Домой Блог Страница 293

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай фотобайқау жарияланды

 Қазақ хандығының 550 жылдығына орай фотобайқау жарияланды«Транстелеком» АҚ Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жастар арасында «Компания келбеті» атты фотобайқау жариялайды.

 Байқау шарттары: байқауға жасы 25-тен аспаған жастар қатыса алады. Ол үшін, ниет білдіргендер, өзінің портретті суреттерін Компанияның электронды поштасына «Компания келбеті» деген хат тақырыбымен жолдауы керек. Суреттер қазан айының соңғы күніне дейін қабылданады. Қабылдау уақыты аяқталған соң, арнайы құрылған комиссия жеңімпаздарды анықтайды. Фотобайқауда жеңіп шыққан бір жігіт пен бір қыз 3 жылға дейін Компанияны таныстыратын болады. Сондай-ақ жеңімпаздарға кәсіби фотографпен өзінің жеке фотосессиясын жасауға мүмкіндік беріледі.

Ал компания неліктен аталмыш байқауды Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырды деген сұраққа келетін болсақ, компания баспасөз хатшысы Аманбек Төлепбергеновтің айтуынша, таңдалған «Компания келбеті» ұлттық нақышта киінетін болады, осылайша бұл тек Компания келбеті емес, мемлекет келбеті болуы мүмкін.

«Соңғы күндері елімізде барлығы ұлттық тарих пен әдет-ғұрыпқа көп көңіл бөлуде. Дәл осы уақытта біз Компания тарихында алтын әріппен жазылатын өзіндік тарихымызды дәріптей аламыз», — деп түсіндірді компания баспасөз хатшысы.

Тағы бір айта кететін жайт, «Транстелеком» АҚ ЭКСПО-2017 көрмесіне арналған «Болашақ қала» интеграциялық жүйесін жасап жатқаны белгілі. Осыған орай, «Компания келбеті» болып таңдалған жастар ЕХРО-2017-де компанияны ғана таныстырып қоймай, жалпы қазақ дәстүріне де назар аудартатын болады.

«Еліміздің сырға толы дәстүрімізді келген қонақтарға паш етуде, бұл біздің кішкентай ғана үлесіміз болар деген ойдамыз», — деп қорытты өз ойын Аманбек Төлепбергенов.

bnews.kz

Павлодар мен Омбы арасында келісімдер биржасы ашылды

Павлодар мен Омбы арасында келісімдер биржасы ашылды
келісімдер биржасы

Павлодарда өткен Омбы күндері аясында көрші мемлекеттен жүзден астам кәсіпкер келді. Екі жақтың іскер азаматтары сауда-саттық байланысты дамытып, бірлескен кәсіпорындар ашу және дайын өнімді өткізу мәселелерін талқылады. Омбы кәсіпкерлері химия, мұнай-химия, отын-энергетика, құрылыс, көлік, қызмет көрсету, өңдеу және ауылшаруашылығы саласындағы өз мүмкіндіктерін көрсетті. Қабылдаушы тарап болса ішкі экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда қарым-қатынастың жаңа түрін енгізіп, келісімдер биржасын ашты. Бизнес алаңында екі жақтың кәсіпкерлері бір-бірімен танысып, ақпарат алмасты. Келісімдер биржасы Павлодар мен Омбы арасындағы сауда-экономикалық әріптестіктің нығаюына септігін тигізеді.

24.kz

«Болашақ» бағдарламасымен бүгінге дейін 8 мыңнан астам жоғары білікті маман даярланды

"Болашақ" бағдарламасымен бүгінге дейін 8 мыңнан астам жоғары білікті маман даярландыҚазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Болашақ» бағдарламасының жыл сайынғы халықаралық конференциясын (BARCEF-2015) ашты.

Конференция жұмысына Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдар басшылары, отандық және халықаралық сарапшылар, «Болашақ» бағдарламасының серіктестері – Қазақстанның және шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Құттықтау сөзінде Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Президентінің бастамасымен ашылған «Болашақ» бағдарламасы арқылы бүгінге дейін 8 мыңнан астам жоғары білікті мамандар даярланғанын атап өтті. Қазіргі кезде олар ұлт экономикасының түрлі салаларында – 2000-нан аса маман өнеркәсіптік және аграрлық секторда, 2000-ға жуығы білім саласында, 1500-ге жуығы ақпараттық технологиялар және коммуникациялар саласында табысты еңбек етуде.

Г. Әбдіқалықова «Болашақ» бағдарламасы Бес институционалдық реформа, Ұлт жоспары, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында дамып жатқанына тоқталды. Мемлекеттік хатшы елдің адами капиталының сапасын жоғары білікті кадрлар үшін бәсекелестік күрес жағдайында арттыру қажеттігіне назар аударды.

Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, стипендиаттарды сапалы іріктеу, неғұрлым дарынды жастарды тарту және ұлттық экономиканы дамытудың басымдығы бар бағыттары бойынша ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру ісі басты назарға алынады.

Мемлекеттік хатшы конференцияға қатысушыларды «Болашақ» бағдарламасының  жаңа бесжылдық даму жоспары аясында ұсынылған бастамаларды жан-жақты талқылауға шақырды. Соңында Г.Әбдіқалықова әрбір стипендиатқа жұмсалған мемлекеттік инвестиция ел экономикасын дамыту үшін және «Қазақстан-2050» стратегиясының басты мақсаты – әлемнің неғұрлым дамыған озық елінің қатарына қосылу үшін жаңа білім және машықтарды игеру арқылы еселеніп қайтатынына сенім білдірді.

24.kz

Мәнерлеп сырғанаушы Э. Тұрсынбаева Канададағы турнирде жеңімпаз атанды

мәнерлеп сырғанаушы Э.Тұрсынбаева Канададағы турнирде жеңімпаз атанды
мәнерлеп сырғанаушы

15 жастағы мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева ересектер арасындағы халықаралық Skate Canada Autumn Classic турнирінде жеңімпаз атанды.

Мәнерлеп сырғанаушының әкесі Байтақ Тұрсынбаев сайыстың Канаданың Барри қаласында өткендегін хабарлады. Қысқа бағдарлама бойынша Тұрсынбаева екінші орында болды, алайда еркін бағдарламада озып шығуына байланысты ол турнирді жеңіп шықты. Спортшы барлығы 179,22 балл жинады. Ал бұл қазіргі уақытта оның мансабындағы ең үздік нәтиже болып тұр. Екінші орынды Жапония өкілі Харуке Имаи (174,89 балл), ал үшінші орынды АҚШ-тан барған Энджела Ванг (172,36 балл) иемденді.

Vesti.kz

Астанада Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында пәтерге құжат қабылдау жүргізілуде

Астанада Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында пәтерге құжат қабылдау жүргізілудеАстанада пәтерге құжат қабылдау 2015 жылғы 19-23 қазан аралығында жүргізіледі.

«Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы 2015 жылғы қазанда Астана қаласында сатып алу мен жалға беру үшін мынадай объектілерден 256 пәтер қарастырып жатыр: Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қосшы кенті, Ә. Жангелдин көшесі мекен-жайында орналасқан «Академия» тұрғын үй кешенінен 95 пәтер; Астана қаласы, «Алматы» ауданы, Оңтүстік-Шығыс тұрғын үй алабы (сол жағы), Қобыланды батыр көшесі мекен-жайында орналасқан № 7 д, 7 г үйлерден 161 пәтер деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Тұрғын үй сатып алумен жалдауға 20 жылға дейінгі мерзімге беріледі (кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін жалға беру мерзімі 30 жылға дейін ұзартылуы мүмкін). Ең аз жалға беру мерзімі 5 жылды құрайды (бес жыл өткен соң жалға алушының мерзімінен бұрын сатып алуға құқығы бар).

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 маусымдағы № 728 қаулысымен бекітілген Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының шарттарына сәйкес құжаттарды қабылдау тек қана e.astana.kz веб-порталы арқылы өтініш берушінің электрондық цифрлық қолтаңбасын (бұдан әрі – ЭЦҚ) пайдаланумен іске асырылатын болады.

Құжаттарды қабылдау 2015 жылғы 19-23 қазан (қоса алғанда) аралығында жүргізіледі. Осы құжаттар қабылдау аясында өтініш жоғарыда көрсетілген нысанның біреуі бойынша ғана қабылданады.

Порталдың жұмыс уақыты – тәулік бойы.

Бағдарламаға сәйкес бұл бағытта Астана қаласында коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждылар кезегінде тұрған (кезектегілер) келесі санаттар бойынша азаматтар ғана қатыса алады:

– көп балалы отбасылар;

– толық емес отбасылар;

– мүгедек баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған отбасылар;

– жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

– оралмандар;

– мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметкерлер, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері, бюджеттік ұйым қызметкерлері.

baq.kz

Ермек Тұрсынов: Туындыларымның бәрі шынайылыққа негізделіп түсірілген

Ермек Тұрсынов: Туындыларымның бәрі шынайылыққа негізделіп түсірілгенАстанадағы ҚР Ұлттық кітапханасында қазақстандық танымал режиссер Ермек Тұрсынов студент жастармен кездесіп, кино өнерінің қыр-сырымен және болашақтағы жоспарларымен бөлісті.

Айта кетейік, Ермек Тұрсынов «Шал», «Кенже», «Келін», «Жат» сынды танымал фильмдердің авторы.

«Бүгінде қолы жеткеннің бәрі көкіп қалуды, қаламы бардың бәрі түртіп қалуды көздейді. Қазір киноны кез келген адам түсіретін заман болып отыр. Мағынасыз, сапасыз киноның бәрін кино деп ауыз толтырып айтып жүр. Мен кеше өлең айтып жүрдім, бүгін кино түсірдім. Ол кино емес, қай тұрғыдан қарасаң да, ол бір жарым сағаттық ролик. Ал, сапалы дүние шығару үшін оған бірінші шеберлік, екінші жүрек керек. Мен өзімнің фильмдерімнен тек шынайылықтың болуын қалаймын және өмірден алынған оқиғаларды көрсеткім келеді. Шынайы, жүрекпен шықпаған дүниенің ғұмыры қысқа болатыны да белгілі. Жұмысымды көбісі түсінбей, көрермендер сын көзбен қарап, сынап әрі қолдап, жақтағандары да бар. Әрине, барлығына жауабым бір — менің туындыларым шынайы өмірден алынған және жан дүниемнен шыққан дүниелер. Ал, жыл сайын фильмдерімді Оскарға ұсынуымның себебі абырой жинап немесе атақ қуу емес. Тек Қазақстанның атын шығарып, қазақ киносының дәрежесін бүкіл әлемге таныту», дейді режиссер.

Оның айтуынша, түсірілген туындылардың қай-қайсысы болмасын қарапайымдылыққа негізделген.

«Өзім негізі ауылдан шыққан баламын. Шамалғанның арғы жағында Үшқоңыр деген жерде Бірінші май деген ауылда туып өстім. Әжемнің тәрбиесін көріп өстім. Сол себепті ауылдың әсем табиғаты мен қарапайым адамдары жаныма жақын. Туындыларымның көбісі осы тақырыпта өрбуі де сол себепті. Досым Тимур Бекмамбетов сынды экшн фильмдер түсіру қолымнан келмейтіні де сол шығар деп ойлаймын. Өйткені, ол менің тақырыбым емес. Мен бала кезімде көрген, естіген, шындыққа жанасқан дүниелерді түсіргім келеді. Ал, шынайылық біздің қазақ кино өнерінде қазір жоқтың қасы. Сондай-ақ, шынайылық қашанда ешкімге ұнамасы анық. Көп сынның астында қалатыным да сол себептен», деді Е.Тұрсынов.

Айта кетейік, қазақстандық танымал режиссер әрі сценарист Ермек Тұрсыновтың 2015 жылы Торонтода өткен халықаралық кинофестивальде «Жат» фильмінің тұсауы кесілді. Және осынау фильм Қазақстан тарапынан «Оскар» сыйлығына ұсынылып отыр.

baq.kz

Бурабайда ТМД елдерінің басшылары бас қосты

Бурабайда ТМД елдерінің басшылары бас қостыБүгін Бурабайда Қазақстанның төрағалығымен ТМД елдерінің басшылары кеңесі өтеді. Оған Қазақстан президенті Н.Назарбаев, Ресей президенті В.Путин, Қырғызстан президенті А.Атамбаев, Беларусь президенті А.Лукашенко және Армения президенті С.Саргсян қатысады.

Жиын барысында ЖЕЭК мүшелері өзекті мәселелерді талқылап, одақтың әрі қарай дамуы туралы сөз қозғайтын болады.Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылады. Негізінен Еуразиялық экономикалық одақтың 2015-2016 жылдардағы халықаралық қызметі туралы келісімдер болмақ.

Кеңес барысында Израиль мемлекетімен еркін сауда аймағын құру мәселесі қарастырылады.

Сондай-ақ Кеңес қатысушылары лаңкестік қауіпке бірлесе қарсы тұру, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелерін де талқылайды.

baq.kz

Айдын Айымбетов Талдықорған қаласының құрметті азаматы атанды

Айдын АйымбетовБүгін Жетісулықтар үшін ерекше күн! Ғарышты бағындырған еліміздің үшінші перзенті Айдын Айымбетов жерлестерімен жүздесу үшін өзінің туған жері Талдықорған шаһарына арнайы келді.

Облыс орталығы Талдықорған қаласының төріндегі «Жастар» спорт сарайында Ұлы дала елінің Батыры, Халық Қаһарманы, барша Алаш жұртының мақтанышымен қауышуға жиналғандардың қатары мол болды.

Қазақстанның көк байрағын ғарыш көгінде желбіретіп, аман-есен еліне оралған ғарышкерді Жетісулықтар атынан өңір басшысы Амандық Баталов құттықтады:

— Туған қалаңызға, жер жаннаты Жетісу жеріне қош келдіңіз! Қазақтың абыройын асырған Сіздей азаматтың Алматы облысында дүниеге келіп, білім алып, қызмет жасағандығы – біз үшін үлкен мақтаныш. 

Сіздің бала кезіңізден ғарышкер болуды армандап, Қазақ елінің туын ғарышқа алып шықсам деген балалық арманыңыз орындалды. Үстіміздегі жылдың екінші қыркүйегінде бәріміз Сіздің ғарышқа ұшқан тарихи сәтіңізге куә болдық, қатты қуандық, ерекше толқыдық. Көптің тілегі қабыл болып, аман-есен жерге оралдыңыз. Қарапайым қазақ баласының арманы орындалып, осы күнде Ұлы дала елінің мақтанышына айналдыңыз.  Кеше ғана Елбасының Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағын табысталып, Айдынның космос кеңістігінде оннан аса ғылыми-тәжірибелік сынақтар жүргізгенін ерекше атап өтті.       

Сіздің отандық космос саласын дамытудағы еңбегіңіз — жастар үшін өнеге. Сіздің ғарышқа жасаған осы бір сапарыңыз арқылы біз бірлік пен ерліктің не екенін өскелең ұрпаққа көрсетіп, Отанды қалай сүю керектігін үйрететін боламыз, — деп сөзін түйіндеді.

Айдын Айымбетов

Осыдан кейін Талдықорған қаласының әкімі Ермек Алпысов Айдын Ақанұлына Талдықорған жұртшылығы атынан тілек-лебізін білдіріп, «Талдықорған қаласының құрметті азаматы» атағын беріп, су жаңа темір тұлпардың кілтін сыйлады.

Өз кезегінде Айдын Айымбетов:

— Құрметті жерлестер! Өздеріңізбен амандықта қауышқандығыма қуаныштымын. Менің ғарышқа сапарымның ойдағыдай болуы бірінші кезекте Елбасының, одан кейін барша жерлестерімнің арқасында. Сол үшін баршаңызға үлкен алғысымды білдіремін. «Қазғарышта» жұмысымды жалғастыру арқылы Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында әлі талай еңбек ететіндігіме сөз беремін, —  деп сөзін қорытты.

Шара облыстың үздік шығармашылық ұжымдарының әзірлеген концерттік бағдарламасымен жалғасты. Осыдан кейін Айдын Айымбетов өзі білім нәрімен сусындаған № 14 орта мектепке барып, білім ордасының ұжымымен жүздесті. Ақ пейіл мен ынтымақтың белгісі ретінде мектеп оқушылары аспанға ақ шарларды ұшыру арқылы, өздері оқып жатқан мектеп түлегіне деген қуаныш сезімдерін білдірді. Ғарышкермен бірге осы мектепке еліміздің жан-жағынан Айдын Айымбетовтың сыныптастары да жиналды. Барлығы мектеп қабырғасында жүрген кездерін еске алды.

Айдын Айымбетов

Шара соңы Айдын Айымбетовтың кезінде басшылық еткен №21751 әскери бөліміне барып, бөлімнің жеке құрамымен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесуімен аяқталды.

Баянауыл ауданында Шәкен Аймановтың ескерткіші ашылды

Баянауыл ауданында Шәкен Аймановтың ескерткіші ашылды
Шәкен Аймановтың ескерткіші

Павлодар облысы Баянаулы ауданында Халық әртісі, КСРО және ҚазКСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, кинорежиссер, жерлесіміз Шәкен Аймановтың ескерткіші бой көтерді.

 Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, биіктігі 4 метрді құрайтын ескерткіш таза қоладан құйылған. Баянауыл ауылының орталығында орнатылған мүсінді соғуға 64 милллион теңге жұмсалған. Қаржыны демеушілер бөлді. Туындының авторы – мүсінші Асқар Нардов.

Ашылу рәсімінде сөз алған аймақ басшысы Қанат Бозымбаев пен «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Алмас Жұмағұлов баянуылдықтардың қуанышына ортақтасты.

Салтанатты шараға Алматыдан қазақтың дара перзентінің немересі, музыкант Дина Шәкенова арнайы келді.

«Менің атам көңілі кең, қарапайым азамат болған. Айналасындағы адамдарға әрдайым көмек қолын созуға әзір ардақты жан. Киелі Баянауыл өлкесінің тумасы, қазақ киносының атасы атанған Шәкен Айманов кинолар түсіріп, бұл саланың өсіп-өнуіне сүбелі үлес қосты. Атам – отандық өнер саласындағы қайталанбас құбылыс, феномен. Осындай тұлғаны тудырған Баянауыл топырағына ат басын бұрып, атамның жерелстерімен қауышқаныма ризамын», — дейді Д.Шәкенова.

Еске сала кетсек, бір жыл бұрын Ертістің Павлодар өңірінде Шәкен Аймановтың 100 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтті.

bnews.kz

Алматыда Мұстафа Шоқайға арналған халықаралық конференция өтуде

Алматыда Мұстафа Шоқайға арналған халықаралық конференция өтудеБүгін Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада «Мұстафа Шоқай: саясаткер және ғалым» атты халықаралық ғылыми конференция өз жұмысын бастады. Бұл туралы Ұлттық кітапхананың баспасөз қызметі хабарлады. 

ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ұйымдастырған бұл іс-шара әлемнің түрлі ғылыми орталықтардағы шоқайтану саласындағы жетістіктермен танысу, көрнекті мемлекет қайраткері, ойшыл, көсемсөз шеберінің шығармашылық мұрасын кең ғылыми айналымға енгізу және көпшілікке жеткізу мақсатында өтіп отыр.

«Халықаралық конференция барысында көтерілетін мәселелер тың зерттеулерге түрткі болып, ХХ ғасырдың басындағы түркі-мұсылман халықтары тарихының күрделі мәселелерінің күрмеуін шешуде өзіндік орын алары сөзсіз. Мұстафа Шоқайдың ғылыми мұрасын көпшілік назарына алып шығу – халқымыздың отансүйгіштік санасын шарықтатып, біртұтас қазақстандық қоғамның қалыптасуына септігін тигізеді» делінген хабарламада.

Конференция жұмысына Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Түркияның танымал ғалымдары қатысуда.

Конференция аясында М.Шоқайдың он екі томдық Шығармаларының толық жинағы мен ҚР Ұлттық кітапханасы дайындаған «Мұстафа Шоқай» атты библиографиялық көрсеткішінің тұсаукесерлері өтеді деп жоспарланып отыр.

baq.kz