Домой Блог Страница 241

Қазақстандық жас миллионер

«Кедейлік кеткенде жақсы, байлық келгенде жақсы» дейді халқымыз. Бүгінгі қоғамда тамыр­-таныссыз, ешқандай заңға қарсы келмей-ақ адал еңбекпен баюға болады. Марат Әбиев — қазақстандық жас миллионер. Ақтөбелік жиырма төрт жастағы бизнесменнің байлығы 11 млн долларға жеткен.

Қазақстандық жас миллионер

Алғашқы сауда

Маратқа миллиондаған доллар аспаннан салбырап түскен жоқ. Осындай деңгейге жету үшін 13 жыл жұмыс істеді. Ең алғаш ақшаны он жасында тапты. Кезінде ел-жұрт айлығын ала алмай, жұмыс орындары жабылғаны белгілі. Тоқырау Әбиевтердің де отбасын айналып өтпеді. Аяқ астынан күнде «макарон» жейтін күндер басталған тұста он жастағы Марат анасына келіп, «Неге еті жоқ тамақ жеп жүрміз?» деп сұрайды. Анасы бала демей, елдегі жағ­дай­ды байыппен түсіндіреді. Тек бұл отбасы ғана емес, көршілерінің де, таныс­тарының да, туған-туыстарының да жайы осындай екенін айтады.

Сол кезде өзімен қатарлас балалар Ақтө­­бе­­нің «Шығыс» базарында көлік жуып, ақша табатын. Ол сол топқа қосы­лады. Күніне бірнеше машина жуып, алғашқы табысын алғанда үйіне азық-түлік әкеледі. Отбасына әжептәуір көмек болғанымен кәсібі көпке созыл­ма­ды. Аяқ астынан «крыша» деген бәле шығады. Оған күнделікті тапқан табысының тең жартысын өткізу керек екен. Әйтпесе, көлік жудырмайды. Мұн­дай талапқа шыдамаған Марат ақша табу­дың басқа жолын іздейді.

Оқу жылы аяқталарда барлық оқушылар кітаптарын реттейді. Ол кезде скотч – таптырмас құрал. Марат ойланбастан 2000 теңгеге жақын дүкендердегі скотчтардың бірін қалдырмай сатып алады. Мектепке келгеннен кейін, сыныптастарына әр бетін 5 теңгеге жабыстырып береді. Бірі күледі, бірі таң қалады. Оған мән беретін Марат жоқ. Осылайша жеті мың теңге тапқанына қуанады.

Одан кейін елімізге енді ғана таралып жатқан желілік маркетингпен айналысады. Әйелдер қолданатын түрлі косметикалық тауарларды жарнамалауда алдына жан салмайды. Кейіннен бұл кәсіп еркекке тән емес екенін түсініп, тастап кетеді.

14 жасында ақтөбелік рэп-топтардың продюсері болады. Достарымен бірлесіп «Life» атты топ құрып, әншілердің кон­цер­тін ұйымдастырып, ақша тапқан. «Супер стар KZ» жобасының жеңімпазы Қайрат Түнтековтің, «Бақай»тобының кон­цертіне қалай билет сатқаны әлі есін­де. Бұл жастағы балалардың қыздарға ұнау­ды ойлайтыны белгілі. Марат та әдемі қыздарға тегін билет таратады. Оны көріп, жолдастары да солай істейді. Соңында бұл кәсіп те сәтсіздікпен аяқталады.

Тәуекелділік табыс әкелді

Марат Әбиев мектепті тәмамдаған соң Ақтөбе кооперативтік техникумын «Ақпа­рат­ты өңдеу мен басқарудың автомат­тан­ды­рылған жүйелері» мамандығы бойынша бітірген. Мұнан соң компьютерлік қызмет көрсетумен айналысып, интернет сайттарын жасап, арнаулы студия ашады. Досымен бірлесіп ашқан фирмасы едәуір табыс әкеледі. Ал, 19 жасқа толғанда көлік құрал­дарына спутниктік мониторинг жүргі­зе­тін «Евромобайл Қазақстан» ЖШС-нің негізін қалайды. Әрине, оны құру Маратқа оңай болмаған. Ресейлік компания бастапқыда Маратқа сенбей, тауар ақысы үшін 80 мың долларды алдын ала төлеуді талап еткен. Ұзақ ойлана келе тым болмаса фирманың брендін өзінің ЖШС-ның атауына тегін пайдалануды сұрайды. Алған бетінен қайтпаған ол, осылайша тауар өткізуде аталмыш брендтің маңызды екенін айтып, оларды сендіреді. «Азамат­тар мен ұйымдарға қызмет түрлерін ұсын­ған­да, түріме қарап көбі директор екені­ме сенімісіздік білдірді. Сондықтан 40 жастағы әйелді директор етіп қойып, өзімді менеджер ретінде таныстырдым» дейді ол. Марат ресейлік GPS-датчиктерін орнатушы алғашқы дистрибьютер болғаннан кейін, кәсібі өрге домалады. Нарықта бәсе­ке­ге қабілетті фирманы кейіннен аталмыш ком­панияның өзіне бір миллион долларға сатып жібереді.

Бизнесін одан әрі жандандыру үшін 2011 жылы «KSP Steel» ЖШС-ін құрды. Мұнай-газ саласындағы кәсіпорындар мен жер қойнауын пайдаланушыларға арнал­ған жоғары сапалы болат құбырлар шыға­ра­тын жалғыз өндірушінің өнімін өткізуді ұлғайту мақсатында «KSP Steel Сауда үйін» де ашты. Өзінің айтуынша, жиналған ақшаның басым бөлігін шетелден тапқан. Атап айтқанда, Ираннан. «Парсы жерінде шиеленіс орын алып жаста да сол жақпен байланыстым. Елді экономикалық санкция буып, әлемнің көптеген елдері өз азаматтарын алып кетіп жатқанда, тәуе­кел деп Тегеранға тарттым. Мұндағы биз­не­сім­ді алдымен азық-түлік тауарларын жет­кі­зу­ден бастадым. Одан кейін ол ақшаға бірнеше шетелдік компаниялармен бірге тағы да тәуекелге бел байлап танкер сатып алдым. Осы танкер арқылы Қытайға мұнай тасыдық. Алғашқы миллиондар осылай келді» дейді жас кәсіпкер.

Марат былтыр «Қазақстан тауар өндіру­ші­лерінің қауымдастығын» құруға бастамашы болды. Бүгінде Лондонда, Мәскеуде және тағы басқа елдерде қазақстандық тауарларды өткізумен айналысатын компаниялардың құрылтайшысы болып табылады.

Ұлттық менталитетті ұмытпаған жөн

Марат Әбиевтің Қазақстанда қалай баюға болатыны жөнінде жазған «Қазақстандық арман» кітабы шықты. Журналист Ақмарал Май­кө­зо­вамен бірлесіп жазған кітапта беделді адамдармен байланыспай-ақ, ата­-ана­ның байлығына жүгінбей-ақ, адал еңбек­пен миллион доллар табудың жолын жазады.

«Кейбір достарым менен қарызға ақша сұрайды. Қиналып тұрған соң беремін. Алайда көбі қайтаруға асықпады. Сұрасам, «сенде ақша көп қой» деген жауап аламын. Рас, менде ақша бар. Бірақ, оның бәрі адал еңбекпен келген. «Адамға балық берме, балық аулайтын қармақ бер» дегендей, ақша адамды бүлдіреді. Сондықтан оларға ақша табуға мүмкіндік берген дұрыс деп­ ойладым. Мүмкіндік олардың да баюына жол ашады. Өз тәжірибемнен түй­ге­нім,­­ ақша табу – қажырлы еңбек. Мен 10 жа­­сым­­нан 23 жасыма дейін еңбек еттім. Бұл кітапта жинаған тәжірибеммен бөлістім. Оны оқыған жастардың көбі шабыт­танып, текке жүрмеуге тырысады деген үмітім бар. Сонымен қатар, кез келген бизнес бастаманың табысты болуы қазақ менталитеті мен психологиясын білуге байланысты. Іштей биязы болып, қазақтың тілін, салт-дәстүрі мен мәдениетін құрметтеу керек» дейді Марат Әбиев. Марат өзінің байлығын «Forbes» басы­лы­мына жариялаудың өзіндік себебі барын айтады. Қаршадайынан табыс тапқанымен, жасының кішкентайлығы алдынан талай кедергі келтірген. Соған қарамастан тығы­рық­тан шығудың жолын тауып, алдына қойған мақсатына жетті. Маңдай терімен тапқан байлығын паш ету арқылы еліміздегі жастардың мүмкіндігі мол екенін дәлелдеді.

Жас болса да, бас бола білген қарапайым қазақтың баласы халыққа қайырымдылық жасауды да ұмытқан емес. Алайда, оны жариялауды жаны сүймейді. Кәсіпкер болғысы келетіндерге арналған кітаптың тиражы 7777 дана екен. Марат Әбиев кітап­тан түскен барлық қаржыны қатерлі ісікпен ауыратын балалардың еміне жұм­сай­тынын айтты.

astana-akshamy.kz

Алматы көшелерін жаңа қар тазалаушы техника тазартады

Алматы көшелерін жаңа қар тазалаушы техника тазартадыАлматы көшелерін тазалауға жаңа тазалаушы техника қолданылатын болады. Асфальттың беткі қабатын бұзбайтын экологиялық тұрғыдан тиімді бұл заманауи құралдарға бюджеттен  35 млн теңге қаржы бөлінген.

Көшеде қатқан мұзды еріту үшін осыған дейін тұз бен құм аралас қоспа пайдаланылса, қолданысқа енді енгізіліп жатқан технология бойынша тазарту жұмысы реагентті ерітіндіні шашырату арқылы жүргізіледі. Бұл қоспа қатпарланған қар мен қатқан мұзды тез ерітеді.

Еркебұлан Оразалин, қалалық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды  реттеу басқармасының басшысы:

— Автокөлік иелерінің көп жағдайларда арыз жазып жатқан себептерінің бірі – автокөліктер кейбір жағдайда зиян келтіреді. Тасты да қоспалар болады. Осының барлығын ажырату үшін осындай реагентке көшіп жатырмыз. Екіншіден, ол экологиялық тиімді қала үшін.

Ұрлықшы маймыл айфонды жұмыртқаға айырбастады (видео)

Ұрлықшы маймыл айфонды жұмыртқаға айырбастады (видео)Бали аралында ұрлықшы маймыл қаптап жүретіні барлығына белгілі. Би-би-си арнасының тілшісі Крис Пэкем  арнайы жоба аясында Бали аралына аттанды.

Мұндағы маймылдар сұғанақтығымен әлемге атақтары жайылған. Соның арқасында олар көптеп келетін туристердің көзілдірігін, бас киімін оп-оңай қағып түседі. Олар камера мен қалта телефондарын ұрлаудың шебері десе де болады. Осының барлығынан хабардар тілші тәжірибе өткізуді ұйғарды.

Тәуекелге бас тіккен Кристің айфонын ұрлықшы маймыл жұлып әкетеді. Күнделікті өмірде ауадай қажет құралын кері қайтару үшін ол, ұрлықшы маймылға айырбасты ұсынып, қалтасынан, әуелі жаңғақты шығарды. Бірақ, мешін бұған көңілі толмағандай жерге шұқшиды. Ақыры, тіпті, бананды менсінбеген маймылдың жеңсік асы тауықтың жұмыртқасы болып шықты.

Сөйтіп, адам мен маймыл айырбасқа көңілдері толған күйде тарқасты.

24.kz

Елімізде көлік сатып алудың жаңа әдісі пайда болды

Елімізде көлік сатып алудың жаңа әдісі пайда болды«Аллюр-Авто» автомобиль компанияларының тобы жеңілдікпен несиеге көлік сатып алуды және трейд-инді біріктіруді ұсынды. Соған сай, сатып алушылар ескі көліктерін автомобиль несиесін алу кезінде бастапқы жарна ретінде төлеу мүмкіндігіне ие болады.

Қазақстан даму банкі келушінің жеңілдікпен несие алу туралы өтінішін мақұлдағаннан кейін «Аллюр» несие алушының автомобилін сатып алады. Ал көліктің бағасы несие бойынша 20 пайыздық мөлшермен бастапқы жарна ретінде төленеді. Егер көліктің бағасы бастапқы жарнадан қымбат болса, айырмасы несиенің ай сайынғы төлемі есебінде банктің шотына түсіп тұрады.

Бағдарламаның шарты бойынша Allur Auto компаниясы шығарылған жылына қарамай, ең қымбат дегенде 7000 АҚШ долларына бағаланатын көліктерді сатып алуға қабылдайды.

Бағдарлама тек 50 JAC автомобиліне ғана арналған. Соның ішінде J5, J6, S3 және S5 модельдері қарастырылады. Бағдарламаға сәйкес, көліктің минималды бағасы 2,7 млн. теңгеден сәл астам болса, максимальді құны шамамен 4,4 млн. теңгені құрайды.

Айта кетейік, Қазақстанда жасалған көліктерді сатып алу кезіндегі жеңілдікпен несие берудің шарттарына сай бастапқы жарна 20 пайызға тең. Ал пайыздық үстемесі 4 пайыз болса, сақтандыру және басқа да төлемдерімен негізгі бағаның үстінен барлығы 7,5 пайыз қаржы қосымша төленеді.

baq.kz

«Іңкәр жүрек» атты көпсериалы мелодрама көрерменге жол тартты

«Іңкәр жүрек» атты көпсериалы мелодрама көрерменге жол тартты«Қазақстан» ұлттық арнасы жаңа жылдың алғашқы күндерінде өз көрермендерін «Іңкәр жүрек» атты көпсериалы мелодрамамен қуантады.

Жаңа драмалық сериалдың басты кейіпкері – Сәуле есімді қыздың өз бақытын табу жолында қиындыққа толы сынақтардан өтуі мен қиын тағдыры жайлы баяндалады. Басты кейіпкеріміз жас кезінен бастап көптеген қиындықтардан өту жолында сынақтарға тап болып отырады. Көз жасын төгіп, түніле жүріп, көптеген кедергілерге қарамастан өзі бұрыннан армандаған мамандығын тәмәмдап, жетістікке қол жеткізген сәнгер болады.

Фильмде ауылдан шыққан қарапайым қыздан табысты сәнгерге айналу жолын Сәуленің бұрынғы күйеуіне жазган хаттарынан көре аламыз. Хикая желісінде Сәуле аяғы ауырлығына қарамастан, күйеуіне айтпай қалаға кетіп қалады. Сол кездегі қиындықтармен қоса жұмыс, баланы бағу мен асырау мойнына жүктеледі.

Кинотуындының әрбір жаңа сериясында көрермендер басты кейіпкерлердің бастарынан өткен сезімдерін бірге сезінуге мүмкіндігі туады. Алдағы уақытта Сіздерді махабат пен сатқындық, қателік пен өкініш, қуаныш пен қайғы бірге сабақтасқан алуан түрлі оқиғалар күтіп тұр.

«Қазақстан» арнасының көрермендері осындай әсерлі оқиғаның әрі қарай қалай өрбитіні және немен аяқталатыны жөнінде «Іңкәр жүрек» атты жаңа өмірлік хикаядан тамашалай алады.

Қағаздан жасалған әдемі көйлектер елдің қызығушылығын оятты

Қағаздан жасалған әдемі көйлектер елдің қызығушылығын ояттыТүрлі түсті қағаздан небір әдемі көйлектер жасауға болады. Сенбесеңіздер Лариса Стародубцеваның «Маусым кезі» сериясының топтамасымен танысып көріңіз. Ол киімдерді дайындау барысында ине-жіп қолданбай, тек қайшымен ғана жұмыс істейді.

Лариса Стародубцева заманауи жылтыр мұқабалы журналдармен бірлесіп жұмыс істейді. Халықаралық фэшн жобаларға қатысады.

Үнемі жайдары жүретін шебер жерлестерін таң қалдырудан шаршаған емес. Өзіңің сұлулық салонының ауласын біресе перизат бағына, біресе сыйқыллы әлемге, кейде қар патшалығына айналдырып жібереді. Ол көбіне костюмдер мен акссессуарлар жасайды.

Оның кағаздан жасалған киімдері атлас пен бархат матасындай көрінеді. Тек жаңбыр астында қалып қоймасаңыз болғаны.  Стародубцева көне жапон техникасымен айналсады. Соның өзінде дайын сурттерді алмай, өзі қағаздан ойып жасайды. Оның «Маусым кезі» деп аталатын топтамасы әр мезгілдің табиғатынан сыр шертеді.

stan.kz

Алматылық жас әнші Испаниядағы халықаралық байқауда жеңімпаз атанды

Алматылық жас әнші Испаниядағы халықаралық байқауда жеңімпаз атанды13 жасар алматылық Дана Әли Испаниядағы Voices of Costa Brava халықаралық байқауында Гран-при жеңіп алды.

«Джаз вокалы» аталымында Данаға тең келер әнші болмаған.

Байқаудың соңғы сайысы 8 қаңтарда өтті. Жас әншіміз Гран-приден бөлек «Эстрадалық вокал» аталымында бірінші орынға ие болды.  Байқауда Дана Кристина Агилераның «Something’s got a hold on me», сонымен бірге Чак Джексон мен Марвин Янсидің «This will be» композициясын орындады. Айта кету керек, Дана Диана Шарапованың вокал мектебінің оқушысы.

Диана Шарапованың сөзіне қарағанда, оның мектебіндегі жұмыс еуропалық әдіске негізделген – адамдар алдымен ән салуға машықтанады, содан кейін теорияға көшеді.

– Вокалды шынайы сүйетін адам Вахрамеевтің теориясын да, Дубовскийдің гармониясын да тез ұғады деген сенімдемін. Бастысы тәлімгер бойынан ән айтуға деген сүйіспеншілікті, қызығушылықты ояту, – деді жас әнші.

stan.kz

Британияда үйсіз кісі көшеде ән орындап әлемді таң қалдырды (видео)

koshe-anshileri (1)Британияда үйсіз кісі көшеде «Summertime»  ариясын орындап ғаламтор қолданушыларын таң қалдырды.

Музыкант Джонатан Уокер   Лидси қаласының көшесінде  гитарада ойнап, ән салып тұрған сәтінде бейтаныс адам біргелікте ән орындауды ұсынған. Келісе кеткен азаматтар  «Summertime»: ариясын орындайды.

Уокер гитара шертіп Дэвей ән салады. Бұл орындауды тыңдаған тек қала көшесіндегі  адамдары ғана емес ғаламтор арқылы тыңдаған халықтың барлығы таң қалған.

stan.kz

Қазақстандық режиссердің фильмі АҚШ-тағы кинофестивальде көрсетіледі

Қазақстандық режиссердің фильмі АҚШ-тағы кинофестивальде көрсетіледіҚазақстандық режиссер Медет Шаяхметов халықаралық Sedona кинофестиваліне шақыру алды. Бұл шара осы жылдың 20-28 ақпан аралығында АҚШ-та өтеді.

Бұл туралы режиссердің PR-менеджері Арнай Ормаш хабарлайды.

Кинофестиваль аясында Медет Шаяхметов өзінің алғашқы қысқаметражды Escape фильмін ұсынады. Медет бұл картинаны New York Film Academy-де оқып жүрген кезде түсірген.

«Өкінішке орай, фильмді әзірше Желіден көре алмайсыздар. Бұл −байқау талаптарының бірі. Фильмді Қазақстанда көрсеткім келеді. Көктемге таяу келе аламын деп ойлаймын. Фильмім көрерменге ұнайды деп үміттенемін. Картина өмірдегі болып жатқан мәселелер жайлы», − деді Шаяхметов.

«Күн сәулесі түспеген» психологиялық драмасы көрермен назарында…

"Күн сәулесі түспеген" психологиялық драмасы көрермен назарында...

Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры «Күн сәулесі түспеген» психологиялық драмасы көрермендерге тарту етеді.

Қазіргі қоғамда шынайы еңбек пен маңдай тердің арқасында биік белестерге қол жеткізу мүмкіндігі екі талай. Жағалы ағасының қамқорлығын пайдаланудан бас тартқан Марио өз мүмкіншіліктерін саңлауы жоқ жертөледе дәлелдемек. Шындықты меңзеп, бір жертөленің кішкентай терезесінен сығалаған дұрыс па, әлде талайдың жолын кесіп, аяғынан шалып иеленген кең, жарық, ыңғайлы кеңседе отырған дұрыс па? Оның үстіне жауапсыз махаббатқа тап болған Марионың ендігі күйі қандай болмақ? Бір адамның басынан өтетін шым-шытырық жеңіс пен жеңілісті қойылымнан тамашалай аласыздар.
Қойылымның режиссері — ҚР еңбек сіңірген қайраткері НҰРЛАН ЖҰМАНИЯЗОВ.
Қазақшаға аударған — ЕРКІН ЖУАСБЕК.
Қойылымның бас кейіпкері — Әке бейнесінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері БОРАНБАЙ МОЛДАБАЕВ,
Ана бейнесінде — ҚР «Жастар» Одағы сыйлығының иегері, танымал актриса — МАЙРА ОМАР,
Висенто рөлінде — ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Кузбасс» Құрмет Орденінің иегері ҚУАНДЫҚ ҚЫСТЫҚБАЕВ,
Марио бейнесінде — АСЫЛБЕК ҚАПАЕВ,
Сұлу да сымбатты ару Энкарнаны — АЙМАН КАРПСЕЙІТОВА ойнайды.
Қойылым ертең, 13 қаңтар күні кешкі сағат 18.30-да.