Жақсы Ақпараттар Сайты

Жақсы Ақпараттар Сайты

31 шілде мен 4 тамыз аралығында ЭКСПО-да БҚО күндері өтеді

EXPO

31 шілде мен 4 тамыз аралығында ЭКСПО-да БҚО күндері өтеді

31 шілде мен 4 тамыз аралығында Астана қаласында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында Батыс Қазақстан облысының күндері өтеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оның айтуынша, «Қазанат» ипподромында орналасқан этноауылда облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Жайықтың жауһар мұралары» музейлік көрмесі мен облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «ЭКСПО-2017 – әлем көрмесіне саяхат» кеңейтілген сәндік қолданбалы қолөнер шеберлері және суретшілер көрмесі жабдықталады.

2 тамыз күні этноауылда БҚО-ның шығармашылық ұжымдарының этностильдегі концерті, 4 тамызда «ЭКСПО-2017» алаңындағы амфитеатрда өңір өнер ұжымдарының гала-концерті өтеді.

Густав Малердің №8 симфониясын бұған дейін 1400 адам бір мезетте орындап, бұл оқиға Гиннестің рекордтар кітабында тіркелген болатын. Биыл осы әлемдік рекордты тұңғыш рет 1500 адамның қатысуымен қазақстандықтар жаңғыртпақшы. Сол секілді 1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесінде Әміре Қашаубаев ән салған еді. Биылғы көрмеде 55 қазақстандық әнші осы тарихи шараға қатысып, олардың есімдері дүниежүзілік өнер шежіресінің жылнамасында мәңгілік жазылып қалмақ.

Оған қоса батысқазақстандық қос театр «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысып, он қойылымды көрермендер назарына ұсынбақшы. Биыл Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрына автокөліктер, ЛЭД-экран сатып алуға, Сырым Датұлының 275 және Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай спектакльдер қоюға 38 млн теңге бөлінді. Драматургтер Рахымжан Отарбаевтың «Сырым батыр» және Қажығали Мұхамбетқалиевтің «Тар кезең» шығармалары бойынша тарихи драма және жергілікті жазушы Мұнайдар Балмолданың «Он төрт» спектаклі әзірленуде. Сырымның сахналық бейнесі тұңғыш рет сомдалады.

Театр өткен маусымда сегіз жаңа қойылымды сахналаса, енді алдағы маусымашарға Назым Хикметтің «Фархад-Шырын» драмасын дайындау үстінде. Мұнда Мехмедбану бейнесін кезінде Хадиша Бөкеева өте шебер сомдаған болатын. Еврипидтің «Троя аруларын» қазіргі техникалық мүмкіндікті пайдалана отырып, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында қою жоспарда бар.

Сондай-ақ театр «Калигула» спектаклімен Македониядан «Стоби-2017» халықаралық фестиваліне шақырту алып отыр. Сол секілді биыл 160 жылдық маусымын ашатын А.Островский атындағы орыс драма театрының шатырын күрделі жөндеуге 23,8 млн, ғимараттың келбеті мен ағымдағы жөндеу жұмыстарына 9,9 млн. теңге қаралды.

Айта кетейік, мәдениет саласының материалдық-техникалық базасын нығайту мен алыс-жақын өнер сапарларына бөлінген қаржы көлемі биылғы алты айдың ішінде 682 млн. теңгеге көбейді.

Автор: Елжан Ералы

Бөлісу:
Пікір үшін басыңыз

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.

EXPO айдарындағы жазбалар

Соңғы жарияланымдар

Жоғары