Ұзын шаш — қазақ қызының қасиеті, сұлулығы, ерекшелігі. Халқымыздың «Қара мақпал қолаң шаш-ай. Әттең, сенің сәнің-ай» деген өлең жолдарында, Абайдың «Білектей арқасында өрген бұрым, шолпысы сылдыр қағып, жүрсе ақырын. Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты, сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?» дейтұғын шумақтарында, «Ақ үйден бір қыз шықты көзі күлген, шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» деген халық өлеңіндегі ғажап сурет соның айғағы.
Қазақтың қызы қашанда шашын өсіріп, бұрым қойған. Сондықтан, әр бойжеткенді қазақ шашы мен бойына қарап бағалап отыратын үрдіс болған. Қыздың шашы табиғатына қарай қолаң шаш, сүмбіл шаш деп, өріміне қарай жалғыз бұрым, қос бұрым деп аталған. Оның әр талын жібектей деп, өрілген бұрымды білектей деп салыстырған. Ұзындығы тілерсек соғатын, алтын, күміс шолпы тағылған сұлу бұрым бойжеткен көркін одан әрі арттыра түсетін тұғын. Қысқасы, қазақ қызы үшін шашының көркі, сұлулығының сыры болатын. Бір сөзбен айтқанда, қазақ ішінде шашты өсіріп-өрудің, тарап-тарқатудың, күтіп-баптаудың өзіндік бір тәрбиесі, үлкен бір мектебі болды.
Ия, қазақ әйелдердің сұлу шашын ертеден-ақ жоғары бағалаған. Оған ерекше орын беріп отырған. Солай ма екен, шашқа байланысты түрлі әдет-ғұрыптар, тыйымдар шығарған. Мәселен, «Шашыңды отқа тастама», «Шашыңды жайма, шашыңды қима» деген тыйымдар, одан бөлек, «Шашың кесілсін» деген қарғыс бар. «Шашыңды кескенің – бақытыңды кескенің», – деп сәбилердің шашын көзіне түсірсе, қитар болады деп ырымдаған.
Жас әйелдер шашын маңдайдан айырып, екі бұрым етіп өрген соң, оның арасын бір сүйемдей етіп ұшынан бір-біріне жалғайды, бұл – «Жұбымыз жазылмасын» деген ақ тілек белгісі. Ал қыздар бұрымын дара өреді немесе қос бұрымын бір-біріне жалғамайды.
Қыздарға Алтыншаш, Қарашаш, Сұлушаш, Шолпы деп ат қоюдың өзі шаш қасиетін көрсетеді. Жеңгелері қайын сіңлілеріне ат қойғанда Шашбаулым, Шаштеңгелім, Сырғалым деп сызылуында да сұлу сыр жатыр.
Халықтың қылмыс заңында да шаш туралы бірнеше бап бар. Тентектер әйелдің шашын кессе, ол дене мүшесін кескенімен бірдей жазаланады, үлкен айып төлейді. Егер әйелдер өздері қылмыс жасаса, олардың шашын кесіп жазалайды. Бұл әйелдер үшін өлім жазасымен тең қаралған. Шаштың ұшын қиған қыздарға шапалақ беріледі. Демек, әйелдерге тән шаш бағасы мен құнын халқымыз ерте білген.
jastar.kz