«Құланшы» қазіргі заманғы өнер орталығы 2007 жылы ашылды. Орталықта отандық және шетелдік суретшілердің көрмелері, шеберлік дәрістері жиі өткізіліп тұрады, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Сондай-ақ үлкендерге және балаларға арналған бейнелеу өнерінің студиялары жұмыс істейді. «Құланшы» орталығы ерекше қажеттіліктері бар қала тұрғындары үшін де есігін айқара ашады.
– Біз 10 жыл бұрын қазақстандық және шетелдік суретшілердің көрмелерінен бастадық. Жыл өткен сайын әрбір жобадан қуат алып, бүгінде жүздеген көрме өткізіп үлгердік. Көрме өткізу процесінің қарқыны жоғары. Бұдан басқа, ағартушылықпен де айналысамыз. Дәріс оқып, шеберлік сыныптарын ұйымдастырамыз, – дейді «Құланшы» қазіргі заманғы өнер орталығының жетекшісі Лейла Махат.
Орталықта шығармашылықтың барлық түрі қолдау табады, академиялық сурет салу, станокты кескіндеме, балалар креативін дамыту, қыш-құмыра жасау өнері, шешендік өнер студиялары бар, тіпті кинематография курстары да өткізілді. Мұнда үш жастан асқан балалар өз дарындылығын дамытады.
Жасөспірімдерге арналған студияларда сабақтар классикалық көркемдік білім беру жүйесімен өткізіледі. Мүлдем сурет сала алмайтындарға арналған сабақтар да ұйымдастырылады. Сөзбен айтып жеткізе алмағанын, сурет арқылы жеткізуді үйренгісі келетіндер үшін қазіргі заманғы кескіндеме курстары да ашылған. Сонымен қатар, орталықта ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған студия алты жылдан бері қызмет етіп келеді.
«Құланшы» орталығының өнерін қала көшелерінен де тамашалауға болады.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы өткенде жылқылардың, жақында ЭКСПО-адамдардың мүсіндерін, Қазақстан аумағында мекендейтін Қызыл кітапқа енген жануарлардың айналы полигональды модельдерін жасадық. Жылқылар осы күнге дейін тұр. Басқа инсталляцияларымыз да қажет болады деп үміттенемін, – дейді Лейла Махат.
Қазіргі кезде Бейбітшілік және келісім сарайында орналасқан «Құланшы» орталығында 50 жуық адам білім алып жүр.