Бүгін Балқаш, Кербұлақ, Көксу, Ескелді аудандарының әкімдерінің 2016 жылдың 10 айындағы есебі және 2017 жылға арналған жоспарлары тыңдалды.
Балқаш ауданының әкімі Ғ. Тоқпейісов экономиканың барлық салалары бойынша қол жеткен көрсеткіштерге тоқталып өтті. Ауданда мал шаруашылығын дамытудың әлеуеті зор. Атап айтқанда, «Өтес БиоАзия» ЖШС-ның 5 мың бастық мал бордақылау кешені жыл соңына дейін 1200 тонна ет өндірсе, келесі жылдың межесі 1300 тонна болмақ. «Динара Ранч» ЖШС-ның осындай кешені жыл аяғына дейін 1400 тонна, 2017 жылы 1500 тонна ет өндірмек. «Жақсылық» шаруа қожалығы 3 мың басқа арналған құны 835 млн. теңгені құрайтын мал бордақылау кешенінің құрылысын жоспарлап отыр.
Ауданда ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіру арқылы 3 кооператив құрылған. Жылыжай өндірісін дамыту бойынша биылғы жылдың соңына дейін Бақбақты ауылдық округінде көлемі 0,14 га болатын жерде 2 жылыжай құрылысы аяқталып, іске қосылатын болады.
Ал Кербұлақ ауданының әкімі Б. Әлиевтің баяндауынша, 2017 жылы өңірде «Каз Атомпром Гельюс стартегия» кәсіпорны құны 29,2 млрд. теңге болатын 50 МВт күн электр станциясы салады. Сол сияқты Көктал өзенінде қуаты 50 МВт «Ала цем» ЖШС жылдық қуаты 1200 тонналық жобалық құны 37 млрд. теңгелік цемент шығаратын зауыттың құрылысын бастамақшы.
Көксу ауданының әкімі А. Әділдің айтуынша, Балпық би ауылында 8 га жерге өнеркәсіп алаңы белгіленіп, бүгінгі күнге барлық инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген. Қазір мұнда «Олимп Көксу» ЖШС-ның құрылысқа арналған құрғақ қоспалар мен газоблоктар шығаратын зауыттың құрылысы аяқталған. Сплитерлік блоктар шығаратын «Есмұрзаев» ЖК цехының құрылысына 1 га жер бөлінген. Өнеркәсіп алаңының бос жатқан 4,7 га жеріне тағы 3 кәсіпорынды орналастыру жоспарланып отыр.
2015 жылы іске қосылған «КазАгроСервис» ЖШС-ның 0,8 га жылыжайының аумағы биылғы жылы кеңейтіліп, 1,2 гектарға жеткізілген. Сонымен қатар Балпық би ауылында жеке қаражат есебінен 0,5 гектарлық жылыжай ашылады. Мұқаншы ауылдық округінде көкөніс сақтау қомасы мен Балпық би ауылында 2 га жерге заманауи жылыжай құрылысын жүргізуге инвесторлармен келісім жүргізілуде.
Индустрияландыру картасы бойынша қолданыстағы «Уыз Май Industry» ЖШС-ның өсімдік майын ыдысқа құя отырып дезодорациялау мен рафинадтау желісіне, майлы дақылдарды өңдеу желісіне, ұн тартатын кәсіпорынға жер учаскелері белгіленіп, бизнес-жоспарлары әзірленіп жатыр.
Биылғы жылы ауданда балаларды балабақшамен қамту деңгейі жыл соңына дейін 90,2 % жеткізіледі. Келесі жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Жамбыл және Балпық би ауылдарында мектепке дейінгі мекемелер ашу жоспарланған.
Ескелді ауданының әкімі Ж. Ноғайбеков өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі он айдың ішінде 19,8 млрд. теңгені құрап, жоспарлы межені 1,5 млрд. теңгеге артық орындағандарын айтты. Ауданда өсірілген қант қызылшасы әр гектарына 508 центнерден айналған. Биыл 1484 гектарға тәтті түбір сепсе, келесі жылы оның көлемін 18000 гектарға жеткізуді көздеп отыр.
Есеп беру барысында аудан басшылары ауыз су, құрылыс, жерді тиімді пайдалану, ирригациялық жүйелер, жұмыспен қамту, шағын ниеселер бөлу, денсаулық сақтау, білім беру сияқты барлық салалар бойынша толыққанды мәліметтер берді. Сонымен қатар қаржыландыруды қажет ететін, облыс басшылығы тарапынан қолдауды қажетсінетін іс-шараларды, жобаларды атап өтті.
Есептерді тыңдаған облыс әкімі А. Баталов әр ауданның табиғи климаттық және басқа да ерекшеліктеріне қарай маңызды әрі өзекті деген мәселелерге ерекше назар аударды. Инвестиция тарту, ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру арқылы егістік алқаптарының көлемін арттыру, ауыл ішілік жолдарды жөндеу, халықты таза ауыз сумен қамту тәрізді істердің қай-қайсысын да құнтты атқарып, нәтижеге жұмыс істеу керектігін қадап айтты.