Домой Блог Страница 299

Алматы облысында 60 мың тонна жүгері дәнін кептіретін жаңа кешен іске қосылды

Алматы облысында 60 мың тонна жүгері дәнін кептіретін жаңа кешен іске қосылдыЖаркент крахмал-сірне зауытында 60 мың тонна жүгері дәнін кеп­тіретін жаңа зауыт кешені іске қосылды. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың Панфилов ауданына жасаған жұмыс сапарында белгілі болды.

Ауданға жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі А.Баталов жалпы аумағы 8,5 га. болатын жүгері өнімін жинап, сұрыптайтын, оны сақтап, кептіруге арналған орындармен танысты. Сапар барысындааудандағы қуатты қожа­лық­тар­дың бірі саналатын Пенжім ауыл­дық округін­дегі «Қожамбердиев» шаруа қожалығының егістік алқаптарындағы жүгері өнімін жинау науқанына да назар аударды.

Қожалық басшысы Әділжан Қожамбердиевтің айтуынша ол өсімдік дақылдарын өсірумен 17 жылдан астам уақыт айналысып келеді. Соның ішінде өзінің еңбек жолының көп жылдарын «дала аруы­» саналып кеткен жүгеріні өсіруге арнаған екен.

Шар­уашылықтың бас агрономы қыз­метін ұзақ жылдар бойы атқарған еңбек ардагері Ақзам Марипов:

—    Осы ауылдағы екі қырманды күрделі  жөн­деу­ден өт­кізуге көмектескені үшін обл­ыс әкімі Амандық Ғаббасұлына ауылдас­тары­мның атынан үлкен алғысымды білдіремін.

2015 жылы аудан диқаншылары 25,4 мың гектар­дан астам алқапқа түрлі сұрыпты жүгері өсірді. Өңірде еліміздің бірнеше өңірлерін қамтамасыз ететін жүгерінің «дала аруының» элиталық сұрыпы да мол егілді. Об­лыс басшысы «Қожамбердиев»  қожалығының ком­байндары орақ салған алқапқа ке­ліп, егін жинау нау­қанының барысымен танысты. Бұл қожа­лық биыл 500 гектардан астам жерге қатардағы жүгері сұрып­тарын өсі­ріпті. Орақ түскен алқап­тағы жү­ге­рінің «Тұлпар» атты сор­­тының гек­тарынан орта есеп­пен 10 тон­надан собықты жүгері жинал­ға­нын қожалық агрономы Алым­жан Гашимов облыс бас­шысына мақ­танышпен жеткізді.

Облыс басшысы Кішішыған ауылының іргесінде егін орағы қы­зу қарқын алған «Ернар» жеке шаруа қожалығының механизаторларына да ат басын бұрды. Қожалық төрағасы Тасқын Жа­парқұл биыл сатып алып, нау­қанға қосқан Ресейлік «Век­тор» ком­байнының ерек­ше­лігін баян­дады. Бұл техника ал­қап­тан орған жүгері собығының бір­ден дәнін уатып жинайды. Пі­сіп-жетіліп, уатылып жиналған дән алқаптан бірден «крахмал — сір­не» зауытына жөнелтіледі. Сөй­тіп қожалық еңбеккерлерін қыр­­манға тасып, сұрыптап, кеп­тіру сияқты басы артық жұ­мы­с­тан құтқарады. Дән «крахмал — сірне» зауытына 22 пайыз ылғал­дылықпен өткі­зіліп, кептіру це­хын­­да құрға­ты­лады.

Сапар соңында Жаркент «крах­­мал — сірне» зауытының биыл пайдалануға берілген жү­гері дәнін кептіру цехының жұ­мы­сымен танысып, зауыт ең­бек­керлері қанша жүгері дәнін өң­деп ұқсататынын кәсіпорын бас­шысы Закир Кузиевтен сұрап білді. Жалпы 9,5 миллион евро ақшасына салынған жаңа құ­рыл­ғы зауыттың жүгері дәнін қа­былдау ауқымын ұлғайтпақ. Өткен жылы бұл зауыт жар­кент­тік ди­қандардан 30 мың тон­на «дала аруының» дәнін қа­был­дап ұқсатса, биыл бұл көр­сет­кіш екі есе өспек. Сөй­­тіп, бұл кәсіп­орын­­ның өнім өң­деу ау­қы­мы ке­ңіп, оған қо­сымша жан-жақтан мал мен құсқа қуатты жем ізде­гендер қатары көбейіп, «да­ла ар­уының» дәніне сұра­ныс ар­тып келеді.

Ойымызды қорытатын болсақ, үстіміздегі жылы Алматы облысында егілген жүгеріден жинала бастаған өнім көрсеткіштері көңіл қуантады.

Алматы облысының әкімі жұмыс сапарымен Сарқан ауданында болды

Алматы облысының әкімі жұмыс сапарыЕлбасы Н. Назарбаевтың Алматы облысына жасаған іс сапары кезінде Алматы облысына еліміздің қант қызылшасын өндіруші негізгі аймақ атағын қайтару тапсырмасы берілген болатын. Осы тапсырманы іске асыру мақсатында облыс әкімі облысқа қарасты қант қызылшасын өсіруші барлық аудан, қалаларды аралап, тәтті түбірді жинау науқанымен жеке танысуда.

Кеше Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жұмыс сапарымен Сарқан ауданында болды. Сапар барысында ауданның қант қызылшасын өсірген шаруа қожалықтарының егістік алқаптарымен және ауданның құрылыс нысандарымен танысты.

Бірінші кезекте өңір басшысы Амандық Ғаббасұлы аудандағы «Самал» шаруа қожалығының алқабына барды. Шаруа қожалығының иесі Ермек Қалиев өзінің жер аумағына себілген қант қызылшасынан алынған өнім жайында ойымен бөлісті.

—  Осыдан бірнеше жыл бұрын аудан бойынша қант қызылшасының мол көлемін жинағандардың қатарында болатынмын. Сол кездегі тәтті түбірді өткізетін зауыттың толық қуатымен істемеуінің салдарынан өнімді өткізу кезінде көптеген қиындықтар туындады. Өнімді өсіруге кеткен шығын өзін-өзі әрең ақтайтын. Бұл өнім жақсы күтімді де қажет етеді.  Содан 4 жыл бойы қант қызылшасын егуді тоқтатқанбыз. Міне осы жылы бұл өнімді өсіруді қайта қолға алдық. 7 га алқапқа қант қызылшасын ектім. Өнімділігі жақсы. Әр гектардан 500 центнерден жинаудамыз. Мемлекеттен де ауыз толтырып айтарлықтай көмектер алудамыз. Мәселен, Көксу қант зауыты өткізген әрбір тонна қант қызылшасына 13 мың теңге төлейді. Одан бөлек әр тоннасына 1500 тг. көлемінде мемлекеттен төлемақы қарастырылған. Өнімді егістік алқабынан зауытқа дейін жеткізу кезіндегі жол шығындарының 40 % дотацияланады. Бүгін зауытқа өніміміздің бірінші көлемін жеткізгелі отырмыз. Шығындарымның қайтарымы екі-үш есе. Өнімді жинауға аудан жастары да жұмылдырылған. Алқапта 100 адам еңбек етуде. 1 га. жиналған өнім үшін 25 мың теңгеден төленеді. Жалпы айтқанда Елбасының қолдауымен бүгінде қант қызылшасын өсіретін шаруаларға мемлекеттен субсидия бөлініп, арнайы техника, сапалы тұқым, жанар жағармай сатып алуға көмек көрсетілуде.

Облыс басшысы алқапта еңбек етіп жүрген жастарға арнайы жақындап, өзінің мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде де дәл осылайша қант қызылшасын теруге ат салысқандығын, ол еңбегі үшін қандай да бір ақы төленбегендігін айтып, қолына орақ алып бір-екі қылшаның жапырағын бір серпігеннен-ақ шауып түсірді. Өз сөзінде жастарға тек маңдай термен, адал еңбекпен табылған әрбір теңгенің ғана қадірі болатындығы, еңбек адамды биік жетістіктерге жетелейтіндігі туралы ақылын айтып, батасын берді.

Осы шаруа қожалығының күтіп-баптаушысы Исатай Нәбиевтің сөзіне қарағанда жұмысшылардың жалақысы жоғары, қожалық иелері жұмысшылардың жағдайына көңіл бөлуді еш ұмытқан емес. Өнім бітік шығып жатса жыл соңында қант түрінде сыйақы беріледі екен.

Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының сұрақтарына қатысты шаруа қожалығының басшысы Е. Қалиев бұрын-соңды өнімнің осындай көлемі болмағандығын және осы жылдың жоспары ойдағыдай аяқталса алдағы уақытта егілетін қант қызылшасының көлемін арттыратындығы туралы сөз берді.

Келесі кезекте облыс әкімі ауданға қарасты Бақалы ауылындағы «Есімжанов» шаруа қожалығының қызылша алқабына тоқтады. Аталмыш қожалықтың иесі Серікжан Есімжанов қант қызылшасынан мол өнім алған облыстың алдыңғы қатарлы шаруаларының бірі. Өзіне тиесілі 25 гектар жер алқабына 6 шақырым қашықтықтан канал тартып, 7 жерден көпір өткелін орнатып, оған осы жылы тәтті түбір егіп, оны өсіріп-баптап, бүгінде бір гектарынан 700 центнерден астам өнім жинағандығының куәсі болдық. Алқаптағы жұмыстардың басым бөлігін арнайы техникалар атқарады. С.Есімжанов 25 га. алқапқа егілген өнімнің 11 гектарын жинап үлгерген. Тәтті түбірдің тұқымы франциялық «Авантаж» сұрыпынан, салмағы 4,5-5 келіге дейін жетеді. Биылғы жылы өз алқабынан 2000 тонна тәтті түбір жинау жоспарының бар екендігін атап өтті.

Шаруа қожалығының иесімен сұхбат барысында өңір басшысы осы аталған шаруа қожалығының өнімдері жүк көліктерімен уақытылы Көксу қант зауытына жеткізілуін, жеткізілген өнімнің ақысы көп күттірмей төленуін қамтамасыз ету және игерілмей жатқан жерлердің иелерінен заң шеңберінде жерлерін мемлекет меншігіне қайтарып, игеру шамасына қарай Серікжан секілді еңбекқор азаматтарға беру қажеттігі туралы облыс әкімінің орынбасары С. Бескемпіров пен аудан әкіміне нақты тапсырмалар берді.

Осыдан кейін ауданның ауылшаруашылық бөлімінің басшысы облыс әкімі Амандық Баталовты аудандағы ауылшаруашылық мақсаттағы 5 ірі шаруа қожалықтарының жұмысымен және алдағы уақыттағы жоспарымен таныстырып өтті. Бұл көрме аудандағы ең ірі алма бағының аумағында ұйымдастырылды. Алма бағы 100 гектарға отырғызылған. Әр гектарынан 10 тоннаға дейін алма жиналады деп күтілуде. Бұл өз тарапынан ауданның экономикасына үлкен септігін тигізері анық.

Облыс әкімінің келесі тоқталған жері Лепсі өзенінің бойында салынып жатқан «Лепсі-2» су электр станциясы болды. Құрылыс жүмыстарын жүргізіп жатқан «АСПМК» ЖШС басшылығы облыс әкімін бүгінгі күні атқарылып жатқан жұмыстардың жайымен таныстырды. Бүгінде гидростанцияның бес негізгі нысаны бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Платинаның 80%, негізгі станцияның 60% аяқталуға жақын. Сонымен қатар генераторлық турбина қойылып, аралық станция салынуда. Нысанда 130 адам жұмыспен қамтылған. Барлық қажетті материалдар уақытымен жеткізілуде. Нысанды қараша айының соңына дейін салып біту жоспарлануда. Станцияның қуаты 17 мВт.

Мердігер құрылыс мекемесінің таныстыруынан кейін облыс әкімі нысанды белгіленген уақытта бітіру, барлық құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін осы аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізу және станция аумағы мен оған жеткізетін көпірде күзет қойылсын деген тапсырма берді. Бұл нысанның ашылуы салтанатты түрде өтетіндігін де ескерте кетті.

Облыс әкімінің келесі тоқтаған жері – Черкаск ауылдық округіндегі «Мадьяров» шаруа қожалығы. Бұл қожалық қант қызылшасын егумен айналысады. Мұнда өніп шыққан қант қызылшасының тәттілігі 14,9 % құрайды. Қызылша неғұрлым өсіп тұра берсе оның құрамының тәттілігі де арта түсетін көрінеді. Шаруа қожалығының алдағы жылдарға деген жоспары нақты, мақсаты анық. Жұмыстың барлығын арнайы автоматтандырылған техникалар атқарады. Қолмен теруді қажет етпейді. Осы күнге дейін қант зауытына 600 тонна қызылша өнімін өткізіпті.

Облыс әкімі қожалықтың иелігіндегі алқаптың тегіс, әрі суғаруға қажетті арық суы мол, ыңғайлы жерде орналасқандығын назарға алып, қызылша тұқымдарының арасын тым жиі орналастырмай, араларын алшақ қылып отырғызған жағдайда өсіп шығар өнімнің іріленіп, мол өнім алуға мүмкіндік туатындығын ескертті.

Сапар барысында облыс әкімі осы маңда орналасқан, «Черкаск қорғанысы» атауымен  тарихта өшпес із қалдырған соғыс қимылдарына арналып 1968 жылы салынған мұражайды тамашалады.

Естеріңізге сала кетсек Черкаск қорғанысы атауымен тарихта қалған азаматтық соғыс 1918 жылдың маусым айында басталып, 1919 жылдың 14 қазанына дейін жалғасқан қанды оқиға. Черкаск қорғанысын ұстап тұрған Жетісу фронтына 5-ші Сібір атқыштар дивизиясы мен атаман Б.Анненковтың партизан дивизиясы шабуыл жасаған. Черкаск қорғанысының ұзындығы 70 шақырымға созылған. Жаудың жолына қорғанушы тарап бір жылдан астам тосқауыл болып, өз жерінен өткізбей, негізгі күштердің жасақталуына мүмкіндік берген. Мұражайда сол кезеңдегі сұрапыл соғыстың кей сәттерінің мүсіннен жасалған көріністері, сол кездегі ерлігімен көзге түскен батыр тұлғалар, олар туралы жазба деректер, қолданған қару-жарақтары және ең бағалы жәдігері саналатын 1904 жылы Обухов болат құю зауытында жасалған зеңбірек қойылған.

Мұражайдың осы күнде қордаланып қалған мәселелері де аз емес көрінеді. Соңғы рет мұражайға ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізгелі де біраз жылдардың жүзі болыпты. Осы аталғанды назарға алған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов:

Тарихты  ұмытуға еш болмайды. Мұражай деген естелік. Мұражайға шет елдерден арнайы қызығушылық танытып келушілердің барын ескере отырып, осы мұражайды қалпына келтіру, мұражайға жеткізетін жол салу және жол бойында көше шамдарын орнату туралы құзырлы мекеме басшыларына тапсырма беретіндігін атап өтті.

А.Баталов Сарқан ауданына жұмыс сапарын биылғы жылы жаңадан салынған орталық жылыту қазандығымен танысумен аяқтады. Осы тұста облыс әкімінің аудан басшылығы мен жылыту маусымына жауапты азаматтарға бірнеше сын ескертпелері айтылды. Сондай-ақ жылыту маусымына қазандық толықтай сай болуын қаперде ұстауын аудан әкіміне тапсырды. Өз кезегінде өңір басшысын қазандықтың құрылымымен таныстырған нысанның құрылысын жүргізген мердігер мекеме өкілі жылыту қазандығының 3 негізгі қазаннан тұратындығын, қаланың ішімен 4,6 шақырым жылу жүйесі жүргізілгендігін, қатты отынға деген қажеттілігі 7171 тоннаны құрайтындығын, онда 51 адамның еңбек ететіндігін, жалпы 28 мемлекеттік мекеме ғимараттарын, 9 көпқабатты тұрғын үйлер мен өзге де нысандарды жылумен қамтамасыз етуге арналып салынғандығын атап өтті.

Жаңа жылыту қазандығының жас мамандарын үйрету, оларға іс-тәжірибелік нұсқаулық беру мақсатында Талдықорған қаласындағы «Басқуат» жылыту қазандығында талай жылдар еңбек еткен жылыту қазандығының шебері Валерий Шмегалев арнайы шақырылған екен.

Қазандыққа қатысты сөзін қорытқан облыс әкімі жылыту маусымы кезінде қазандықтың жұмыс істеп тұруына қажетті қатты отын көлемін жеткізілу жолдары, одан шыққан күл қалдықтарының шығарылатын орны, білікті мамандарды жұмысқа тарту үшін оларға қажетті жағдай жасауды, ең бастысы жылыту маусымы кезінде оқыс жағдайлардың болмауына баса назар аудару қажеттігін ескертті.

Жыр алыбы Жамбыл Жабаев жайлы көп сериалы көркем фильм түсіріліп жатыр

Жыр алыбы Жамбыл Жабаев жайлы көп сериалы көркем фильмЖыр алыбы Жамбыл Жабаев жайлы көп сериалы көркем фильм түсіріліп жатыр.

«Қазақстан» ұлттық телеарнасы 2016 жылдың ақпан айында «Жамбыл» атты 4 сериялы тарихи драманы көрермендер назарына ұсынбақ.

«Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған, қазақ жырының дарабозы, ғасырға жуық ғұмыр кешкен, қазақ мәдениеті, әдебиетіне өлшеусіз мол мұра, сарқылмас қазына қалдырған, қазақ атын әлемге танытып, өнерін өрге сүйреген Жамбылдың өмір жолы мен өнері осы көркем туындыда суреттелмек», — деп хабарлайды «Қазақстан» РТРК» АҚ баспасөзқызметі.

Әдебиет зерттеушілерінің айтуынша, Жамбыл Жабаев – көп қырлы ұлы тұлға. Оның ақындығын, суырып салма шешендігін былай қойғанда, жыр алыбы айрықша есте сақтау қабілетіне де ие болған. Миллион жол өлеңді жатқа білген. Сұраншы, Өтеген батыр, Хан мен ақын сынды эпостық жырлар мен Көрұғлы, Қыз Жібек дастандарын түнді таңға асырып айтқан. Ол өз заманында халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтай білді.

Фильмнің режиссері – Әнуар Райбаев («Лавэ», «Жеңіс семсері», «Қазына» және тағы басқа кинотуындылардың режиссері), сценарийін жазған – Бақытжан Шормақов.

Жамбылдың рөлін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, актер, әнші, композитор, драматург – Байғали Есеналиев сомдайды. Картинада сонымен қатар Айгүл Үлкенбаева (Дина Нұрпейісова), Ілияс Тұрманов (Лаврентий Берия), Әйгерім Сәменова (Күләш Бәйсейітова), Жоламан Әміров (Жабай), Ергенбай Әбуев (Сүйінбай), Нұрбек Мұқыш (Кенен Әзірбаев), Боранбай Молдахметов (Мұхтар Әуезов), Қанат Жүнісов (Сәкен Сейфулин), Кентай Ақүрпеков (Темірбек Жүргенов), Бақыт Беделхан (Бауыржан Момышұлы) және тағы да басқа белгілі актерлер ойнайды.

Телесериалдың негізгі көріністері табиғаты әсем Алматы облысының «Үшқоңыр» баурайында, Жамбыл облысы мен Мәскеу қаласында түсірілді.

bnews.kz

Н.Тілендиевтің шығармашылығы туралы фильм түсірілуде

Н.Тілендиевтің шығармашылығы туралы фильм түсірілуде«Хабар» агенттігінің тапсырысымен қазақтың дарынды тұлғасы, ұлы сазгер Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы туралы фильм түсірілуде.

Фильм атақты «Отырар сазы» оркестрінің құрылған сәтінен басталады. Дарынды сазгердің қазақ музыкасын шыңға көтеруді мұрат еткен бастамасы фильмде өзінің шығармашылығымен қатар өрбиді. Көркем фильм сазгердің бірегей музыкалық туындысымен аталады. «Құстар әні» ұлы музыканттың тағы бір қанат қаққан құс қанат ғұмырын суреттейді.

Рашид Сүлейменов, фильмнің режиссері:

— Қазақтың біртуар, дара ұлы туралы фильм түсіруге үлкен дайындықпен келдік. Сазгермен араласқан, қатар жүрген көптеген жандармен әңгімелестік.

Қайталанбайтын тұлғаны көрерменнің көз алдына қайта әкелу үлкен шеберлікті қажет ететіні сөзсіз. Режиссер бас кейіпкердің образын сомдау үшін актер Ергенбай Абуевті таңдапты.

Ергенбай Абуев, бас кейіпкердің рөлін сомдаушы:

— Ол кісіні мен жас кезімнен көп рет көрдім. Концерттеріне бардым. Ұстазым Қазақстанның халық әртісі, профессор Асқар Тоқпанов мені бір ертіп барып, «мынау менің жақсы шәкіртім, әдейі саған көрсетуге алып келдім» деп таныстырып, содан кейін мен ол кісіні жиі көргім келіп тұрды. Ол кісі музыканы басқаша тыңдайды, басқаша сезінеді, мүлдем басқаша көреді.

Фильмде Шевченко, қазіргі Ақтау қаласынан келген домбырашы қыз Жібек сазгерді өзінің шебер орындаушылығымен таңғалдырады. Бір қызығы, Жібектің рөлінде ойнайтын актриса Гүлназ Жоланова ешқашан қолына домбыра ұстамаған. Кастингтен өткен соң, Нұрғиса Тілендиевтің күйлерін үйреніпті.

Гүлназ Жоланова, актриса: — Бұл менің алғашқы тарихи жобам. Мұның қаншалықты жауапкершілігі жоғары, қаншалықты маңызды екенін сезінемін. Бар күшімізді салып жатырмыз, көрерменнің көңілінен шығады деген үміттемін.

«Құстар әні» 5 сериялы көркем фильмін көрермен жақын уақытта «Хабар» телеарнасынан тамашалай алады.

24.kz

Елбасы Таразда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументті ашты

Елбасы Таразда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументті аштыБүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған тарихи монументті салтанатты түрде ашты.  

– Құрметті отандастар! Қымбатты жамбылдықтар! Баршаңызды Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтаймын! Елордамыз Астанадан басталған ұлы той 2000 жылдық тарихы бар Таразда жалғасып жатқан бұл мереке біздің халқымыз үшін өте керек. Біз кезінде өз тарихымыздан ажырап қалған халықпыз. Біздің тарихымыз тереңнен екенін жастарға көрсетпесек, «Мәңгілік ел» идеясы орындалмайтын болады. Сондықтан көне тарихымызды жер-жерден іздестіруіміз керек. Жазып, жинап, насихаттауымыз қажет. Біз кеше ғана бола қалған халық емеспіз. Керей мен Жәнібек ту көтергенде, тарихта «Қазақ хандығы» құрылды. Әсіресе өсіп келе жатқан ұл-қыздарымыз біздің тарихымыз терең екенін білуіміз керек. Соңғы кезде экономикалық қиындықтықтарға қарамастан осындай ескерткіш қойып отырмыз. Қазақ хандығының 550 жылдығы бүкіл халықтың мерекесі. Осы мерейтойға байланысты Тараз қаласының іші-сырты абаттандырылды. Бұған барлық қазақстандықтар атсалысты. Оларға алғыс айтуымыз керек. Осының бәрі біздің ұрпақтың ата-бабалардың аманатына, ұлы далаға деген тағзымыздың көрінісі болып табылады. Осы тойға келген барлық ағайынға рақметімізді айтамыз. Қазақ хандығының550 жылдығы мерейтойы қазақтың тарих қойнауынан өсіп келе жатқан ел екенін көрсетеді, – деді Елбасы.
Айта кетейік, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументтің биіктігі 30 метр. Монумент қаланың батыс бөлігіндегі «Тараз-Арена» Спорт сарайына қарама-қарсы орналасқан.
Монументтің ашылуына белгілі зиялы қауым өкілдері де қатысты. Олардың арасында Асанәлі Әшімов, Мекемтас Мырзахметұлы, Олжас Сүлейменов, Нұрлан Оразалин, Шөмішбай Сариев, т.б. елге белгілі азаматтар бар.

baq.kz

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Моңғолия қазақтары 550 тауды бағындырды

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Моңғолия қазақтары 550 тауды бағындырдыМоңғолияда тұратын қандасымыз Жанарбек Ақыбиұлының бастамасымен  Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Моңғолия қазақтары 550 тауды бағындырды.

Белгілі альпинист, халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің бастамасы бүгінде бүкіл әлемдегі қазақтардың қызу қолдауына ие болды. Көктемнен бері жүздеген адам өздерінің еліндегі ең биік тауларға шығып, фотосуреттерін әлеуметтік желіде арнайы ашылған парақшаға салды.

Жанарбек Ақыбиұлы тәжірбиелі альпинист. Дүниежүзіндегі ең биік шыңдарды бағындырып жүрген белгілі cпорт шебері. Ол Моңғолиядағы ең биік тау — Бесбоғда шыңында 60 рет болып қайтыпты.

baq.kz

2500 жылдық тарихы бар қола тайқазан табылды

тайқазанҚола тайқазан Индер ауданы аумағындағы Борсықты қорымынан табылды.

Атырау тарихи өлкетану мұражайы жаңа мұрағаттармен толықты. Мамандар бұл қазанның тарихын осыдан 2500 жыл бұрын Хазар теңізін мекендеген сарматтар дәуірімен байланыстырып отыр.  Бұл жәдігерлер – біздің дәуірімізге дейінгі 3-5 мың жылдықтардың мұрасы. Сыйымдылығы шамамен 100 литрлік мына тайқазанның бір ерекшелігі – майысып, қабыстырған. Мамандар қазанның бүйірінен 27 тесік тапты. «Демек, отбасының басты құндылығы саналатын дүние әдейі істен шығарылған», – дейді ғалымдар.

Тайқазан табылған Борсықты қорымынан мұнан өзге 20-ға жуық көне жәдігер табылды. Оның ішінде сарматтар дәуіріне жататын иісмай құятын құты, темірден соғылған кездік пен қылыш, қайрақ тас секілді бұйымдар бар. Мамандардың назарын аударған тағы бір нәрсе мына сүйектен жасалған қасық болды.

Атырау облысында археологиялық қазба жұмыстары онан әрі жалғасуда. Бұған дейін еліміз бойынша үшінші алтын адам табылған «Аралтөбе», алтын әшекейлі әйел мүрдесі шыққан «Қорғанша» мен бес қаруы беліне байланған ханша табылған «Ақтөбе» қалаларының орны талай сырды ішіне бүгіп жатқаны анық. Сондықтан бір кездегі сарматтар мен сақтардың отаны болған өңір ғалымдардың қызығушылығын арттырып отыр.

khabar.kz

Таразда «Қазақ елі тарихы» көрмесі ашылды

Таразда "Қазақ елі тарихы" көрмесі ашылдыТаразда «Қазақ елі тарихы» көрмесі М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлы дала елі» республикалық экспедициясының қорытындысы бойынша ашылды.

«Қазақ елі тарихы» көрмесінде «Ұлы дала елі» экпедициясы барған барлық облыстардан кітаптар, альбомдар, фотосуреттер, мақалалар мен тарихи жәдігерлер назарға ұсынылып, экспедиция туралы фильм көрсетілді. Қазақ елі тарихының түрлі кезеңін, экспедиция жүріп өткен жолды қамтыған көрме көптің көңілінен шықты.

Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған:

— Таразда ашылған бұл көрмеден көп мәлімет алуға болады. Бұған дейін де елімізде бірнеше экспедиция болған. Солардың арасында Мемлекет тарихы институтының экспедициясы бар. Біз сол кезде қазақ хандары жолымен жүріп өткен болатынбыз. Бетбақдала, Ұлытау, соның барлығын көрген едік. Ал осы жолғы экспедицияның бір маңызын айтсақ, біз бұрын Кеңес дәуірінде кейбір кезеңдерді ғана зерттеуге мүмкіндік алған едік, ал қазір жағдай басқаша. Бұл жинақталған мәліметтердің барлығы кейін зерттеліп, зерделеніп, кітаптарға енгізілсе жақсы болар еді.

Сондай-ақ, шараға келген меймандар Мұхаммед Хайдар Дулати ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Тарихшылардың айтуынша, қазақ хандығының 550 жылдығы тікелей осы тарихи тұлғамен байланысты, себебі Дулати қазақ хандығының құрылған нақты жылын көрсеткен ғұлама ғалым.

baq.kz

Журналистер аллеясы Елордамызда ашылды

Журналистер аллеясы Журналистер аллеясы Астанада Ұлттық орман егу күніне орай  ашылды.

Елордалық журналистер «Сұлу» тұрғын үй кешенінің ауласында ұзақтығы 3 километрді құрайтын бірінші республикалық медиа аллеясын ашты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері 150 сиверс алма ағашын, емен, қызыл жемісті шетен, ақ қайың, сібір шыршасы, ақ тал, сүмбіл терек, қызылтал, сондай-ақ, ЭКСПО-2017 брендіне айналған арнайы гүлбағында дайындалған мамық түзбейтін бальзамдық терек көшеттерін отырғызды.

Валентина Ободовская, «Тұрақты даму» жер қорының биологы:

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы жерімізді көгалдандыруға көп көңіл бөледі. Біздің бетпақ даламызда ағаштар аз қамтылған. Сондықтан, жастарды көшеттер отырғызуға шақырамын. Себебі көшеттерді жиі отырғызған сайын, ауа да тазарады. Бұл жерде журналистік аллея бастау алды. Аллея Қазақстанның барлық қалаларында жалғасын табады. Бұл бірегей журналистер аллеясына айналады.

Жыл сайын Қазақстанда көктем мен күз мезгілдерінде «Тұрақты даму» жер қорының бастамасымен «Ұлттық орман егу күніне орай» экологиялық акция өтеді. Бұл күндері барлық орманды аудандарда, сондай-ақ, қалаларда және елді-мекендерде көшеттер отырғызу аясында сенбіліктер өтуде.

Қазақстанда 2014 жылдың 19 сәуірінде БҰҰ Халықаралық орман жылын қолдауы мақсатында бірінші Ұлттық орман егу күні өтті. Акция қорытындысы бойынша 2014 жылы мыңдаған еріктілер қатары жалпы көлемі мыңдаған гектарды құрайтын миллионға жуық көшет отырғызды.

baq.kz

Фильмдер фестивалі 5 күнге созылады

фильмдер фестиваліФильмдер фестивалі 21 қазан күні басталады.

«Бастау» V халықаралық студенттер мен дебюттік фильмдер фестивалі бес күнге созылады. Байқау барысында қатысушылар өздерінің туындыларын таныстырып, кәсіби киноматографтар мастер-класс ұйымдастырады деп жоспарлануда.

Шараның басты қатысушылары — студенттер. Фестиваль шеңберінде Еуразия кино мектептерінің қауымдастығы құрылған. Оның құрамында Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институты, сондай-ақ, Еуропа және Азия елдерінің белгілі жоғары оқу орындары бар. Осынау іс-шара қазақстандық жастарға студенттер алмасу жүйесі бойынша осы елдерде білім алуларына мүмкіндік береді.

«Бастау» — түрлі жанрлардағы қысқа метражды фильмдер фестивалі, яғни сайысы. Байқаудың жеңімпаздарына бір миллион теңгеден екі грант берілетін болады. Жеңімпаздар бұл ақшаға ендігі жылы да өтетін осы фестивальге өздерінің туындыларын түсіріп, көпшілікке ұсынуға мүмкіндік береді. Айта кетейін, бұл байқауға өз фильмін түсіруді арман етіп жүрген кинематография саласындағы жоғары оқу орындарының студенттері мен қарапайым киноәуесқойлар да қатыса алады. Жобалар драматургия, визуалды шеберлік және сценарийдегі көтерілген тақырыптың өзектілігі бойынша бағаланады», деді фестиваль директоры Сергей Азимов.

Айта кетейік, байқауға Қазақстанның 18 жас пен 35 жас аралығындағы азаматтары бақ сынайды. Оған қатысуға өтініш ағымдағы жылдың 20 қазанына дейін жалғасады.

baq.kz