«Бірінші күннен бастап, жаңа өмір бастаймын, спортпен айналысамын, уақытылы ұйқтаймын….» — барлығымыздың мақсат қойып-қойып алып, келесі бірінші күнге, келесі айға шегеріп, мүлдем іске асырмай тастайтын кезіміз болады. Біздің бірден барлық істі жасап тастағымыз келетіндігінен, кішкене дүниеге де үлгермей қалып жатамыз.
Кейде спортпен айналысуды тым тез, әрі бірден ауыр бастап жібереміз де, аздаған уақыттан соң мүлдем тастап қоямыз. Неге бұлай болады дейсіз бе? Өйткені, әдет, дағды қалыптаспай жатып, ауыр жүк түседі де, ығырыңыз тез шығып кетеді.
«Кайдзен» атты «бір минут» қағидасына негізделген жапон әдісі бар. Әдістің ұстанымы мына дүниеден тұрады: адам алдына қойған мақсатына 1 минут уақыт алады да, сол уақыт ішінде жұмысын орындап тастайды. Бір минут уақыт – өте аз, сондықтан бұрынғыдай еріншектік басып, жарты сағаттық деп ойлаған істеріңізді тез-ақ бітіріп тастайсыз. Сіздің алдыңызда жалқаулық көлегейлемейді. Ойланып қарайсыз — бір-ақ минутта бітіріп тастасам, қаншама бос уақытым бар!
Секіргіште секіру, көз жаттығуларын жасау, йогамен айналысу, шет тілде кітап оқу – 1 ғана минутыңыз бар кезде тез әрі рахатпен орындалады. Аздаған қадамдардан бастау арқылы, сіз осы уақытқа дейін жалқаулық пен кейінге қалдырудың арқасында іске аспай жүрген істеріңізден үлкен нәтиже көре аласыз.
Бір минутта сіз мақсатыңызды сыйдыра орындауыңыз керек! Шабыттанып, нәтиже шығаруға деген құлшынысыңыз арта түседі. Шарасыздық пен өзіңізді кінәләу сезімінен арыласыз. Содан кейін, бір минутты бес минутқа созасыз, уақыт өте келе жарты сағатқа да қол жетізесіз.
Психология мен кайзден
Психологтардың пікірі бойынша, үлкен мақсаттар қойып, бірден үлкен әрекетті жоспарлау өзімен бірге үлкен қорқынышты да тудырады. Бірақ, кішкентай қадамдардан бастап мақсаттарыңызды іске асырсаңыз, мидың қабылдау процесі,шығармашылық ойлауыңыз жүйелі жұмыс жасайтын болады.
Кайдзен ұғымы Жапонияда дүниеге келген. «Кай» сөзі – үзіліс, «дзен» — даналық деген мағынаны білдіреді. Менеджменттің осы бір құрылымының авторы Масааки Имаи. Оның айтуынша, кайдзен – жеке өмірде де, бизнес сферасында да нәтиже беретін нағыз жапон пәлсапасы. Жапондықтар менеджмент сферасында аздан көпке стратегиясын қолданады.
Ал, енді, өзіңіздің қажеттіліктеріңіз бен қалауыңызды анықтап, «кайдзен» әдісін тексеріп көріңіз.
Автор: Бағила Ағайдар