Домой Блог Страница 212

Астанада ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің жәрмеңкелері өте бастайды

Астанада ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің жәрмеңкелері өте бастайдыАстанада 22 сәуірде ауыл шаруашылық жәрмеңкелер маусымы ашылады, алғашқы шаралар «Думан» ойын-сауық орталығының алдындағы алаңда өтеді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Елорда тұрғындары күн сайын сағат таңғы 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін өнімдерді қалалық базарлардағы бағалардан 10-15 пайызға төмен бағамен сатып ала алады.

Жәрмеңкеде негізгі азық-түлік өнімдерінің түр-түрі, атап айтқанда Ақмола мен Қарағанды облыстарынан әкелінген көкөніс, жеміс, ет, сонымен қоса қышқыл сүт өнімдері, кондитерлік және макарон өнімдері сатылады.

Астана қаласының әкімдігі әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдері бағасының қымбаттауына жол бермеу және отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету мақсатында жыл сайын ауыл шаруашылық жәрмеңкелерін өткізеді. Ауыл шаруашылық жәрмеңкелері елордада күздің соңына дейін жалғасады.

WhatsApp мессенджерін толықтай шифрлады

WhatsApp мессенджерін толықтай шифрладыWhatsApp өзінің мессенджерін толықтай шифрлап тастады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

WhatsApp өзінің мессенджерін толықтай шифрлап тастады. Енді сіздің осы желіде басқа біреуге жіберген хабарлама, фото, видео, қоңырауларыңызды бөгде адамдар тұрмақ, компания қызметкерлері де көре алмайтын болады. Мұндай технология кез келген мобильді телефондағы WhatsApp желісінің жаңа нұсқасына орнатылған.

2011 жылдың қараша айында WhatsApp iOS қосымшасында ақылы желілердің ішіндегі ең танымалы болып танылған еді. Android арқылы 10 миллион адам өздеріне орнатып алған. Ал 2014 жылдың ақпан айында Facebook әлеуметтік желісі WhatsApp — ты 19 миллиард долларға сатып алған еді.

Baq.kz

Жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты Уәлиханов көшесі жабылады

Жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты Уәлиханов көшесі жабыладыАстанада Уәлиханов көшесінің Абай даңғылынан Бөгенбай батыр даңғылына дейінгі бөлігінде нөсер кәріз жүйелері жартылай ауыстырылып, орташа (ағымдық) жөндеу жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Осыған байланысты 6-15 сәуір аралығында көшенің аталған бөлігінде қозғалыс уақытша тоқтатылады, ал 16 сәуірден 1 мамырға дейін толығымен жабылады.

Жол жөндеу жұмыстары жүргізілген кезеңде жүргізушілерден қозғалыс бағдарларын алдын ала жоспарлауды сұраймыз.

Астанада «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр

Астанада «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр4-6 сәуірде Астанада жол апатын азайту, жолаушылар мен жүк тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілердің мәдениетін арттыру, жол қозғалысын бақылау және қадағалау мақсатында «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіледі, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Үш күн бойы полицейлер Көліктік бақылау инспекциясының аумақтық бөлімшелерімен, Мемлекеттік кірістер департаментімен және қоғамдық бақылау өкілдерімен бірлесіп желіге шықпас бұрын қалалық автобустардың техникалық жағдайын, жүргізушілердің тіркеу құжаттарының болуын тексеріп, автобустарды нормативтер мен стандарттардың талаптарын бұзып басқару және пайдалану фактілерін, көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтауды анықтау бойынша шаралар, сондай-ақ, жүргізушілер мен автобустарды жолға шықпай тұрып медициналық және техникалық тексеру шараларын, жүргізушілердің еңбек пен демалыс режимін сақтауын тексеру бойынша шаралар өткізеді.

Сонымен қатар, жолаушылар көлігі жүргізушілерінің тарапынан құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған бірқатар шараларды қабылдау жоспарланған.

Астанада ақылы тұрақтардың пилоттық жобасы іске қосылды

Астанада ақылы тұрақтардың пилоттық жобасы іске қосылдыБүгін елордада вокзал аумағындағы алаңда «Астана қаласында тұрақ кеңістігін басқару» жобасы тестілік режимде жұмыс істей бастады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Вокзал аумағында көлік қозғалысын ұйымдастыруды өзгертудің мақсаты кез келген көлік түрлерінен жолаушыларды отырғызуға және түсіруге қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ, вокзал маңында көлік жүйесін және көлік ағынын тәртіпке келтіру болып табылады. Мамандардың алдын ала бағалауы бойынша, жоба жолаушыларды заңсыз тасымалдау қызметін 70-80% азайтуға, көлік құралдарының айналымын 30-40% ұлғайтуға, вокзал маңы аумағында жол желісіне түсетін салмақты 20-30% азайтуға, сондай-ақ, тұрақ орындарының жүктемесін 40-50% төмендетуге ықпал етеді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда аталған аумақта көлік құралдарының қозғалысы мен уақытын есепке алатын автоматтандырылған жүйе (бейнетіркеу жүйесімен), сондай-ақ, номер белгілерін автоматты түрде тану жүйесі орнатылып, іске қосылды. Қазіргі кезде көлікті тұрақта 2 күннен артық уақытқа қалдыруға болмайды.

Тестілік режимде қондырғының жұмысын тексеру және оның кемшіліктерін анықтау жүзеге асырылады. Осы кезеңде вокзал маңы аумағына кірген көліктерден төлем алынбайды. Вокзал маңындағы тұрақтың көлік сыйымдылығы —  251 бірлікті құрайды.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі кезде осы учаскеде күн сайынғы жолаушылар айналымы 7500 адамды құрайды. Тәулігіне пойыздың 30 құрамы келеді. Сонымен қатар, қала маңына 18 маршрут қатынайды.

Фото: tengrinews.kz

«Smart Astana» тегін мобильдік қосымшасы барлық астаналықтар үшін қолжетімді

«Smart Astana» тегін мобильдік қосымшасы барлық астаналықтар үшін қолжетімді«Smart Astana» қосымшасы арқылы қалалық автобустардың қозғалысын онлайн режимде бақылау, Жол қозғалысы ережелері айыппұлдарын тексеру, Интеллектуалдық байланыс орталығына өтініш білдіру және басқа да мүмкіндіктер бар. Бүгіннен бастап бағдарлама Apple Store және Play Market-те қолжетімді болып отыр, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қосымша арқылы пайдаланушылар нақты уақыт тәртібінде қоғамдық көлік қозғалысын, халықаралық және ішкі әуе рейстерінің ұшу және ұшып келу уақытын бақылайды, сондай-ақ пойыз, электричка және қалааралық автобустардың кестесімен танысады. Қалалық автокөлік әуесқойлары Жол қозғалысы ережелері айыппұлдарын тексере алады.

«Astana 109» айдары Астана қаласының Интеллектуалдық байланыс орталығына коммуналдық-тұрмыстық мәселелер бойынша өтініш білдіруге және Әкімдік көрсететін мемлекеттік қызметтер жөнінде кеңес алуға мүмкіндік береді.

«Smart tickets» айдарында 11 мәдениет нысанында өтетін іс-шараларға билетті онлайн сатып алуға болады. Жақында спорттық шараларға да билет сатып алу мүмкіндігі ұсынылмақ.

Бұған қоса, қосымша мектептердегі сабақтардың болмауы, тас жолдардың жабылуы мен ашылуы және қаладағы қолайсыз ауа райы туралы push-хабарламаларды лезде алу функциясымен ыңғайлы. Астаналықтар үшін ұсынылатын маңызды ақпарат тізімі бұдан әрі де толықтырыла түседі.

Сондай-ақ, қосымшаны коммуналдық және басқа да төлемдерді онлайн түрде төлеу, өз учаскелік инспекторын немесе учаскелік дәрігерін қарау ақпараттық сервисі, сондай-ақ қазақ-орыс электрондық сөздігі сияқты жаңа қызмет түрлерімен жүйелі түрде толықтырып отыру жоспарланған.

Ермахан Ыбрайымов пен Юрий Мельниченко оқушыларға дене шынықтырудан ашық сабақ өткізді

Ермахан Ыбрайымов пен Юрий Мельниченко оқушыларға дене шынықтырудан ашық сабақ өткіздіОлимпиада чемпиондары Юрий Мельниченко, Ольга Шишигина мен Ермахан Ыбрайымов Астана мектептерінің бірінде оқушылар мен ұстаздарға дене шынықтыру пәнінен ашық сабақ өткізді.

Аталған шара 7 сәуір күні тойланатын Денсаулық күні қарсаңында ұйымдастрылуы тегін емес.

Оқушыларға арналған алғашқы сабақ Астана қаласы №56 мектепте өтті. Айта кету керек, осындай сабақтар 7 сәуірде ғана емес, оқу жылы аяқталғанша өткізіліп тұрмақ. Осылайша, 9 және 16 жас аралығындағы оқушылар Олимпиада чемпиондарының сабақтарына қатысатын болады.

Сабақтың басты ерекшелігі — онда түрлі фитнес-технологиялар қолданылады. Бұл оқушылардың спортқа, салауатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылығын арттырады, деп санайды ұйымдастырушылар.

Елордада даңқты спортшылар 5 мектепте 25 сабақ өткізбек. Бұл туралы 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының чемпионы, «Астана» президенттік спорт клубының менеджері Юрий Мельниченко мәлім етті.

«Егер бала жастайынан спортқа берілсе, дене шынықтырумен шындап кіріссе және ол оған қуаныш сыйласа, олар спорттық пәндердің күнделікті өтуін өздері-ақ сұрайтын болады. Сабақтың қызықты өтуі оның әдісіне, ұйымдастырылуына қатты байланысты. Біз тек оқытушылар мен балаларға біз білетін қызықты дене шынықтыру әдістерін көрсеткіміз келеді», — дейді Ю. Мельниченко.

«Балалардың дені қазір өте сылбыр. Осы сабақтар арқылы біз балалардың көңілдерін көтеріп, спорттық үйірмелерге қатысуға итермелей аламыз деп ойлаймын», — дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Сидней-2000 Олимпиадасының чемпионы Ольга Шишигина.

Аталған жобаның авторлары осы тәжірибені кейін республиканың барлық аймақтарына таратуды көздеп отыр.

ҚазАқпарат

Денсаулық күні Қазақстанда таңертеңгілік гимнастика өтеді

Денсаулық күні Қазақстанда таңертеңгілік гимнастика өтеді7 сәуірде, Халықаралық Денсаулық күні Қазақстанда жаппай таңертеңгілік гимнастика өтеді. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Астана қаласының Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының атқарушы директоры Ақмарал Құрманбаева мәлім етті.

«Қазақстанда 7 сәуір күні жыл сайын Халықаралық Денсаулық сақтау күні аталып өтіледі. Биыл Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының бастамасымен 7 сәуірде медициналық және медициналық емес ұйымдардың қатысуымен «Бес минуттық саулық» атты акция өтеді. Біздің шараға банктер, мектептер және өзге де жекеменшік ұйымдар қолдау танытып отыр. Меніңше, 7 сәуір күні гимнастика жасауға ынта танытқандар саны көп болады», — деп атап өтті ол.

Ұйымдастырушылар аталған акция жаппай таңертеңгілік гимнастика түрінде өткізуді жоспарлап отыр. Шараның басты ұраны — «Денсаулық таңғы жаттығудан басталады!»

Айта кеткен жөн, Халықаралық Денсаулық күні мерекесі әлем бойынша 1905 жылдан бері тойланып келеді.

ҚазАқпарат

Сингапурдың білім беру жүйесі

Singapore-2

Жарты ғасырға жуық уақытта үшінші əлем елдерінен бірінші əлем елдеріне көшкен ел — Сингапур. Оның негізгі құндылығы — білім жəне жемқорлықсыз саясат. Білім жүйесінің негізі — ағылшын тілі. Жəне Сингапурдағы білім барлық шетелдіктер үшін қолжетімді.

Мектепке дейінгі білім беру

Балабақшалардың барлығы дерлік жеке меншік. Олар діни ұйымдар жəне бизнес қорлармен басқарылады. 3-6 жас аралығындағы балалар санау, оқу, қарым-қатынас негіздерімен қатар үш тілді — қытай, малай, ағылшын тілдерін меңгереді.

Бастауыш мектеп

Бастауыш мектеп, керісінше, толығымен тегін жəне міндетті болып табылады. Ол екі кезеңнен тұрады: негізгі жəне бағдарлы. 1-4 сыныпта негізгі пəндерді оқиды. Бізден айырмашылығы — құқық негіздерін де меңгереді.  5-6 сыныптарда бала өзіне қажетті бағдарды таңдай алады. Аяқтаған соң міндетті түрде емтиханнан өту арқылы ғана келесі  сыныпқа жіберіледі.

Орта мектеп

Емтиханнан кейін оқушылардың орта мектепте оқитын бағыты мен бағдарламасы таңдалады. Ол бағыттар төмендегідей:

— арнайы

— жылдам/экспресс-бағыт

— академиялық

— техникалық

Ал, білім бағдарламасы біріктірілген жəне кəсіби болып бөлінген.  Орта мектеп 4 жылға созылады, тек академиялық бағыт 5-6 жыл бола алады. Арнайы бағыт толыққанды орта білімді аттестат береді. Жылдам бағыт тереңдетілген ана тілін оқытумен сипатталады. Осы екеуінің аттестаттары О-деңгейі деп аталады. Ал, қалған екеуінікі сəл төмендеу N-дəрежесі деп аталады.

Осыдан кейін оқушылар колледждерде, техникумдарда, т.б. білім ала алады. Жалпы, Сингапурдағы мектептер ЖАН-ЖАҚТЫЛЫҒЫМЕН ерекшеленеді. Балаларға таңдауға мүмкіндік жасалған.

ЖОО

Мектеп пен колледжді бітіргеннен кейін барып Сингапурдағы университетке түсуге мүмкіндік ала аласыз. Түсу үшін қабылдау комиссиясына құжат тапсырып, сұқбаттасудан өтесіз. Керек болған жағдайда түсу емтиханын тапсырасыз.

Шетелдіктер үшін сингапурлық білім ақылы жəне өте қымбат. Əртүрлі бағдарламалар арқылы шəкіртақыға ие болуға болады, бірақ, ол тек шығынның 1/2 немесе 2/3 бөлігін жабады.

Университтер мемлекеттік жəне жеке меншік болып бөлінеді. Жеке меншіктер ,негізінен, экономика жəне заң ғылымдарын оқытады. Ал, мемлекеттік 3 университет бар: Сингапур Ұлттық Университеті, Сингапур Техникалық Университеті, Сингапур Менеджмент Университеті.

Сингапурда оқығысы келетін шетелдік студентке, ең алдымен, демеуші керек. Ол кез-келген заңды жəне жеке тұлға бола алады. Демеушіден кейін студенттік виза керек. Оны алу үшін:

  • белгілі бір оқу орнын бітіргеніңіз жайлы аттестат,
  • шетелге шығатын куəлік
  • демеушіңіздің 10000 сингапурлық доллар салған есепшотының қағазы
  • демеушінің жеке куəлігі керек.

ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Əлем бойынша білім беру жүйесі үлкен талқылауға жəне өзгеріске түсіп отыр. Реформа бойынша алдыңғы орында Сингапур қала-мемлекеті болып табылады. Ол жерде мектептегі мұғалімдер үлкен абырой мен жалақыға ие. 35% университет бітірушілер мектепке мұғалім болып барады. Сингапур оқушылары 11 күн ғана демалып сабақ оқиды.

Негізінен, әр оқушыны өмір бойы білім алуға мотивация береді, жаңа технологияларды тез меңгеруге, кәсіпкерлік негіздері мен әр сөзі мен ісіне жауапкершілікпен қарауға үйретеді.

Сингапур 1997 жылы Thinking Schools, Learning Nation жобаларын іске қосты. Білім сапасы болу үшін бастысы мықты мұғалім мен көреген директор болу керек деп есептейді. 2015 жылдан бастап Сингапурда мектепке университеттің топ-түлектерден, яғни, ең үздіктерін ғана мұғалім ретінде алуды енгізген.

Шарт бойынша мұғалімдер міндетті түрде 3 жыл мамандығымен жұмыс жасау керек. Әйтпесе, оқуына кеткен шығынды мемлекетке қайтаруға міндетті. Мұғалімдердің жалақысы бәсекеге сай, орташа 2,5 мың доллардан басталады. Оған қоса ай сайын әртүрлі сыйақылар беріліп, жыл сайын 100 сағаттық деңгей көтеру курстарының ақысы төленеді.

Директор болу үшін мастер-мұғалім болуың керек. Жалпы тестілеуден өтіп, жарты жылдық тренингке қатысу керек. Сосын шетелде болып, әріптестерімен тәжірибе алмасып қайтуы шарт.

Автономды мектептер идеясымен Сингапурда кластерлер қалыптасқан. Оны директорлардың жол сілтеушісі болып табылатын суперинтендант басқарады. Құрамына 12-14 мектеп кіреді. Ал, кластерлер 7-еуден бір білім беру округіне жатады. Жалпы, Сингапурда 4 білім беру округі бар.

Сингапур алдағы 5 жылда білім беру жүйесіне 55 млн доллар жұмсауға дайын. Білім және ғылым министрі Хенг Суи Киттің айтуы бойынша, әр мектеп жақсы нәтиже беретін саласына қарай маманданып, сол жағынан тереңделуі тиіс. Әр мектеп бір саланы таңдап, даму бағдарламасын министрдің алдына ұсына алады. Осындай жолға түскен 190 мектеп бар, бұл елдегі мектептің 50% құрайды. Ол спорт, өнер немес экологиялық білім болуы мүмкін. Ондай мектептер мемлекет бюджетінен 3 жылда бір рет қосымша 150 мың доллар қаражат ала алады. Мектепте әр баланың жеке қасиеттері мен таланттарының толықтай ашылуына мүмкіндік беру үшін сыныптан тыс шаралар көп мөлшерде ұйымдастырып, мектептердің бір-біріне ұқсамауын қадағалайды.

БОЛАШАҚТЫҢ МЕКТЕПТЕРІ

2007 жылы Сингапурдың білім министрлігі технологиялық компаниялар Ассоциациясымен және бірнеше ірі IT компаниялармен бірігіп «Болашақтың мектептері» жобасын бастады. Бастапқыда 6 мектеп таңдап алынғанымен, артынан 8 мектепке апарып, 2015 жылдан 15 мектеп қылды.

Негізгі мақсаты – ақпараттық технологияларды қолданып білім беру жүйесіне жаңалық енгізу.  Әр оқушының пікірін біліп, идеясын іске асыру.

Canberra Primary School оқу процесіне ойын технологияларын енгізумен айналысады. Үш деңгейден тұратын 6 жылдық бағдарлама жұмыс жасауда: ашылу, ғаламдық оқушы, үйлесімді оқушы. Әр деңгей сабақ кестесіне қалыптасқан пәндермен қатар қабілеттердің дамуына бағытталған арнайы пәндерді кірістірілуімен жасалған.

Nan Chiau Primary School оқушыға жауапкершілік алып, оқу процесіне өз түзетуін енгізуіне мүмкіндік береді. Оқу бағдарламасын өзгерту үшін мектепте мобилді қосымша белсенді түрде қолданылады. Оған қоса, мектеп қытай тілін үйренуді оңайлататын бағдарлама жасауда.

Ngee Ann Secondary ақпараттық технологияларды қолдану арқылы мектептегі бағалау жүйесіне жаңа бағдарлама жасауда.

Бұл тәжірибелер мен зерттеулер тек сингапур мектептеріне ғана пайдалы болмақ емес. Дәл осы тәжірибелер арқылы түбегейлі мектеп өмірін жаңартатын жаңа тәсіл ойлап табылады сенеміз.

Автор: Ботакөз Қамзан

Қызықты нәрселер үйрететін 10 интерактив сайт

developing_lifelong_learning_360x240

Интернет арқылы кез-келген нәрсені үйренуге болатынының тағы бір дәлелі мына 10 интерактив сайт:

1. http://wordmap.co/ Әлем тілдерін үйреніңіз
Бір сөздің бірнеше тілде қалай айтылатынын, не мағына беретінін білгіңіз келсе, таптырмас жер. Тіл үйрену заман талабы, талапқа сай талпыныңыз.

2. http://thisissand.com/ Құммен сурет салу
Түрлі түсті құмдармен сурет салып, шыңдалғысы келгендер үшін керемет дүние. уақытыңызды ойынға да, дамуға да бөле аласыз.

3. http://thefamilyfarmer.com/ Ферманы басқару
егер сіздің ферманың жұмысы туралы хабарыңыз болмаса, мына жерден бәрін егжей-тегжейлі біле аласыз. Ойын тарихтан бастау алып, ауыл шаруашылығыныі барлық түрлерімен таныс етеді.

4. https://performingarts.withgoogle.com/en_us Өзіңізді әртіс ретінде сынап көріңіз
Әртіс болу кез-келгенге жаза бермеген. Үйде отырып, осы қабілетіңізді шыідай аласыз, шеберлікті сезіне аласыз. Жанр мен орынды таңдау арқылы, қалаған жерде қалаған әртіс болып сезіну мүмкіндігіне ие боласыз.

5. http://www.natgeoeat.com/ Тамақтардың тарихынан хабардар болғыңыз келсе
Тағам туралы толық мәлімет білгіңіз келсе, сіз жеп отырған тағам қай елде, қалай пайда болғанынан хабар алғыңыз келсе, сізге осында кіру керек.

6. http://www.google.com/sky/ Космонавт болғыңыз келсе
Әрине, бұл сайт сізді шынымен космосқа ұшырып жібермейді, бірақ үйде отырып-ақ сол сезімді бастан кешіре аласыз. Интерактивті сайт сізге бар мүмкіндікті жасап қойған. Бала кезімізде көпшілігіміз космосқа ұшу туралы арман еткен шығармыз, кіріп көріңіз!

7. http://www.monet2010.com/en#/home/ Моненің жан біткен суреттері
Маған қатты ұнады. Өнерді онша түсіне бермейтін жан үшін де бұл жер жан рахатына айнала алады. Суреттерге жан бітіп, жаныңызды жадыратады.

8. http://www.costa.co.uk/experience/#/1/nations-favourite Кофенің тарихы
Қызықты факттер арқылы кофенің шығу тарихын тамашалай аласыз. Кофені бәрі ішеді, бірақ ол туралы не білеміз? Білгеніңіз ішкеніңізден көп болсын.

9. http://moveclick.ru/virtualnyj-muzej-galileo-galileya/ Галилео Галилейдің виртуалды музейін көру
Сайтта Галилейдің жұмыстарының нәтижесіне куә бола аласыз. Тілін орысшаға ауыстырып алуыңызға болады.

10. http://www.howmanypeopleareinspacerightnow.com/ Дәл қазір космоста қанша адам бар
мына сайт арқылы дәл қазір космоста қанша адамның жүргендігін, және олар туралы ақпарат ала аласыз. Мен осы жайлы жазып отырғанда қазір космоста 6 адам жүр екен, Ресейлік, АҚШ, Ұлыбритания космонавттары. Қызықсаңыз қарап көріңіз!

Интернетті кең ауқымда пайдалана біліңіз, ол сізге сіз ойлағаннан да көп нәрсе бере алады.

Автор: Бағила Ағайдар