Домой Блог Страница 203

Жеңіс күні қарсаңында ғаламтор қолданушыларға арналған акция басталды

sogys1Бүгін, яғни 5 мамыр күні Jas.kz сайты Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Жеңіс күніне» орай әлеуметтік желілерде акция жариялайды. 

Акция екі тақырып бойынша өткізіледі. Біріншісі 9 мамырға арнап кез-келген фото-сурет байқауы (бұған Ұлы Отан соғысына арнап салынған суреттер, фотосуреттер, графикалық дизайндар кіреді), екіншісі ҰОС-на қатысқан жақын туыстары туралы хикаялар жазу.

Байқау талаптары:

  • Байқауға қатысқан материалдар бұрын еш жерде жарияланбаған болуы;
  • фотосуреттер мен жазбалар әлеуметтік желілерде жариялау;
  • Бөлісу мен лайктар саны көбірек болуы тиіс;
  • #жеңіскүні #jaskz хештегін пайдалану;

Байқаудың мақсаты — осы акцияны пайдалана отырып, жастардың Ұлы Отан соғысы туралы мәліметтер алып, соғыс ардагерлерінің еңбектерімен танысуына жағдай жасау. Сонымен қатар, Жеңіс күні туралы барынша насихаттап, ғаламтор қолданушыларының назарына ұсыну.

Байқау жеңімпаздары Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының арнайы «Алғыс хатымен» және сыйлығымен марапатталады.

Барша әлеуметтік желі қолданушыларын акцияға қатысуға шақырамыз.

Сән әлемі: «Кэжуал» стилі

Бүгінгі таңда үлкен танымалдылыққа ие болып отырған көптеген стиль түрлері бар. Солардың бірі «кэжуал» деп аталады. Аударғанда «кездейсоқ, күнделікті» деген мағына береді. Алайда, күнде киіп жүрген барлық киімдерді бұл стильге жатқыза алмаймыз. Бұл стильдің де өз талабы бар.

Қалай пайда болғаны туралы әр түрлі пікірлер бар, ең сәйкес келеді-ау дейтініміз, 70 жылдары Ұлыбританиядағы футбол жанкүйерлерінің қызығушылығынан туған стиль екендігі.
Кэжуал- гламурдың қандай түрін болса да шектейтін бағыт. Джинсыда болатын стразалар немесе тым көп жылтыр бижутериялар бұл стильге мүлдем сәйкес келмейді. Сонымен қатар, биік өкшелі аяқ киімге де шектеу бар.

Бұл стиль түрі сәйкес келмейтін элементтер қолануға, акцент қоюға рұқсат етеді, бірақ ол ретсіз көрінбеуі тиіс. Бұл стильде киінетін қыздардың сырт бейнесі әр түрлі жағдайда әр түрлі болуы керек.

Кэжуал стилінің басты бағыттары:

1. Спорттық. Әр түрлі жейде мен джинсылардың тоқылған свитерлер, кеды, бас киім немесе кепкалар арқылы байланысы.

2. Бизнес бағытындағы кэжуал. Қазіргі кезде көп кездесін тенденция. Қатаң классикамен ерекшеленеді.

3. Кэжуал-шик. Минимализм мен қарапайымдылыққа басты назар аударылған, сапалы, қымбат киімдер мен аксесуарлар.

4. Смарт-кэжуал. Әр түрлі ситуацияға жарайтын бағыт, жұмыс бабына да. Бұл бағытқа әр түрлі шарф, сырғалар мен жемпірлер кіреді.

Осылайша, ыңғайлы, сәнді әрі әдемі кэжуал кез-келген әйел заты үшін мүмкін болады.

Назерке Сүлен

Астанада жас орындаушылардың «Жас қанат — 2016» байқауы өтеді

Астанада жас орындаушылардың «Жас қанат - 2016» байқауы өтедіЕліміздің түкпір-түкпіріндегі жас орындаушылар тағы да «Жас қанат — 2016» республикалық байқауында бас қосады. Биыл 25 жылға толатын фестиваль ерекше ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Бейбітшілік және келісім сарайында өтетін байқауға санаулы күндер қалды. 16-22 мамырда еліміздің үздік жас орындаушылары өзара бәсекеге түседі. Қазіргі кезде байқауға қатысушылар дайындық үстінде. Іріктеу кезеңі аяқталды. Ең жас қатысушы 15-те, ал ең үлкені 28 жаста. Байқауға Ақтөбе, Орал, Семей, Өскемен, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Жезқазған және Қарағанды қалаларының өкілдері қатысады. Сондай-ақ, үш орындаушы елордамыздың намысын қорғайтын болады.

25 жылдың ішінде түрлі қалалардың өкілдері фестиваль жеңімпазы атанып келді. Өткен жылы бас жүлде «Жас қанат» көкшетаулық Ринат Теміржанға бұйырған болатын.

Қайырымдылық кеші

Қайырымдылық- қадірлі іс. Мұқтаж жандарға көмек көрсететін қоғам ғана дамиды. Осындай мақсатты ұстанған жастар С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротеxникалық университетінде  қайырымдылық кешін өткізді.

Кеште Жанабай Өтегенов, Son Paskal, Сарыарқа тобы, Ru Me, Асқар Жайлаубаев, JANSAX және басқа да қазақ эстрадасының жұлдыздары ән шырқады. Кеш қонақтарына университеттің ректоры Ақылбек Күрішбаевтың атынан алғыс xаттар табысталды.

Шарадан жиналған қаражат университетте білім алып жүрген аз қамтылған, толық емес отбасыларынан шыққан, ата-анасының қамқорлығынан айырылған студенттердің шотына аударылады.

4QNGUFFu6wg

Nz8BWsfucDM

8bpySfE8Rlg

ap7saRBCsW0

4HZb_1dHjYw

n6q7PlFwIMM

Аталмыш шара оқу орданың студенттік кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен өткізілді.

Астанада республикалық әкелер слеті өтеді

Астанада республикалық әкелер слеті өтедіАғымдағы жылы қазан айында елордада «25 игі іс» шарасы аясында республикалық әкелер слеті ұйымдастырылады, деп хабарлайды Астана қаласының әкімдігі.

Оқушылар сарайында өтетін шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Іс-шараның негізгі мақсаты — отбасылық қарым-қатынас пен рухани адамгершілік дәстүрлерді қалыптастырудағы әкенің рөлін жоғарылату.  Осыған орай, №3 балаларға арналған музыкалық мектепте, №2 өнер мектебінде және Астана қаласы техникалық шығармашылық орталығында «Менің дарынды әкем» байқауы, «Мен және менің әкем» видеороликтер байқауы, «Арманымдағы үй» макеттер байқауы өтті. Сәуірдің  9-ы күні мектепішілік әкелер слеті ұйымдастырылды. Оған 5000 бала мен әке қатысты. 29 сәуірде №78 мектебінде «Аталар мұрасы — халық қазынасы» қалалық әкелер слетінің аудандық кезеңі, №15 мектепте «Сарыарқа» ауданындағы әкелер жиыны өтті. Сондай-ақ №16 мектепте «Алматы» ауданындағы слетке қатысқан әкелер балаларын жалғыз асырап отырған әкелерді қолдау бойынша қайырымдылық шарасы ұйымдастырылады.

14 мамырда №59 мектеп-лицейінде әкелердің қалалық слеті өтеді. Ал қазан айында республикалық әкелер слеті ұйымдастырылады.

 

Адамға мотивация беру әдістері

Мотивация туралы

Бәріміз өмірде жетістікке жеткіміз келеді. Армандаймыз, мақсат қоямыз, жоспар жасаймыз. Бірақ, санаулылар ғана жетістікке жетеді. Себебі, көбісіне мотивация жетпей қалады, шаршайды, аяқсыз қалдырады.

Өз басымда талай кездескен жағдай: жоспар құрып алып, әрі кетсе 1 апта орындаймын да ауытқып кетемін. Годин жүйесі оның 5 себебін көрсетеді:
1. Уақытыңыз жетпейді.
2. Ақшаңыз таусылды.
3. Қорқасыз.
4. Жауапты қарамайсыз.
5. Қызуғышылығыңыз жоғалады.

Осы кедергілерден құтылудың 6 жолы бар екен.

1. ҮЛКЕН МИССИЯ.
Алдыңызға үлкен міндет қойыңыз. Мысалы, бизнесті дамыту үшін жақсы кәсіпкер болмаңыз, керісінше отбасыңызды жақсы өмірмен қамтамасыз ету үшін тырысыңыз.

2. ОРТА. 
Өз салаңызда жетістікке жеткен адамдармен бірге жүруге тырысыңыз, айналаңыздағы адамдарға қатты көңіл бөліңіз.

3. СЕРПІНДІ ОЙЛАУДЫ ДАМЫТУ.
Нәтижеге емес, процестің өзіне көңіл бөліңіз. Біреуге бірнәрсені дәлелдеуді қойып, дағдыларыңызды дамытыңыз.

4. КҮН ТӘРТІБІН ЖАСАҢЫЗ.
Бір күнге өз әліңізге қарай жоспар құрыңыз. Өте көп жұмысты мойныңызға алмаңыз.

5. БӨЛІСІҢІЗ.
Біреуге білгеніңізді айтқанда, үйреткенде есте қалу мүмкіндігі өте жоғары. 90%!

6. КЕЛІСІМГЕ КЕЛІҢІЗ.
Өз-өзіңізбен шарт жасасыңыз. Егер А нәрсені Б уақытта орындамасам, С болады немесе жасаймын. Адамда жоғалтатын нәрсесі болса, іс-әрекетті тастамауға барынша тырысады. 
Сәттілік!!!

Автор: Ботакөз Қамзан

«Әрекет етуді» қалыптастырудың 7 тәсілі

«Әрекет етуді» қалыптастырудың 7 тәсілі

  1. Ыңғайлы уақытты күтпеңіз.
    Егер сіз ыңғайлы уақыттың болғанын күтіп жүре берсеңіз, ешқашан да әрекет ете алмайсыз. Әрқашан сізге кедергі келтіретін нәрсе кездеседі. Белгілеген уақытыңыз сәйкес келмейді немесе тым үлкен бәсекелестік болады. Шынайы өмірде істі бастауға ыңғайлы уақыт ЖОҚ. Сіз әрекет етуді бастап, кездескен мәселелерді шешуіңіз керек. Ыңғайлы уақыт өткен күндерде қалды. Келесі мүмкіндігіңіз – дәл қазіргі уақыт.
  2. Істің адамы болыңыз. Істі жоспарлауға емес, орындауға жаттығыңыз. Спортпен айналысқыңыз келе ме? Бастығыңызбен сөйлесуіңіз керек пе? Дәл қазір жасаңыз. Идея ойыңызда қалған сайын, оның күші әлсірей береді. Бірнеше күннен кейін бөлшектері жоғала бастайды. Бір аптадан соң ойыңызды да ұмытасыз. Істің адамы болу арқылы сіз көбірек әрекет етіп қана қоймай, жаңа идеялардың пайда болуын қамтамасыз ете аласыз.
  3. Есіңізде сақтаңыз: идея өзінен-өзі сізге табыс әкелмейді. Идея маңызды, бірақ оларды жүзеге асырғанда ғана бағаланады. Жүзеге асырылған идея өзінің уақытын күтіп тұрған керемет идеялардан артық. Егер сізде өзіңіз сенетін идеяңыз болса, міндетті түрде әрекет етіңіз. Іске көшпейінше, ешқашанда алға жылжи алмайсыз.
  4. Қорқынышты жеңу үшін әрекетті қолданыңыз. Байқасаңыз, ел алдында сөйлеудегі ең қиыны – өз кезегімізді күту. Кәсіби ораторлар мен әртістердің өзі қойылымның алдында үнемі қобалжиды. Олар сөйлей бастаған уақытта, қобалжу сейіледі. Іс-әрекет – қорқынышты жеңудің ұтымды құралы. Ең қиыны, алғашқы рет әрекет ету. Істі бастап кетсеңіз ғана, ары қарай өзіңізге сенімділігіңіз артып, жеңілірек болады. Әрекет ету арқылы қорқынышты жеңіп, сенімділігіңізді арттырыңыз.
  5. Автоматты түрде шығармашылық механизміңізді қосыңыз. Шығармашылық процеске қатысты ежелден қалыптасқан ой – шабыт келген уақытта жұмыс жасау. Егер сіз шабытты күтер болсаңыз, сирек және ұзақ үзілістермен жұмыс жасауыңызға тура келеді. Күтудің орнына, шығармашылық механизміңізді автоматты түрде іске қосыңыз. Егер сізге жазу керек болса, отырыңыз да, жазыңыз! Қаламды алыңыз. Не жаза аласыз, бәрін жазыңыз. Жай ғана таныс іс-әрекеттерді жасау арқылы, ми жұмысын дұрыс арнаға бағыттайсыз.
  6. Бүгінгі күнмен өмір сүріңіз. Назарыңызды қазір істей алатын нәрсеге аударыңыз. Бір апта бұрын жасау керек немесе болашақта жасауыңыз керек нәрселерді уайымдамаңыз. Сіз бірнәрсені өзгерте алатын уақыт – бүгінгі күн. Кешегі күн мен ертеңгі күнді көп ойласаңыз, жетістікке жете алмайсыз.
  7. Бірден іске көшіңіз. Әдетте, адамдар әңгімелескенді ұнатады, тіпті, іскерлік кездесуде де әдетке айналған. Мұндай жағдай жалғыз жұмыс жасайтын адамдармен де кездеседі. Маңызды іске кіріспес бұрын пошта жәшігіңізді немесе әлеуметтік желілерді қаншалықты жиі тексересіз? Бұл әдеттерден арылып, бірден іске көшуді үйренбесеңіз, көптеген қиыншылыққа кездесесіз. Бірден іске көшетін адам болу арқылы сіз өзіңізден өнімділігіңізді арттыруға күш-қуат таба аласыз, ал, адамдар сізден көшбасшыны көре алады.

Белгілі бір адамның бұйрығынсыз, өз еркіңізбен жұмыс жасау үшін ұйымдасқан адам болу керек. Жаңа бастамаларды қолдан жібермеңіз. Ойыңызға идея келсе, бірден жүзеге асыра бастаңыз. Сонда ғана, сіздің табандылығыңызды көріп, көзге іледі. Жоғарыда отырғандарға ешкім не істеу керектігін айтпайды. Егер оларға қосылғыңыз келсе, тәуелсіз әрекет етіңіз.

Автор: Ботакөз Қамзан

Смартфонға тәуелділіктен арылтатын Android-тың 5 бағдарламасы

Смартфонға тәуелділіктен арылтатын Android-тың 5 бағдарламасыЕгер сіз әр 5 минут сайын телефонға телміріп, гаджетіңіздің болмай қалу ықтималдылығының өзі сізді қорқытатын болса, мына мақала сіз үшін. Мұнда жаман әдетіңізді нысаналап, одан құтылудың жолдарымен танысасыз. 

Checky

Бұл әдеттен арылу үшін алдымен, сіз оны толық зерттеп алуыңыз керек. Checky осы орайда сізге көмектеседі. Бағдарлама сізге оңай демей, қиын демей-ақ сұрақтарға жауап береді. Мысалы, сіз телефоныңызды неше рет ашасыз? Міне, осы тұстан сізде телефонға тәуелділікпен күресу басталады.

Quality Time

Смартфондық әдеттерден арылудың мықты жолын іздесеңіз, Quality Time бағдарламасынан артығы жоқ. Телефонға кеткен уақытты дәл есептеп, әр басылған бағдарламаның статистикасын жасап отырады. Қосымша,  Quality Time «үнсіздік уақытын» жасап бере алады. Ол уақытта телефон сізді мазаламайды. Ал, егер телефоныңыздан сонда да алыс кете алмасаңыз, Quality Time арқылы оны бірнеше уақытқа өшіріп қойыңыз.

Forest

Бағдарлама телефоннан аулақ жүруге, жұмысыңызды алаңдамай жасауға көмектеседі. Әрі мүны ойын түрінде жүргізеді. Телефонды қолданбаған әр 30 минут сайын, бағдарлама телефонның экранына 1 ағаш өсіріп шығарады. Соңында, нәтижені ашып қарайсыз, бақшаңызда биік, әдемі ағаштар тұрса, жарадыңыз. Егер, Forest сізге тек жартылай кеуіп кеткен бұталарды көрсетсе, сіз телефонынан бір минут та ажырай алмайтын жігерсіз жан болғаныңыз.

 BreakFree

Жаман әдеттен арылудың емін көрсете алатын бағдарлама. Бағдарламаны орнатып алғаннан кейін, біраз уақыт ақпарат жинайды. Аддикцияңыздың коэффиценті шыққаннан соң, телефонды бірнеше уақытқа жоспарлы өшіріп қоюдың әдістері ұсынылады.

App Detox

Бағдарлама мәселеге жоғарыдағылардан өзгеше қарайды. Бұған дейін басқалары телефоныңызды барынша аңдып отырса, бұл бағдарлама барынша уақытыңызды көп алатын бағдарламаны зертейді. Мәселен, Facebook, Twitter сіздің зейініңіз бен уақытыңызды алып жүрген болса, App Detox мәселені осы тұста шешуге тырысады.

Бағдарламалар  Play Market арқылы жүктеледі.

Сіз қаншалықты тәуелдісіз? Емделетін кез келді деп ойламайсыз ба?

Автор: Бағила Ағайдар

Кайдзен әдісі немесе бір минут қағидасы

Кайдзен әдісі немесе бір минут қағидасы«Бірінші күннен бастап, жаңа өмір бастаймын, спортпен айналысамын, уақытылы ұйқтаймын….» — барлығымыздың мақсат қойып-қойып алып, келесі бірінші күнге, келесі айға шегеріп, мүлдем іске асырмай тастайтын кезіміз болады. Біздің бірден барлық істі жасап тастағымыз келетіндігінен, кішкене дүниеге де үлгермей қалып жатамыз.

Кейде спортпен айналысуды тым тез, әрі бірден ауыр бастап жібереміз де, аздаған уақыттан соң мүлдем тастап қоямыз. Неге бұлай болады дейсіз бе? Өйткені, әдет, дағды қалыптаспай жатып, ауыр жүк түседі де, ығырыңыз тез шығып кетеді.

«Кайдзен» атты «бір минут» қағидасына негізделген жапон әдісі бар. Әдістің ұстанымы мына дүниеден тұрады: адам алдына қойған мақсатына 1 минут уақыт алады да, сол уақыт ішінде жұмысын орындап тастайды. Бір минут уақыт – өте аз, сондықтан бұрынғыдай еріншектік басып, жарты сағаттық деп ойлаған істеріңізді тез-ақ бітіріп тастайсыз. Сіздің алдыңызда жалқаулық көлегейлемейді. Ойланып қарайсыз —  бір-ақ минутта бітіріп тастасам, қаншама бос уақытым бар!

Секіргіште секіру, көз жаттығуларын жасау, йогамен айналысу, шет тілде кітап оқу – 1 ғана минутыңыз бар кезде тез әрі рахатпен орындалады. Аздаған қадамдардан бастау арқылы, сіз осы уақытқа дейін жалқаулық пен кейінге қалдырудың арқасында іске аспай жүрген істеріңізден үлкен нәтиже көре аласыз.

Бір минутта сіз мақсатыңызды сыйдыра орындауыңыз керек! Шабыттанып, нәтиже шығаруға деген құлшынысыңыз арта түседі. Шарасыздық пен өзіңізді кінәләу сезімінен арыласыз. Содан кейін, бір минутты бес минутқа созасыз, уақыт өте келе жарты сағатқа да қол жетізесіз.

Психология мен кайзден

Психологтардың пікірі бойынша, үлкен мақсаттар қойып, бірден үлкен әрекетті жоспарлау өзімен бірге үлкен қорқынышты да тудырады. Бірақ, кішкентай қадамдардан бастап мақсаттарыңызды іске асырсаңыз, мидың қабылдау процесі,шығармашылық ойлауыңыз жүйелі жұмыс жасайтын болады.

Кайдзен ұғымы Жапонияда дүниеге келген. «Кай» сөзі – үзіліс, «дзен» — даналық деген мағынаны білдіреді.  Менеджменттің осы бір құрылымының авторы Масааки Имаи. Оның айтуынша, кайдзен – жеке өмірде де, бизнес сферасында да нәтиже беретін нағыз жапон пәлсапасы. Жапондықтар менеджмент сферасында  аздан көпке стратегиясын қолданады.

Ал, енді, өзіңіздің қажеттіліктеріңіз бен қалауыңызды анықтап, «кайдзен» әдісін тексеріп көріңіз.

Автор:  Бағила Ағайдар

Елордада бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті

Елордада бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті

М. Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында гуманитарлық бағыттағы мамандарға арналған жұмыс жәрмеңкесі өтті. 30-дан астам жұмыс беруші компания мен мекемелер қатысқан жәрмеңкеде 200 тарта бос жұмыс орын ұсынылды. Салалық жәрмеңкелер наурыз айында бастау алған еді. Ол кезде теxникалық мамандық иелері жұмыспен қамтылды. Алдағы уақытта Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» коммуналды мемлекеттік мекемесі өзге де салалық жәрмеңкелерді ұйымдастыруды жоспарлап отыр.