Жақсы Ақпараттар Сайты

Жақсы Ақпараттар Сайты

Астана әуежайы туралы деректер

Астана

Астана әуежайы туралы деректер

Бүгін Астана халықаралық әуежайына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы ҚР Үкіметінің қаулысы жарияланды. Осыған орай, ҚазАқпарат Астана халықаралық әуежайы туралы маңызды деректерді ұсынған екен.

Астана қаласының әуежайы 1931 жылы кішігірім ұшақтарға қызмет көрсету үшін ашылған. Бүгінде 86 жыл өткеннен кейін, әуежай Еуразиядағы ең заманауи әуежайлардың біріне айналды. Онда тәулік бойы алыс және жақын шетел аймақтарына ұшатын 80 шақты ұшаққа қызмет көрсетіледі.

1948 жылдан бастап ауыр ұшақтарды қабылдай бастаған әуежай 1956 жылы тәулік бойы жұмыс режиміне көшті. Мекеме деректеріне сәйкес, 2016 жылы әуежайдан 3 миллион 419 мың 484 жолаушы ұшқан және 49 мың 365 рейс орындалған.

Астана әуежайынан Қазақстан Республикасының барлық облыс орталықтарына, сондай-ақ ТМД елдерінің Мәскеу, Ташкент, Омбы, Санкт – Петербург, Красноярск, Киев, Минск, Екатеринбург, Баку, Новосібір қалаларына тұрақты рейстер ұшады. Сондай-ақ алыс шетел қалалары: Франкфурт, Вена, Әбу-Даби, Ыстанбұл, Бейжің, Анталия, Үрімші, Шарджа, Лондон, Бангкок қалаларына дейін рейстер ұшады. Сондай-ақ әуежай «Эйр Астана», «СКАТ», «Жетісу», «Бек Эйр», «Трансаэро», «Люфтганза», «Этихад Эйруэйс», «Австрия авиажелілері», «Туркиш Эйрлайнз», «Аэросвит», «Узбекистон Хаво Йуллари», «Белавиа», «Украина халықаралық авиажелілері», «Чайна Саузен Эйрлайнз», «Эйр Арабия», «Ресей»  және өзге де алыс және жақын шетелдердің 15 авиакомпаниясының тұрақты рейстеріне қызмет көрсетеді. Жыл сайын Астана әуежайында кем дегенде екі-үш авиакомпания жаңа рейс ашады. Биыл ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне орай, Астанадан Бейжің, Хелсиньки, Ереван, Варшава, Франкфурт қалаларына тікелей әуе рейстері ашылды.

Бүгінде Астана әуежайы әуе кемелердің барлық түрлерін шектеусіз қабылдай алады. Астаналық әуежайды дамыту жұмыстары ИАТА (Әуе қатынасының халықаралық қауымдастығы) және ИКАО (Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымы) халықаралық стандарттарына сәйкес жүргізіледі. Әуежай Ground Handling Council IATA халықаралық ұйымының құрамына енген және азаматтық авиация халықаралық ұйымының (ИКАО) ІІІА санаты бойынша сертификатталған.

Астана әуежайы өз жолаушыларына ең қолайлы қызметтерді ұсынады: СИП және ВИП залдары, ана мен бала бөлмесі, діни әдет-ғұрыптар бөлмесі, жүк сақтау камерасы, ұшу залында орналасқан шылым шегу бөлмесі бар. Рейсті күту кезінде жолаушыларға мейрамхана, бар, кафе қызметкерлері қызмет көрсетеді. Сондай-ақ аэробекет кешенінде почта қызметін, бірнеше банктер банкоматтарының қызметін, валюта айырбастау пунктінің қызметін пайдалануға болады. Авиабилеттерді аэробекеттің екінші қабатындағы кассалардан сатып алуға, өзіңізге немесе достарыңызға сыйлық алғыңыз келсе кәдесый дүкенінен сыйлықтардың түр- түрлерін сатып алуға болады. Жолаушылардың жеке автокөлігіне арналған көлік тұрағы қарастырылған.

Атап өткен жөн, 2017 жылдың 31 мамырында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана әуежайының жалпы ауданы 47 мың шаршы метр болатын жаңа терминалын ашты. Бұдан былай, ескі ғимараттан ішкі рейстер ұшырылып, жаңа терминал xалықаралық рейстерге қызмет көрсететін болады. Жаңа терминал жылына 5 млн жолаушыны қабылдайды. Ескі ғимаратпен бірге аталған көрсеткішті 8,2 млн жолаушыға дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Жаңа терминалда төрт кіреберіс бар. Ішінде жолаушыларды тіркейтін 26 бірдей орын және төлқұжат тексеретін 42 кабина орнатылған. Жаңа жүйенің арқасында қол жүктердің 1 200 данасын бір сағаттың ішінде өткізуге болады. Жүктерді өткізу жүйесінің басты ерекшелігі сол, қандай да бір қауіпті жүктер болса, оның барлығы автоматты түрде бірден басқа жолақпен кетеді де, қауіпсіз аймаққа шығарылады. Екінші қабатта толығымен дәмxаналар мен мейрамxаналар болады.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің  2017 жылғы 20 маусымдағы № 381  қаулысына сәйкес Астана халықаралық әуежайына ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді.

Бөлісу:
Әрі қарай оқу
Сізге ұнауы мүмкін...
Пікір үшін басыңыз

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.

Астана айдарындағы жазбалар

Соңғы жарияланымдар

Жоғары