Алматы облысында жаңа көпір салынды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің ресми сайты.
Кеше Қарасай ауданының Қаскелең қаласында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Сүлеймен Демирел атындағы университеттің (SDU) маңында салынған жаяу жүргіншілерге арналған көпірдің ашылуына қатысты. Бұл — 2014 жылы университет қабырғасында облыс әкімінің студенттермен кездесуі барысында оқытушылар мен студенттер тарапынан айтылған өтініш бойынша салынған көпір. Құрылысшылар көпірді белгіленген уақыты 2016 жыл болғанымен, облыс басшысының талап-тілегіне орай мерзімінен бұрын – Жаңа жыл қарсаңында аяқтады.
Ұзындығы 22 метр, ені 8 метр, екі лифтісі бар көпір құрылысына бюджеттен 113, 1 млн. теңге бөлінген. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырыс беруімен «Алматы Жоба» ЖШС жобасын әзрледі. Техникалық қадағалау жүргізген «Алматы сапа инжиниринг» ЖШС. Құрылыс жұмыстары 2015 жылдың қыркүйек айында басталған. Осы аз ғана мерзім ішінде құрылысы аяқталып, көпір пайдалануға беріліп отыр.
Көпірмен жүріп өткен облыс әкімі А. Баталов университет ғимаратына кіріп, оқу орнының студенттерімен, оқытушылық-профессорлық құрамымен кездесті.
Кездесуді Қарасай ауданының әкімі Амангелді Дәуренбаев жүргізді. Университет ректоры Месут Акгул облыс басшысының арнайы келгеніне ризашылығын білдірді.
Мұнан соң облыс әкімі Амандық Баталов жиналған қауымға Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысы, жылдың әлеуметтік-экономикалық салалардағы қорытындылары, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы жайында баяндап, қатысушылардың сауалдарына жауап берді.