Домой Блог Страница 119

Елордада Қызылорда облысының күндері өтеді

Елордада Қызылорда облысының күндері өтеді3-4 қыркүйекте Астанада ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қызылорда облысының күндері өтеді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Б. Момышұлы даңғылында орналасқан Оқушылар сарайының алдындағы тұрақта өтетін ауыл шаруашылық жәрмеңкесінде аймақтың тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынады.

Жалпы, жәрмеңкеде 300 тоннадан астам өнім, соның ішінде жарма, жеміс, көкөніс, сүт тауарлары, ет, шұжық өнімдері, балық, бал, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер сатылады.

Сенбі күні, 3 қыркүйекте астаналықтар «Ырысты, күрішті – Қызылорда» атты концерттік бағдарлама мен арнайы шатырда ашылатын Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығына арналған «Ақ күріштің атасы — Ыбырай» көрмесін тамашалайды. Жәрмеңкеде «Қазақстанда жасалған» акциясы аясында шығарылған өнімдер де көпшілік назарына ұсынылады.

Сонымен қатар, Астана қаласының Балалар деревнясында және Мамандандырылған балалар үйінде «Бәрі де бала бақыты үшін» қайырымдылық акциясы өтеді.

Осы күні сағат 17.00 Конгресс-холлда аймақтың өнер иелері «Сыр – Алаштың анасы» атты мерекелік концертте өз шеберлігін ортаға салады. Сондай-ақ, фойеде «Тәуелсіздіктің дара жолы – Сыр елі жетістігі» фотокөрмесі мен ел тәуелсіздігіне арналған сурет көрмесі өтеді. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында кітап көрмесі, ал ҚР Ұлттық музейінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған көрмелер мен экспозициялар ашылады.

4 қыркүйекте Б. Момышұлы даңғылында орналасқан Оқушылар сарайының жанында жәрмеңке мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.

Елордада үстел теннисінен «Astana Alau Cup – 2016» фестивалі өтеді

Елордада үстел теннисінен «Astana Alau Cup – 2016» фестивалі өтедіҚыркүйектің 3-і мен 4-і күндері «Алау» мұзайдын сарайында үстел теннисінен марафон өтеді. Жарысқа кәсіпқойлар да, ниет білдірген жандар да қатыса алады. Бұл үшін 2 қыркүйекке дейін өтінім беру керек, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Турнирде 21 жасқа дейінгі ұл-қыздар, кәсіпқойлар мен әуесқойлар, ардагерлер (ерлер – 50 жас және одан жоғары, әйелдер – 45 жас және одан жоғары), сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі спортшылар шеберлік байқасады.

Жарыс «минус екі» олимпиада немесе шеңбер жүйесімен өткізіледі. Келіп түскен өтініштер бойынша төрешілер алқасы анықталады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, турнир астаналықтардың арасында үстел теннисін бұқаралық спорт түрі ретінде дәріптеуге, кәсіпқойлардың шеберлігін шыңдауға және жалпы, қала халқын спортпен айналысуға тартуға ықпал етеді.

ОҚО-да жаңа оқу жылында 611 мың оқушы білім алады

ОҚО-да жаңа оқу жылында 611 мың оқушы білім аладыОҚО-да жаңа оқу жылында 611 мың оқушы білім алады. Бұл мәлімет өңір басшысы Б.Атамқұловтың қатысуымен өткен «Білімді ел-мәңгі ел» тақырыбындағы облыстық тамыз педагогикалық кеңесінде айтылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, конференция барысында жаңа 2016-2017 оқу жылына қойылған міндеттер мен мақсаттар баяндалған. Айта кетейік, өткен оқу жылында облыста 584 мыңнан аса оқушы білім алса, ал  2016-2017 жаңа оқу жылында 611 мың оқушы білім алады деп күтілуде. Биылғы жылы облыста Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 25 мектептің есігі оқушылардың алдында ашылатынын мәлімдеген өңір басшысы 2016-2019 жылдар аралығында 177 мектепке дейінгі білім ұйымдарын ашу жоспарда екенін айтып өтті.

Педагогтар кеңесі кезінде білім саласында үздік жетістіктерге жетіп, біліктілігімен ерекшеленген Жанар Мұстафаева, Муккарам Тургуноваларға 2 бөлмелі, ал Бағлан Баймахановқа 3 бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Сондай-ақ бірқатар ұстаздар министрліктің және облыс әкімінің алғыс хатымен және «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төс белгісімен марапатталды.

 

Шымкентте Орталық Азиядағы ең үлкен айналмалы дөңгелек іске қосылды

20160825142520Шымкент қаласындағы «Жайлаукөл» демалыс аумағының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл мерекелік шараға өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов пен қала әкімі Ғабидулла Әбдірахымов қатысып, салтанатты жиынды ашып берді.

Бұл туралы өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлайды.

Басшылар жаңа ойын-сауық орталығының ашылуына байланысты қала тұрғындарын құттықтады. Демалыс аумағында барлық жастағы зияратшылар үшін 20 атракцион және 50 метрлік айналмалы дөңгелек орналасқан. Келешек қаланың аймағында орналасқан «Shymkent City» саяғбағы көркейіп, қаланың шырайына айналды.

Сонымен қатар, бұл аумақта көңілді көтеріңкі өткізу және спорттық шаралар ұйымдастыру үшін барлық жағдай жасалған. Демалыс аймағында орналасқан айналмалы дөңгелек Орта  Азияда ең үлкені болып саналады.

20160825142500

Астананың аудандарында Жұмыспен қамту орталығының өкілдіктері ашылды

Астананың аудандарында Жұмыспен қамту орталығының өкілдіктері ашылдыАстана қаласында Жұмыспен қамту орталығының үш өкілдігі ашылды. Мұнда жұмыс іздеушілер мәліметтер базасындағы өзекті бос орындармен танысып, сұхбаттасуға жолдама алады. Сонымен қатар, мамандар жастар практикасынан, даярлау және қайта даярлау курстарынан өту жағдайлары мен қажетті құжаттар топтамасы туралы кеңес береді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омардың айтуынша, өкілдіктер жұмысқа орналаспаған азаматтардың қолайлығы үшін жасалып отыр.

— Өкілдіктердің ашылуына жұмысқа орналасу саласында жұмыссыз азаматтарды мемлекеттік қолдау шараларымен көбірек қамту қажеттілігі негіз болған. Ең бастысы, халыққа тұрғылықты жерінде мемлекеттік қызметтің осы бір түрін алу өте қолайлы болып табылатындығы, — дейді Олжас Омар.

Жұмыспен қамту орталығының өкілдіктері Тілендиев даңғылының бойында орналасқан «Рахмет» СҮ, Ақжол көшесіндегі «Астықжан» СҮ және «Аружан» СОО ашылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Астаналық» базарда және «Гүлжан» СҮ осындай 2 орталық өз жұмысын бастаған болатын. Бұл жұмыссыздықтың ең төменгі деңгейін 4,7% шамасында сақтауға мүмкіндік береді.

Арыс қаласында қоғамдық қабылдау өтті

Арыс қаласында қоғамдық қабылдау өттіБүгін «Нұр Отан» партиясы Арыс қалалық филиалының мәжіліс залында «Нұр Отан» партиясының Арыс қалалық филиалының төрағасы мен Арыс қаласының әкімі Сейіт Мырзақұлұлының қатысуымен қоғамдық қабылдау өтті, деп хабарлайды Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Қоғамдық қабылдауға келген қала тұрғындары жұмыссыздық, әлеуметтік көмек, кәсіпкерлікті жүргізу, жер телімін алу мәселелері бойынша өз өтініштерін білдірді. Шаһар басшысы аталған мәселелерді шешу үшін бөлім басшылары мен тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмалар беріп, мәселелер оң шешімін тапты.

ОҚО-дағы ұлттық парктен қаңлы тайпасына қатысты тың жаңалық табылды

ОҚО-дағы ұлттық парктен қаңлы тайпасына қатысты тың жаңалық табылдыОңтүстік Қазақстан облысындағы «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі аумағынан 2 мың жылдық тарихы бар көне қаланың орны табылды, деп жазады  24.kz.

Археологтар аршып алынған жәдігерлер тарихы аз зерттелген қаңлы тайпаларына тиесілі деп отыр. Бір қызығы, қазба жұмыстары жеке кәсіпкердің қолдауымен жүргізіліпті. Археологтар көпшіліктің көзінше топырақ астында көміліп қалған қол орақты аршып алды. Қаншама ғасырлар өтсе де темір бұйым қаз қалпында сақталыпты. Тіпті жүзі де қайтпаған. Оны жауынгерлер әртүрлі зат кесу үшін қолданған. Бөлменің тағы бір бұрышынан қайрақ тастан жасалған қол диірмен де шықты.

«Тарихшылар бұл жәдігерлер көшпенді халықтың аңшылықпен қатар егіншілікпен де айналысқан деп айтуымызға толық негіз бола алады», — дейді. Александр Подушкин, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры: — Біз қаңлы заманына тиесілі ең үлкен ғимараттың орнын таптық деп айтуға болады. Мынадай диірмен жалпы бұған дейінгі қазба жұмыстары кезінде еш жерде кездескен емес. Ал ең негізгісі оның қасындағы қол орақ болып тұр. Бұл жердің табиғаты өте қатал. Қысы алты айға созылады. Соған қарамастан жұрт бидай егіп, оны жинап, ұнтақтап тартып алған. Бөлмедегі қыш құмыралар мен ошақ пештің орны анық көрініп тұр. Үйдің іргесі таспен қаланып, еденіне қиыршық тас төселген. Көне бұйымдардың арасында жебенің ұшы мен түрлі аңдардың сүйегі, тіпті маралдың мүйізі де бар.

«Ескі қалашық біздің дәуірімізге дейін және осы ғасырдың бас кезінде өмір сүрген тарихы аз зерттелген Қаңлы тайпаларына тиесілі», — дейді мамандар. Александр Подушкин, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры: «Бұған дейінгі жүргізілген қазба кезінде дәл осындай үлкен қалашықтың орны табылған емес. Бұл қаңлы тайпасына қатысты тың жаңалық деуге болады. Көшпенділер туралы тек Қытай жазбаларында кездеседі. Оның өзі шағын ғана. Жәдігерлер тарихтың айқын дәлелі бола алады», — дейді. Айналасын Тянь-Шань таулары қоршап тұрған табиғаты әсем Өгем шатқалында осындай көне қалалардың орны өте көп. Бір қызығы, қазба жұмыстары жеке кәсіпкердің қаржылай қолдауының арқасында жүргізіліпті. Іскер азамат қалтаға түсер пайдасы болмаса да, табылған құнды жәдігерлер ұлы дала тарихының көкжиегін кеңейтетініне сенімді. Владимир Бысов, «Спектр» өндірістік компаниясының басшысы: «Менің өзім 80-жылдары археологтар үйірмесіне қатысқанмын. Қызығушылығым сол кезден бар. Ғылымға қолдан келсе көмектескен жақсы, әрине. Өйткені бұл — күллі қазақ елінің тарихы. Археологиялық топ жетекшісі «тұрғындар қаладан үй-жайын тастап, аяқ астынан көшіп кеткен болуы мүмкін», — дейді. Өйткені бөлмедегі ыдыс-аяқтардың бірлі-жарымы болмаса, басқасы сол күйі сақталған. «Оған тайпалар арасында жиі орын алып тұратын соғыс та сеп болуы мүмкін», — дейді ғалым.  Өгем шатқалындағы үш бас төбеде қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтар қазір ортаң белдегі қалашық орнын қазып үлгерген. Ол жерде, мамандардың сөзіне қарағанда, ру не тайпа көсемдері тұрған болуы мүмкін. Ал сол жақ беткейдегі жазықта қарапайым адамдар тұрған, яғни сауда-саттықтың қызған ортасы болуы мүмкін. Болашақта бұл жерлерде де қазба жұмыстары жүргізіледі. «Ал негізі үш бас төбенің ең биік жері қарауыл төбе болған болуы мүмкін», — дейді археологтар. Өйткені бұл жерден айнала алақандағыдай көрінеді. Қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін көне қалашықтың орнынан аршып алынған жәдігерлер қайта қалпына келтіріліп, орталық мұражайға өткізіледі. «Бұл Қазақстан тарихы үшін тағы бір жағымды жаңалық болмақ», — дейді мамандар.

Биыл Алматы облысында 9 мектеп пайдалануға беріледі

Биыл Алматы облысында 9 мектеп пайдалануға беріледіБиылғы жылы Алматы облысында 9 мектеп пайдалануға беріліп, тағы 37 мектептің құрылыс жұмыстары келесі жылы толығымен аяқталады.

Сөйтіп апатты және үш ауысымда оқытатын мектептердің мәселесін шешуге мүмкінедік туады. Бұл туралы бүгін Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен «Білімді ел — мәңгілік ел» атты мұғалімдердің тамыз конференциясында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов айтты.

Дәстүрлі форумға облыстың аудан, қалаларындағы білім мекемелерінің өкілдері қатысты.

Конференцияның алдында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов мұғалімдер мен оқушылардың жетістіктерін, инновациялық идеяларды және білім саласын одан әрі дамыту жоспарлары туралы мәліметтер көрсетілген көрмемен танысты, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Пленарлық отырыстың салтанатты ашылуында баяндама жасаған облыстық білім басқармасының басшысы Л. Базарқұлова мұғалімдердің біліктілігін арттыру, білім сапасын көтеру, жазғы демалыс және сауықтыру шаралары, педкурстардан өту қорытындылары, сол сияқты үйірмелік жұмыстар жайлы кеңінен баяндады. Жуырда ашылған Оқушылар сарайындағы түрлі үйірмелер балалардың жан-жақты дамуына мол мүмкіндік қарастырылып отырғанын да айтты. Сонымен қатар білім басқармасында баспасөз орталығы ашылатынын тілге тиек етіп, бұл орталық арқылы білім саласындағы жаңалықтар, өзекті мәселелер талқыланатынын жеткізді.

Конференция барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласын бақылау жөніндегі комитеттің төрағасы Ахметжан Пірімқұлов жаңартылған білім мазмұнына сәйкес енгізілетін жаңа реформалар туралы, атап айтқанда, үш тілде білім беру, 5 күндік оқу аптасына кезең-кезеңімен көшу, мектеп формасы және басқа да жаңалықтар туралы кеңінен баяндады.

 Форум соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов сөз алып, өңірде 9 мектеп пайдалануға берілетінін, тағы 37 мектептің құрылыс жұмыстары келесі жылы толығымен аяқталатынын, бұл апатты және үш ауысымды мектептер мәселесінің толық шешілуіне мүмкіндік беретінін айтты. Сол сияқты балабақшалар құрылысы қарқынды жүруде. Бүгінгі күні мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін тиімді қолдану нәтижесінде облыста балаларды мектепке дейінгі қамту деңгейі 79 %-ке жетті.

«Мемлекет басшысы «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты Жолдауында және «100 нақты қадам»  жоспарында тиісті міндеттер жүктеді.

Ұлттық жоспарда елімізге іскерлік танытып, жаңа бастамалар көтеретін білікті маманның аса қажет екені баса айтылды. Мақсат біреу — ол оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру. Педагогикалық ұжымның, ұстаздардың жауапкершілігін барынша арттыру. Бұл — бәрімізге маңызы жоғары, талабы биік, ортақ міндет.  Сондықтан, облыс ұстаздары алдағы уақытта білімді ұрпақ, тәрбиелі шәкірт, саналы азамат тәрбиелеп шығаруға бар күш-жігерін жұмсайды деп сенемін», — деді Л. Тұрлашов өз сөзінде.

Мұнан соң басқосу облыс педагогтарын марапаттау салтанатымен жалғасты. 17 мұғалімге «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері», ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы. Алтынсарин төсбелгісі» берілді. Сонымен қатар педагогтарға құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды.

Жалпы, мектепке дейінгі біліммен қамту саласында «Күншуақ» жекеменшік балабақшасының меңгерушісі Перзат Қадырова мектепке дейінгі тәрбие барысында инновациялық технологияны тиімді қолданғаны үшін «Жаңашыл жетекші» төсбелгісімен, дипломмен марапатталды.

ҚазАқпарат

Қызғаныштан құтылу жолдары

Қызғаныштан құтылу жолдарыДүниенің материалдық байлығына қызығып, жағымсыз қасиеттерді бойларына  сіңірмес үшін, адамзат баласы рухани баюды міндет тұту керек. Адам болу өте қиын, надан болу – әп-сәтте. Адамның жағымсыз қасиеттері – мінез-құлықтың бір сипаты.

«Ақ» қызғаныш, «қара» қызғаныш деп жатады, бірақ тереңіне үңілсек, бұл екеуінде де бір қызғаныш. Қызғаныштары мен іштарлықтары бойларын кернеген адамдар тек қана аяныш сезімдерді тудырады. Өйткені ондай адамдар – өте әлсіз, ерік-жігерлері төмен, сәтсіздікті көтере алмайтын аянышты жандар. Өне бойын қызғаныш пен көреалмаушылық жаулаған адам баласы өзі толыққанды өмір сүре алмайды және басқаға да өмір сүруге кедергі тудырады.

Жалпы, адам бойындағы жағымсыз қасиеттер аз сыналмаған. Мұхтар Әуезов «Қызғаныш – құрт ауру. Ол мыс қазандай қайнайтын азап оты» дейді. Қызғаныш пен көре алмаушылық деген қасиеттер жанды жаулап алатын құрттар, надан және жауыз, қатыгез адамдардың жүректеріне ұя салады.

Қызғаныш – бұл ауру. Медицинада айтылатындай, қызғаныш отына өртенгендердің ішкі секрециясы қалыпсызданып, жүрек-қан тамыр жүйесі бұзылып, жүйке жүйесі зақымданады.

Қызғаншақтық – сыртқа шық­пай қоймайтын ішкі былық. Қызған­шақтық пен іштарлықтың үш белгісі бар:

  • Егер адам қасында болмаса, ол туралы ызалы сөздер айтып, жағымсыз ойларын білдіреді;
  • Ол сол адамды көргенде жағымпазданып, екіжүзділеніп, көлгірсиді;
  • Ол адамның бақытсыздығына қуанады.

Мұндай қасиеттер – таяз ақылдың белгілері. Өзін әрқашан басқамен салыс­тыра беретін, басқа біреудің сәттілігін өзінің құлдырауы деп есептейтін адам – жағымсыз қасиет иесі. Біреудің жетістіктері мен жолы болғыштығы оның бойында қорқыныш тудырады, адам санасының ең төменгі пернелеріне әсер етіп, соған орай рефлексті қорғаныш күштері пайда болады, соны жеңу үшін әртүрлі әдістер мен тәсілдер қолданады. Басқаларға жоғары талап қоюдың артында адамгершілік пен психологиялық зиян шегушілігі, кәсіби және жеке бас шамасының төмендігі, ішкі жан дүниесінің бос­тығы жатады. Адамның жанын же­гі­дей жеген қызғаныш адамға азап шектіреді, әртүрлі аурулардың тууына ықпал етеді.

«Осы жағымсыз қасиеттер неден пайда болады?» деген сұрақ туады. Бұл балалық шақтан ата-анасының немесе басқа ересектердің баланы бағалауы мен салыстыру нәтижесінде шығады. Мысалы, «Сен Марат, Айгүл, Жанарлар сияқты болсаң…», «Әне, қарашы елдің баласына…», т.б. салыстырулар мен сын-ескертпелерді естіп өскен балада қызғаныш сезімі пайда болады, яғни қай жерде бағалау, салыстыру, талаптар болса, сол жерде қызғаныш туады.

Қызғаншақ адамдар – жағымсыз энергияның иелері. Жан-жақтарына агрессияның ұшқындарын атып, жамандық ойлап, қызғаныш тудыр­ған объектілердің жағымды жақтары­нан гөрі жағымсыз жақтарын тезірек байқап, оларды «тізе бүктіру» мақ­сатында әртүрлі агрессияның түрлерін қолданады.

Осындай адамның жеке басына, қоршаған ортасына кері әсерін тигізетін жағымсыз қасиеттерден құтылудың жолдары: сарыуайымға салынбай, өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысу (шахмат ойнау, суда жүзу, табиғатқа шығу, спортпен шұғылдану, т.б.); қоршаған ортаға, табиғатқа сүйіспеншілікпен қарау; жан-жүйеңді, ойыңды рухани байытатын көркем шығармалар оқу; адамдардың позитивті тұстарын байқауға тырысу; әрбір күнге шүкіршілік етіп, бәріне көңілі толып, алғыс айта білгені жөн.

anatili.kazgazeta.kz

Спортшыларға құрмет көрсетілді

Спортшыларға құрмет көрсетілдіБүгін Спорт күніне орай Талдықорғандағы Оқушылар сарайында Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарының жүлдегерлеріне құрмет көрсетіліп, спорт ардагерлері мен сала қызметкерлері марапатталды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиналғандарды облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов  құттықтады.

Л. Тұрлашов Олимпиаданың ауыр атлетикадан қола жүлдегері Карина Горичеваға 10 млн. теңгенің сертификатын, Олимпиадада 5-ші орынға табан тіреген ауыр атлетші Маргарита Елисееваға 3 млн. теңгенің сертификатын ұсынды. Сол сияқты спортшылардың жаттықтырушыларына да ақшалай сыйлық берілді.

Сондай-ақ, шараға шақырылған бірқатар азаматтар «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен, облыс әкімінің құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталды.