Француздық метрикалық СИ жүйесіне әбден етіміз үйренгені сондай, көз көрмес базғы заманды да таразымен, кірдің тасымен және сызғышпен елестетеміз. Дәл сол уақытта қазақтар «өлшем бірлік» деп аталатын тұрмыстық қажеттілікті әдеттегідей қағілездік пен тапқырылық танытып, салмақ пен көлемді қапелімде қасыңнан табыла қоятын заттармен өлшеуге дағдыланған.
Жалпы номадтық тірліктің — барды мейлінше ұқсатуға, әмбебаптыққа тәрбиелегенін қазақтың әрбір жиһазынан, әрбір көруге болады.
Далаграмм мен далакилограмм
«Неғылған батпан құйрық?» деген мәтелді білетін боларсыздар. Ендеше сол батпан — «үлкен, мол» деген мағына береді. Себебі батпан деп — 100 килә және одан артық салмақты айтқан. Палуандар әдетте ауырлық көтеруді батпаннан бастайтын болған.
«Бір көтерім», «бір арқалық» деген салмақ — қазіргіше 50 килограмм шамасында. Сірә, қап тасу сияқты жұмыстардан қалыптасса керек.
Одан кішісі — атақты пұт. Пұт 16 килограммға тең. Сонда, Дінмұхамед Қонаев еліміздің қамбасына бір емес, бірнеше рет тапсырған миллиард пұт астығы — 16 млн тоннаға тең боп шығады.
«Бір пітірлік», «пітірбидай» — қазіргі 3 килограмм. Діни мазмұнын аңғарып-ақ тұрсыздар.
Дәрі-дәрмегі бар, тұзы бар, басқасы бар — ыдыс-аяқ айналасындағы тұрмыстық күйбеңде қадақ деп аталатын өлшем бірлік көп пайдаланылған. Қадақ қазіргі метрикалық жүйемен 750 граммға тең. «Қаладан бір қадақ набат ала кел!» — XX ғасыр басындағы отанасының жолға шыққан отағасына әдеттегі тапсырмасы.
«Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» деген мәтелдегі батпанды біз білдік. Ал мұндағы мысқал — қазіргі 1 грамм. Айтпақшы, тіпті арнайы жабдық жасалып өлшенген өлшем — тап осы мысқал. Бекзадаларда, сұлтандарда мысқалмен өлшейтін арнайы жабдықтар болған. Әдетте бағалы металдарды өлшеу үшін пайдаланылған.
Мысқалдан төмен өлшемдермен бабалардың не өлшегені бізге белгісіз. Әйтеуір нанотехнологиямен айналыспағаны анық қой. Бірақ одан төмен өлшем бірліктердің бірқатары болған. Біршымшым. Аты айтып тұр. Сұқ саусақ пен бас бармақты бүрістіріп шымшып, ұшына ілгенің — біршышмшым. «Қорасаннан келген мынабір тұздықты тек біршымшым сал!» деді бәлкім, дала аспазы айтулы тойда қазан басындағы жігіттерге. «Тұзы аздау екен, тағы біршөкім салшы» деді сосын ол, тағы бір қазанның қасына келіп. Біршөкім — алақанның бетінде шашып алмай ұстап тұратындай құмдауыт заттың өлшемі (тұз, бұрыш, топырақ, т.с.с.).
Құрақ көрпе сияқты, тұрмыстық мәдениеттің шедеврі бар халықта өлшем бірлік үшін оймақтың қолданылмауы мүмкін емес. Ендеше қазіргі «оймақтай ой» деген тіркестің мәнінде аса дәл өлшем жатыр.
Бұған қоса, сұлының бидайындай ғана «тырнақтай» деген де өлшем болған. Көбірек алу үшін бас бармағыңыздың тырнағын сайламай-ақ қойыңыз, біздегі деректер — тек шынашақтың тырнағын ғана, ал кейбіреулер тіпті — торғайдың тырнағын айтқан дейді. Кім білген.
Далалитр мен далакуб
Көлемді өлшемей тірлік жоқ. Ендеше, еуропалықтардағыдай — орталықтандырылған өлшем жүйесі болмағанымен, кез келген қазақтың үйінен табылатын қарапайым затты эталон қылу арқылы, даланың о шеті мен бұ шетінде біршама бірдей көлемдік жүйе қалыптасқан.
Саба десе қымыз дейсіздер бірден. Ендеше сол саба — шамамен 25 литрге тең болған. Әдетте жылқының терісінен тігілген үлкен торсық.
Соның арасында бізге «бірқұлақ су» деген көлемдік бірлік құпия боп қалып отыр. Қазіргіше — 4 текшеметр. Құпиясы сол: онымен не өлшеген?
Ал ең қызық өлшем бірлік ол — шүйке. Шйүке деп әдетте қолды бір салғанда жұлып алатын түйенің шудасын әлде ешкінің түбітін айтады. Қызық деп отырғанымыз: ол салмақты да, көлемді де білдіруі мүмкін.
Сіз қандай қазақы өлшемдерді білесіз? Келесі кезекте ұзындық өлшемдері.
Ақбота Сәңкібай шоқысы Миялы ауылының солтүстігіндегі 45 шақырым жерде орналасқан. Екі бөлек болып үйілген үлкен ақ бор тау. Табиғат өз қолымен жасаған ғажап ескерткіш. Жем өзені жағынан алыстан әппақ болып көрініп тұрады, Көлемі, биіктігі аса үлкен болмаса да, тылсым сырымен, қатпар-қатпар жота, ертегідей пішін сипаттарымен, өсімдік шықпайтын тауымен еріксіз баурап алады, кісіні таң қалдырады. Айналасы тегіс жазық.
Жерден тік шығып тұрған таудың қайдан, қалай пайда болғаны — табиғаттың жұмбағы ойға қалдырады. Шешімі тереңде жатыр. Бұл жерде миллиондаған жылдар бұрын теңіздің орны болған шығар деген болжам айтылады. Таудың құрылысы теңіздің астында болатын жартастар сияқты және өте ескі көріністі көрсетеді. Ақ бор тас үгітілуде, Тауда өсімдік жоқ. Ал етегі толған түрлі шөп, жыра, уақ тас. Сәңкібай-белгілі жылқылы бай. Ақбота оның XVIII ғасырда өмір сүрген әрі сұлу, әрі батыр қызы. Ақбота Сәңкібай табиғат ескерткіштерінің атауына байланысты аңыздар, әңгімелер ел ішінде көп. Қалмақтар жаугершілігі кезінде Сәңкібай ауылында ер адамдар болмай қалады. Елді жау шауып, малды барымталайды. Ер адамдар жылдағы дәстүр бойынша Әбілхайыр ханға сәлемдесуге кеткен екен. Барымталанған малды, таланған мүліктіАқбота қыз жаудың сонынан қуып барып қайтарады. Бірақ жаумен шайқаста өзі ерлікпен қаза табады. Осы суық хабар Сәңкібайға жетеді. Ол өзі өте жақсы көретін қызын өлдіге қимай, қатты қиналады. Елде жоқ құрмет көрсетемін деп Ақботаны биік ақ бор таудың төбесіне жерлейді. Содан тау Ақбота-Сәңкібай атанған екен. Бұл әңгіменің бірнеше нұсқасы бар.
Планетамызда теңдесі жоқ табиғаттың ғажайып құбылысы – Жаманшың метеорит кратері осы Ырғыз жерінің еншісінде.
Ғалымдардың болжамы бойынша бұдан 700 мың жыл бұрын осы Жаманшыңға алып метеорит түскен. Сол он мыңдаған мегатонна бомбаның қуатындай жарылыстан тереңдігі 700 м, диаметрі 5,5 шақырымға созылатын шұңқыр пайда болған. Жарылыс төңірегіндегі қысым жүздеген килобарға, температура бірнеше мың градусқа жеткен. Осының нәтижесінде импактит, тектит (иргизит) жыныстары пайда болған. Бұл екі породаның жер бетінде бір жерден табылуы алғашқы рет Жаманшың кратерінің үлесіне тиіп отыр.
Есет – қазақ тарихында «тархан» (фельдмаршал) шеніне ие болған үш батырдың бірі. Жоңғар шапқыншылығы кезінде ерекше ерлік көрсетіп, Кіші жүз ханы Әбілқайырдың адал серігі болған.
Батырлар туған әулеттің ұрпағы
Есет Көкіұлы 1667 жылы еліміздің батыс өңірінде өмір есігін ашқан. Кіші жүз жетірудың ішіндегі тама руынан тарайды. Оның әкесі Көкі де батыр болған, кезінде Салқам Жәңгірге көмекке барған Жалаңтөс Баһадүрдің жасағында жоңғарға қарсы күрескен адам. Оның лақап аты – Таймас батыр. Орбұлақ шайқасында шеп бұзып, жүректілігімен көзге түсіпті.
Тәуке ханның Есетке бата беруі
1700 жылы Есет таманың ішіндегі бір руға би, ал, 1710 жылы бүкіл тама жұртының төбе биі атанады. 1722 жылдан бастап жетіру тайпасынан құралған әскердің бас қолбасшысы міндетін атқарды. Әрі би, әрі батыр болған Есет 1723-1726 жылдары Кіші жүз ханы Әбілқайырмен бірге еліміздің солтүстік-батысына шабуылдаған Еділ қалмақтарына қарсы күресті. Сол шайқастарда ол кіші жүздің азаматтарынан құралған ірі жасақты басқарды. Тәуке ханның тұсында да Есет үнемі алғы шепте Кіші жүздің қолын бастап жүрді. Оның ерлігін әділ бағалаған Тәуке хан бір шайқаста Есетке «Айбатың аса түссін, найзаң мұқалмасын, ел намысы тұздығың болсын» деп бата беріпті.
Аңырақай шайқасында ту ұстаған
Есет «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретінен кейінгі Бұланты шайқасындағы ұлы жеңіске өз үлесін қосты. Осы шайқаста қазақтар жағы жеңіске жетіп, ойраттар Ұлытауды жаулап алу туралы ойларын іске асыра алмады. Сол майдан туралы ел ауызнда мынадай аңыз бар. Қан майданда Есеттің басы бірнеше жерден жарылыпты. Оны естіген батырлар шайқастан кейін аман ба деп, Есетті іздейді. Сөйтсе, ол басын таңып отыр екен. Сонда жауынгерлер «Есеттің басы қатты ма, Алланың тасы қатты ма?» деп тақпақтап қоя беріпті. Ал, Аңырақай шайқасында ол Кіші жүздің 20 мыңдық жасағын байрақ ұстап, бастап жүрді. Сондықтан, батырды ел ішінде «Ту ұстап, тарлан мінген Есет» деп атаған. Батыр жайлы «Пірдің соңы – Бекет, ердің соңы – Есет» деген мәтел сөз де бар.
Есет – қазақтағы үш тарханның біреуі
Есет өмір бойы Әбілқайырдың сенімді серігі, айнымас адал досы болып өтті. Оның өмірінің өзі Әбілқайыр жүргізген саясатпен тығыз байланыста өріліп отырды. Есет старшиналық қызмет атқарып жүргенде Кіші жүз бен Орта жүздің атынан Орынборда князь В.Урусовпен еларалық келіссөздер жүргізді. Осы еңбегі үшін 1743 жылы Ресей патшалығы тарапынан «тархан» шенін алды. Есет – қазақ батырлары ішіндегі «тархан» дәрежесін иеленген үш тарханның бірі. Одан өзге Шақшақ Жәнібек пен оның ұлы Дәуітбай ғана осы құрметке ие болған.
Өмірден өтуі
Есет батыр 1749 жылы 82 жасында өмірден өтті. Денесі қазіргі Ақтөбе облысының Алға ауданы, Бестамақ деген елдімекенге жерленген. Мазарының басына 1750 жылы сәулетті кесене салынған.
Қос Есеттің арасында қандай байланыс бар?
Халық аңыздарына сүйенсек, ХІХ ғасырда Ресей отаршылдығына қарсы күрескен Есет батырдың әкесі Көтібар да бір заманда осы тама Есет батырдың мазарына түнепті. Сол түні ол түс көреді. Түсінде ақ боз ат қырға құйғыта шығып, құйрығы ту секілді алаулап көтеріліп, кейін көзден ғайып болады. Ауылына келген соң ауыл-аймағын жиып, түсін айтып береді. Сонда Көрпебай атты замандасы «Абыз өз атағың, ақбоз аттың туша алаулаған құйрығы күндердің күнінде дүниеге келіп, жарияға жар салар батырың болар» деп жориды. Айтқанындай-ақ, көп ұзамастан Көтібардың әйелі алтыншы ұлды дүниеге әкеліп, оның атын Есет деп қояды. Есет Көтібарұлы да аруақты батыр болды, өмір бойы Ресей империясына қарсы күресіп өтті.
Қобыланды батыр мемориалдық кешені 2007 жылы 8 қыркүйек күні ашылды. Мемориалдық кешен орнатылған жерде ежелден Қобыланды батырдың моласы болған.Батырға арнап заманында кесене тұрғызылған.
Алайда ол ғимарат біздің заманымызға жетпеген. Қобыланды батырдың осы жерде жерленгендігі туралы халық жадында бірнеше ғасырдан бері сақталып келе жатқан мәліметтер бар. Алайда қағаз бетінде нақты деректер жоқ. Ол туралы 1906 жылы Қобда — Елек бойын зерттеу кезінде орыс ғалымы В.В. Карлсон өзінің Орынбор басшылығына жазып кеткен есебінде былай деген: « Илецкая Защита қорғанынан Ойыл бағытында жолда 40 шақырымдай жерде, Қобда өзеніне Ешкіқарған өзені құяр тұста Қобыланды батырдың мазары бар екен. Бірақ ол құлап қалыпты, орнында үйінділер ғана қалған» деп жазып кетіпті.
Осы жерде кейін жергілікті халық қоныс теуіп, батыр жатқан жерді кәбірстанға айналдырған. 1960 – 70 жылдары батыр мазарының орнындағы үйінді адамның тізесінен келетіндей болған.
Алғаш археологиялық зерттеу жүргізу мақсатында ғалымдар Ноэль Шаяхметовпен Сайым Балмұханов 1969 жылы келіп, Қобыланды батырдың сүйектерін қазып зерттеу үшін алып кеткен. Белгісіз себептермен олар кейін қайтарылмаған.
Кейінгі жылдары бұл жерге еліміздің орта ғасыр тарихын жетік білетін халық жазушысы Әбіш Кекілбаев бірнеше рет келіп кеткен. Олардан кейін 1996 жылы Қазақстан Республикасының премьер- Министірінің орынбасары қызметінде жүрген Иманғали Тасмағанбетов келіп көріп кеткен. Оларға сол кездегі Жиренқопа ауылындағы акционерлік қоғам басшысы Тұрсынғали Латыф ұлы Накеш Қобыланды батыр жатқан жерді көрсетіп, оның асыл сүйегін кейін қайтару туралы жергілікті халықтың өтініш тілегін жеткізген. Бұл туралы И.Тасмағанбетов оған бұл орынды қоршап, бір белгі қойыңдар.Кейін бұл мәселеге оралармыз деп азын-аулақ қаржы беріп Т.Накешке тапсырып кеткен. Содан бейіт айналасы шынжырмен қоршалтып, Ешкіқырған бойынан әдейі екі үлкен тас алдырып, бірін тұрғызып, бірін жатқызып қабір орнына орнатқан.
Кейін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында облыс басшылығына жаңадан келген Әкім Е.Сағындықовтың бастауы және ұйымдастыруымен 2004 жылдан бастап, Қобыланды батыр жатқан жер ғылыми тұрғыдан зерттеуге алынды. Осы бағытта 2004- 2005 жылдары жүргізілген археологялық жұмыстар кезінде үлкен кесене тұрғызылғаны анықталды. Оның ені 8 м 90 см ұзыны 11 м 60 см болған екен. Жарының қалыңдығы 1 метрге жуық болған. Мазардың төрт бұрышы анықталып шықты. Алайда олардан тек 1-2 қатар кірпіш қалған, жарлардың орнында бір қатар, олар да толық сақталмаған, тек Батыс бұрышында 5-6 қатар қаланған, кірпіш қалдықтары шыққан. Табылған кірпіштер ғалымдардың тұжырымдауы бойынша XIV- XV ғасырға жатады. Сонымен қатар археологиялық жұмыстар кезінде Қобыланды батырдың қалған сүйектері шыққан. Қазба кезінде батырдың зияратына кесене тұрғызғаннан кейін тағы екі адам жерленгені анықталып, олардың сүйектері және т.б. артефактілер табылған. Осы мезгілде Қобыланды батырдың моласын қазған ғалым Н.Шаяхметовпен байланысып, оның алып кеткен сүйектерін қайта зерттеп, бұл сүйектер Қобыланды батырдың сүйегі екенін академик Оразақ Ысмағұлов пен Айнагүл Ысмағұлова нақты дәлелдеп шықты. Содан соң, 2006 жылы 26 тамыз күні Қобыланды батырдың сүйектері өзінің орнына әкелініп қайта жерленді.
Ақтөбе облысының әкімі Е.Сағындықовтың ұйымдастырумен 2007 жылы батырға арнайы кесене тұрғызылып, кешен ашылды. Оның сәулетшісі Бек Ибраев болды. Кешеннің құрамына Қобыланды батырға арналған мазар (пішіні батырдың дулығасы сияқты, оның биіктігі айшығына дейін қосып есептегенде — 16м 89см, диаметрі 16 метр), пішіні садақ сияқты ғимарат (онда батырға арналған «Данқ» бөлмесі және қосымша қызмет бөлмелері орналасқан) және бірнеше белгі тастар кірді. (Олар 1996 жылы орнатылған табиғи 2 тас, 2006 жылы қайта жерленгенде қойылған арнайы белгі тас және Қобыланды батыр табынған, сиынған қасиетті деп есептеген меңгір тас – «Қайрақ тас»). Дереккөз: Қобда аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі
Қобыланды қорымынан табылған қанжар қайда?
Қазақ даласында Қарақыпшақ Қобыланды батыр есімімен аталып келе жатқан екі мазар бар. Бұл тарихи көне ескерткіштер «Қобыланды күмбезі» деп аталады.
Біреуі Орталық Қазақстандағы Сарысу өзенінің бойында тұр. Қазақ даласында белгілі бір тарихи тұлғаның есімімен аталатын жерлер, бейіттер баршылық. Сондай-ақ, бір есіммен аталатын би, сері, батырлар жөніндегі деректер де аз емес. Оның бәрін жалғыз тұлғаға телуге болмайтынына өмір сүрген уақыты мен жерленген жерлерінің әрқилы екендігі дәлел.
Енді екінші мазар жөніне тоқталсақ, ол – Батыс Қазақстан облысында орналасқан. Беріректе қоршалып, басындағы белгі 1995 жылы қойылды. Марабай, Мергенбай, Айса, Нұрпейіс тәрізді атақты жыршылар арқылы бізге жеткен «Қобыланды батыр» дастанында бабамыз қалмақтармен шайқасқан Жалғызоба, Қособа, Бесоба, Жиренкөл, Ешкіқырған, Тасбұлақ тауы, Тұшман бұлағы – Ақтөбе өңірінің Жиренқопа жеріндегі қазақтардың атамекені. Бұл жерлер ғасырлар бойы сол жырдағы күйінде, өзгеріссіз аталып келеді. Демек, Қобда өзенінің шығыс жақ жағалауындағы осы екінші бейіт Қобыланды сүйегіне тиесілі. Халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің нұсқасындағы «Қобыланды батыр» жырында да:
«Ерлердің артық данасы,
Артықша Қобылан ағасы,
Халықтың қорған панасы.
«Ешкіқырған» сағасы,
«Ұлы Қобда» жағасы,
Адамнан жоқ жаласы,
Тоқсанға жасы келгенде,
Судан болды жаласы,
Қартайып жетті қазасы.
Діңкиіп тұрған Қара оба –
Тоқтарбай қарттың баласы
Ер Қобыланның моласы»,-
деген жолдар бар. Нақты дерекке сүйенсек, 1969 жылы профессор Ноэль Шаяхметовтің жұмыс тобы жергілікті қарттардың көрсетуімен Жиренқопа елді мекенінен батырдың сүйегін қазып алып кетеді. Жай қазып қана қоймай, ол батыр ұрпақтарының, жалпы халықтың рұқсатын алмастан, кесененің орнын бульдозермен оңды-солды таптатып, қырғызған. Ондағы құлаған кірпіштерді тың игеру желеуімен келген мұжықтар пеш салу үшін үйлеріне тасып алып кетіпті. Ал, алынған қаңқа Алматыдағы Орталық мұражайдың антропология зертханасында сақталды.
Бертінде анықталғандай, Ноэль Шаяхметов Алматыдан Мәскеуге қызмет ауыстырады. Содан 31 жыл өткен соң, яғни 2000 жылы Алматыға қайта келгенінде бір қорап сүйектерді саудырлатып Орталық Мемлекеттік мұражайдың зертханасына тапсырған. Мұндайда бабамыздың бәлен жыл бойы көмусіз сақталып келген асыл сүйегінің жоғалып кетпегеніне де шүкір етуге тура келеді. Кейіннен ол сүйектер басқа антрополог Оразақ Исмағұловтың қолына түскен. Оған әлгі Шаяхметовпен бірге қазба жұмыстарын жүргізген академик Сайым Балмұханов көмекке келеді де сүйектерді саралап, қайта жинап, қалпына келтіреді. Одан кейін Қобыландының бас сүйегі Мәскеуде мұқият зерттеліп, XIV-XV ғасырдағы Қыпшақ дәуірінде өмір сүрген батырлардың киім ерекшеліктеріне сай етіп киіндірілді. «Еуразия тарихы мен мәдениеті аясындағы Арал-Каспий аймағы» атты Халықаралық конференция аясында Герасимов зертханасында батырдың бас сүйегі негізінде жасалған антропологиялық кескін-бейнесінің тұсаукесері болды. Осы салтанатта Оразақ Исмағұлов: «Мұнда жатқан қаңқаның Қобыланды батырдікі екендігі еш күмән туғызбайды. Біз мұндай шешімге жан-жақты жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде келіп отырмыз. Енді оны көп жылдан кейін жер қойнына қайта тапсыру рәсімі – үлкен тарихи оқиға» деген еді…
Сөйтіп, батыр сүйегі түгелімен бұрынғы орнына қайта көмілді. Кірпіштен өрілген үлкен кесене бой көтерді. Оның басына жеткізілген батырдың қайрақ тасы бүгінде «Қобыландының меңгіртасы» деп аталады. Ортасы ойық, бас жағы сынықтау, ұзындығы 5 метр қайрақ тасқа Ноғайбайлы дәуірінде Қырымның қырық батыры семсер, қылыштарын қайраған деген сөз бар.
Бұл тұрғыда, ерекше мән берілуі тиіс дәйекті Ноэль Шаяхметовтің қабірді қазғанына куә болған жиренқопалық Зейін Сейітов айтып берген. «Бір сүйектің жанынан ұзындығы жарты метрлік қанжар шықты. Өз көзіммен көрдім. Тат басып кетіпті. Қабында ұзын өрнегі бар. Тек қабының ортасы шіріпті. Осылайша, Ноэль Шаяхметов бір аптада қазба жұмыстарын аяқтап, оны арнайы жәшікке салып, кеңшардың жаңа авокөлігімен Ақтөбеге алып барды да, сол жерде бәрін де ұшаққа тиеп, Алматыға ұшып кетті»,- дейді ол. Айтылып отырған қару Қобыланды батырдікі болуы әбден мүмкін ғой?! Қазір кімнің қолында екен? Бар болса, ол қанжар Шаяхметов ұрпақтарының бірінде сақталуы тиіс. Әлде, Алматыдағы орталық мұражайдың қоймасында жатыр ма екен? Антрополог Оразақ Исмағұловтың үйінде шығар?..
Абат-Байтақ кесенесі — XIV ғасырдың соңы — XV ғасырдың бас кезінде салынған сәулет өнері ескерткіші. Ақтөбе облысыныңҚобда ауданындағы Талдысай кентінен оңтүстікке қарай 12 шақырым жерде Қобда өзенінің аңғарындағы Абат-Байтақ қорымында орналасқан.
Халық аузындағы аңыздарға қарағанда, кесене атақты ойшыл Асан қайғы жыраудың ұлы Бесқопа аңғарында кенеттен қайтыс болған Абат батырға арналып, бүкіл аймақ халқының қатысуымен тез арада тұрғызылған. Сондықтан, оның атына «Байтақ» деген сөз қосылған («кең»). Бірақ құрылыстың сәулеттік құрылымы оның төрелерге тән екенін байқатады. Кесене үстінде 11 қырлы тұғырға орнатылған шошақ күмбез бар, ал негізгі тұрқы төрт бұрышты. Сыртқы тұрқының ауданы — 9,52 х 9,8 м. Кесененің бастапқы биіктігі 16 метр, сақталған биіктігі 14,5 метр. Өңделмеген кірпіштен қаланып, ішкі жағы балшықпен сыланған, сыртқы жағы күйдірілген кірпішпен қапталған.
Абат-Байтақ кесенесі қалыпты қоскүмбезді шатырлы құрылыстардың тобына жатады және кейбір әдебиеттерде көрсетілгендей центрик емес порталды-күмбезді кесене. Оның ішкі құрылымы да төрт бұрышты жобада салынған. 8 және 16 қырлы өрімдердің біртіндеп күмбез ішіне қарай көтерілуі көрер көзге жеңілдік әкеледі. Бөлменің батыс және шығыс қабырғаларында арқалық ойықтар бар. Күмбез тұғырының сырты мен ойықтарын оймыштап әсемдеген.
Абат-Байтақ кесенесі сәулет нақышы жағынан хорезімдік кесенелер мен ХІІ ғасырдың аяғы — ХVІ ғасырдың бас кезіндегі Арслан, Текеш, Көк-Кесене, Кесене ескерткіштеріне ұқсайды.
Жаркент өңірінде әйелдердің 30%-ы кәсіпкерлікпен айналысады. Бұл туралы Алматы облысы Панфилов ауданында Іскер әйелдер кеңесі мен Іскер әйелдер қауымдастығының жыл қорытындысы барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бизнес-ханымдардың форумында сөз сөйлеген Панфилов ауданының әкімі Бердәулет Абдулдаев әйелдердің кәсіпкерлік қауымдастығы аудан экономикасының дамуына зор үлес қосқанын атап айтты. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде аудандағы кәсіпкер әйелдер ауыл шаруашылығында, фармацевтикада, білім саласында белсенді жұмыс жасап жатыр. Бизнес-құрылымдардың салық төлемдері аудандық бюджеттің 45%-ын құрап отыр, 22 мың адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, қазіргі таңда Жаркент өңірінде 62 мың әйел бар, олардың 30%-ы бизнеспен шұғылданады.
Ал Панфилов ауданының Іскер әйелдер қауымдастығы мен Іскер әйелдер кеңесінің филиал басшысы Суриям Ізімованың айтуынша, аудандағы әйел кәсіпкерлер жыл өткен сайын көбейіп келеді. «Біздің әйелдер осы жылдар ішінде аудан экономикасына 1,5 млрд теңге табыс түсірді, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындары ашылды. Мәселен әріптесіміз Махинұр Аюпова жаңа наубайхана ашты, наубайханасы заманауи техникамен жарақталған. Бануля Разиева мемлекеттік бағдарлама арқасында мал шаруашылығын дамытып отыр. Балшекер Жәпішева бизнесін кеңейтіп, жаңа дәмхана ашты. Мұндай мысалдар жетіп артылады», деді Суриям Ізімова. Кәсіпкер Ұлболсын Аманбаева «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығы аумағында сауда жасап жүр. Айгүл Әлімжан Қытайдан инвестор тауып, жүн өңдеумен айналысуды көздеп отыр.
Алматы облысы Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Римма Салықова басшыларына кәсіпкерлікті қолдағандары үшін алғыс айтып, Бердәулет Абдулдаевқа «25 ізгі істің керуені» мүсінін сыйға тартты.
Сарқан қаласында 100 балаға арналған жаңа балабақша пайдалануға берілді. Мектепке дейінгі мекеме мемлекеттік және жеке меншік серіктестік аясында ашылды.
Жаңа балабақшаны білім саласында талай жыл еңбек еткен, зейнеткер ұстаз Батима Анекина ашып отыр.
«Жаңа жыл қарсаңында пайдалануға берілген нысан заманауи талапқа толықтай сай. Бүлдіршіндердің саналы да сапалы тәрбие алуына қолайлы жағдай қарастырылған. Еліміздің ертеңгі болашағын тәрбиелеуде өз үлесімді аянбай қоса беремін» — дейді кәсіпкер Батима Анекина.
Бұл балабақша биыл мемлекеттік және жекеменшік серіктестік аясында Сарқан ауданы бойынша ашылып отырған екінші мектепке дейінгі мекеме.
Қарасай ауданы, Үштерек ауылында жаңадан 300 орындық мектеп ашылды. Бұл білім мекемесі «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып, оның құрылысына Ұлттық қор мен жергілікті бюджеттен 897 млн теңге бөлінді. Мектептің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов пен аудан әкімі Махаббат Бигелдиев қатысты, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Мектеп директоры Анар Айдымбаеваның айтуынша, мектепте балалардың озат оқып, жақсы тәрбие алуына барлық жағдай жасалған. Мұнда 4 лингафонды-мультимедиялық кабинет, физика, химия, биология, информатика, спортзал, шеберхана, 100 орындық асхана, 72 орындық мәжіліс залы, 104 компьютермен жабдықталған кітапхана бар.
Облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша, Үштерек ауылында бұған дейін тек бастауыш мектеп болған. Онда балалар үш ауысыммен оқытылып, орта және жоғары сынып оқушылары Үшқоңыр ауылына қатынап оқуға мәжбүр болатын. Енді ауыл балалары сыртқа сабылмай, Үштеректегі салынған жаңа мектепте оқитын болды.
Білім беру мекемесінің жалпы алаңы 5 236 шаршы метр, құрылыс жұмыстарын «Дәулет-Серпін 603» ЖШС 2015 жылдың мамыр айында бастаған.
Мамандандырылған балалар үйінде жаңа жылға орайластырылған мерекелік шара өтті. Оған «Алматы» қаласы әкімінің орынбасары Асқар Есілов, қалалық мәслихат депутаттары Аман Аюпов пен Ирина Манжанова қатысты. Шара барысында балалар ән айтып, би биледі, тақпақтар айтты, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Өз кезегінде, қонақтар балаларға жаңажылдық сыйлықтар тарту етіп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Бұдан басқа, Балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекеменің тәрбиеленушілеріне де жаңажылдық сыйлықтар таратылды.
Жаңа жыл қарсаңында елордалық ТЖ департаментінің қызметкерлері қаланың балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін шырша мерекесін ұйымдастырды. Балаларға мерекелік сыйлықтар табысталды. Үш күн бойы жүргізушілер мен аниматорлар 150-ден артық балаға көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын болады.