Биылғы жылдан бастап экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен еңбек өнімділігін арттыруға үлес қосқан материалдық өндірістің түрлі салаларының еңбеккерлер мен жұмысшылары «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталатын болады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Еңбек күніне арналған брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов хабарлады.
Ол 2014 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен 40 жылдан астам еңбек өтілі бар (оның ішінде белгілі бір саладағы өтілі 10 жылдан кем емес), өзінің еңбек қызметінде өте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген, зейнет жасындағы еңбек ардагерлерін марапаттауға арналған «Еңбек Ардагері» төсбелгісінің тағайындалғанын еске салды.
2014 жылдың 26 қыркүйегінде Астана қаласында өткен «Жалпыға Ортақ еңбек Қоғамына қарай» Бірінші Республикалық форумында Қазақстан экономикасын нығайтуға және дамытуға айтулы үлес қосқан 10 кәсіби маман «Еңбек Ардагері» төсбелгісімен марпатталған болатын.
«Биыл 2015 жылғы 17 наурыздағы Елбасының жарлығымен 3 дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені тағайындалды. Марапаттау өз ретімен жүреді: IIІ дәрежелі, II дәрежелі және ең жоғарғысы — I дәрежелі төсбелгі. «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталған барлық 3 дәреже иегерлерінің мәртебесі «Қазақстанның Еңбек Epi» атағымен марапатталған тұлғалармен тең дәрежеде», — деп мәлімдеді Біржан Нұрымбетов.
Вице-министр жоғарыда аталған төсбелгімен көп жылғы жемісті қызметі, еңбек өнімділігін және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негізделген жоғары жетістіктері үшін материалдық өндірістің әртүрлі салаларының еңбеккерлері мен жұмысшылары марапатталатынын атап айтты.
«Еңбек Даңқы» төсбелгісімен алғаш рет марапаттау рәсімі ағымдағы жылдың желтоқсанында Тәуелсіздік күніне арналған шаралар аясында өткізілмек», — деді ол.
Сонымен қатар, Біржан Нұрымбетов Мемлекет басшысы айқындаған бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 88-қадамын іске асыру, сондай-ақ, Жалпыға Ортақ еңбек Қоғамын құру идеясын әрі қарай ілгерілету мақсатында ҚР Премьер-министрінің орынбасары 2015-2016 жылдарға арналған «Еңбек күні» мейрамын ұйымдастыру бойынша Іс-шаралар жоспарын бекіткенін хабарлады.
«Мейрамның негізгі мақсаты — еңбек өнімділігін ынталандыру, жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттау, жұмысшы әулеттерінің көп жылғы дәстүрлерін нығайту, яғни, өз ісін асқан төзімділікпен, зор жауапкершілікпен, адал ниетпен орындаған, қоғамда өз мамандығын лайықты деңгейде көрсете білген жұмысшыларға деген зор алғыс», — деп атап айтты ол.
Вице-министр Еңбек күніне арналған шаралар республиканың барлық аймақтарында өтіп жатқанын хабарлады. Өндіріс орындарында жастардың қатысуымен «Ашық есік күндері» акциясы, «Мамандық бойынша үздік», «Үздік жас еңбеккер», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» атты кәсіби шеберлік байқауларының аймақтық кезеңдері өткізілуде.
Жекелеген аймақтарда Еңбек күніне арналған өзге де қызықты бастамалар жүзеге асырылып жатыр:
— Қостанай облысында аймақ тұрғындары еңбек ерліктерінің 80 жылдығына арналған «Еңбек даңқы кітабы» бірегей жобасы басталды;
— Оңтүстік Қазақстан облысында «Жұмыскерлердің еңбек жағдайларын жақсартуға негізделген инновациялық жоспарлар» байқауының жеңімпаздары еңбекті қорғау бойынша үшкүндік шетелде оқу сертификатына ие болады;
— Батыс Қазақстан облысында еңбек ардагерлерін құттықтау мақсатында белгілі бард орындаушыларымен кездесу өтті.
Еліміздің барлық аймақтарында өткізіліп жатқан Еңбек күніне арналған форумдарында Қазақстан экономикасын дамыту мен нығайтуға жеке үлес қосқан еңбек ардагерлерін, еңбек әулеттерінің өкілдері мен кәсіби мамандарды құттықтау жалғасып келеді.
Естеріңізге сала кетейік, 2012 жылдың шілде айында Мемлекет басшысы Қазақстанда Жалпыға Ортақ еңбек Қоғамын қалыптастыру туралы идеяны айтқан болатын. 2013 жылдың қарашасында Елбасының жарлығымен ҚР Еңбек күнін мерекелеу бекітілді. Ол әрбір қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтіп жүр.