«Орталық фонтан» астаналық саябағында «Гүлдене бер, Туған ел!» атты жалпы ұлттық жастар марафон-эстафетасы бастау алды. Сондай-ақ, Астана қаласы бойынша «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жаңа маусымы ашылды. Шара Астана қаласы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен өтті.
Діни ахуал бойынша студенттерге интерактивті дәріс өтті (фото)
21 сәуір күні Астана қаласындағы «Қазақ гуманитарлық заң университеті» студенттері арасында «Астана қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасы» мен «Ұлағат» мәдениет және даму қорының ұйымдастыруымен интерактивті дәріс өтті.
Лекторлар — Астана қаласы әкімдігінің жанынан құрылған ақпараттық топ мүшелері: «Ұлағат» Мәдениет және даму қорының атқарушы директоры Жумакасова Камажан Габдрашевна, ҚР мәдениет және спорт министрлігі Дін істері Комитетінің «Мәдениет және діндердің халықаралық орталығы», аналитикалық жұмыстар бөлімінің басшысы Диляра Дарібаева және «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаевтар студенттерге дәрістерімен қоса, қазіргі діни ахуал туралы да ой бөлісті.
Студенттердің сұрақтары негізінен наиб имамға бағытталды. Тіпті дәріс соңынан кейін де жеке сұрақтарын қойып жатты. Соған қарағанда қазір жастар арасында да діни ахуалға қатты алаңдаушылық бар секілді көрініп тұрғандай…
Кездесу аяғында, бір топ студенттер ұйымдастырушыларға осындай ақпараттар алатын дәрістер жиі болса, сұрақтарға жауап беретін дәріскерлер бүгінгідей сападағы мамандар болса деген тілек-талаптарын жолдады.
Жұмыс ауыстыру қажеттілігінің 5 белгісі
Әр жеке тұлға өз өмірінің негізгі бөлігін қызметпен айналысуға жұмсайды. Адамның тағдыры оның қандай мамандықты таңдағанына тығыз байланысты болады дейді ғалымдар. Алайда, қызметімен тығыз қатынастағы өміріне бір жандардың көңілі толмаса керек, арамызда өз жұмысын ауыстырғысы келетін адамдар жиі табылып жатады. Сізді де дәл осы ой мазалап жүрсе, онда мақаланы әрі қарай оқыңыз.
- Сізде негативті эмоциялар басым. Өзіңіздің жұмыс барысындағы және жұмыстан кейінгі эмоцияңызға назар аударыңыз. Сіз бұрын жұмыстан жақсы көңіл-күйде қайтып, әріптестеріңіздің әрбір табысына шынайы қуанатын едіңіз бе? Қазір ондай эмоция келмеске кетті ме? Онда, білгеніңіз абзал, Сіз жұмысыңызды ауыстырмасаңыз болмайды.
- Тек ақша мен атақ үшін қызмет етесіз. Сіз өзіңіздің мамандығыңызды оның кейбір артықшылықтары үшін таңдадыңыз. Негізі көңіліңізден шығатын іс бұл емес. Дәл осылай болатын болса, жұмысыңызды еш ойланбастан ауыстыра берсеңіз болады. Себебі, өзінің сүйікті емес қызметінде қайсыбір табысқа жеткен адам, бар ынта-жігерімен жұмыс жасайтын істе тосылып қалуы мүмкін емес.
- Таңдау мүмкіндігіңіз болған жоқ. «Қалауын тапса, қар жанады» дейді қазақ халқы. «Жоқ табылмайды емес, іздеуі жетіспейді» дейтіні тағы бар. Яғни, егер Сізге жұмыс беруші Сіз қалаған істі тапсырмаса, мүмкін әлі де іздестіруді тоқтатпау керек шығар?!
- Сіз кәсіби деңгейде өспей жүрсіз. Қалаулы жұмысын атқарып жүрген адам қашанда сол саладағы жаңалықтар туралы хабардар болып тұрады. Кем дегенде кәсіби деңгейде жетілуге ұмтылады. Одан асса, қызмет баспалдағымен жоғары өрлей түседі. Сіз өзіңізден бұндай өзгерістерді байқамасаңыз, онда бұл қызмет сізге сай емес.
- Сіздің қызметіңіздің сұранысы азаюда. Егер заман талабына сай, Сіздің кәсібіңізге деген сұраныс жыл санап, азайып келе жатса, елге мүлдем керек болмай қалатын күнді күтпей, ісіңізді басқа арнаға бұрыңыз.
Әрине жұмыс ауыстыру оңай емес. Психологтар ол кезеңді ағзаға жасалған стресс деп таниды. Жаңа коллективке сіңісіп кету, қайсыбір міндеттерді игеріп кете алу, жаңа бастықтың көңілінен шығу – расында да кез-келген адам үшін өтпелі кезең болмақ. Бірақ көңіліңіз қаламаған жұмысты жасап жүріп, жүйкеңізді тоздырғанша, сүйікті кәсіптің нәсібін татқан абзал екенін есте сақтаңыз.
Астанада ҚР Ұлттық Банкінің тұңғыш төрағасы жастармен кездесті (фото)
Бүгін Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алғашқы төрағасы, қаржыгер, экономист Байназаров Ғалым Байназарұлының жастармен кездесуі өтті.
Кездесудің басты мақсаты – Тәуелсіздігімізді алған 25 жыл ішінде еліміздің қол жеткізген жетістіктері, атқарылған іс-шаралар жайында кейінгі жас ұрпаққа жеткізу. Оған қоса, қиын –қыстау кезінде қандай іс-әрекеттер жүзеге асты, соның куәгері болған тұлғамен әңгімелесіп, жастардың бойында жауапты азаматтық ұстанымдарын қалыптастыру.
Ұлттық валютамыздың кіндік әкесі атанған Ғалым мырза сөз барысында басынан өткен қиыншылықтарды да әңгімелеп берді.
«Еліміздің қаржы моделін ең алғашқы болып жасағандықтан, бізді үйрететін, бізге жол сілтейтін адам болған жоқ. Алғашқылардың жолы қашанда ауыр. Иә, қателік те кетті. Бірақ олардың барлығын дұрыстауға болады. Сол кездері саясат, қаржы, эконмика барлық дерлік салада бір жанталас болып жатқан еді. Барлығын да тез, әрі еліміз үшін ұтымды жасауымыз керек еді»- деді Ұлттық банктің алғашқы төрағасы.
Осылайша тәуелсіздік алған жылдардағы қиын-қыстау кезеңдер туралы айта келіп: Біздің командада тек қана еңбекқор, шығармашыл жастар жұмыс жасады. Олардың жұмыс күні 12-16 сағатқа дейін жалғасатын. Қазір сол жастардың көбі өзінің жеке банкін басқарады, қаржы саласында біраз жетістіктерге жетті. Міне солардың арқасында, біз қиын — қыстау кезеңнен сүрінбей өттік» өзінің әріптестері жайында деп ілтипатпен еске алды.
Кездесу Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздік тірегім» жобасы аясында өткізілді.
«Қазіргі әлемдегі және Қазақстандағы діни ахуал: жағдайы мен қауып-қатерлер» атты семинар өтті
Бүгін «Қазақ гуманитарлық заң университеті» студенттері арасында «Ұлағат» мәдениет және даму қорының ұйымдастыруымен, Астана қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасы мен интерактивті дәріс өткізілді. Интерактивті дәрістің тақырыбы: «Қазіргі әлемдегі және Қазақстандағы діни ахуал: жағдайы мен қауып-қатерлер». Тыңдаушылар қатарында 1-2 курс студенттері қатысты.
Интерактивті дәрістің басты міндеттері:
— Мемлекет және дін қатынастары бойынша діни-құқықтық түсіндірмелер жүрігізу.
— Жастар арасында жиі туындайтын дінтану және теологиялық сұрақтарға мамандар тарапынан толыққанды жауап алуына жағдай туғызу.
— Жастардың отансүйгіштік түсінігін дамыту арқылы экстремизм идеологиясының жастар арасында таралуының алдын алу және радикалды топтардың қаупінен құтылуына ықпал ету т.б.
Лекторлар — Астана қаласы әкімдігінің жанынан құрылған ақпараттық топ мүшелері болды.
1. «Ұлағат» Мәдениет және даму қорының атқарушы директоры Жумакасова Камажан Габдрашевна
2. ҚР мәдениет және спорт министрлігі Дін істері Комитетінің «Мәдениет және діндердің халықаралық орталығы»; аналитикалық жұмыстар бөлімінің басшысы Диляра Дарібаева.
3. «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев
Лекторлар радикалдық идеологияның жастар арасында таралуының алдын алу мәселесінің құқықтық және заңнамалық тұстарынан баяндады және Астана қаласындағы соңғы жылдардағы діни ахуалға сілтеме жасай отырып, тиісті ақпараттарды ресми дерек көздерінен алудың маңызын атап өтті. Білім мен ғылымды игеру әрбір жастың басты мақсаты болуы – кез келген жат пиғылды идеологиялардың алдын алуға тосқауыл екендігіне басты назар аударылды.
Студенттер тарапынан «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаевқа көптеген сұрақтар қойылды. Соның ішінде, Сирия сияқты шет елдердегі қақтығыс алаңдарына жастардың аттанып кетулерінің басты себептері, «Асыл Арна» арнасына қатысты сұрақтар, әлеуметтік желілердегі діни сұрақтарға қатысты уағыздардың қайсысы шынайы дерек көзі екендігіне, басқа да аудио-, видеоматериалдар және олардың авторлары үкімет және ҚМДБ тарапынан құптау алған ба? деген көптеген түйіткіл сұрақтар ортаға салынды. Қойылған сұрақтардың барлығына сапалы әрі түсінікті жауап берілді. Дәріс аяқталғаннан кейін де, кейбір студенттер жеке қалып сұрақтарын қойды.
Кездесу аяғында, бір топ студенттер ұйымдастырушыларға осындай ақпараттар алатын дәрістер жиі болса, сұрақтарға жауап беретін дәріскерлер бүгінгідей сападағы мамандар болса деген тілек-талаптарын жолдады. Интерактивті дәріс жоғарғы деңгейде және қызықты да мазмұнды өтті.
Қыздарға құлаққағыс #1
Қыз бен жігіттің қарым-қатынасы айдында жүзген қос аққудың жарасымдылығындай болса ғана сырт көзге сүйкімді көрінеді. Жарасымдылық үшін бірнеше кеңесті біле жүру керек. Біз қыз қылығын түзетуге бағытталған төмендегідей кеңестерді ұсынамыз.
Егер жігітіңіз достарының арасында тұрса, оған дауыс көтеріп айқайлап шақырмаңыз. Ер адамдар мұндай қылыққа дұрыс көзқарас танытпайды.
Оны көптің көзінше шектен тыс еркелетіп, «Қояным», «Томпағым» деп бетін қызартпаңыз. Жігіттер сосын бірін-бірінің қыздарының сондай қылықтарын айтып, біріне-бірі қалжыңдап осы әрекетіңізді оның бетіне басып жүрсе, ыңғайсыз болады.
Жігітіңізге қоғамдық ортада, көзге көп түсетін жерде аймалап, жабыса бермеңіз. Бұл сіздің көше этикетін бұзғаныңыз және өз арыңызға өзіңіз қарсы келгендігіңіз болып саналады. Мұндай аяулы сезімдерді көптің көзінен де, сөзінен де жасырып, некеге ғана сақтаңыз.
Жігітіңіз туыстары мен достарының көзінше атыңызды атап шақырса, қалай да келуге тырысыңыз. Және оның сөзіне қарсы шығып, бетіннен алып, төсіне шаппаңыз. Қызға тән ибаңызды көрсетіп, көп алдында жігітіңіздің мерейін асқақтатыңыз.
Үлкен адамдар отырған орында жігітіңіздің аузына тамақ тығып, оны кішкентай балаша тамақтандырмаңыз. Қажетінше шәйін құйып беріп, шектен шықпай, жағдайын жасаңыз.
Жігітіңіздің қалтасына рұқсатсыз қол салып, жаман әрекетке бой алдырып қоймаңыз. Оның жеке заттары мен құжаттарына, сонымен қатар, қалтасындағы тиынына дейін тиіспеуге әдеттеніңіз.
Қал мен меңнің құпиясы
Ата-бабамыз бойында қалы бар ұл баланы бақытты санап, Қалдыбай, Қалдыбек, Қалжан, Қалтай деп атаса, меңі бар қызды Меңтай, Меңдіқыз, Меңдігүл, Меңсұлу, Қалдыкүл деп атаған. Бір қызығы, күндіз туған балада көбірек кездеседі екен.
Үнділердің ежелгі түсінігінде маңдайдың қақ ортасындағы қалын «үшінші көз» деп атап, көріпкелдік қасиеті бар деп есептеген. Бойындағы қасиеті ашылмаса, есі ауысқан деп санаған.
Ақындар жырға, жазушылар әңгімелеріне, сазгерлерлер әніне қалы бар қыздарды арқау еткен. Жұматай Жақыпбаевтың музасы «тарыдай меңі бар қыз» болғаны баршамызға аян. Жас ақын Мұқағали Сейітқазы бір өлеңінде:
«Қалы бар қыз!..
Кездесуді күтіп ертең сарылармыз.
Сенемін, бір күндері іздеп мені,
Әп-әдемі қалы бар сағынар қыз».
Мең мен қалдың айырмашылығын білесіз бе?
Мең – өспейтін, белгілі бір жағдайларда ғана көбейетін денедегі таңба. Әсіресе кәмелетке толар шақта, жүктілік кезінде, жас ұлғайған сәтте молая түседі.
Қал – айдың өзгерісіне қарай өсе түседі. Кейбірінде ұлғаймайды.
Екеуінің де туа бітетін, жүре пайда болатын түрлері болады.
Ғұлама ғалым, шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Шипагерлік баян» кітабында әсіресе балаларға тіл-көз қалы бар жандардан тиетінін айтады. «Көз сұғы бар адамның көзі ішінде не маңайында қара қал не меңдіме аз көрігі болмақ. Оның көз қарашығы жалынды, қаруы сұқты, өткір. Жанары қара болмақ. Тіл сұғы барлардың ауыз айналасы, ерін-ұрт маңында меңдіме не қал болмақ. Тілінде, өте-мөте өзектік тілінде теңбіл не қалсүрей болмақ», — дейді («Ш.Б», «Жалын». 1996 ж. 146-бет). Көзінің ішінде қалы бар адамдар сұқтана қараса, сәбилер бірден сұлық түсіп, ауырып қалады екен.
Петр I, Александр Меньшиков, Горбачевтың маңдайында қалы болған. Көбіне мұндай таңбасы бар жандар саясаткер, дипломат болатын көрінеді.
Қасында меңі бар жандар өз пікірін бетпе-бет айтқанды жөн санайды. Арманшыл болып келгендіктен, өмірлік көзқарасын жиі өзгертеді. Эмоциональды болғандықтан, жүрегі тез жараланғыш келеді. Бай әрі бақытты болады.
Чеxов қазақ саxнасында!
«Шие бағы» — Чеховтың әйгілі әрі соңғы пьесасы. Оны «Шие» атымен Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында қойған Саханың режиссері Сергей Потапов.
Өз сөзінде режиссер «Мұражайлы қойылым қойғым келмейді. Спектакльдерімді қазіргі көрерменге арнап қоямын. Чехов халықаралық драматург болғандықтан, оның пьесасын әр халық өзіне қарай бейімдей алады. Қазақтың мәдениеті мен тариxын есепке алып, қазақ өнеріне де неге солай жасамасқа?» деген еді. Қойылымда кейіпкерлердің есімін өзгертіп, ұлттық нақыштағы атрибуттарды қосып қана қоймай, режиссер өзіндік жаңашалығымен дамытқан.
Басты рөлді жас актриса Ақмарал Танабаева ойнады. Күліп, секіріп, билеп жүрді ол қойылым бойы. «Сендер бәрін қартайып кетіпсіңдер ғой» дейді, әр қайсының жүзіне үңіліп.
«Түпнұсқада Раневская орта жастағы әйел емес пе еді?» деген ой туады көрерменде. Алайда, шие бағымен соңғы рет қоштасып жатып, қартайып шыға келгенде, режиссердің бұл ойы айқындалады. «Шие бағы» Шие ханымның балдәурен өмірі өткен жер, мұнда ол өзін жасарып кеткендей сезінеді. Пәтөнай (Петя) — пәлсапалы ой қозғайды, көп сөйледі, бірақ өзі ештеңе жасамайды. Ондай адамдар қазіргі қоғамда да толып жатыр. Ол кейде Раневскаяның суға батып өлген ұлының кейпіне еніп кеткендей болады. «Кішкентай ұлдың өліміне оның кінәсі бар шығар. Сондықтан баланы жаны оған кірген болар» деп түсіндіреді Сергей Потапов.
Чеxовтың өзі «Лопаxинның образы дұрыс ашылмаса, барлық қойылым құрдымға кетеді» деген. Бұл жауапкершілікті Нүркен Өтеуілов шебер орындады. Гаев — қарындасы сияқты үй мен бақшаның иесі болғанымен, Раневскаяның ағасы деп таныстырылған. Бұл кейіпкердің өзіндігінше өмір сүре алмайтын адам екендігін көрсетеді. Осындай кейіпкерді Қуандық Қыстықбаев жақсы алып шықты. Дарақылана күліп, оғаш қылықтар жасайтын жеңілтек қыз Дарияны (Дуняша) дарынды актриса Алтынгүл Серкебаева ойнайды. Ескеннің (Епиходов) рөлін сомдаған Сырым Қашқабаевты актер ретінде жаңа қырынан, өзгеше образда көрдік.
Бәлкім «Шие бағын» сақтап қалуға болатын ба еді? Бірақ ешкім мәселені шешіп, бас қатырғысы келмейді. Алаңсыз өткен өмірлерін, жоқ, сол кездің елесін ұстап алып, айрылғысы келмейді. Шынайылықты қабылдап, уақыттың талабына төселгісі келмейді. Бір-бірін тіпті тыңдамайды, естімейді де олар.
Спектакльді қайта-қайта көре беруге болады. Себебі әр тамашалаған сайын айтылған сөз, әрекеттерден жаңа мән байқайсыз. Оның тереңдігі де, кереметі де осында.
Суреттер тетардың баспасөз орталығынан алынды.
Әділ Ахметов, актер: «Киноактер боламын деп, өнер жолын таңдадым»
Тимур Бекмамбетовтың «Дневной дозор» фильмінде қатардағы рөлдердің бірін сомдап кино әлеміне енген ол — бүгінде танымал тұлға. Театр және кино актері, тележүргізуші Әділ Ахметовпен Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Жастар саясаты орталығының» ұйымдастыруымен кездесу өтті. Еркін атмосферада өткен кеште актер қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға бүкпесіз жауап берді.
— Балалық шағыңыз жайлы айта кетсеңіз.
— «Жалпы қаладан келдің ба? Ауылдан келдің ба» деп бөледі ғой. Оның үшінші жағы – қаланың сыртындағы ауылдар бар. Менің туып-өскен жерім Алматының сыртындағы «Қалқаман» деген ауыл. Сондықтан да мен қаланың өмірін де, ауылдың өмірін де білемін деп айта аламын.
— Кино мен қатар театрды да қоса алып жүресіз. Театр әлеміне қалай келдіңіз?
— Кино актері боламын деп өнер жолын таңдадым. «Бауыржан шоуда» ойнауды армандайтынмын. Жүргеновке түсіп, Нұрғали Жақыпбаевтың шеберханасында оқыдым. Ол кісі менің театрға деген махаббатымды оятқан еді.
— Танымал болғанғаннан кейін өміріңіз қалай өзгерді?
— Мен бірден танымал болып кеткен жоқпын. Біртіндеп өз уақытында болды бәрі. Сондықтан бірден танылу қандай сезім екенін айта алмаймын. Оны «Жау жүрек мың бала» фильміне студент болып жүріп, түскен Асылхан, Аяндардан сұрау керек шығар.
— Алдағы жоспарларыңыз қандай?
— Жуырда «Анаға апарар жол» атты жаңа тарихи фильмнің тұсаукесері өтеді. Мен бұл картинада басты рөлде ойнаймын. «Халық қалай қабылдар екен» деген қобалжу жоқ емес. Жазда «Қазақстан» телеарнасы жаңа үлкен жоба бастамақ. Сол жобаның жүргізушісі ретінде шақырылдым. Ал күзде «Жастар» театрында жаңа спектакль қоюды жоспарлап отырмыз.
— Жалпы жүргізушілікке қалай келдіңіз? Басқа саланың адамдары жүргізуші болып жатқанда журналистер ренжіп жатады. Осыған өзіңіз қалай қарайсыз?
2007 жылы Астанаға көшіп келдім. Ол кезде театрымыздың өз ғимараты да болмайтын. «Жастар» сарайындағы аядай бөлмеде дайындалатынбыз. Жалақымыз 19 мың. Ештеңеге жетпейді. 5 адам болып, бір бөлмелі пәтерді жалдап тұрдық.
Бір күні Ғани Құлжанов хабарласты. «Шұғыл шаруаларым шығып қалды. Даусымды салып жүретінің бар ғой, менің орныма елбасын хабарлайсың» деді. Сөйтіп жаңа көпірдің ашылу салтанатында жүргізуші болдым. Содан кейін ұсыныстар түсе бастады. «Әнші балапанның» соңғы түсірілімдерін, «Шабыт» фестивалінің ашылуын жүргіздім.
Айналып келгенде ең мықты, сауатты жүргізушілер ол — журналистердің өздері. Ал актер, жұлдыздарды көбіне жеңіл бағдарламаларды, шоуларды жүргізуге шақырады.
— Образдарыңызды қалай шығарасыз?
— Көбіне кішкентай балаларға қарап, солардың эмоциясынан көп нәрсе аламын. Осы кеш барысының өзінде әр студентке мұқият қарап, бақылап отырмын. Көшеде бір адам кетіп бара жатса да, оның жүрісіне, іс-қимылына қарап тұрамын. Кейін жаңа образға енгенде, соның бәрін есіме түсіремін.
— 2013 жылы берген сұқбатыңызда «кино актері ретінде әлі толық ашылған жоқпын» деген екенсіз. Бүгінде бұл жағдай өзгерді ме?
— Одан бері «Қара шаңырақ», «Анаға апарар жол» сияқты фильм, телехикаяларда түстім. Бірақ бұл әлі де актерлік жолымның кіріспесі деп есептеймін.
— Сіздің көпшілік біле бермейтін тағы бір қырыңыз- футболшылығыңыз бар екен ғой.
— Иә, бала кезімнен спортпен әуестенемін. «Алатау» футбол клубының мүшесі ретінде, жазда Мәсеуде өтетін футболдан жарысқа қатысамын.
— Қандай кемшіліктеріңіз бар?
— Кемшіліксіз адам болмайды. Алайда, өз кемшіліктерің жайлы басқаларға айту дұрыс емес деп ойлаймын. Ал, егер жақындарыңыз сіздің кемшіліктеріңізді байқап, айтып жатса, оны қабылдау керек. Себебі кемшіліктеріңізді түзету арқылы дамисыз.
— Неден қорқасыз?
— Бүгінгі кездесуге келер алдында жүрексіну болды. Жалпы өмірдің өзі – қорқыныш қой. Бұдан кейінгі өмір де – қорқыныш тудырады. Барлығынан қорқамын. Бәлкім солай болу керек шығар.
Кездесу соңында актер студенттердің өтінішімен Ахмет Байтұрсыновтың мысалын оқып берді. Содан соң актерлік шеберлігін көрсетіп, тағы бір өлеңді түрлі образға еніп айтты.
Өміріңізді жарқын ететін 6 қадам
Әйел – сұлулықтың символы. Үйде алба-жұлба болып, сыртқа шыққанда сықиып киініп алып, сәнденіп шығу дұрыс па? Біз сіздермен шығынға батырмайтын, әдетке айналдыруға тұрарлық 6 қадаммен бөлісеміз.
1. «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық». Таң сәріден бастаған іс несібелі болып, кеш батқанға дейін біраз шаруаны тындырып тастауға мүмкіндік бар. Ұйқы алдында мына шарттарды ескеріңіз:
* Күні бойы шаршағанша жұмыс жасасаңыз, кеш бата салысымен көзіңіз іліне бастайды.
* Су күні бойы шаршаған жүйкеңізді демалтады. Жатар алдында шомылып алсаңыз, босаңсып қаласыз.
* Дәрігерлердің айтуынша, оң жаққа қарап, тізеңізді сәл бүгіп жатқан дұрыс. Қан айналымына пайдалы, ұйқыңыз да тыныш болады. Ерте тұру үшін не істеу керек?
* Жастыққа басыңызды қояр алдында ертерек тұрамын деп ішкі түйсігіңізді дайындаңыз.
* Оятқышты алыс жерге қою керек. Шиқылдап мазаңызды алған соң, өшіремін дегеніңізше ұйқыңыз да ашылады.
* Үйіңізде ерте тұратын адамға оятуды айтпаңыз. Себебі, сол кісіге сеніп қалуыңыз әбден мүмкін.
* Көзіңізді аша салысымен салқын су ішіп алыңыз.
* Таңертеңгілік жаттығуларды ұмытпағайсыз. Жақсы әдет өмірлік ұстанымға айналады емес пе?!
2. «Адам көркі – шүберек» екені рас. Тозығы жеткен киім үйге жарай береді дегенді ұмытқан дұрыс. Өзіңізді жақсы көріңіз. Өзге үшін сәнденіп жүрудің қажеті жоқ. Ең алдымен, бойыңызды сенімдірек ұстау үшін, күтініп жүргеніңіз абзал.
3. «Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» қазақ қыздарының сипаттамасына сай боламын десеңіз, бұрымыңызды күтіңіз.
4. «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» дегендей, жүзіңізді ретке келтіремін деп асыра сілтеп алмаңыз.
5. «Қыз қылығымен — сүйкімді». Әрдайым жүзіңіз нұрланып жүру үшін, күлімсіреп жүріңіз. Жұбайыңызға еркелеуді ұмытып кетпеңіз. Тұла бойыңыз мейірімділік пен сүйіспеншілікке толы болса, сізге де көңіл бөлінетін болады.
6. «Жақсыға берсең асыңды, жақсы сыйлар басыңды». Дәмді ас әзірлеп, мәдениетті түрде ұсына білсеңіз, тағамыңыз одан да тәттірек бола түседі. Сонда жанұя мүшелері өздерін дәмханада отырғандай сезінеді. Мақтау сөз естіп, марқайып қаласыз. «Қызым үйде, қылығы түзде» дегізбес үшін, үй мен түзде ұстанатын дағдылар бірдей болса керек-ті.