теуіп, асық атып, ләңгі ойнап, сауық құрды. Мергендігін сынап көрген елорда басшысы Әсет Исекешев садақпен нысана көздеп, дәл тигізді.

Астана әкімі қарапайым халыққа атқа мінуді үйренуге, аударыспақ, асық ату, тоғызқұмалақ ойнауға және ұлттық спорт түрлерімен машықтануға жағдай жасалатынын, алдағы екі жылда бұқаралық спортты дамыту мақсатында қала бойынша 22 спорт алаңы салынатынын айтты.

Елордада «Әке, ана және мен – тату полицейлер отбасы» конкурсы өтті

06df2b28a087b12fdd24117db13Отбасы күнін мерекелеу аясында Астана қаласының ІІД спорт кешенінде құқық қорғау органдары қызметкерлері отбасыларының арасында «Әке, ана және мен – тату полицейлер отбасы» конкурсы өтті, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Шара барысында Астана қаласының ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Шалданбаев баршаны Отбасы күнімен құттықтап, елордалық полицейлер арасында отбасылық эстафеталар өткізудің жақсы дәстүрге айналғанын атап өтті.

Отбасылар сапта доп беруде сайысып, шағын футбол ойнады, секірмекпен секірді.

Жарысқа «Алматы», «Сарыарқа» және «Есіл» аудандық ІІБ бөлімшелерінен, жедел әрекет ету жасағынан, Астана қаласының жол-патрульдік полиция полкі мен арнайы батальонынан 11 команда қатысты.

Ақышбаевтар әулеті күшті спорттық полицейлер отбасы деп танылды. Төрешілердің шешімімен Болатовтар әулеті екінші орын, Дәулетқалиевтер үшінші орын алды.

«Ең ұйымшыл отбасы» аталымында Жүзбаевтар әулеті топ жарды, Жарболовтар ең жігерлі отбасы, ал Мұратовтар шапшаң және шебер отбасы атанды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталар, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тарту етілді.

Астана әкімінің бас бәйгесі Байторы сәйгүлігіне бұйырды

Астана әкімінің бас бәйгесі Байторы сәйгүлігіне бұйырдыАстанада Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай алғаш рет өткен «Астана жұлдызы» республикалық турнирі өз мәресіне жетті. Елорда әкімі Әсет Исекешев тағайындаған бас жүлде автокөлікті Байторы сәйгүлігімен Алматы облысынан келген шабандоз Ержігіт Төлегенов иеленді, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

«Қазанат» атшабарында өткен бұл турнирде орта қашықтықтағы бәйге 9 шақырымды қамтыды. 5 айналымға созылған бұл қашықтыққа 30 жүйрік шапты.

Байторы сәйгүлігінен соң мәреге екінші болып жеткен Жұматай Ақжол Триумп жүйрігімен 2-орынды, ал шабандоз Асқар Омаров Қыран атты тұлпарымен 3-орынды иеленді.

Сонымен қатар, Теңге ілу сайысында бойынша 1-орынды Берікқали Жақишев алды.  Одан кейінгі жүлде – Әлихан Бәшімбаевқа, 3-орын Бақытжан Сапарбековке бұйырды.

Жамбы ату сайысына қатысушылар ат үстінде шауып келе жатып садақпен нысана көздеді. Бұл сайыста мергендігімен танылған Тілекқали Ізденбаев бәрінен үздік болды. 2-орынды Елдос Бадашев алса, 3-орынға Саят Қыстаубаев лайық болды.

Аударыспақта балуандар ат үстінде жүріп күш сынасты. Бұл сында 1-орынды Біржан Қосалиев иеленді. 2-орынның иегері Арман Сағымбаев, 3-орынның иегері Данияр Смайлов атанды.

Асау үйретуде Өмірбек Төлегенов 1-орын, Ерасыл Диханбаев 2-орын, Жанәділ Ғазизов 3-орын алды.

Ал көкпардың финалында Астана қаласының құрамасы мен Ақмола облысының командасы кездесіп, бас жүлдені сарапқа салды. Нәтижесінде астаналықтар қарсыластарын 6:0 есебімен жеңіп, 1-орын алды. 2-орынды Ақмола облысы, 3-орынды Қостанай облысы иеленді.