Домой Блог Страница 41

ОҚО әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

azamattyk_kabyldauБүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша тыңдап, қоғамдық қабылдау өткізді, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Бұл күні тұрғындар облыс әкіміне өндірістік және әлеуметтік, құрылыс, электроэнергетика, инвестиция тарту, сонымен қатар, ұлттық спорт түрлері сынды бірқатар салалар бойынша өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді.
Ең алғаш қабылдауға кірген шымкенттік Қамбар Жұмжаев пен Нина Ермакова қаладағы бұрынғы «Фосфор» ауруханасы, бүгінде Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің клиникасы деп аталатын орталықты мемлекеттік балансқа қайтарып алу жайын көтерді. Ондағы медициналық құрал-жабдықтардың сын көтермейтініне алаңдаған емделушілер мекеме облыс қарамағына өткенде мәселе реттеледі деп үміттенеді.
Тұрғындардың өтінішін тыңдаған аймақ басшысы арнайы келген хат бойынша тиісті жұмыстардың жүріп жатқанын айтып, емхананың қазақ-түрік елдерінің бірлескен орталығы екенін жеткізді. Сондай-ақ, әкім бауырлас түрік елімен арадағы достық қатынастың арқасында өңіріміздегі көптеген нысандар – Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Қ.А.Ясауи кесенесінің реконструкциялық жұмыстары, мешіттер салуда туысқандық үлестерін қосып жатқанын еске салды.  Сонымен қатар, әкім аталған сауал аясында еліміздің Білім министрлігі мен Түркия тарапына хат жолданғанын жеткізіп, Қазақстан үшін оңды шешім қабылданатынын айтты.
Аймақ басшысының қабылдауына екінші болып кірген төлебилік зейнеткер мен кәсіпкер – Мейіржан Қалқабаев пен Асан Дұрсынов «Айланба» каналын толыққанды жөндеуден өткізуді сұрады. Бау шаруашығымен айналысатын азаматтар маусым кезінде суғару жұмыстарында қиындықтар туындайтынын алға тартты.
Ағынсуға қатысты көптеген мәселелердің бар екеніне тоқталған Жансейіт Қансейітұлы аталған проблемадан хабардар екенін білдіріп, келесі жылдың бюджетіне енгізу бойынша жобалық сметалық құжаттардың дайындалып, оған қаржы қарастыру  мәселесі көзделіп жатқанын хабарлады.
Қоғамдық қабылдаудағы үшінші мәселе – шымкенттік тұрғын Саттархан Абдалиевтің тарапынан болды. Ұлттық спорт ойындарының маңыздылығын көтеріп, болашақ ұрпаққа жеткізу туралы мәселеге алаңдаған спорт жанашыры осы сауалды оң шешуді сұрады.
Азаматтың өтінішіне қаныққан өңір басшысы аталған спорт түрін дамыту бойынша жиын өткізу қажеттігіне тоқталып, бұл мәселе аясында облыстық Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ә.Нұртаевқа арнайы бағдарлама түзіп, жүйелі жұмыс жасауды тапсырды. Сонымен қатар, аймақ басшысы қала сыртынан ат спорты алаңының құрылысы жоспарланып жатқанын жеткізді.
Жалпы, облыстағы түрлі деңгейдегі мекемелерде ұлттық спорттың 10 түрі – қазақ күресі, тоғызқұмалақ, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, бәйге, асық ату, теңге ілу, саят түрлері дамытылады. Аталған спорт түрлерімен 220-дан астам жаттықтырушы, 5 мыңнан астам спортшы айналысады.
Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауға келген келесі азамат — Алтынбек Төлеубаев. Шымкенттік зейнеткер құрылыс және электроэнергетика саласында инновациялық жобаларды жүзеге асыру үшін Ж.Түймебаевтың тарапынан оң ықпал көрсетуді сұрады. Бүгінге дейін 2 ғылыми жаңалық ашып, 21 патентке ие болған өнертапқыш бұл жолы энергетика саласы мен құрылысқа қатысты тың жобаларын таныстырды.
Ол электр қуатын өзгеше тәсілде өндіріп, пеногазоблок құрылыс материалдары жобалары бойынша көмек алғысы келеді. Айтуынша, соны жобалары іске асқанда ерекше жағдайда өндірілген электр энегриясын ірі кәсіпорындар мен автокөліктерге қолдануға болады, ал құрылыс материалы жер сілкінісі кезінде ғимараттың шайқалу қабілетін бәсеңдетуге себеп болады.
Бұл ұсыныстарға оң көзқарас танытқан облыс басшысы жобаларды ең алдымен, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың арнайы технопаркінде тәжірибеден өткізіп, байқауды тапсырды. Әсіресе, құрылыс материалының сапалы да, арзан бағада болуы керектігіне назар аударған әкім оның тиімділігі дәлелденген кезде жаңалықтың өндіріске енгізілетінін хабарлады.
Күн тәртібінде облысқа инвестиция тарту жайын қозғаған Бәйдібек ауданының тұрғынының ұсынысын аймақ басшысы да қолдады. Шыны талшық (стекловолокно), металл өндіру, экотуризм салалары бойынша қаржы аударуға ниетті инвесторға түрлі салалар бойынша барынша қолдаулардың көрсетілетінін айтты.

ОҚО-да ардагерлер арасында шахматтан жарыс өтуде

20161113181803Оңтүстік Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ел мүддесіне талай жыл еңбек еткен ардагерлердің басын қосты, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай Шымкенттегі «Ақ тұлпар» шахмат клубында спорттың осы түрінен жарыс ұйымдастырды. Оған 60-қа жуық ардагер қатысты. Шахмат тақтасында талап таластырғандар түгелдей кезінде биліктің бір тізгін, екі шылбырын ұстамаса да, елдің дамуына ат салысқандар.  «Ақ тұлпар» ардагерлер шахмат клубындағы жарыста ұзын ырғасы 52 ардагер бақ сынауда. Облыстық чемпионат екі күнге созылады. Турнирде ардагерлер 2 тур ойнап, мықтыларды анықтайтын болады. Аталмыш турнирді ұйымдастырушылар сайысты әуесқойлар және кәсіпқойлар арасында бөлек өткізуді жөн көріпті.

Жарысқа қатысушыладың барлығы — зейнет жасына жеткен ойыншылар. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы дайындап отырған сыйлықтар бар. Айта кету керек, еліміздің өзге аймақтарына қарағанда Оңтүстік Қазақстан облысы қариялар арасында түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, зейнеткерлерді назар тыс қалдырмай, олардың мерейлерін үстем етіп отыру жағынан әлдеқайда алда. Жылына бірнеше мәрте зейнеткерлердің басын қосып отыру әдетке айналған. Шымкент қаласында Ардагерлер үйі де ашылған болатын.Қариялар осы жерде де бас қосып тұрады.

ОҚО-да майкене өсімдігінен май өндіретін зауыт іске қосылды

20161114210317Оңтүстік Қазақстанда майкене майын шығаратын зауыт іске қосылып, алғашқы өнім алынды. Сапалы май алу үшін айлап тер төгіп, жан-жақты ізденген мамандардың еңбегі еш кеткен жоқ. Енді кәсіпорын тәулігіне 30 тонна өнім шығарады. Майкене өсімдігі өңірдегі Мақтаарал, Шардара, Арыс және Отырар аудандарында өсіріледі.

Бұл өсімдіктің құрамында 47-50 пайыз кеппейтін май болса, оның жаңа тұқымында 73-74 пайызға дейін жетеді. Өсімдік майы 310 градус ыстықта да қызбайды және 18 градусқа дейінгі суықта қатпайды. Сондықтан соңғы кездері бұл өнімге авиация, ғарыш және косметика саласында сұраныс көп. Тіпті медицинада да кеңінен қолданылады.

Қазақстандық өнімді Ресейге тасымалдау жөнінде келісім жасалып, қазір өндірісті ұлғайту үшін инвестор іздестіріліп жатыр. Кәсіпорын басшысы Кеңесбай Төреқұловтың айтуынша, бұл өндірісті ары қарай дамыту үшін косметиктерді, фармацевтерді шақырып, кішкене цех салу жоспары бар. Егер инвесторлар табылатын болса, сонымен айналысатын мамандар келсе, жұмыс көзі табылатын көрінеді. Енді бұл зауытта кем дегенде 50 адам жұмыс істейтін болады.

inform.kz

Астанада әлеуметтік осал топтар санатына жататын балалар спорттық-бұқаралық шараларға барады

c-5Астана қаласының ІІД Жергілікті полиция қызметі Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Астана-Арена» және «Астана-Барыс» стадиондарының басшылықтарымен меморандумға қол қойды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Енді әлеуметтік осал топтар санатына жататын және арнайы есепке алынған жасөспірімдер тұрақты түрде футбол және хоккей ойындарына барып тұрады. Жүзге жуық кәмелеттік жасқа толмаған балалар «Барыс» (Астана қ.) пен «Слован» (Братислава қ.) арасындағы құрлықтық хоккей лигасы чепионатын тамашалады.

«Балаларды спорт түрлеріне апаруымызға әкімдік оңай колдау көрсетті, сондай-ақ осындай оңтайлы іс-шараларды алдағы уақытта жалғастырамыз. Біздің басты мақсатымыз – балалардың спортқа деген қызығушылықтарын арттырып, алға қойған мақсатына қол жеткізген спортшылардың өмір тәжірибелерінің балаларға түрткі болуын мысал ретінде көрсету» – деп Астана қ. ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы өз ойымен бөлісті.

Жыл басынан бері Астанада бизнес-компаниялардың саны 5 мыңнан аса субъектіге артты

c-42016 жылдың 1 қарашасында жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың саны 33,6 мың бірлікті құрады. Олардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5247 субъектіге немесе 18,5%-ға өсті, деп хабарлайды Статистика департаменті.

Соның ішінде 97,7%-ы — шағын, 1,5% — орта және 0,8% ірі болып табылады. Олардың негізгі саны «Алматы» — 49,8% және «Сарыарқа» — 31,4% аудандарында шоғырланған.

Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың ең көп саны сауда — 24,9%, құрылыс — 23,5%, өзге де қызметтерді көрсету — 9,2%, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет — 7,8%, өнеркәсіп саласы — 5,6%, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласындағы қызмет — 5,2% салаларына шоғырланған.

Үстіміздегі жылдың қазан айында 552 компания бастапқы тіркеуден өтті, ал бизнестің 75 субъектісі таратылды.

«Астана Опера» театрында Балнұр Қыдырбектің концерті өтеді

c-316 қарашада «Астана Опера» театрының Камералық залында композитор, әдебиет және өнер саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Балнұр Қыдырбектің ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Бабалар аманаты — Тәуелсіздік» атты концерті өтеді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Концерт бағдарламасында композитордың оркестрлік, вокалдық және басқа да шығармалары орындалады, соның ішінде «Ақтау сарыны», «Өрен», «Өрлеу», «Гауһар күй», «Дешті-Қыпшақ», «Балғын», «Туған мекен  Күреңбел», «Сенбейсің», «Той көбейсін» және т.б..

«Мен бұл кешті камералық оркестрге жазылған шығармаларға арнағым келді. Өзім аса толқыныспен күтетін мереке — Тәуелсіздік күні қарсаңында бұл әуендер жақсы қабылданады деп ойлаймын. Жалпы, мен өз шығармашылығымда махаббат, Отанға деген сүйіспеншілік, табиғатқа, туған өлкеге деген махаббат сезімін жырлап келемін», — дейді Балнұр Қыдырбек.

Кез келген материалды Астана қаласының

Елордалықтар «Алау» мұз айдынында коньки тебуді ұнатады

Қала тұрғындары мен қонақтарының арасында кең тараған демалыс түрлерінің бірі — коньки тебу. 1 қазанда «Алау» мұз сарайында кезекті бұқаралық коньки тебу маусымы ашылды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Бүгінге дейін аталған спорт орталығына 22 мыңға жуық адам барған.

Чемпиондық мұз айдынында жаппай коньки тебу шарасы салауатты өмір салтын насихаттауға, қала тұрғындарын спортқа баулуға бағытталған. Мұнда дене шынықтыру мен спортқа деген қызығушылықты арттыру үшін түрлі спорттық-көңіл көтеру шаралары тұрақты негізде өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, жастарға және халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының өкілдері үшін жеңілдіктер қарастырылған.

«Биыл біз 1 қазанда ашылдық, және осының алдындағы жылдармен салыстырғанда келушілер саны 30%-ға көп, яғни, Мұз сарайы коньки спортының түрлерін насихаттау бағытында жұмыс істеп келеді деп айтуға негіз бар. Биыл біз қайырымдылық шеңберінде белсенді негізде жұмыс жүргізудеміз, мұнда балалар үйлерінің балалары тегін негізде жиі келеді», — деп мәлім етті «Алау» Мұз сарайы директорының орынбасары Ильдар Садыков.

«Алау»  отбасымен бірге уақыт өткізуге ең лайық орын, дейді мұз сарайына келушілердің бірі Әсел Мәселова. Ол қысқы спорт түрлерін жақсы көреді, және өз балаларын да спортқа буылып келеді.

«Әр демалыс сайын, мектеп каникулы кезінде балалармен бірге келуге тырысамыз, бұл салауатты өмір салты ғой. Барлық астаналықтарды балалармен бірге демалуға шақырамын, бұл өте пайдалы, бұл жер де керемет. Менің ата-анам бала кезімнен шаңғы, коньки тебуге үйретті. Өзім де балаларыма үйреткім келеді, кішкентайынан спортпен әуестенгенін қалаймын», — дейді Әсел Мәселова.

«Алауда» коньки тебуге арналған екі корт бар. Мұнда дүйсенбіден басқа кез келген күні келуге болады. Демалыс күндері — бес сеанс, жұмыс күндері үш сағаттық — 1 сеанс қарастырылған.

Жергілікті тұрғындардан басқа, Мұз сарайына Қазақстанның басқа қалаларынан келген қонақтар мен шетелдіктер жиі келеді.

«Мен Астанаға Алматы қаласынан келдім, осында тұрып жатқаныма үш ай болды. Мұз сарайында құрбымды коньки тебуге үйреттім. «Алау» Астанадағы керемет орын. Өзім қысты және мұзда коньки тепкенді ұнатамын», — дейлі Медея Ахмарова.

Бұқаралық коньки тебуден басқа, мұз сарайының халықаралық жарыстар кестесі бар. Мысалы, желтоқсанның 2 інен 4-іне дейін ол өз айдынында конькимен жүгіру спортынан әлем Кубогының үшінші кезеңін қабылдайды, ал 7 желтоқсанда келушілер үшін есігін қайта ашады.

Алау эстафетасына дайындық жасалуда

0d5685017363fe602fb80eb233af42bfАлматы қаласында 2017 жылы өтетін XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың Алауы еліміздің 15 аймағынан Алматы қаласына жеткізілмек. Жуырда Алау жағу эстафетасының бас репетициясы өтікізіліп, Алауды тасымалдайтын шыны сауыт тестіленді.

Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Алмат Үшкемпіровтің айтуынша, Талдықорған қаласында өтетін Алау эстафетасына қазіргі таңда 2 жоғары оқу орнынан, мәдениет, медицина және спорт мекемелерінен 80-нен астам сұраныс келіп түскен. Арнайы комиссия отырысында соның ішінен 60 алаугер іріктеліп алынады. Қазіргі кезде қаланың ішімен алауды алып жүретін көшелер белгіленіп, маршруты жасалуда.

Естеріңізге салсақ, 2017 жылғы 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматы қаласында  XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиада өтеді.   Халықаралық федерациясының (FISU) қолдауымен өтетін бұл халықаралық спорттық жарысқа 17-28 жас аралығындағы студенттер қатысады. Қысқы жарысқа 55 елден 2 мың спортшы қатысады деп жоспарлануда.

Универсиада кезінде шетелдерден және еліміздің аймақтарынан 3000 ерікті тартылады. Сонымен қатар 30 мыңдай шетелдік қонақтар мен туристер келеді күтілуде.

Қазақстан ТМД елдерінің ішінде қысқы Универсиаданы бірінші боп өткізіп отыр.

Дубайдан жеткен жағымды жаңалық

ab6db42d83c7d7e22e08f45707d94f92Талдықорған қаласындағы «Юсимас» Ментальді арифметика халықаралық академия орталығының оқушылары  Дубай қаласында метальді арифметика бойынша өткен XXI халықаралық жарыста жүлдегер атанды.

Жарыс 11 қараша күні өтті. Оған әлемнің 22 елінен 7 мыңға тарта бала қатысты. Жарыс жүлдегерлерінің қатарында 2 және 3 орындарды иеленген талдықорғандық Медина Құрманбаева мен Гайнель Дубекова бар.

Жас арулар еліміздің табысқа жеткен танымал әйелдерімен кездесті

Астана қаласының әкімдігі мен «Қазақ қызы» қоғамдық ұйымының ұйымдастыруымен Қазақстанның табысқа жеткен танымал әйелдерімен кездесу өтті.

Жас арулар «Нұрлы жол, гүл ару» тұлға әлеуетінің көшбасшыларымен кездесіп, табысқа жетудің сыры жайлы сауалдарын жолдады. Шара мақсаты – елордамыздың жас аруларының мәдени-адамгершілік тәрбиесінің жоғарлауына үлес қосу, олардың жеке рухани әлеуетінің дамуына, ұлттық тәрбие қағидаларының қайта жандануына ықпал ету. Жас қыздар еліміздің ең беделді, табысты аруларына сұрақтар қойып, кеңес алуға мүмкіндік алды.