Домой Блог Страница 185

Елордада классикалық музыка кеші өтті

«Астана кештері» атты халықаралық өнер фестивалі аясында классикалық музыка кеші өтті.

Кешке Американың ең атақты скрипкашыларының бірінші үштігіне кіретін – Филип Квинт арнайы шақыртылды. Сондай-ақ, қазіргі пианистердің арасында ең танымал, П. И. Чайковский атындағы ІХ халықаралық байқаудың жеңімпазы –  Борис Беризовский өнер көрсетті. Ал «Астана Опера» симфониялық оркестріне дирижерлік еткен – ресейлік Константин Хватынец. Халықаралық деңгейдегі музыканттар қатысқан кешке келген қонақтардың қарасы көп болды.

Дәстүрлі түрде бесінші рет ұйымдастырылып отырған бұл фестиваль, ең алғаш рет 2012 жылы бастау алды. Ұйымдастырушылары – «Дегдар» гуманитарлық қоры мен «JTI» компаниясы. «Дегдар» қорының Қамқорлық кеңесін басқаратын Дариға Назарбаеваның бастамасымен дүниеге келген жоба. Жыл сайын фестивальге әлемнің әр елінен классика, халық, эстрада музыкасының орындаушылары қатысады.

Аталмыш фестиваль қайырымдылық жобасы болғандықтан, билеттердің барлығы тегін таратылады. Ұйымдастырушылар әлемдік өнер жауһарларына ынтық жандардың барлығын араластыруды мақсат етеді.

Автор: Шырақ Байкенова

Алматы облысы тұрғындарының 26% жүйелі түрде спортпен шұғылданады

Алматы облысы тұрғындарының 26% жүйелі түрде спортпен шұғылданадыАлматы облысында спортпен шұғылдануға арналған 3294 спорттық құрылым бар, деп хабарлады облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Чарапиев.

Оның ақпаратынша, аймақта 2 спорт сарайы, 1 теннис орталығы, 22 стадион, 21 спорттық кешен, 12 спорттық құрылымдар кешені, 255 ату тирі, 779 спорттық зал, 46 бассейн, 1949 жазықтық құрылым бар.

Жетісуда барлығы 500 мың адам жүйелі түрде спортпен шұғылданады. Бұл аймақ тұрғындарының  26% құрайды.

«Биыл Ақсу, Талғар, Қарасай, Райымбек аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің, Жамбыл ауданы Қазыбек ауылы мен Қарасай ауданы Жалпақсай ауылында футбол алаңының,Райымбек ауданы Нарынқол ауылындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде жасанды төсемі бар футбол алаңының, Талдықорған қаласында жабық бассейннің  құрылысы үшін және Қаратал ауданындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің спорттық базасын қалыпқа келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді», — облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Т. Чарапиев.

ҚазАқпарат

Хоккей-2016 бойынша Қазақстан Кубогы өтетін күн мен орны анықталды

Хоккей-2016 бойынша Қазақстан Кубогы өтетін күн мен орны анықталдыКлубтар басшыларының жыл сайынғы кеңесінде хоккей-2016 бойынша Қазақстан Кубогы өтетін күн мен орны анықталды, деп хабарлады Қазақстандық шайбалы хоккей федерациясы.

Жарыстар ағымдағы жылғы 22-29 тамыз күндері Павлодар мен Көкшетауда өтеді.

«А» тобында «Бейбарыс», «Ертіс», «Номад», «Алматы», ШҚО,  ал «Б» тобында «Арлан», «Құлагер», «Теміртау», «Горняк», «Астана» ойнайды.

Финалдық жарыстар Павлодарда өтпек.

Рамазан айында қағбаға 7 миллион қажы қонақ болады

Рамазан айында қағбаға 7 миллион қажы қонақ боладыӘлем мұсылмандарының қасиетті Рамазан айы биыл 29 күнге созылады.

Осы уақыт аралығында Мекке мен Мәдина қалаларына шамамен 7 миллион ұмра қажылығын өтеуші мұсылман келеді деп жоспарланған. Бұл қажылар қатарында Қазақстаннан барған мұсылмандар да бар.

Қажылық және ұмра министрлігінің Мәдинадағы ресми өкілі Мохаммед Беджавидің айтуынша, биыл қажылық визасының басым бөлігі Египетке — 1 млн 200 мың орын берілген. Екінші орында Пәкістан — 900 мың, үшінші Индонезия — 655 мың виза.

Мұнан кейінгі қатарда Үндістан, Түркия, Иордания, Алжир, Малайзия, Ирак пен Ұлыбритания елдері бар.

Ал Рамазан айындағы қажылардың қауіпсіздігіне 5 мың қызметкер жұмылдырылмақ. Қасиетті қос мешіт ауыз су мен қолшатырлармен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етіледі, деп жазады e-islam.kz.

Астаналық суретші Халықаралық «Premio Canaletto-2016» медалімен марапатталды

Астаналық суретші Халықаралық «Premio Canaletto-2016» медалімен марапатталдыСуретші Ренат Елубаев Римде бейнелеу өнерінің кескіндеме түрі бойынша Халықаралық «Premio Canaletto-2016» медалімен марапатталды.

Жас суретші бұған дейін Астана қаласында өткен Халқаралық конокурстардың лареаты, Беларусь елінде өткен Халықаралық олимпиядасының гран-при иегері, АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен Халықаралық байқаудың «Алтын қыран» медалының, Италияда өткен Микеланджелоның Моисей статуэткасының иегері. Бірнеше ірі Халықаралық көрмелердің қатысушысы болған.

Baq.kz

Данияр Базарқұлов: Театр – нан табатын жер емес…

24 наурызда Алматы қаласында Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры көрермен назарына «Ол» моноспектаклін ұсынған болатын. Театр сүйер қауым үшін тың жаңалық болған аталмыш спектакль 18-20 сәуір аралығында Көкшетау қаласында өткен ІІ Халықаралық эксперименталды-лабораториялық «Дидар» фестивалінде «Ең үздік қойылым» номинациясына ие болды. Осы ретте, жалғыз адамдық спектакльдің орындаушысы да, идея авторы да Данияр Базарқұловпен сұхбаттасудың сәті түсті.

Данияр Базарқұлов: Театр – нан табатын жер емес...

 — «Ол» моноспектаклі туралы айтсаңыз… қанша уақыт жұмсадыңыз? Кімнің идеясы?

— Менің идеям ғой бұл (күліп). Ойымда жүргеніне он жыл болды, нақты кірісем деп жүргеніме 5 жыл болды. Ең алдымен, ойымыз бір арнада тоғысады ғой деп идеямды режиссер Асхат Маемировке айтқам. Ол кісі бұл ойымды құп көргенімен, спектакльмен жұмыс жасауға қолы тимеді. Содан кейін мен өз жанайқайымды осы спектакль арқылы өзім шығарғым келді. Көп іздендім, біраз кітаптарды да ақтарғам. Шопенгауер, Мопассан… солардың өмірлерін зерттедім. Әлем әдебиетін оқыдым. Негізі мен бұл спектакльде 10 жыл бұрын Орал театрында басты рөлді ойнағам. Бірақ ол жерде «Үзілген бесік жыры» деп аталатын драмалық үлгісін қойғанбыз. Кейіннен осы материалды алдым да, инсценировка жасап, «Ол» деп атап моноспектакль етіп өзгерттім. «Ол» деген көп мағына берді. Менің жаным, менің тәнім, менің рухым, бәрі-бәрі осында. Сан түрлі ой мазалап қоймаған соң бұл іске өзім кірісіп кетейін бе деп те ойладым. Бірақ, «жалғыз әскер қол болмайды» демекші, маған бағыт-бағдар беретін адам керек болды. Өзімнің құрдасым, замандасым, әріптесім, жалпы, ойлау жүйесі мүлде бөлек, Ерлан Кәрібаев деген жігітке айттым. Пьесаны бердім. Оқып шығып, түк түсінбегенін айтты. Иә, оны бір оқығаннан түсіну қиын. Өте қиын. Жын-шайтандар, перілер, неше түрлі дауыстар, басқа да кейіпкерлер, көрінбейтін жиналыс… бірден адамның миын қамтуы мүмкін емес. Содан не керек, алдық та бірден «кеттік» деп сол сәттен бастап кірісіп кеттік. Энергетикамен жұмыс жасадық. Идея бірінен соң бірі туа берді. 2 сағаттық пьесаны 40 минутқа сыйдыру үшін ойымызды мың құбылттық десем де болады. Мен Ерланды актер ретінде баулай білдім. Ерлан да өзін режиссерлік қырынан жақсы көрсете білді деп ойлаймын. Содан кейін 2 ай бойы тоқтамастан репетиция жасап, пісіп жетілді-ау дегенде көрерменге ұсындық.

— Ең алғашқы қойылымға қарағанда соңғысына өзгерістер енгізіпсіздер. Мәселен, қобыз…

— Қазақ драматургиясы болғандықтан, қазақтың мұңын айтқым келгендіктен спектакль барысына қобыздың үнін кірістірдік. Бұл о бастан ойымда жүрген болатын. Өйткені, қазақтың ащы зарын қобыздан басқа ешбір аспап жеткізе алмас ед. Оның үстіне қашан болсын қазақтың ұлттық құндылығын сақтағым келді.

— Қандай сындар айтылды?

— Көп. Өйткені, мен кәсіби режиссер емеспін, Ерлан да. Бұл алғашқы екіжақты жұмыс болатын. Оның үстіне, материалды мен ұсындым. Режиссер тек бағыт беріп отырды. Екеуміз творческий әдемі тандемде болдық. Қобызшы қыз тәжірибесі өте аз болғандықтан, бастапқыда түсінбей жүрді. Кейін екеуміз бір-бірімізбен энергия алмасып дайындалдық. Не дегенмен, ол менің жан күйзелісімді жеткізеді ғой. Біз айтылған біраз сынмен жұмыс істедік, осы спектакльмен фестивальге де қатысып келдік. Онда студенттер мен кәсіби театрлар өнер көрсетті. Студенттердің жұмысы бөлек, біздікі бөлек бағаланды.

— Фестиваль лабораториялық жұмыстарға негізделген екен. Жалпы, лабораториялық бағыт туралы ойыңыз қандай? Қазақстанда қаншалықты етек жайып келеді?

— Жалпы бұл бағытты Болат Атабаев сынды азаматтар бастаған еді. Ол кезде халық көп түсіне бермеді. Өйткені заман басқа тұғын. Ал, қазір театр өнерінің өрісі кеңейіп, бұл бағыт дамып, өркендеп, тамыр жайып келеді.

— Бүгінгі таңда көрермен эксперименталды-лабораторияны қалай қабылдайды?

— Енді ол әркімнің сана-түйсігіне байланысты. Біреу егіліп жылап қарауы мүмкін, біреу үндемей ой түюі мүмкін, біреу мүлде қабылдамауы мүмкін.

— Театр саласына қашан және қалай келдіңіз?

— 2002 жылы Т. Жүргенов атындағы қазақ Ұлттық Өнер Академиясының актер және әнші мамандығын бітіргем. Оқу бітірген соң шақыртумен Орал қаласында орталықта жаңадан ашылып жатқан театрға академиядан 7 студент бардық. Сол жақта 10 жылға жуық уақыт жұмыс жасадым. 2010 жылы Орта Азияның «Ең үздік ер адам бейнесін» жеңіп алдым.

— Ал, Мүсіреповтегі өнер жолыңыз қашан басталды?

— 2010 жылдан бастап осы театрда қызмет етіп келемін.

— Сізді отандық телехикаялардан да жиі көреді халық. Оларға режиссерлардың шақыртуымен барасыз ба, әлде кастинг арқылы ма?

— «Қарашаңырақ», «Өмір сынағы», «Біздің ағай», «Ақылдың кілті – өмірдастан», «Аяулы арман» сияқты сериалдарда көріндім. Кастинг арқылы өттім көбіне. Арнайы шақырту алған рөлім – «Ақылдың кілті — өмірдастан» телехикаясындағы рөл.

— Жаныңызға театр жақын ба, әлде кино ма?

— Әр нәрсенің өзінің ләззаты бар емес пе. Театр деген – тірі ағза ғой. Ол қайталанбайды, тек сол сәтте болатын өмір. Онда сен көрерменмен тікелей қарым-қатынаста боласың. Және ең бастысы, театр – нан табатын жер емес. Мұнда тек рухани азық алу үшін ғана жұмыс жасауға болады. Ал кино, ол мүлде бөлек. Онда дубль бар, монтаж бар, яғни театрдан алыс өнер. Бірақ, оның өзін оңай деп айта алмаймын.

— Болашақта кино саласына түбегейлі бет бұрып кетуіңіз ғажап емес қой?
— Ғажап емес.

— Театрды тастап..?
— Жоқ, оны тастамаймын. Екеуін бірге алып жүруге шамам жетеді.

— Шәкірт тәрбиелеген екенсіз. Қандай ұстаз бола алдыңыз?
— Иә, бір-екі жылдай ұстаздық еткем. Оралда Құрманғазы атындағы саз колледжінде «Актер шеберлігі», «Театр тарихы», «Сахна тілі», «Сахна қозғалысы» пәндерінен сабақ бердім. Құдайға шүкір, ол шәкірттерім қазір Темірбек Жүргенов академиясының әртүрлі факультеттерін бітіріп, бірі актер, бірі режиссер боп жүрген жайы бар.

Screenshot_2016-06-04-01-56-41-1

— Қазіргі уақытта шәкірт тәрбиелеу ойыңызда жоқ па?

— Тап қазір ойымда жоқ. Ол үшін де бір үлкен сабыр керек, жүйке керек. Менің жүйкем жұқарған болуы керек. (күліп) әзіл әрине, бірақ, расымен анау айтқандай талпынысым жоқ ол іске.

— Режиссер ретінде өзіңізді сынап көргіңіз келетін шығар?
— Иә, ол ойымда бар.

— Ол үшін сізге не керек деп ойлайсыз?

— Алып бара жатқан ештеңе емес. Ең бастысы, «Желание» керек. Яғни, құлшыныс, талпыныс. Таза режиссер ретінде спектакль тудырғым келеді, яғни өзге актерге. Себебі, мен идеяның адамымын. Және айтқан нәрсеме жетпей тынбаймын. Мысалы «Ол»-ды дәл осындай етіп қойғым келді, дегеніме жеттім. Құдайға шүкір, қазір көрерменнің де, менің де көңілімнен шықты. Әрбір көрерменге айтайын деген ойым жетті. Мақсат орындалды. Мен содан ләззат аламын.

— Жалпы, сол моноспектакльді тудыру барысында қандай құрбандықтарға бардыңыз? Мәселен, сақал өсіріпсіз?

— Иә (күліп). Шашымды алмадым. Өз-өзімді күтуден қалдым, шыны керек. Өйткені, ол тәни, рухани дағдарысқа түскен адам ғой. Сол себепті образыммен бірге мен де сондай жағдайға түстім деп ойлаймын. Бет әлпет – ол бер жағы ғой, ішкі жан дүнием де күйзеліске түсті. Сонымен ғана өмір сүрдім екі жарым ай бойы.

IMG-20160604-WA0011

— Театр саласында жүргеніңізге 15 жылдай боп қалды ғой. Осы жылдар арасында театр аудиториясының көрермені қаншалықты өзгерді?

— Айтарлықтай өзгерді деп айта алмаймын. Себебі, оларды өзгертетіндей спектакльдер өте аз. Барлығы біркелкі қойылым болғаннан кейін, көрермен де сол дәрежесінде қалады. Театрды дүр сілкіндіретін спектакльдер 5 жылда бір рет қана қойылады. Неге барлық спектакльдер жаңашылдыққа толы болмасқа? Неге? Өйткені, біздің өнерде бөгделер түсіне бермейтін саясат бар. Нағыз өнерді бағалайтын адамдар жоқтың қасы…

— Түсінікті… «Жастар театрға бармайды, қызықпайды» деген бұрыннан қалыптасқан пікірге сіздің ойыңыз қандай?

— Мен ол жастарды театрға қызықпайтындары үшін кінәлай алмаймын. Өйткені театр тың дүниелер қоятын болса, онда оқу орындары мен мектептерге барып зорлап билет алғызбас еді. Мысалы, «Қара шекпенге» саналы жастар өздері келеді деп ойлаймын, өйткені ол жерде тың идея бар, жаңалық бар. Сондай спектакльдер көптеп қойылса, қанеки? Жалпы, өнерге жаны ашитын жандар көбейсе театр да дами түсер еді. Театр деген нәрсе сол саланың айналасындағы адамдарға, соны аялай білетін адамдарға ғана керек боп тұр, өкінішке қарай.

— Бәрі бірдей керек етуі үшін қайтпек керек?

— Театрда жаңалық көп болу керек. Өзгерістер болу керек. Сапасын көтеру керек. Деңгейін өсіру керек. Өрісін кеңейту керек… деп сөз жүзінде айтуды бәріміз білеміз ғой. Тек іс жүзінде нақты жұмыстар атқарылу қажет.

Ендеше сізге шығармашылық табыстар тілейміз! Шаршамаңыз! Рақмет!

  

Сұхбаттасқан: Риза ШАЙҚАҚ

Талдықорған әкімі қаланың саябақтарында тәртіп орнатуды тапсырды

Талдықорған әкімі қаланың саябақтарында тәртіп орнатуды тапсырдыБүгін Талдықорған әкімі Бағдат Қарасаев өзінің жұмыс күнін Тәуелсіздік көшесіндегі саябаққа барудан бастады. Өткен жылдың соңында тапсырылған саябақ Қаратал шағынауданы тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналды.

Учаскені аралау кезінде қала әкімі жасыл көшеттердің жағдайына назар аударды.

«Саябақ аймақтарын тиімді ұстау үшін біз қаланың коммуналдық қызметтерінің жанында демалыс аймақтарының жағдайына жауап беретін жұмыс топтарын құруымыз қажет», — деп атап өтті Бағдат Қарасаев.

Сондай-ақ әкім «Шымыр» ЖШС жұмыскерлерінен тұратын осындай топтардың біріншісімен танысып өтті. Қала басшысы бірінші кезекте газонды одан әрі көгалдандыру үшін топырақ қопсыту жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Б. Қарасаевтың айтуынша, осындай тәжірибе басқа саябақтар, саяжолдарда енгізіледі. Жұмыс топтары жүргізген барлық жұмыстарды Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары қадағалайтын болады.

ҚазАқпарат

Талдықорған қаласында «Жас Ұлан» лагері ашылды

Талдықорған қаласында «Жас Ұлан»  лагері ашылдыБүгін Талдықорған қаласында «Жас Ұлан» кезекті шатырлы лагерь кезеңі ашылды. Ашылу салтанатына Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев қатысты. Балаларға көтеріңкі көңіл-күй тілеген қала басшысы олардың тұратын орындарының жағдайымен танысты.

Өз кезегінде балалар ата-аналар мен қонақтарға концерт ұйымдастырып берді.

Жалпы, шатырлы лагерьдің бір кезеңінде жетекшілердің қарауымен 200 бала демалады. 20 тамызға дейін дәл осындай 10 кезең өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар маусым бойы мұнда 600-дей жетім бала, көпбалалы отбасының балалары, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған отбасының балалары демалатын болады. Олар жалпыға міндетті оқу қорының қаржысы есебінен тегін демалады.

Жазғы лагерь бағдарламасында спорттық командалық жарыстар, музейге, галереяға, тарихи орындарға түрлі экскурсиялар ұйымдастырылады.

Алматы облысының спортшылары бүгін Рио-2016 ойындарына 10 жолдама ұтып алды

Алматы облысының спортшылары бүгін Рио-2016 ойындарына 10 жолдама ұтып алдыҚазір Алматы облысының спортшылары 2016 жылғы Рио-де-Жанейродағы ХХХІ жазғы олимпиада ойындарына дайындалып, оқу-жаттығу жиындары мен халықаралық  лицензиялық турнирлерге қатысуда.

Бүгінде 10 лицензияға (ауыр атлетика бойынша Владимир Седов, Зульфия Чиншанло, Светлана Подобедова, Майя Манеза, жеңіл атлетика бойынша Гүлжанат Жанатбек, Иван Иванов, садақ ату бойынша Сұлтан Дүзелбаев, грек-рим  күресі бойынша Нұрмахан Тыңәлиев, еркін күрес бойынша Аслан Кахидзе, бокс бойынша Жәнібек Әлімханұлы) қол жеткізді. Бұл туралы Талдықорғандағы журналистер үйіндегі аймақтық ОКҚ алаңында белгілі болды.

2016 жылғы Рио-де-Жанейродағы Паралимпиадаға қатысу мүмкіндігіне  пауэрлифтинг бойынша облыс спортшылары Раушан Қойшыбаева мен Гүлбану Әбдіхалықова ие болды.

ҚазАқпарат

Талдықорған қаласында балабақша құрылысы аяқталды

Талдықорған қаласында балабақша құрылысы аяқталдыТалдықорған қаласының жаңадан салынып жатқан шағын ауданында 320 орындық заманауи балабақшаның құрылысы аяқталды.

Бұл жоба «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының шеңберінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігі арқылы жүзеге асырылуда.

Кәсіпкер Ләйлә Алиманова мұның инновациялық балабақша болатынын айтады. Сондықтан кадр таңдау ісіне ерекше мән бермекші. Бүлдіршіндердің рухани дамуына, денсаулығын шыңдауға барлық жағдайлар жасалмақ.

Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары аяқталды, тек ішкі сырлау-әрлеу жұмыстары ғана қалған. «Гүлім және Компания» ЖШС нысанды белгіленген мерзімде өткізуді жоспарлап отыр. Яғни, бір айдан кейін жаңа балабақша өзінің алғашқы тәрбиеленушілерін қабылдайды.